Валюта бағамы
  • USD -

    525.5
  • EUR -

    556.5
  • RUB -

    5.15
Мемлекеттік сатып алудағы жаңашылдықтар талқыланды
Фото: gov.kz 23 қараша 2024
Мемлекеттік сатып алудағы жаңашылдықтар талқыланды

Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай Қаржы министрлігі өңірлерде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдағы негізгі өзгерістерді түсіндіруге арналған бизнес өкілдерімен, мемлекеттік сектормен және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер өткізуді жалғастырып келеді.

Бұл жолы кезекті кездесу Өскеменде өткізіліп, Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейл мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов мемлекеттік сатып алу арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау түрлері туралы айтып берді. Іс-шараға Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының бизнес қауымдастығы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдардың, ШОБ пен «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының өкілдері қатысты.

меморган
Фото: Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

Дәурен Маратұлы атап өтуінше, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық бизнестің сапалы дамуын ынталандырып, қолдауды тапсырған болатын. Осы тұрғыдан алғанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң аталған міндетті орындаудағы маңызды құрал саналады.

«Мемлекеттік сатып алудың ашық және жақсы ұйымдастырылған жүйесі процестің барлық мүдделі тарабына, оның ішінде мемлекеттік секторға, бизнес пен азаматтарға тиімді. Өйткені бұл бәсекелестіктің артуына және көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартуда септігі зор. Мысалы, сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру үшін тиісті беделі бар өндірушілер арасында сатып алуды жүзеге асыру ұсынылады. Өндіруші туралы ақпарат түрлі дерекқорларды пайдалана отырып қалыптастырылады. Бұл қызмет көрсетушілерді автоматты түрде таңдауға көшуге мүмкіндік береді», - деді Қаржы вице-министрі.

Бұдан басқа отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қаржы министрлігі тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген тізбесін бекітті.

Заңның бірнеше бөлімі сатып алу процедурасын жеңілдетуге бағытталған. Бұл оларды қысқа мерзімде өткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек тапсырыс берушілердің жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы камералды бақылауды сақтау жоспарланған. Бұл ретте уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығы алынып тасталған.

Мұндай кездесулер министрліктің іскер ортамен өзара іс-қимылды нығайту мен барлық мүдделі тарап үшін қолжетімді ақпаратты қамтамасыз ету жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады. Ведомство Қазақстан экономикасын дамыта отырып, мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін арттыру мен өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін кәсіпкерлермен, ірі бизнес өкілдерімен және қоғамдық бірлестіктермен жүйелі диалог орнатуды жалғастырып келеді.

RELATED NEWS
АЖЫРАСУ НЕГЕ БЕЛЕҢ АЛУДА
19 маусым 2024
АЖЫРАСУ НЕГЕ БЕЛЕҢ АЛУДА

Қазақ жастары отбасы құндылығына немқұрайлылық танытуда 

Қазіргі қазақ қоғамындағы өршіп тұрған өзекті мәселенің бірі – ажырасу. Олай деуіміздің себебі Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады  екен. ҚР Ұлттық статистика бюросының  деректеріне жүгінсек, 2022 жылы елімізде 130 мыңға жуық жас шаңырақ көтерсе, 22500-ден астам отбасылық жұптың жолдары екіге айрылған. Ал 2023 жылы АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 120,8 мың некені тіркеген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9% аз. Некенің сақталуына келер болсақ, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6% азайып, 40,2 мыңды құраған екен. Тұрғылықты жеріне зер салар болсақ, қалалық жерлерде ажырасуға өтініш көп берілген. Мәселен, қалалық жерлерде 29,4 мың ажырасу (73,1%), ауылдық жерлерде 10,8 мың ажырасу (26,9%) тіркелген. Алайда, бұл келтірілген мәліметтерге де сене беруге болмайды,  өйткені олардың арасында жалған түрде, өтірік ажырасатындар да аз емес.  

Шаңырақтың шайқалуына не себеп?

Көптеген жастар той өткен соң бір жылдың ішінде ажырасуға арыз береді екен. Саясаткерлер мен депутаттар отбасы институты  құрдымға кетіп барады деп дабыл қағуда, бұл пікірді әлеуметтанушылар да  қолдап отыр.

Ажырасу деңгейінің күрт өсуі - бұл тек отбасының ішіндегі негативті фактор емес, сонымен қатар жұртшылықтың сана-сезімінің өзгеруі дейді психологтар. Ажырасудың себептері көп, жалпы алғанда  бұл тұрғыда қазақстандық қоғамда қандай мәселелердің  бар екендігін айғақтайды. Сонымен...

Ата-аналары мен туған-туысқандардың араласуы

Кейбір ажырасқан жастардың аузынан: «Бәріне оның шешесі (жігіттің немесе бойжеткеннің) кінәлі» дегенді жиі естиміз. Кейбір ата-ана өз баласының жар таңдаудағы әрекетіне, екі жастың бақытты жанұя құруына кедергі жасап бағады. Құдағилардың арасындағы өзара түсініспеушіліктің өзі кейде екі жастың екі жаққа кетуіне себеп болып жатады. Осыдан-ақ екі жастың бақытты болуы тек өздеріне ғана емес, ата-аналары мен туыс-туғандарына да байланысты екенін көреміз. Қазақтың «қатын алма, қайын ал» деген сөзіне де бойдақтар құлақ асқандары абзал. 

Отбасындағы зорлық-зомбылық

Зорлық-зомбылық - айрандай ұйыған отбасының ойран болуының басты себебі. Алайда, әлеуметтік сауалнама көрсеткеніндей, ажырасу тек күйеуі тарапынан соққы  жеп, қорлық көруіне ғана байланысты емес көрінеді. Бұл орайда әңгіме отбасы бюджетін еркегі реттеп, әйеліне психологиялық түрде қысым көрсетіп,  қаржыдан қағып, кіріптар  етіп ұстауында да болып отыр.

Әйелің меншігің емес

Үйленгенше  тосын  мінез көрсетпей, биязы болып жүрген ер азамат отбасын құрған соң еркінсіп, өз дегенін жасай бастайды. Мұндай жігіттер әйелін  өз меншігім деп  санап, ойына келгенін істейді. Төменшіктетеді, дауыс көтеріп жекиді, жұдырық жұмсайды. Әрине, кеше ғана жарына сүйікті болып  жүрген әйелдің бұл қорлыққа шыдамасы анық.

Көзқарастың қарама-қайшылығы

Отбасылық өмірдің алғашқы айларынан соң ерлі-зайыптылар өмірге деген көзқарастарының, қызығушылықтарының  әрқилы екенін бағамдай бастайды. Олар бала тәрбиесі, үй  іші шаруасы мәселелерінде  ортақ  мәмілеге келе алмаулары мүмкін. Осының нәтижесінде кикілжіңдер туындайды. Мұны тек жас отбасылардың проблемаларына жатқызуға болмайды, 15-20 жыл отасқан ерлі-зайыптыларда да осындай мәселелер туындап жатады.  Өйткені жас келген сайын құндылықтар мен басымдықтар да өзгереді. Сондықтан бірнеше жыл отасқан жұптардың арасында  да келіспеушіліктердің  орын алып жататындығы белгілі жайт.

Шынайы өмірмен бетпе-бет келу

«Үйлену оңай – үй болу қиын». Көптеген жастар үйленіп, отау құрған соң өмір әдемі ертегіге айналады деп ойлайды. Ал шын мәнінде некеге отырудың екі жаққа да жауапкершілік пен  белгілі бір міндеттер жүктейтіндігі ақиқат. Бұған ақша, қаржы және тұрмыстық мәселелер қосылған соң жүйкенің сыр беретіндігі бесенеден белгілі. Ертегідегідей өмір нақтылы қатал бағытқа бет бұрған соң жұптар аз уақытта ажырасып тынады.

Статистикаға жүгінсек, ажырасуға ерлерге қарағанда әйелдер жиі арыз береді екен. Мұның себебі – отбасының ұйытқысы саналған әйелдердің шыдамының шегіне жетуінен. Көп жағдайда отбасын тұрмыс, қаржы жағынан нәзік жандылар алға сүйрейтінін білеміз.  Ұсақ-түйек былай тұрсын, күрделі мәселелерді шешіп, бала тәрбиесімен айналысады. Оның үстіне жаңа заманның әйелдері қаржы жағынан тәуелді емес, сондықтан отбасындағы озбырлық пен әлімжеттікке мойынұсына қоймайды. Өкінішке қарай бүгінгі таңда қазақстандық  қоғамнан ажырасу үрдісін мүлдем сызып тастау мүмкін емес. Алайда, жас отбасылар мектебін, дағдарыс орталықтарын құрып,  қоғамдағы бұл келеңсіз жайдың алдын алуға әбден болады. Сондай-ақ, психолог мамандар тарапынан жасөспірімдер арасында отбасы, неке тұрғысында әңгімелер, кездесулер  өткізіліп тұрса, отбасылық өмір туралы оң пікірлер  қалыптасар еді. 

Ене мен келін қарым-қатынасы

Ажырасудың басты себептерінің бірі – қара шаңырақта бірге тұрып жатқан ене мен келін мәселесі. Еліміздің қай өңірінде болсын (әсіресе, оңтүстік, батыс аймақтарда) келін мен ененің бірге тұруының қиындықтары көп.  Негізі әр аймақтағы ажырасудың себептері әрқилы. Оңтүстік пен батыс өңірлерде ер азаматтар әке-шешесімен, бауырларымен бірге тұрғылары келеді, ал бойжеткендер мұны көп жағдайда қаламайды. Демек, келіндердің өз ұстанымдары бар деген сөз. Нәтижесінде жастардың өміріне туысқандары араласып, «пайдалы» кеңестер бере бастайды. Осының салдарынан шаңырақ шайқалады. Кей кездері шешесінің ұлын келінінен қызғанатын сәттері де байқалады. Немесе керісінше, шешесі сәт сайын қызына телефон шалып, жағдайын сұрап, жастардың мазасын  ала береді. Осы әрекетімен-ақ ол өзін күйеу баласына  қалай қарсы қойып алғандығын   білмей қалады.

      Қазақ отбасында ажырасу деген болып па еді?

Осыған дейін дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген  сирек болушы еді. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, пәтуамен бәрін реттеп отырған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген  отандық этнограф Аманжол Қалыш ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады деген пайым айтады.  Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал  араға  11  жыл салып қарасақ, 2011 жылы  жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан.  Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған. Ол жақтың тұрғындары үшін ажырасу қалыпты жағдай болып кеткен тәрізді. Қалай десек те, қазақ қоғамы үшін бұл «айықпас кеселге» айналғандай.  Бұл сөзімізге мына бір мәліметтер дәлел бола алады.

    2024 жылғы 4-наурызда жаңартылған Petrelli Previtera-ның мәліметіне сүйенсек, еліміз  ажырасу көрсеткіші бойынша рейтингте 105 елдің ішінде  Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орынды иеленген. Ажырасу көрсеткіші 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6-ны құраған. Бұл жағынан халық саны көп Ресей мен Қытайды артқа тастадық. Үшінші орында Ресей (1000 адамға 3,9), төртінші орында Беларусь (1000 адамға 3,5) және бесінші орында Қытай (1000 адамға 3,2) тұр.

Қазақ қоғамында бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс, ерсі қылық ретінде қабылданатын.  Гендерлік құқық заңнамасы қабылданып, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастады. Оның  басты  себебі - әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі, нәтижесі жоғарыдағыдай. 

Ажырасудан арланбайтын жастардың көбеюі алаңдатарлық жағдай. 

       

 

 

                                                                                   

 Республика күні – біздің үйлесімді және әділетті қоғам құруға деген ортақ күш-жігеріміздің жемісі 
25 қазан 2024
 Республика күні – біздің үйлесімді және әділетті қоғам құруға деген ортақ күш-жігеріміздің жемісі 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балай келе, «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы елге әлемдік қауымдастықта тәуелсіз ойыншы ретінде өз орнын жариялауға мүмкіндік берді», - деп атаулы күннің тарихи мәнін ашты. ​​​​​​​​​«Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы», – деді Мемлекет басшысы.

Ел егемендігі туралы Декларация 34 жыл бұрын, 1990 жылы 25 қазанда қабылданды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттары тарихи құжатты бірауыздан мақұлдады. Қазақстан алғаш рет мемлекеттілігінің негізгі қағидаларын – аумақтық тұтастық, азаматтық, мемлекеттік биліктің толықтығы, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздер – елтаңба, ту, әнұранын бекітті.  

    

Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы, "Ауыл" партиясының Төрағасы Серік Егізбаев "Мемлекеттік егемендік туралы Декларация - жаңа дәуірдің бастауы болды", - деп санайды.

"Шын мәнінде, бұл күнге жету жолында талай көрнекті тұлғаларымыз күш-жігерін, білімін, қажыр-қайратын сарп етіп, жанқиярлық ерлік пен өрліктің үлгісін көрсетті. Олардың патриотизмі мен отанға адалдығын келер ұрпаққа өнеге етіп, тәуелсіздікке тағзымды тағлымға айналдыру бүгінгі буынның қасиетті парызы", - дейді Серік Егізбаев.

Расында, Қазақстан Егемендігі туралы Декларация - еліміздің еркін және тәуелсіз даму жолының бастамасы, тың тарихымыздың тірек нүктесі. Тарихи сәттің куәгері - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымдағы депутаты Жигули Дайрабаев бүгінде «Ауыл» ХДПП Төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ауыл" фракциясының мүшесі. Ол кезде  36-жастағы Жигули Молдақалықұлы ең жас депутат болатын.

«Қазақ елі­нің ғасырлар бойы аңсаған азат­тығына 1990 жылдың 25 қазанында қолы жетті деуге толық негіз бар. Өйткені бұл декларация тәуелсіздікке баратын жолды ашып берді. Мен осы тарихи оқиғаның куәгері болып, аталған құжаттың қабылдануына үлесімді қосқаным үшін өзім­ді бақытты санаймын», - дейді Жигули Дайрабаев.

Республика күні 1995 жылдың қазан айында Ұлттық мереке болып жарияланды. 2001 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңымен Республика күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Ал 2009 жылдан аталған күнді  мерекелеу мүлдем тоқтатылған болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күнін мерекелеуді жаңғыртуды және оған Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ізін суытпай, 2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы тиісті Заңға қол қойды және Республика күні қайтадан мемлекеттік мерекеге айналды.

Республика күні мен тәуелсіздік – егіз ұғым. Қазақстанымыздың байлығы жер астындағы кенімен ғана емес, бірлік пен ынтымақта өмір сүретін елімен бағаланса керек. Бұлар барда еңсерілмейтін қиындық, алынбайтын қамал жоқ.  

Тәуелсіздігіміздің тұғыры, арналы бастауы, асқақ символы  – Республика күні құтты болсын!

 

Аида Жабағиева, «Ауыл» партиясының ресми өкілі

 

Талғардағы оқиғадан кейін әкім мен оның орынбасары қызметінен босатылды
15 қазан 2024
Талғардағы оқиғадан кейін әкім мен оның орынбасары қызметінен босатылды

Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Бұл туралы Талғар әкімдігінің хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Ulys.

«Басқа лауазымдағы қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі пысықталуда», - делінген ведомство хабарламасында.

Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үй өртеніп кетті.

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.