Валюта бағамы
  • USD -

    486.3
  • EUR -

    525.5
  • RUB -

    5.07
Корейлік компания Қазақстанда автомобильдерге арналған орындықтар мен мультимедиа шығара бастайды
https://primeminister.kz/ 13 маусым 2024
Корейлік компания Қазақстанда автомобильдерге арналған орындықтар мен мультимедиа шығара бастайды

Астанада Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Юн Сок Ёльдің келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өнеркәсіп, энергетика, авиация және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды күшейтуге назар аударылды.

«Қазақстан сауда-экономикалық әріптестікті дамытуда үлкен перспективаларды көріп отыр. Екіжақты ынтымақтастықтың серпінді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыруға бірден кірісуге дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан энергетика, сирек кездесетін жер металдарын игеру және қайта өңдеу, инфрақұрылым, автомобильдер мен олардың компоненттерін өндіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, қаржы және басқа да перспективалы салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Өңдеу секторын дамыту — Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы Қазақстан Үкіметі жұмысының басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда корей компанияларының қазақстандық машина жасауды дамытуға инвестиция салуының жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді. Елімізде автомобиль кластерлері құрылуда, құрамдас бөлшектер өндірісін ретке келтіру жоспарлануда. Мысалы, Алматыда Hyundai маркалы автомобильдерді шағын тораптық құрастыру, Қостанай облысында KIA бренді автомобильдерінің өндірісі, Семей қаласында Daewoo Bus Global автобустарының бірлескен өндірісі жолға қойылған. Жақын арада кореялық компаниялар Қазақстанда автомобильдерге арналған орындықтар мен мультимедиа шығара бастайды.

Таяуда қол қойылған келісімдерді ескере отырып, кореялық компаниялардың қатысуын одан әрі кеңейту және ірі корпорациялардың өндірісін локализациялау үшін жаңа перспективалар ашылуда. Қазақстанның Оңтүстік Корея технологияларын қолдана отырып, электрокарларға арналған аккумуляторларды өндіруге қызығушылығы бар. Олжас Бектенов автомобиль өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кореялық тарап еліміздің автомобиль өнеркәсібі үшін қазақстандық кадрлар даярлау ісіне көмектесуге мүдделі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан мен Корея басым салаларда технологиялармен алмасуды және жобаларды бірлесіп іске асыруды жандандыруда. Қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және жою саласында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасы перспективалы болып отыр. Металлургия саласында ферроқорытпалар өндірісін жолға қою керек. Геология саласында сирек кездесетін жер металдарын бірлесіп өндіру және қайта өңдеу қажет, сондай-ақ кейіннен өзара тиімді шарттарда Кореяға жеткізілетін жоғары өңделген өнімдерді Қазақстанда шығару саласында ынтымақтастық орнату көзделген.

Сутегі энергетикасы да ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының біріне айналуы мүмкін. Өз кезегінде, лифт жабдықтарын өндіруді локализациялау құрылыс нысандарының қауіпсіздігін арттырады. Авиацияда мәдени-гуманитарлық байланыстар мен іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында жаңа жолаушылар әуе бағыттарын ашу мәселесі пысықталады. Бұл өткен жылы Қазақстанға келген корейлік туристер санының екі есе артуына байланысты қажет болып отыр.

Анықтама: Қазақстанда Корея Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі арнайы құрылған жұмыс тобы қызмет істейді. Алматы облысында Lotte жаңа кондитерлік фабрикасының құрылысы, Қарағанды облысында Samsung тұрмыстық техникасының өндірісі, Алматы қаласында Hi Air Korea мұнай-газ жабдығы өндірісі және басқалары секілді бірқатар келешегі бар жобалар пысықталып жатыр.

 

RELATED NEWS
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды
23 мамыр 2024
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Ulys Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету ескерілген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сонымен қатар, «Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылып, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісімен айқындалады. 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылды.

«Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады», - делінген Сенат ақпаратында.

Жалпы, бұл құжат азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, сондай-ақ резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға бағытталған. Мұнымен қоса, істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады.

Сонымен қатар Заңды екінші оқылымда талқылау барысында Бас комитеттің, басқа комитеттер мен Сенат Аппараты бөлімдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- «электрондық банктік қарыз» ұғымы қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында көзделгендіктен, жаңа ұғымды енгізу алып тасталады;

- запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру үшін Заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту. Бұдан басқа, осы түзетуге байланысты ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптарды қолданбау ұсынылды;

- заңды тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жүргізу мүмкін еместігіне байланысты жеке тұлғаларға ғана биометриялық сәйкестендірусіз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды қолдану;

- банк және микроқаржы омбудсманын сайлау кезінде қосымша талаптар белгілеу;

- мемлекет қатысатын кредиттік бюролардың қызметін регламенттейтін нормаларды нақтылау, сондай-ақ коллекторлар кредиттік бюроға ұсынатын қосымша мәліметтерді көздеу;

- ломбардтармен шарт жасасу кезінде олардың қызметінің ерекшелігіне байланысты кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормаларды сәйкес келтіру;

- Қазақстан экономикасына инвестициялауға қосымша мүмкіндік беру мақсатында синдикатталған қаржыландыруға қатысуға рұқсат етілген тұлғалар тізбесінің синдикатталған кредит беруге қатысушылар құрамын резидент емес банктер филиалдарымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықтыру. Сонымен қатар, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша талаптар нақтыланады;

- Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкес келтіру;

- осы Заңды қолданысқа енгізуді көздейтін Заңның 2-бабын пысықтау.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, заң аясында жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы сақталды. Енді несие сомасы 1 мың АЕК-тен артық болса, оны алу үшін ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады.

 

Доллар бір күнде 2 теңгеге қымбаттады
18 шілде 2024
Доллар бір күнде 2 теңгеге қымбаттады

Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың бағасы бір күнде 2 теңгеге қымбаттап кетті, деп хабарлайды Ulys.

Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 477, 03 теңге.

Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының ақша айырбастау пунктерінде доллар 476,5 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы – 478,5 теңге.

Ал, Астана қаласы бойынша сату бағамы – 474 теңге, сатып алу құны – 479 теңге.

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған
21 маусым 2024
Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған

Қазақстандағы долларды ресейліктердің жаппай сатып алып жатыр. Бұған Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Ulys.

Айта кетейік, «Мәскеу биржасына» салынған санкциядан кейін ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған еді. Тимур Сүлейменов мұның біз үшін еш қорқынышты емес екенін және қандай да бір шектеулердің енгізілмейтінін айтты. 

«Жоқ, қазіргі таңда шектеудің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біз көріп отырған құбылыс тек 1-2 процент көлемінде. Меніңше 1-2 процент үшін шектеу жасаудың ешқандай қажеті жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы теңгенің әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы деп есептейтінін жеткізді.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі таңда 1 рубльдің бағамы 5,2 теңге болып тұр. Сондықтан иә, теңгеміз аздап әлсіреді. Бұл деген - біздің экспорттаушыларымыз үшін өте бір тиімді құбылыс. Өйткені олардың тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттірек болады», - деді Ұлттық банк басшысы.

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.