Валюта бағамы
  • USD -

    488.5
  • EUR -

    530.5
  • RUB -

    5.11
Маңғыстауда бір жылда 11 инвестициялық жоба іске қосылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі 26 шілде 2024
Маңғыстауда бір жылда 11 инвестициялық жоба іске қосылды

Үкімет Маңғыстау облысын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажеттігіне назар аударып, үнемі тиісті тапсырмалар беріп келеді, деп хабарлайды Ulys тілшісі.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметіне қаағанда, соңғы бес жылда өңірге 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, оның ішінде биыл 10 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 839 млрд теңгені, нақты көлем индексі – 144,7%-ды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы елімізде көш бастап тұр. 

Жалпы, Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті өте зор өңірлердің бірі. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр.

 Өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 500-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 8 жоба өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, олар – ет комбинаты, металл прокатын, арнайы жабдықтар мен техника, темірбетон, полиэтилен, антифриз өнімдерін өндіру орындары.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жалпы сомасы 10 млрд теңгеге жуық 4 жобаны іске асырып, 100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар өңірде 2025 жылға дейін өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 7,3 млн шаршы метр болатын 67 мың тұрғын үйді (пәтерлер мен жеке үйлер) пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде халықтың әлеуметтік аз қорғалған топтары үшін 2,5 мың жалдамалы пәтер салынады (151,2 мың шаршы метр тұрғын үй).

Жылдарға бөліп қарағанда:

2021 жылы - 1201 мың м2 немесе 11,2 мың тұрғын үй;

2022 жылы - 1271,9 мың м2 немесе 11,7 мың тұрғын үй;

2023 жылы - 1448,6 мың м2 немесе 13,3 мың тұрғын үй;

2024 жылы - 1589,6 мың м2 немесе 14,6 мың тұрғын үй;

2025 жылы - 1767,6 мың м2 немесе 16,2 мың тұрғын үй.

Биыл жаппай тұрғын үй құрылысы жүретін аудандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 4,5 млрд. теңге бөлінеді. 2025 жылға дейін шығындар - 34,7 млрд. теңге. Бес жыл ішінде жүргізілетін жұмыстың нәтижесінде 9,5 мың жер теліміне коммуникациялар тартылады.

Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл Аманаты» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында, ауыл халқының табысын артыру үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда, жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 165 жоба мақұлданды. Оның ішінде:

·        мал шаруашылығы саласында 111 жоба; 

·        егін шаруашылығында 6 жоба; 

·        өзге бизнес түрлеріне 48 жоба мақұлданды.

Мақұлданған жобалардың 112-іне шағын несие берілді. Нәтижесінде барлығы 173 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде жұмыссыз 43 адам шағын несие алу арқылы жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар өңірдің туристтік потенциалы аса зор. «Маңғыстау – аспан астындағы мұражай» деп бекерге айтылмаған. Осы жерлерді көруге алыс-жақын шет елдерден туристтер ағылып келуде. 

Облыста әлеуметтік салаларға да баса назар аударылып келеді. 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 209 млрд теңге қарастырылды, ол облыс бюджетінің 43%-ы.

3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 100%, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,6%-ды құрады. 

Облыста барлығы 188 жалпы білім беретін мектеп бар, оның ішінде 39-ы жеке меншік білім ордасы. Соңғы 3 жылда оқушылар саны 25 мыңға артты (2021 – 156 мың, 2022 – 175 мың, 2023 – 182 мың). Биыл 3 972 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 2, Мұнайлы – 3). 

Осындай жобалар көптеп іске асуда. Ол жобалардың барлығы дерлік мұнайлы өлкеннің барлық тіршілігін қара алтынға ғана тіреп қоймай, басқа экономикалық мүмкіндіктерін ашуға бағытталған.

 

 

RELATED NEWS
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды
23 мамыр 2024
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Ulys Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету ескерілген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сонымен қатар, «Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылып, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісімен айқындалады. 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылды.

«Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады», - делінген Сенат ақпаратында.

Жалпы, бұл құжат азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, сондай-ақ резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға бағытталған. Мұнымен қоса, істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады.

Сонымен қатар Заңды екінші оқылымда талқылау барысында Бас комитеттің, басқа комитеттер мен Сенат Аппараты бөлімдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- «электрондық банктік қарыз» ұғымы қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында көзделгендіктен, жаңа ұғымды енгізу алып тасталады;

- запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру үшін Заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту. Бұдан басқа, осы түзетуге байланысты ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптарды қолданбау ұсынылды;

- заңды тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жүргізу мүмкін еместігіне байланысты жеке тұлғаларға ғана биометриялық сәйкестендірусіз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды қолдану;

- банк және микроқаржы омбудсманын сайлау кезінде қосымша талаптар белгілеу;

- мемлекет қатысатын кредиттік бюролардың қызметін регламенттейтін нормаларды нақтылау, сондай-ақ коллекторлар кредиттік бюроға ұсынатын қосымша мәліметтерді көздеу;

- ломбардтармен шарт жасасу кезінде олардың қызметінің ерекшелігіне байланысты кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормаларды сәйкес келтіру;

- Қазақстан экономикасына инвестициялауға қосымша мүмкіндік беру мақсатында синдикатталған қаржыландыруға қатысуға рұқсат етілген тұлғалар тізбесінің синдикатталған кредит беруге қатысушылар құрамын резидент емес банктер филиалдарымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықтыру. Сонымен қатар, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша талаптар нақтыланады;

- Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкес келтіру;

- осы Заңды қолданысқа енгізуді көздейтін Заңның 2-бабын пысықтау.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, заң аясында жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы сақталды. Енді несие сомасы 1 мың АЕК-тен артық болса, оны алу үшін ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады.

 

Доллар бір күнде 2 теңгеге қымбаттады
18 шілде 2024
Доллар бір күнде 2 теңгеге қымбаттады

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың бағасы бір күнде 2 теңгеге қымбаттап кетті, деп хабарлайды Ulys.

Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 477, 03 теңге.

Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының ақша айырбастау пунктерінде доллар 476,5 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы – 478,5 теңге.

Ал, Астана қаласы бойынша сату бағамы – 474 теңге, сатып алу құны – 479 теңге.

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған
21 маусым 2024
Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған

Қазақстандағы долларды ресейліктердің жаппай сатып алып жатыр. Бұған Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Ulys.

Айта кетейік, «Мәскеу биржасына» салынған санкциядан кейін ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған еді. Тимур Сүлейменов мұның біз үшін еш қорқынышты емес екенін және қандай да бір шектеулердің енгізілмейтінін айтты. 

«Жоқ, қазіргі таңда шектеудің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біз көріп отырған құбылыс тек 1-2 процент көлемінде. Меніңше 1-2 процент үшін шектеу жасаудың ешқандай қажеті жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы теңгенің әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы деп есептейтінін жеткізді.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі таңда 1 рубльдің бағамы 5,2 теңге болып тұр. Сондықтан иә, теңгеміз аздап әлсіреді. Бұл деген - біздің экспорттаушыларымыз үшін өте бір тиімді құбылыс. Өйткені олардың тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттірек болады», - деді Ұлттық банк басшысы.

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.