Атырауда Covid-19 індетінің таралуына қарсы күрес жұмыстары сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға қатысты өткен селекторлық жиналыста Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға әрбір адамның қауіпсіздігі үшін жауап беретіндерін ескертті, деп хабарлайды, Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Жиында Атырау облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев карантин жарияланған аудан және ауыл тұрғындарының барынша сақ болу керектігін ескертті. Өйткені, көптеген тұрғындар әлеуметтік желіде тараған коронавирус жоқ деген алыпқашпа әңгімелерге сенеді. Ол аздай маскалық режим мен арақашықтықты сақтауда абай болмай отыр.
Сондықтан ол халықты той-томалақ, қонаққа бару, сондай-ақ өзге де адам көп жиналатын шаралардан бас тартуға шақырудың маңызын атап өтті. Себебі, Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылдық округінен 20-дан астам жағдай анықталып, ауыл карантинге жабылып, шектеу шаралары енгізілуі осыған дәлел. Оның сөзінше, тұрғындар арасында карантиндік режим талаптарының сақталмауы атап айтқанда, бетпердесіз жүру, үш және одан да көп адамның шоғырлануы, арақашықтықтың сақталмауы ауруды жұқтырушылардың артуына соқтырған. Ал медициналық қызметкерлер арасында тіркелу себебі: олардың коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша іс-қимыл алгоритімін сақтамауы себеп болған.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова коронавирус індеті басталмай тұрып-ақ аймақта ауқымды дайындық жұмыстары мен алдын-алу шаралары жүргізілгенін айтты. Соның арқасында қауіпті дерттің жаппай таралуына жол берілмегенін атап өтті. Сонымен қатар қазір қауіпті індетпен күресте сала мамандарының тәжрибесі ғана артпаған, тиісті материалдық мықты база мен жеткілікті түрде арнайы орындар саны артқан.
- Алғаш Covid-2019 инфекциясы тіркелген кезде облыста небары 130 кереуеттік инфекциялық стационар болса, қазір 595-ке, бастапқыда 1900 орындық карантиндік стационар болса, қазір 2328-ге жетті. 200 керуеттік провизорлық стационарды 263-ке дейін көбейттік. Бүгінгі күні инфекциялық стационардан 773 науқас, провизорлық орталықтан 429 сондай-ақ карантиндік стационардан 2255 науқас емделіп шықты,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Сонымен қатар, аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға қатысты ол бірқатар ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, аудандар жұмысын күшейтіп, мониторингтік топтар құру керек.
Сондай-ақ барлық медициналық ұйымдар қызметкерлерін сақтық шараларын өткізуі тиіс, тұрғындар арасында БАҚ-ты тарта отырып түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек, бұған қоса сала мамандары той-томалақ, жиындардың болмауын қырағы қадағалауы тиіс.
Бүгінде Атырау облысында Covid-2019 инфекциясын жұқтырғандар саны 1227-ге жетті. Оның 1024-сі Теңізден болса, қалған 203-і қала мен аудандардан тіркеліп отыр. Теңіз кеніші ахуалы ушыққан тұста облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов барып, жағдайды зерделеп, тиісті тапсырамалар берген болатын. Одан әкімнің соң екі Теңіз кенішінде жұмыс тобына жетекішілік етіп, мониторингтік топтар құрып, жұмысты жүйелендірген болатын. Соның арқасында қазір Теңіз кенішіндегі ахуал тұрақтанды.
Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов әсіресе аудан әкімдеріне сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Әр адамды қауіпті індеттен қорғаудың маңызын атап өткен аймақ басшысы Covid-2019 инфекциясының таралуына жол бермеу үшін әрбір әкім өз басымен жауап беретінін қадап ескертті. Карантинге жабылған аудандарға медициналық көмек көрсетуді, қажетті жабдықтармен қамамасыз ету керек болса облыстың көмектесуге дайын екенін де жеткізді. Аймақ басшысы ең бастысы — халыққа коронавирустың қауіпі туралы түсіндіру жұмыстарын бір сәт те тоқтатпауды жүктеді.