Валюта бағамы
  • USD -

    537.1
  • EUR -

    626.5
  • RUB -

    6.73
НОРВЕГ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕС АХУАЛЫН САРАЛАДЫ
28 тамыз 2019
НОРВЕГ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕС АХУАЛЫН САРАЛАДЫ

Еліміздің сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, норвегиялық сарапшылардың тобы жуырда тұтастай Қазақстанға арналған «International Business» баяндамасын әзірледі. Жоба бір жыл бойы жүргізілді және оған Норвегиялық ғылым және технология университеті, Норвегиялық экономика мектебі және BI Norwegian Business School қатысты.  «Innovation Norway» мемлекеттік корпорациясы демеу көрсетті.

Баяндама үш бөлімнен құралған. Бірінші тарауда елге жалпы шолу және бизнес ахуалға әсер ететін өзекті тақырыптар бойынша сараптама ұсынылған. Онда демография, саяси даму, макроэкономика, білім беру саласы, еңбек нарығы, инфрақұрылым, старт-ап орта жайында айтылған. Жоба авторлары Қазақстанды инвестициялар үшін барынша қолайлы елге айналдыру жолындағы едәуір нәтижелерге қол жеткізілгенің айрықша атап өтуде. Тұнғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясын ұсынып, онда  мемлекеттік басқаруды жетілдіруді, әлеуметтік қамтамасыз ету мен салық салу жүйесін жақсартуды, кіші және орта бизнесті қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға шақырды. 2050 жылы мұның бәрі Қазақстанды 30 ең дамыған елдің қатарына қосу үшін бағытталған. Бұл үшін Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін пайдалану және ақпараттық технологиялар мүмкіндігін кеңейту арқылы өз экономикасын ғаламдық және өңірлік ортаға толығымен қосуы керек.

«Қазақстан жаңа Жібек жолы үшін табиғи транзиттік дәліз болып табылады. Болжам бойынша, бұл жоба Қытайдан Орталық Азия мен Кавказ арқылы Еуропаға тауар тасымалын едәуір жеделдетеді әрі арзандатады. Қазақстанның стратегиялық географиялық орналасуы болашақта анағұрлым геоэкономикалық өзгерістер және транспорт саласындағы инновациялардың есесінен тым тиімді болады», - делінген жобада.

Екінші тарау Қазақстан өнеркәсібінің негізгі салалары, олардың инвестиция және кеңею үшін мүмкіндіктері, сондай-ақ мәселелері туралы түсінік береді. Негізгі назар мұнайгаз, тау кең, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ «жаңа пайда болған салаларға» («emerging industries») бөлінді. «Жаңа пайда болған салаларға» авторлар құрылыс, ақпараттық технологиялар және туризмді қосты.

Үшінші тарауда Қазақстанда бизнес жүргізу оңайлығы, сондай-ақ салық салу жүйесі және әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік сияқты мамандандырылған тақырыптар қарастырылған.

Материал көптеген дереккөздердің, сондай-ақ авторлардың Қазақстандағы кездесулері мен сұхбаттардың негізінде әзірленген. Жоба норвег кәсіпкерлерінің өз алдына Қазақстандағы жол нұсқасы болуға арналған.

«Норвег компаниялардың көпшілігі үшін Қазақстан және Орталық Азия зерттелмеген аумақ болып қала беруде. Осы баяндамамен норвег бизнесі Қазақстандағы нарық пен жаңа мүмкіндіктер туралы ақпаратты алатынына сенеміз», - деді «Innovation Norway» өкілі Фроде Мо таныстыру сөзінде.

«Жоба мүшелерінің сындарлы зерттеуімен біз осынау бірегей елдің экономикалық, мәдени, саяси және әлеуметтік қырларына барынша ақиқат көзқарас ұсынуға тырыстық», - деп атап көрсетті жоба жетекшісі Эрик Хуа.

«International Business» - бұл дамушы нарықтардағы халықаралық бизнес үшін айрықша мүмкіндіктерді анықтауды көздейтін жылсайынғы коммерциялық емес жоба. Ол 1984 жылы басталған және Норвегия үкіметінің норвегиялық кәсіпорындары мен өнеркәсібінің инновациясы мен дамуын қолдау құралы болып табылады. Жоба дамушы нарықтарының шынайы және барынша позитивті қабылдануына әсер етеді, деді «Innovation Norway» корпорациясында.

 

         Баяндамамен осы сілтеме арқылы танысуға болады - http://www.ib.no/news/2019/06/report-available-on-the-business-opportunities-in-kazakhstan/.

RELATED NEWS
Қазақстанға жарты жылда 5,7 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған
12 қыркүйек 2024
Қазақстанға жарты жылда 5,7 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанада өткен шетелдік журналистерге арналған брифинг барысында Қазақстанға тартылған инвестиция туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

«1993 жылдан Қазақстан жалпы сомасы 441 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартты. 2005 жылдан бері еліміздің 10 ірі инвестордың қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Оңтүстік Корея және Жапония кіреді», - деді министрдің орынбасары. 

Ол 2023 жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция жалпы ағыны 23,4 млрд долларға жеткенін, ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 5,7 млрд долларды құрағанын атап өтті.

«Осы аптада Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан эмитентінің ұлттық және шетел валютасындағы ұзақ мерзімді рейтингтерін Baa1 деңгейіне дейін көтерді. Бұл  Moody’s тарапынан Қазақстанға берілген ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады», -  деп толықтырды Роман Василенко. 

ТҮРКІСТАН — ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ ҒОЙ
02 желтоқсан 2018
ТҮРКІСТАН — ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ ҒОЙ

Түркі әлемінде «Түркістан» дегенде, ең алдымен бір қаланың аты емес, тұтас бір аймақ еске түседі. Аймақ атауы ретінде Түркістан «түріктердің елі» деген мағынаны білдіреді. Бұл жердегі «стан» жұрнағы парсы тілінде «елді мекен», «отан» деген мағынаға келеді. Мағжанның «Түркістан» өлеңі тек бір қала туралы емес, бүкіл өңіріміз  хақындағы жыр. Ирандықтар Амударияның шығысын атам заманда «Тұран», ал кейінгі заманда «Түркістан» деп атаған. Басқаша айтқанда, Түркістан атауы – «Түркі жұрты», «Түркі әлемі» деген ұғымдармен мағыналас.

XVIII-XIX ғасырда Ресей империясы мен Қытай аймақта отарлық саясат жүргізгенге дейін Қазақ хандығы, Қоқан хандығы, Бұқара Әмірлігі мен Хорезм хандығы дербес мемлекеттер ретінде өмір сүрді. Алайда, бұл елдердегі халық өздерінің ортақ бір Түрік атаның ұрпақтары екендігін білетін. Түріктердің әлем саясатындағы әскери және саяси салмағының азаюымен бірге аймақтың шығысын Қытай, ал батысын Ресей империясы жаулап алды. Ресей өз аумағындағы жерлердің солтүстігінде «Дала губерниясын», ал оңтүстігінде «Түркістан губерниясын» құрса, Қытай өз жерінде Шынжаң аймағын құрды. Десе де, Қытайдың қарамағындағы жерлер халық арасында Шығыс Түркістан болып аталды.

XX ғасырдың басында өз биліктерін орнатқан большевиктер түрікшілдік идеологиясын империяның территориялық тұтастығына қауіп деп білді. Сондықтан Дала губерниясында Қазақ Республикасын, ал Түркістан губерниясында Түркімен, Өзбек, Қырғыз және Тәжік республикаларын құрды. Осылайша, түріктердің отаны «Түркістан» атауы картадан жоғалды.

XX ғасырдың басында ыдыраған Османлы мемлекетінің мұрагерлері «түрік» атын қайта жандандырып, Мұстафа Кемал бастаған топ өздерінің елін «Түркия» деп атады. Бұл жаңа мемлекеттің түрік тарихы, түрік тілі, түрік мәдениетіне ие болуы Түркі әлемі орталығының шығыстан батысқа ауғандығын білдірді. Ал Түркиядағы халықтың санасында «Түркістан» атауы «Ата жұрт» ретінде қабылданатын болды. Түркияның осы ұстанымына және Кеңес Одағындағы идеологияға байланысты «Түркістан» атауы «саясиланып», тыйым салынған атауға айналды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін түркістандықтар аймақтың аты ретінде «Түркістан» атауын емес, «Орталық Азия» атауын қабылдады. Бұның бірінші себебі, Тәжікстанның өзін «Парсы мәдениеті өкілі» деп санауы болса, екінші себебі, Ресей Федерациясының сондай-ақ Қытай мен Иранның «түркофобиясын» яғни Түрік Бірлігінен қорқынышын қоздырмауға бағытталған геосаяси қадам болды. Осылайша аймақтың атауы ретінде «Түркістан» тағы да шеттеп қалды. Осы жағдайлардың барлығын ескерсек, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда жаңа бір облыс құрып, оны «Түркістан» деп атауы тек қазақтың ұлттық санасының жандануы жағынан ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің рухани жаңғыруы тұрғысынан өте батыл шешім екендігіне шүбә жоқ.

 

ТҮРКІСТАН ҚАЛА РЕТІНДЕ...

Түркістан қаласының негізгі аты — Яссы. Оның қашаннан бастап  Түркістан болып аталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Десе де, бұл өзгерісті Ахмет Яссауимен және оның қалыптастырған «түркілік және далалық ислам» ұғымымен байланыстыруға болады.

Қысқаша еске түсіре кетсек, Яссауи өмір сүрген XI ғасырда Түркі әлемінде Мәуренахр деп аталатын Сырдария мен Әмударияның арасы және Еділ өзені аңғарын жайлаған түріктер Ислам дінін қабылдай бастаған болатын. Алайда, осы екі өңірдің арасындағы Дешті қыпшақтық көшпенді түріктер әлі де ата жолымен өмір сүріп жатты. Яссы қаласы осы Ұлы даланың шетінде орналасқан еді. Аталған шахарда еңбектерін түрік тілінде жазып, шәкірт тәрбиелеген Яссауи дала түріктерінің мұсылмандануында өте маңызды рөл ойнады. Қолдарына домбыра ұстаған, ауыздарында ұстаздарының «Диуани Хикмет» жыры бар Яссауидің тоқсан тоғыз мың шәкірті көшпенді түріктердің Ислам дінін қабылдауына себеп болды.

Тек Дешті Қыпшақтағы түріктер ғана емес, Анадолы тіпті Балқан түбегінің ең батысындағы мұсылман түріктер де өздерін «Ахмет Яссауиге борыштымыз» деп санайды. Әзірет туралы жазылған алғашқы ғылыми зерттеу болып саналатын «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» еңбегінде Фуат Көпрілі Ахмет Яссауиді түрік ұлттық рухының өзегі деп сипаттайды. Нәтижесінде, Яссауиді ерекше құрметтеген түріктер оны «Пір-і Түркістан» яғни «Түркістанның пірі», «Түріктердің пірі», «Түріктердің әулиесі», «Түріктердің иесі», «Әзірет», «Әзіреті Сұлтан» деп атап кетті. Ал оның мазары орналасқан Яссы қаласы түріктердің рухани астанасына айналды. Тіпті Яссауидің қабіріне зиярат жасау кіші қажылық болып саналатын болды. Осылайша, қала біртіндеп «Түркістан» атала бастады.

Парсы тіліндегі «стан» жұрнағының тағы бір мағынасының «орталық», «елордасы» деген мағынаны білдіретіні де қызық сәйкестік. Мысалға, Османлы мемлекетінің астанасы Ыстанбұл қаласының «Аситане» деген тағы бір аты бар. Тіпті «Ыстанбұл» деген сөздің өзінде де «стан» сөзі  тұрған сияқты. (Бұл, бул, бол, пол, полис — грек тілінде «қала» деген сөз.) Біздің «Астана» сөзіміздің түбірінде де осы «стан» жұрнағы бар. Сондықтан, Түркістанды «Түркі астана» деп түсінген жөн.

 

ТҮРКІСТАН ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ АСТАНАСЫ РЕТІНДЕ...

Яссы қаласының «Түркістан» аталуының «Қазақ» атауы, қазақтың ұлттық болмысы және тарихымен де тікелей байланысы бар. Қазақтардың исламдану үдерісін еске түсіретін болсақ, Алтын Орда ханы Өзбек ханның кезінде Яссауи ілімі елдің ресми діні болып жарияланғандығы белгілі. Дэвин Дэвистің «Алтын Орданың исламдануы» атты еңбегіне сүйенсек, осы кезде Ислам дінін қабылдаған түріктер өздерін «өзбек» деп атай бастады. Басқаша айтқанда, «өзбек» атауы «мұсылман» дегенді білдіретін болды.

Әбілхайыр Шайбанидің кезінде көшпелі өзбек мемлекетінің шекарасы Мәуренахрдағы отырықшы елді мекендермен түйісті. Осы жерде Яссауидің Түркі өркениеті негізінде қалыптастырған далалық ислам түсінігі отырықшы Парсы мәдениеті негізінде қалыптасқан Нақшибанди Ислам түсінігімен қақтығыса бастады. Басқаша айтқанда бұл — көшпенді Түркі өркениетімен отырықшы Парсы өркениетінің текетіресі еді. Бұл қақтығыста Әбілхайыр хан өзінен бұрынғы Ғазнауилер, Селжуктар, Хорезмшахтар әулеттері секілді қалалық Парсы мәдениетін таңдады. Далалық түріктер тұрғысынан қарағанда бұл өзгеріс олардың Яссауи жолынан, дәлірек айтқанда ата жолынан бас тарту дегенді білдіретін. Осы пікірді қолдаған Зікірия Жандарбектің еңбегіне сүйенсек, Әбілхайырдың шешіміне қарсы шығып көтеріліс бастаған «өзбектер» Керей мен Жәнібекті хан сайлап қазақ болып бөлініп шығып кетті. Демек, «қазақ» деген сөз «өзінің ата жолын сақтаған, сырттан келген жат мәдениеттерді қабылдамаған, өз болмысын қорғап қалған» деген мағынаны білдіреді. Ал Түркістан қаласының Қазақ хандығының астанасы болуы және  хандарының осы қалада жерленуі жаңа мемлекеттің рухани негізінің Яссауи жолына құрылғандығының көрсеткіші болса керек.

Қорыта айтқанда, «Түркістан» аты бүкіл Түркі жұрты үшін қасиетті атау болып саналады. Бұл атаудың жандануы Түркі өркениетінің қайта шарықтауының, Түріктердің бірлігі мен ынтымағының қайта орнайтындығының нышаны десек артық болмас. Өйткені түріктердің пірі, иесі мен киесі Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет осы қалада мәңгілікке байыз тапты...

 

  

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК, Халықаралық қатынастар бойынша PhD докторы, Түркиядағы «Анкара дағдарыс және саяси зерттеу орталығының» сарапшысы  

Қазақстанда 15 трлн теңгеден асатын ірі жобалардың тізбесі бекітілді
28 тамыз 2024
Қазақстанда 15 трлн теңгеден асатын ірі жобалардың тізбесі бекітілді

Мемлекеттік саясат әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру есебінен экономиканың тұрақты әрі теңгерімді өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттың маңызды элементтерінің бірі – жоғары өнімді және экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту. Бұл туралы Ulys Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі таңда Үкімет инвестиция көлемі 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жобаның тізбесін бекітті. Оларды жүзеге асыру бірқатар маңызды экономикалық нәтиже береді деп күтілуде:

  • ыстық брикеттелген темірді қайта өңдеу арқылы болат құю өндірісін 100% шикізат базасымен қамтамасыз ету (2 млн тоннаға дейін);

  • жаңа өндіріс орнын ашу және қолданыстағы өндірісті жаңғырту, бұл болат өндірісін жылына 3 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді;

  • мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 24 млн тоннаға дейін арттыру және мұнай өнімдерін өндіруді жылына 13,4 млн тоннадан 19 млн тоннаға дейін ұлғайту үшін мұнай өңдеу қуаттарын жаңғырту;

  • импортты алмастыру шеңберінде калий тыңайтқыштарын өндіру (толық өндірістік қуаты іске қосылған кезде – жылына 6 млн тонна);

  • жылына 1 250 мың тоннаға жуық полиэтилен өндірісін іске қосу, бұл ішкі сұранысты қанағаттандыруға және логистика, сауда, азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс пен әскери-өнеркәсіптік кешен салаларында экспортты қолдауға мүмкіндік береді;

  • жылына шамамен 735 мың тонна полиэтилентерефталат өндіру, бұл ішкі сұранысты жабады және экспортты қамтамасыз етеді (ішкі сұраныс – 77,4 мың тонна, экспорт – 657,6 мың тонна);

  • химия өнеркәсібі өндірісін әртараптандыру үшін жылына 577 мың тоннаға жуық карбамидтің жаңа өнімін шығару;

  • екі зауытта жылына 160 мың автокөлік шығару арқылы автомобиль өндірісін локализациялауды 10%-дан 50%-ға дейін арттыру;

  • туризмді кластерлік дамыту (сауда, көлік және қызметтер), бұл іскерлік және инвестициялық қызметті ынталандыруға жол ашады;

  • қосылған құны жоғары азық-түлік өнеркәсібі өнімдерінің экспортын ұлғайту (өндіріс: 352 мың тонна желімтек, 110 мың тонна крахмал, 30 мың тонна глюкоза, 45 мың тонна фруктоза).

Аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, экспорт 6 трлн теңгеге артады және 1,5 трлн теңгеден астам сомаға импорт алмастырылады. Сондай-ақ бұл шаралар жоғары технологиялық өндірістерді құруға, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға және отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттар жасасуға ықпал етеді.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.