Антикор «БТА Банкі» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрамында жасалған ақшаны, оның ішінде шетелде шығару және жылыстату фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қылмыстық іс бойынша 2009 жылдан бері іздеуде жүрген М.Әблязовтың тағы бір сыбайласы – Алексей Владимирович Богданов Қазақстанға өз еркімен қайтарылды. Ол «Metropolitan Manageres Corp» (BVI) оффшорлық компаниясының номиналды өкілі, «Беловод крахмал комбинаты» ЖАҚ Басқарма төрағасы және «Маис Агро» ЖШС маманы ретінде банктің 300 млн теңгеден астам сомаға ақша қаражатын жымқырған», - делінген хабарламада.
Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен түсіндіру жұмыстарының нәтижелері бойынша Богданов Қазақстанға оралуға және тергеуге жәрдемдесуге ниет білдіріп, ол туралы жазбаша өтініш жолдады.
Ол бүгін ҚР ІІМ Интерполының көмегімен Богданов Брюссель қаласынан (Бельгия) Алматы қаласына келді. Күдіктінің ерікті түрде оралуын, кінәсін толық мойындауын және тергеумен ынтымақтастығын ескере отырып, Богдановқа қатысты бұрын сайланған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы кепілге өзгертілді. Қазіргі уақытта күдіктінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.