Валюта бағамы
  • USD -

    533.1
  • EUR -

    551
  • RUB -

    5.21
Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді - Қанат Бозымбаев
02 сәуір 2024
Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді - Қанат Бозымбаев

Премьер-Министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Атап айтқанда, төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қанат Бозымбаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Амангелді ауданы Амангелді ауылындағы су басқан үйлерді аралап, облыс орталығына апаратын жолдардың жағдайын зерделеп, халыққа көмек көрсету бойынша еріктілер орталығына барды. Орталықтың ұйымдастырушысы Айбек Танабаев ауданға гуманитарлық көмектің әлі де келіп жатқанын айтты. Мұнда 3 күн ішінде 20 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық құралдар жеткізілді.

Жангелді ауданында Қанат Бозымбаев Көлқамыс ауылындағы су тасқыны болған жерге барып, сондай-ақ қарғын судан зардап шеккен Көкалат ауылының тұрғындарымен кездесті.

Ауданды әуеден бақылау барысында «Арқалық – Екідін» аудандық маңызы бар жолдағы апатты көпірге тексеру жүргізіліп, қала әкімі Екідін кентіндегі су тасқынынан қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

Әрі қарай Қанат Бозымбаев политехникалық колледждің жатақхана ғимаратындағы құтқару пунктіне орналастырылған Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарымен кездесті.

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Облыстың барлық аумағында облыстық, қалалық және аудандық жедел штабтар жұмыс істейді. Шығынды бағалау бойынша комиссия құрылды.

Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол (1 көпір,  6 жол жамылғысы) бақылауда. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар.

Қарғын суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері 686,2 мың текше метрден астам қарғын су сорылып, 16 мыңнан астам қап төселіп, 1,3 мың тонна инертті материал төгілді. Құтқару жұмыстарына 1,7 мың адам, 517 бірлік техника, 30 суда жүзу құралы және 2 ұшақ жұмылдырылған.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев аудан және қала әкімдерімен, облыстық қызметтер мен басқарма басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Вице-премьер апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

«Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді», — деп қорытындылады Штаб басшысының орынбасары.

RELATED NEWS
Климаттың өзгеруіне сай әрекет етуді үйрену қажет – су маманы
03 сәуір 2024
Климаттың өзгеруіне сай әрекет етуді үйрену қажет – су маманы

Елімізде жыл сайын көктем келе салысымен су тасқынымен күрес жұмыстары басталады. Су шаруашылығының маманы, гидротехник Аманбек Рамазанов мұндайға жол бермеу үшін ерте қам жасап, арналар мен қоймалардың дұрыс жөнделу жауапкершілігін заңнама арқылы меншік иесіне жүктеу қажеттігін айтады.

«Су тасқынына дайындықты ауыл шаруашылығында суару маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастаған жөн болды», - деді су маманы.

Оның айтуынша, бұрын әр облыста су шаруашылығы басқармасы және ірі шаруа қожалықтары болды. Мұнан бөлек, жылжымалы механикаландырылған лектер қызмет көрсетті. Олар каналдардың арнасын тазарту, су тығыздағыштарды, бөгеттерді жөндеу жұмыстарын күзде, тіпті жаздың соңында бастап кететін. Қазір осы тәртіпті қолға алу қажет.

«Әкімдіктер жылыту маусымы аяқтала салысымен келесі жылыту маусымына дайындықты бірден бастап кетеді. Яғни, олар келесі жылыту маусымына дайындықты күзде емес көктемде, ағымдағы жылдың жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден қолға алады. Дәл солай су тасқынына дайындықты суару маусымынан кейін бірден бастау керек. Әрине, мұны айту оңай, ал жасау  өте қиын екені түсінікті», - деді Аманбек Рамазанов.

Осы орайда гидротехник мұндай жағдайда каналдар мен гидротехникалық жабдықтарды кім ретке келтіруі тиістігіне тоқталды.

«Меніңше, мұны мемлекеттік немесе жеке меншікте болғанына қарамастан құрылыс нысандарының иелері істеуі керек. Бұл міндеттер заңмен белгіленуі тиіс. Қазір қолданыстағы заңдарда мұндай міндеттер көзделмеген, жоқ. Ал ол жұмыстарды ұйымдастыру жауапкершілігі заң жүзінде Су ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелуі қажет. Сонымен қатар мұндай міндеттерді бассейндік кеңестерге де жүктеуге болады. солай болған жағдайда аталған кеңестердің рөлі мен құрамы заңмен күшейтілуі керек. Осы шаралар қолға алынған жағдайда жұртшылық шешім қабылдауға қатысуға және осы жұмыстардың орындалуын бақылауға мүмкіндік алады. Бұл көптеген дамыған елдерде бар тәжірибе», - деді ол.

Су маманы соңғы жылдары климат өзгеріп, ауа температурасы жылып келе жатқандығына назар аудартып, соның салдарынан туындайтын қиындықтарға қарсы тұруды үйрену қажеттігін баса айтады.

«Ол үшін «Азаматтық қорғау туралы» Заңда қазіргідей төтенше жағдайлар мен оның салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды ғана емес, олардың алдын алуды да көздеу қажет. Сонымен қатар, бұл жоспарлауға тек Төтенше жағдайлар министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер, Қазгидромет қатысуы тиіс»,-  деді гидротехник.

Қазақстанның 10 облысы су астында қалды: Тоқаев үндеу жасады
06 сәуір 2024
Қазақстанның 10 облысы су астында қалды: Тоқаев үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады. Ulys үндеудің толық мәтінін жариялайды.

***

Құрметті отандастар!

Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.

Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.

Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.

Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.

Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.

Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.

Үкімет басшысы: Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны
29 наурыз 2024
Үкімет басшысы: Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады. Аумақтық ТЖД-лар бейне конференц байланыс режимінде қосылды.

ТЖМ деректері бойынша әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн м3 астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы және т.б. жұмылдырылды.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас Прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр» , — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайы тексерілген болатын.

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңірінде бақылауды күшейту тапсырылды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.