Валюта бағамы
  • USD -

    529.3
  • EUR -

    551
  • RUB -

    5.15
Мемлекет басшысы референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады
Фото: Ақорда 03 қазан 2024
Мемлекет басшысы референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады

Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдум Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы. Бұл туралы бүгін Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан мәслихат депутаттарының форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulys.

 «Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», - деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба.

«Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», - дейді Тоқаев.

Осы ретте президент қазақстандықтарға қарата айтқан сөзінде демократия үздіксіз процесс екенін алға тартты.

«Отандастарымызға айтарым: демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады. Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парызымыз. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де – жас ұрпақ. Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп», - деді ол бұл мәселеге қатысты ойын түйіндей келе.

 

 

RELATED NEWS
Қазақстанда атом станциясын салу болашаққа қадам ба, әлде тәуекел ме?
19 қыркүйек 2024
Қазақстанда атом станциясын салу болашаққа қадам ба, әлде тәуекел ме?

Әлем елдерінің даму динамикасы мен  халқының әл-ауқаты энергия тұтыну тиімділігіне  тікелей тәуелді.  Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін  атом электр станциясын салу мәселесі бір жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік деңгейде талқыланып келеді. Стратегиялық нысан құрылысының қоршаған ортаға залалы, қауіпсіздігі мен ықтимал қатері, экономикалық тұрғыдан  тиімділігі турасында дәйекті деректер мен сарапшылар пікірін ескеру маңызды.

 АЭС- ел экономикасының елеулі катализаторы

 Өркениет өріндегі елдердің тәжірибесіне зер салсақ, АЭС   ел экономикасының екпінді дамуына соны серпін беретін катализатор рөлін сомдайды. АЭС ең алдымен   энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылықтың берік кепілі. Халық санының артуы  мен үздіксіз ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде экономиканың өсімі  сәйкесінше  энергия тұтыну қарқынының артуы  жаңа қуат көздерін жаңғыртуды талап етті. Ал АЭС дамыған елдердің экономикалық өсімін ешбір дау-дамайсыз, тәулік бойы және ауа райына қарамастан қолдайтын сала.

 Қазақстан  еншісіне уран шикізатының мол қоры тиесілі. Ал бұл болашақ АЭС үшін басты отын екенін ескеру қажет. Атом электр станциясының құрылысы қазіргі  таңда Қазақстандағы басты қуат көзі көмір мен газға тәуелділікті айтарлықтай төмендетеді. Жапония   ядролық қару мен алапат апаттан зардап шеккеніне қарамастан атом энергетикасын жандандыруға бет  бұрғаны мәлім. Себебі отын-энергетикалық ресурстың қажетті көлемі болмауынан туындаған күрделі экономикалық ахуал мұнай-газ және көмір импортына тәуелділіктен арылуға итермеледі.

 АЭС-тің табиғи қуат көздерінен басты айырмашылығы  атом электр станциялары ауа-райына қарамастан тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе  үздіксіз энергияны талап ететін кешенді өнеркәсіптер мен ірі қалалар үшін өте маңызды.

Сондай-ақ энергия өндірудің экологиялық қауіпсіздігін сақтау үшін  көмірсутек шикізатын  тұтынуды шектейтін  Париж келісімін жаһандық сипаттағы энергетикалық төңкерістің  алғышарты деп анық айта аламыз. Қазақстан  Париж келісімін ратификациялаған санаулы елдердің бірі. Мемлекет басшысы көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекіткен. Осыған байланысты ауаға шығарылатын көміртегінің мөлшерін қысқарту әрі нөлге жеткізу көзделген. Атом электр станциясының қоршаған ортаға тигізер әсері оң, ол ең ірі  экологиялық таза энергия көзі ретінде бағаланады. Әрине бүгінде табиғи  қуат көздерін өндіру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асыр жатыр Алайда тұрақтылық пен тиімділік тұрғысынан бағамдасақ, атом электр станциясының әлеуеті аса зор

 МАГАТЭ мәліметтері бойынша, АЭС әлемдегі электр қуатының шамамен 10 пайызын  өндіреді. Қазақстан жан басына шаққанда көміртегі шығарындылары мөлшері жоғары ел ретінде есептеледі, ал  атом энергиясын пайдалану есебінен бұл көрсеткіштерді қысқарту мүмкіндігі зор.

 АЭС  елімізді  электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес мемлекеттерге  энергия экспорттаушысы бола алады, бұл өз кезегінде  бюджетке қосымша табыс әкеледі.

АЭС салу және пайдалану  білікті кадрларды талап  етеді. Сондықтан арнайы білім беру бағдарламаларын жасақтауға және отандық кадрлардың біліктілігін арттыруға түрткі болуы мүмкін.

 -        Халықты  АЭС болашағы, онда жұмыс істейтін жастардың білімі мен біліктілігі, құрылыс жұмыстарының барысы алаңдатады. Халықтың күмәнін сейілту үшін  қазір елде екі ірі ғылыми-зерттеу ұйымы жұмыс істейді делік. Бұл Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық және Алматыдағы ядролық физика институты. Олар атом электр станцияларын салу үдерісін ғылыми-техникалық қуаттау үшін негіз болады. Осы екі ұйымның негізінде ядролық зерттеу реакторларын іске қосу экономиканың түрлі салаларына ядролық физика әдістерін енгізуге мүмкіндіктер ашты. Қазіргі уақытта Ұлттық ядролық орталық атом саласы үшін кадрлар даярлау мәселесіне назар аударады. Кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастық еліміздің базалық жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. Бұл ретте ядролық физика институтында радиациялық қауіпсіздік, бақылау әдістері және ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталықтары жұмыс істейді, - дейді Yessenov University  ректоры Берік Ахметов.

Оның пікірінші,   Қазақстанның азаматтары стратегиялық нысанның қауіпсіздігіне сенімді бола алады, өйткені АЭС  МАГАТЭ халықаралық стандарттарға сәйкес және сарапшылардың қатаң бақылауымен салынатын болады.

 Әлемдік тәжірибе ескерілуі тиіс

 Атом электр станциялары қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын сақтауды талап етеді. Мұндай нысандарды салу және күтіп ұстау құрылыс кезінде де, пайдалану кезінде де айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажет етеді.

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жүргізу барысында   ықтимал тәуекелдерді ескеру маңызды. Негізгі мәселелердің бірі - радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату. Қазақстанға радиоактивті қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу жүйесін әзірлеуге тура келеді, бұл айтарлықтай қаржылық салымдар мен мұқият жоспарлауды талап етеді. АЭС жұмысы реакторларды салқындату үшін үлкен мөлшерде суды қажет етеді.Сондықтан  су ресурстарына қатысты мәселені нысанның  құрылысын жоспарлау кезінде ескеру қажет.

Халықты алаңдататын  қауіптердің бірі — апат болған жағдайда аумақтың радиоактивті қалдықтармен ластануы.

Өткен тарихымызға ой жүгіртер болсақ,  халқымыз ядролық қару  сынақтарынан алапат ауыр залал кешкені мәлім.  Алайда сол кезеңнен бері елімізде  ядролық энергетика  өнеркәсібі өрістеп,  қуатты институттардың құрылғаны айқын. Бір қуантарлығы бейбіт атом әлеуетін игеру бағытында бұл үрдісіз  бүгінгі күнге дейін үздіксіз  дамып келеді. Сарапшылар соңғы үлгідегі атом электр станциялары қалыпты жұмыс кезінде салыстырмалы түрде қауіпсіз болып саналады.

Желідегі деректерге жүгінсек, Ресей, Қытай, Үндістан, Корея Республикасы, АҚШ, Канада және Финляндия сияқты елдерде атом энергетикасын қарқынды дамыту бағдарламалары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Үндістанда 30-ға жуық реакторлық  қондырғы құрылысы жүріп жатыр, Қытай да жалпы энергетикалық қуатты арттыруды жоспарлап отыр. WNA (World Nuclear Association) 2060 жылға қарай әлемдегі барлық энергия блоктарының жалпы қуаты кем дегенде 1100 гигаваттқа жетеді деп есептейді және бүгінгі күнге дейін атом энергетикасының даму қарқынын ескере отырып, бұл көрсеткіш 3500 гигаваттқа жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

 Алдағы уақытта  АҚШ мемлекетінің даму жоспарына сәйкес  115 реактор салынбақшы. Бұл жалпы әлемдік энергия көлемінің 20,6% құрайды. Қытайда соңғы бес жылда 8 реактор салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тағы 20-ға жуық реактор салынуда, ал 2020 жылға қарай тағы 27 реактор салу жоспарлануда. Сондай-ақ Түркия, Беларусь, Польша, Вьетнам, Индонезия, Марокко және тағы басқа елдер АЭС салуды жоспарлап отыр.

Атом электр станциясының құрылысы қомақты қаржыны талап етеді. Құрылыс құны реактордың түріне, оның қуатына және қолданылатын технологияларға байланысты өзгереді. МАГАТЭ бағалауы бойынша  реакторлық қондырғының бағасы 5-10 миллиард долларға жетуі мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес  атом электр станциясының құнын өтеу мерзімі шамамен 20-30 жылға жуықтайды.

 Қазақстан АЭС құрылысы үшін басты технологиялық  жабдықтарды импорттауға мәжбүр болатынын да ескерген жөн.

 Қазақстанда АЭС құрылысын қаржыландыру туралы сұрақ ең жиі қойылатын сауалдарлың бірі. Ресми деректерге сәйкес, ол мемлекеттік бюджет,  сондай-ақ қарыз қаражаты есебінен салынады деп күтілуде.

 Ойымызды тұжырымдасақ, Қазақстанда атом электр станциясының әлеуетті мүмкіндіктері зор , сонымен қатар оның белгілі бір тәуекелдерге ие  сан қырлы жоба екенін атап өту қажет. Басты артықшылығы — энергетикалық тәуелсіздік, көмірқышқыл газының шығындыларын азайту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Алдағы уақытта ауқымды жобаның  экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан тиімділігін талқылау жалғасады. Қорытынды шешімді халықаралық тәжірибе мен сарапшылар  пікіріне сүйеніп қалың бұқараның өзі қабылдары сөзсіз.

Мен елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын – Тоқаев
06 қазан 2024
Мен елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын – Тоқаев
 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы жөніндегі референдумда дауыс берген соң, журналистерге арналған брифингте «Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulys Ақордаға сілтеме жасап.

«Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу», – деді 

Бұған дейін президент референдумда дауыс бергені туралы хабарлаған болатынбыз.

Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдаған
07 қазан 2024
Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдаған

 Қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Биылғы 7 қазандағы таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде, Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды» , - деді Н. Әбдіров елордада өткен брифингіде. 

Оның айтуынша, соңғы деректер бойынша референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487-ге жеткен. Дауыс беруге 7 млн 820 мың 204 адам қатысқан, олар референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы.

«Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 млн 561 мың 937 адамды құрады. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс берген адамдардың саны дауыс беруге қатысқандардың ішінен 2 млн 45 мың 271 болды», - деді Нұрлан Әбдіров.

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.