Валюта бағамы
  • USD -

    519.1
  • EUR -

    547.5
  • RUB -

    5.21
Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі
Фото: Ақорда 23 қазан 2024
Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.

– Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайды. Мұны биылғы табиғи апат кезінде тағы да дәлелдедік. Алапат тасқын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрін қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалап, апат салдарын жоюға атсалысқандарға, әсіресе, құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс айтты.

– Өзара тілеулестік пен қамқорлықтың арқасында сынақтан сүрінбей өттік. Шын мәнінде, біздің барлық жетістігіміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтан бастау алады. Бұл – ұйысқан ұлт, мықты мемлекет болудың басты кепілі. Елде тұрақтылық болмаса, ешқандай даму болмайтынын қазір әлемде болып жатқан оқиғалардан анық аңғаруға болады. Өкінішке қарай, көптеген елдер алауыздық пен түрлі жанжалдың кесірінен тоқырауға ұшырап отыр. «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат.

Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көруде, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Мемлекет басшысы осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатқанын айтты.

– Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проблеманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр.

– Бес жыл бұрын Бұқтырма бөгеніне көпір салу туралы тапсырма бердім. Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты. Көпірдің құрылысы аяқталды, бірнеше күн бұрын ресми түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осылайша, шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақсартады. Жалпы, сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін, – деді Президент.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылып отыр. Оның айтуынша, Батыс Қазақстанда сонау Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар бар. Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар әуе қатынасын дамыту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жақында Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылады.

Президент экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының даму қарқынына тоқталды.

– Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны – 2,6 триллион теңге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздегі кәсіпкерлік саласының өркендеу жолына түскенін, шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы елдің іскерлік ахуалы мен инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту мақсатында мамыр айында Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.

– Отандық кәсіпкерлер елдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Олар мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құйып, қайырымдылық бастамаларды қолдап жүр. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы жасампаз серіктестіктің, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрсеткіші, – деді Президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – бизнес-қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау екенін айтты.

Президент елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаларға тоқталды.

– Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 жаңа медицина нысаны салынды. Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр. Орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асты. Ұрпаққа сапалы білім беру – маңызды міндет. Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Соның арқасында 500 мыңға жуық бала жаңа білім ордасында оқитын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.

– Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды. Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғанын, бұл халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге арналған жалпыұлттық жоба екенін атап өтті.

Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл салаға да ерекше мән берді.

– Қазақстан ұлттық мүддеге негізделген теңгерімді, конструктивті сыртқы саясат жүргізеді. Биыл біз үшін халықаралық маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан бірден бірнеше көпжақты ұйымдарға төрағалық етіп, бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Мемлекетіміз әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Қазақ дипломатиясы сан ғасырлық тарихы мен дәстүрі бар Ұлы даладан бастау алды. Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайта түсу – ұлттық дипломатияның алдында тұрған маңызды міндет. Қазір дүние жүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыстар көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ ең қауіптісі – сананың милитаризациясы, бір-бірінің ұстанымын мойындамау және сенімсіздіктің артуы, диалог пен консенсус үшін мүмкіндіктің азаюы. Осының бәрі әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын көрсетеді. Біз осындай жағдайдың өзінде тұрақтылық пен келісім мекені болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бейбітшілік пен тыныштық – біздің ең құнды байлығымыз, оны аялап, көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді.

– Бұл – біздің байыппен таңдаған айнымас қағидатымыз. Ол қоғамдық санада тамыр жаюға тиіс. «Заң – ізгілік пен әділет өнері» деген әйгілі тәмсіл бар. Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, «қылбұрау салып жатыр» деп ойлайтын адамдар әрқашан табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер, шын мәнінде, халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізеді. – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады.

 

 

RELATED NEWS
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН  КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ
09 сәуір 2019
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ

Соңғы кезде өзендерге ағатын құйылатын судың көлемі ұлғайды деп қуанатын адамдарды жиі көреміз. Алайда, мамандар бұған қайғарады. Себебі, мұздықтардың жылдам еруі салдарынан судың көлемі артуда. Орталық Азия аймағында Аралдың тартылуына қатысты, Әмудария мен Сырдарияның дұрыс, тиімді пайдаланбауы мен салада жаңа технологиялардың болмауынан тыс аймақта суға қатысты тағы бір проблема бар. Ол соңғы жылдары Тянь-Шянь мен Памир тауларындағы мұздықтардың жылдам ери бастауы. Оған климаттың жылынуы мен Аралдан ұшқан тұзды шаң-тозаң қатты әсер етуде.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Болат Бекнияздың айтуынша, Сырдария мен Әмудария су келетін жағы біздің мұздықтар ғой. Оның көлемі азайып жатыр, кейбір жерде 50, кей жерде 40 % кеміген. Климаттың өзгеруіне байланысты негізгі судың көлемі азайып жатыр. Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Су проблемалары, гидроэнергетика және экология институтының аға ғылыми қызметкері Бахром Мамадалиев, Ұсақ мұздықтар жоғалуда. Бұл судың азаюына әкеледі, бүкіл елдердегі өзен суларының экологиялық ахуалы нашарлайды. Соңы су ресурстарының жетіспеушілігі мен тапшылығына ұласады. Яғни  тұтас елді-мекендер сусыз қалып, халық арасында ауру-сырқау артады деген сөз.

Орталық Азия елдері таяу жылдары үлкен проблемаға айналатын осы мәселелерді қазірден шешуі тиіс. Алайда бірауыздық танытқаннан гөрі бас-басына би болуға асық. Тағы бір үлкен проблема — судың басындағы елдер тіпті өзендерді басы бүтін өз меншігі ретінде көруге көшкен.  БҰҰ-ның кеме жүрмейтін халықаралық су арналарын пайдалану құқығы туралы конвенциясының (Нью-Йорк, 1997 ж.) 5-бабының 2-тармағында «Судың бойындағы мемлекеттер халықаралық ағын суды әділетті және парасатты түрде пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысуға, осы Конвенцияда қаралған суды пайдалану құқығы сондай-ақ оны қорғау мен игеру мәселесінде ынтымақтасуға қатысты міндеттер де жатады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Түркия Республикасы Әлеуметтік инновация зерттеу орталығының үйлестірушісі, профессор  Жемал Зехир бұл мәселеге қатысты былай дейді:  «Трансшекаралық суларды халықаралық құқық су басындағы  елдердің басы бүтін өз меншігі ретінде қолдануына рұқсат бермейді. Бұл өте маңызды. Яғни Қазақстанға аққан Сырдария мен Әмударияны басқа мемлекеттер өз құқықтарын шектен асыра пайдаланып, басқара алмайды. Қазақстанның қажеттелігін ескеруі тиіс әрі келіссөз жасаулары керек. Аумағын басып өтетін үшін оларды қолдануларына хақтары бар, бірақ шектен асыра пайдалана алмайды». Тағы бір түркиялық ғалым Хасрет Чомак та, «1997 жылы шыққан БҰҰ-ның келісіміне сай, трансшекаралық және шекара маңы өзеннің басында отырған елдер су саясатына өзгеріс жасауда оны пайдаланатын өзге мемлекеттердің мүддесіне кесірі тию ықтималы жоғары болса, кем дегенде алты ай бұрын оларға хабар беріп, рұқсатын алуы тиіс. Судың бастауы бізден шығады, мен ойлағанымды істеймін, қалағанымша  қолданамын деген түсінік болмайды. Себебі халықаралық ұйымның құжаты осыны мұқият ескертеді» деді.

Расында да, табиғатта су мен жел адамдар сызған шекараларға мойынсұнбайды.  Бір елден екінші елге виза, паспорт алмастан емін-еркін өте береді. «Бұл су менікі» деуге ешбір мемлекеттің хақы жоқ. Әрине, қолдану құқына, қажеттіліктерін өтеу құқына ие. Алайда халықарлық құқық көршіңіздің де құқына зардап етпеңіз, қажет болғанда, оған да су бересіз дейді. Сондықтан біріге отырып келісу керек, мүмкіндік болса, ортақ су қоймаларын жасау керек. Энергия мәселесін де бірігіп шешу қажет.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы бөлімшесінің су ресуртары жөніндегі департаментінің басшысы Әмірхан Кеншімов, Екі конвенция бар. Біреуі 1992 жылы қол қойылған Хелсинки конвенциясы. Ол жақсы жұмыс істеп тұр. 45-тен астам ел мүше. Оның ішінде: біз де мүшеміз, Өзбекстан да мүше. Бірақ оны Қырғызстан мойындамай отыр, Тәжікстан мойындамай отыр. Содан кейін барып 1997 жылғы Нью-Йорк конвенциясы бар. Басында шарты болған 35 мемлекет мойындағаннан кейін күшіне енеді деп, былтыр күшіне енді. 35 мемлекет мойындады. Біз оған кірген жоқпыз, Өзбекстан оған кірген.

Мәселен, Қырғызстан «Қамбар Ата» су електр стансасын, Тәжікстан болса «Рогунды» салуға шетел инвесторларын іздеуде. Бірақ, мұндай жобаларға үшінші елдердің қаржы салуы қауіпті. Су мәселесін басқару үдересіне шетелдіктерді араластыру алаңдатпай қоймайды. Ертең ойынға айналдырып жүрмей ме? Сондықтан Орта Азия елдері су электр стансаларын бірігіп салуы керек. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі Чынгысбек Узакбаев, Бүгін инвесторлар керек деп жатамыз, бірақ шеттен келгендерден мен қорқамын. Ашық айтайын Қырғызстанда қазіргі кезде экономикалық аухал нашар. «Қамбар Ата-1» мен жоғары Нарын су электр стансаларын құруға Қытай екі алақанын ысқылап дайын отыр. Кел мен ақша берейін деп. Ал орыстар Ресей де  біздің ең жақын дос мемлекет. Олар да сұқтанып отыр. Ендігәрі Орта Азиядан шықпаймын деп Трамп та қатты айтып жатыр. Олар бұл аймақтан ешқашан шықпайды, өйткені олардың әрбірінің осы жерде өңірлік саясаты мен мүддесі бар.

Ал Түркиядағы «Hydropolitics association» халықаралық ұйымының президенті  Дурсун Йылдыздың көзқарасы: «Орта Азияда энергия мәселесін су проблемасымен қатар шешу қажет. Әйтпесе, тек судың жайын реттеу оңайға соқпайды. Себебі, Кеңес дәуірінде экономиканың су көп қолданылатын салалары дамытылды. Мысалы, Өзбекстанды суға аса мұқтаж тікелей егістікке тәуелді сала етті. Судың жоғары жағында орналасқан қырғыз бен тәжік энергиясы жоқ болған соң судан энергия алуға ұмтылса, керісінше суармалы алқабы көп төмендегі елдер суға мұқтаж болды».

Демек, судың басындағы елдердің де, соңындағы елдердің де мүддесі толық үйлесім табуы керек. Сонда ғана мәселе толық шешімін табады. Бұл үшін ортақ су банкін құру — тиімді жолдардың бірі. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі  Жумакадыр Акенеевтің пікірінше, Бірігіп су банкі түзілсе, ол банк Сауд Арабиясы сияқты қаржылы елдермен келіссөз жасап, сіздер су құбырын тартып  беріңіздер деу керек. Одан соң су құбыры арқылы өзімізден асқан суды оларға сатып, түскен ақшаны су мәселесін шешуге пайдалансақ болады. Аралды толтыруымыз керек, халқымыз жақсы су ішуі керек. Өйткені, денсаулығы жақсы адамның өмір сүруі ұзарады.

Су банкісін құру үшін әрбір елдің өзінің квотасы болады. Су энергетикалық ресуртарға кейбір жерлерде осы квоталарды алмастыру қажет. Құқықтық сұрақтарды реттеу жеке мәселесі тұрақты диалогты қажет етеді. Жылдың әр түрлі маусымында энергетикалық ресурстарды реттеу мен пайдалану тағы да осы мәселелер бойынша тұрақты жұмыс қажет етеді. Бұндай бастаманы 2003 жылы Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Ол суды жеткізіп беруші елдер мен тұтынушы елдер арасында диалог бола алатын су-энергетикалық консорциумын құруды бастама етіп көтерді. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері  ол кезде дайын болмады деп есептеймін. Өйткені су мен энергетика бірге жүрсе, әр мемлекет одан пайда табады. Сол үшін оның бәрі бір консорциумның қолында болу керек. Гидроэнергетика, су мәселесі бәрі бір басқармада болу керек. Сонда әр мемлекет өз пайдасын көреді.

Қазір трансшекаралық су бассейндерінде қазір мынадай өткір мәселелер тұр: су ресурстарының азаюы, балық қорының азаюы, суармалы жер өнімділігінің күрт түсуі, биоресурстардың жоғалуы, мұздықтардың деградацияға ұшырауы, сел қауіпінің артуы мен шөлдердің ұлғаюы сонымен қатар өзен сағасындағы ормандардың деградацияға ұшырауы. Сондықтан трансшекаралық өзендер мәселесін бес мемлекет біріге отырып жуық арада жедел шешуі тиіс.

Әлемдегі су проблемаларын шешкен елдерге қарасақ, олардың ерекшеліктері Орта Азия мемлекеттерінде де бар. Ол ұқсас мәдениет. Еуропаға қарасақ та, Америка мен Канада арасындағы байланысты алсақ та, бір-бірлеріне ұқсас, тілі бір адамдар. Түбі де бір, мәдениеті де. Бір отбасының мүшесі сияқты. Орта Азия аймағындағылар Кеңес Одағы кезінде де бірге өмір сүрді. Сондықтан тарихи-мәдени байланыстар терең, діні бір, адамдары бір-біріне өте жақын. Мәселенің шешілмеуіне ешбір негіз жоқ. Бірақ аймақ көшбасшыларына саяси ерік-жігер керек. Олар бастарын бәйгеге тігуі тиіс.  Себебі, көршінің қажеттілігін өтесең ғана, сенің де мәселең шешімін табады.

«Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады». Аймақта     гидроэнергетикалық саясат шатқаяқтап тұр. Суды дұрыс бөлісіп, басқара алмағандықтан көп дүниеден ұтылып отырмыз. Мәселен, су-энергетикалық саясатындағы әріптестікке немқұрайлылықтың салдарынан Орта Азия елдері жылына 1,7 миллиард АҚШ долларынан айырылады. Яғни бұл аймақ елдері жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы. Орталық Азия су энергетикасының біртұтас саясатсыз проблеманы шеше алмайды. Бұл тек аталған елдердегі өзара әріптестік арқасында ғана қол жететін дүние. Қазіргі кезде бұл мәселе пісіп жетілді. Су мәселесін шешетін де кезең жетті.

Өзбекстан басшысы, Қырғызстан басшысы ауысты. Орталық Азия басшыларының бір-бірімен байланысы артып, біраз проблемалар шешілді. Енді аймақ басшылары зардабы ауыр болатын су проблемасын жедел бірігіп, ақылдаса отырып қолға алуы тиіс. Әйтпесе, көп дүниеден кеш қаламыз.

 

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, журналист

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ
05 ақпан 2019
КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ

Н.Назарбаев: Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске өтініш білдіруіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Президенттің сөзінше, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған 1995 жылдан бастап бүгінге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш жолданыпты. Соның  22-сін Президент жөнелтіпті.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым»,-дейді Н.Назарбаев. Сонымен қатар бүгінде қоғамды сайлау мәселесі мен транзит жайы қызықтыратынан тоқталған ол: «Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек»,-деді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдағаны туралы Кеңестің сайтында ақпарат шыққан болатын. Онда «2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде», -деп жазылған еді хабарламада.

 

 

Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды
16 тамыз 2022
Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды

Петропавлда елдің бүтіндігін бұзуды насихаттап, ұлтаралық алауыздық тудырған ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Күйеуі мен әйелі енді алдағы 5 жылды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткізеді.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл тұрғындары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің және СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде және YouTube арнасында Солтүстік Қазақстан облысын және Петропавлды Ресейдің құрамына беру қажеттігі жайында қайта-қайта жазып, айтып, осылайша елдің тұтастығын бұзуды насихаттады. Өңірдегі және жалпы елдегі түрлі ұлт өкілдері арасында, жалпы қоғамда ұлтараздық тудырды.

«Петропавл қалалық соты қылмыстық істі 20 мамыр күні қарады. Сепаратистік әрекеті бар қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралды. Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Тиісті талдау жүргізілді. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Осыған ұқсас қылмыстар 2018 жылы, 2019 жылы да қаралды. Онда да кінәлілер сотталды. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Жазаны өтеудің басқа баламасы жоқ. Сондай-ақ, экстремистік қылмыс болғандықтан, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

 

inform.kz

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.