Бүгін Бакуде өтіп жатқан түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-ші отырысына қатысып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің президенттерімен кездесті.
elbasy.kz сайтының таратқан ақпараты бойынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанмен кездескен. Кездесу барысында тараптар түркі әлемі елдері интеграциялық үдерісінің қазіргі жағдайы мен алдағы перспективаларын талқылаған. Сонымен қатар, олар аймақтық қауіпсіздікті және Еуразия құрлығы мемлекеттерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасқан. Ал
Елбасы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен қол жеткізілген Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне тоқталған. Сосын ол «Қазақстан мен Өзбекстан өте жақын және маңызды серіктес. Өзара тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұған дейін мұндай көрсеткіштер болған емес. Бұл жақсы перспективаларға жол ашып отыр», – деп атап өткен. Ал өз кезегінде Шавкат Мирзиёев болса, екі елдің табысты ынтымақтастығына көбіне Қазақстанның Тұңғыш Президентінің салиқалы саясатының арқасында қол жеткізілгенін айтқан. Сондай-ақ, Ш.Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өтіп жатқан іс-шаралардың орындалу барысына тоқталған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуі барысында Елбасы екі ел қатынастарының дамуындағы оң динамиканы атап өткен.
– Бұл менің Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебесінде сіздерге алғаш келуім. Елімізде экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру және тәуелсіздікті нығайту жұмыстары жалғасуда. Біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Қазір бізде ынтымақтастықты кеңейту үшін біраз мүмкіндік бар. Сауда көлемін арттыру маңызды. Біз тиісті логистиканы құрдық. Ертең Түркі кеңесінің отырысы өтеді. Мен Құрметті Төраға мәртебесін қуана қабылдадым, өйткені мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуды жалғастырғым келеді, – деген Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесінің отырысына келгені үшін алғыс білдірді және оның екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентін Әзербайжан жерінде қарсы алу біз үшін зор мәртебе. Сіз Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша әрқашан біздің елімізді қолдадыңыз. Сіздің түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз орасан. Мерейтойлық саммиттің Бакуде өтіп жатқанына біз өте қуаныштымыз, – деді Әзербайжан Республикасының Президенті. Сонымен қатар, Ильхам Әлиев Қазақстан астанасының салынуы Баку қаласының дамуына үлгі болғанын айтты.
– Мен Қазақстан астанасының тез өзгергенін байқадым. ЭКСПО көрмесін тамашалаған кезде құрылыстың ауқымы мен сәулеттік шеберлігіне риза болдым. Қазақстанның барлық жетістіктері Сіздің атыңызбен байланысты, – деді Әзербайжан Республикасының Президенті.
Ал Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездескен кезде түркі интеграциясын одан әрі тереңдетудің ерекше маңыздылығы аталып өтті.
– Қазақстан түркі әлемінің барлық елдерімен серіктес. Мен Кеңестің көптеген институттарын құруға бастамашы болдым. Ең маңыздысы – елдеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, – деді Елбасы.
Ал өз кезегінде Сооронбай Жээнбеков Қазақстанның Тұңғыш Президентінің түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Елбасының Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесіне ие болуымен құттықтаған.
Суреттер elbasy.kz сайтынан алынды.