Валюта бағамы
  • USD -

    543.3
  • EUR -

    642
  • RUB -

    6.53
«ОРХОН ЕСКЕРТКІШІНІҢ ТОЛЫҚ АТЛАСЫ» ЖАРЫҚ КӨРДІ
21 ақпан 2020
«ОРХОН ЕСКЕРТКІШІНІҢ ТОЛЫҚ АТЛАСЫ» ЖАРЫҚ КӨРДІ

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткішінің толық атласы» атты үш томдық іргелі еңбегінің тұсауы кесілді. Бұл туралы Ulys ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Кітаптың таныстырылымына белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, ақын-жазушылар мен тарихшылар қатысты. «Көне түркі тарихы немесе түркі этностарының, яғни біздің ата-бабаларымыздың бағзы бастауының есте жоқ ескі замандардан тамыр тартса да, өкінішке қарай үзілген және ұрпағы ұға алмаған кезеңдері аз емес екенін білесіздер. Сол ақтаңдақтар ғасырлар тереңіне көміліп, бүгінгі там-тұмдап жеткен жазба мұралары арқылы халқымен қауышып жатыр. Қалың оқырманға ұсынылып отырған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деп аталатын толайым еңбек осы ақтаңдақтардың орнын толтыруға арналған. Авторы – алдарыңызда отырған Қаржаубай Сартқожаұлы. Жалпы бұл ғалым жай адам емес. Бағзы Түркі қағанатының жұртында өскен тұлға. Бұл еңбек байырғы түркілердің ерте, орта ғасыр дәуірінде өз қолымен жазып қалдырған қайталанбас мұрасының жинағы. Бұл құндылықтар зерттелгенімен құпиясын әлі ашпаған», - деді кітаптың таныстырылымында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов.

«Орхон ескерткіштерінің толық атласында» Еуразия Ұлы даласына үш ғасыр бойы билік жүргізген, Мәңгілік ел орнатуды көксеген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп, өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған. Алтай, Орхон, Сэленгі, Керулен бойынан табылған Көк түрік империясы дәуіріндегі (500-900 жж) тас ұстынға 2000 жыл бұрын қашап жазған түпнұсқада тарих, тіл әдебиет (сөз өнері), сөз аспабы, байырғы архитектура және философиясы мен салт-дәстүрлерінің мұралары қамтылған. Бүгінгі қазақтың салт-дәстүрлері сол дәуірден қалыптасқанына көз жеткізеді.

Атласта Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-Кеңес одағы біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған. Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, сондай-ақ бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген; жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары Атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген. Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетші және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған.

Айта кетсек, 1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баянөлгей өлкесінде дүниеге келген. 1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. 1973–1975 жылдары Баянөлгей аймағында №10 мектепте ұстаз, 1975–1989 жылдары Моңғолия ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жылдары Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–1998 жылдары Баянөлгей аймақтық мәслихат төрағасы, 1995–1998 жылдары Моңғолия ҒА Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры болған. 2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография зертханасының меңгерушісі. Тарих ғылымының кандидаты, профессор. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптардың, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.

RELATED NEWS
Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы: Ұлы жазушының мұрасы
29 ақпан 2024
Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы: Ұлы жазушының мұрасы

Атақты жазушы, ақын, қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлесін қосқан Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толады. Оның шығармашылық жолы жарқын оқиғалар, терең әлеуметтік идеялар және әлі күнге дейін оқырмандар мен зерттеушілерді шабыттандыратын мәңгілік шындыққа толы.

Жастайынан жетім қалғанына қарамастан, Бейімбет Майлин өз сауатын ашып, Троицк және Уфа қалаларында білім алды. Мектепте мұғалім ретінде сабақ беріп, шығармашылық жолын қазақ халқының сауатсыздықпен күресіне арнады. «Қазақ» газетінде және «Садақ», «Айқап» журналдарында мақала жазумен айналысып, «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет еткен. 

Бейімбет Майлин әр түрлі әдеби жанрларды жетік меңгеріп, өзін әмбебап жазушы ретінде көрсетті. Оннан астам өлеңдердің, көптеген әңгімелердің, очерктердің, фельетондардың авторы болды. Оның шығармалары өзекті әлеуметтік бағыттылығымен және терең психологиялық талдауымен ерекшеленді.

«Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Бұл шығармалардың түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады» – деп жазған Мұқтар Әуезов. Жазушы әңгімелерінде өз заманының шындығын мәлімдеп, қоғам тіршілігінің көрінісін реалистік тұрғыда көрсеткен дара тұлға. Шығармалары мен өлеңдерінің кейіпкерлері арқылы халықтың мұңын, өмірін суреттеп қана қоймай, өз терең ойлары мен ұстанымдарын жеткізе алған.

Майлин қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырды. Оның «Шұғаның белгісі» повесі, «Азамат Азаматович» романы, «Байдың қызы», «Мырқымбай» поэмалары сияқты шығармалары оқырмандар мен жазушылардың жаңа буындарын қуантып, шабыттандырып келеді.

Осыдан 130 жыл бұрын есімі қазақ әдебиеті тарихының алтын беттерінде мәңгілік қалатын жазушы дүниеге келді. Бейімбет Майлин – тек жазушы ғана емес, әдебиеттегі шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы. Оның еңбегін ұрпақтарымызға даналық, өнеге ретінде ұлықтап, қазақ елі үшін жасалған құрбанын бағалайық.

Автор: Ақбота Қабдолла

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді
14 наурыз 2024
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Мемлекет басшысының сәулет өнерінің жарқын үлгісі әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениеттің бірегей мұрасын сақтау ісі жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның сәулет-тарихи кешенінің бірі, оған жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді. Кесененің тиісті жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстар табиғи жағдайлардың әсеріне байланысты және бірегей сәулет ескерткіші мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысанының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айынан бастап жүргізіліп келеді. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған.

Ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстары жалғасуда.Үкімет басшысы мәдени ескерткішті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екенін атап өтті.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтауға қатысты тапсырма берді. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Кесененің жай-күйін ерекше бақылауда ұстау қажет», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға барлық қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.

Астанада Ботай жылқысына ескерткіш орнату ұсынылды
13 наурыз 2024
Астанада Ботай жылқысына ескерткіш орнату ұсынылды

Астанада 13 наурыз күні республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы арасында меморандумға қол қойылды.

Құжатқа республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков пен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов қол қойды.

14 тармақтан тұратын меморандум екі федерация арасындағы әріптестікті, ынтымақтастықты нығайтуды және ат спортын дамыту мен танымалдығын арттыруды көздейді.

Атап айтқанда, тараптар бірлесе отырып ат спортын тиімді дамытуға бағытталған бастамаларына қолдау көрсетуге, Қостанай және Адай жылқыларының тұқымын, жылқы малының қолға алғаш үйретілген Ботай мәдениетін насихаттау барысында бірлескен жұмыс жүргіуге уағдаласты.

Тараптар Астана қаласының шағын саябақтарының бірінде Ботай жылқысына ескерткіш орнату және қоғамдық кеңістікті сол тақырыпта абаттандыру мен Астана қаласында ашық аспан астында Ботай мәдениетінің мұражайын ұйымдастыру бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды да жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, екі федерация ат спортына үлес қосқан азаматтарды жыл сайын қошеметтеу және марапаттау салтанатты шарасын ұйымдастырып, жоғары оқу орындарымен бірлескен шаралар өткізбекші.

Бұған қоса қазақ жылқысын, оның қазақ тұрмысы мен мәдениетіндегі орнын  насихаттау жолында Астана қаласындағы театрлардың бірінде арнайы қойылым көрсету бойынша бірлескен жұмыс та қолға алынбақ.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.