Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
Киелі мекен: Алматы облысының 61 ауылында тазалық шарасы өтті
15 сәуір 2024
Киелі мекен: Алматы облысының 61 ауылында тазалық шарасы өтті

Республикалық “Таза Қазақстан” акциясы басталғалы бері Алматы облысы Жамбыл ауданындағы 61 елді мекенде күнделікті сенбілік өтуде. Бұл туралы әкімдікке сілтеме жасап Ulys хабарлайды.

Бүгін ауданымыздың рухани орталығы болып саналатын, Жамбыл ауылындағы Жамбыл Жабаевтың музейінде 500- ден астам адамның қатысуымен ауқымдытазалық шараларын жасалды.

Өткен аптада “Таза өлке” акциясы бойынша желілік кестемен өткен сенбілік енді “КИЕЛІ МЕКЕН” акциясымен жалғасты.

Жамбыл ауылында өткен сенбілікке ауыл тұрғы,  зиялы қауым өкілдері, өнер саласының қызметкерлері, ардагерлер, жастар, еріктілер, депутаттар қатысты.

“Киелі мекен” акциясы аясында Жамбыл ауданында орналасқан 51 ескерткішті тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргілетін болады.

Сонымен қатар бүгін дәл осындай сенбілік “Таңбалы” музейінде де өтіп жатыр.

 

RELATED NEWS
АЖЫРАСУ НЕГЕ БЕЛЕҢ АЛУДА
19 маусым 2024
АЖЫРАСУ НЕГЕ БЕЛЕҢ АЛУДА

Қазақ жастары отбасы құндылығына немқұрайлылық танытуда 

Қазіргі қазақ қоғамындағы өршіп тұрған өзекті мәселенің бірі – ажырасу. Олай деуіміздің себебі Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады  екен. ҚР Ұлттық статистика бюросының  деректеріне жүгінсек, 2022 жылы елімізде 130 мыңға жуық жас шаңырақ көтерсе, 22500-ден астам отбасылық жұптың жолдары екіге айрылған. Ал 2023 жылы АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 120,8 мың некені тіркеген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9% аз. Некенің сақталуына келер болсақ, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6% азайып, 40,2 мыңды құраған екен. Тұрғылықты жеріне зер салар болсақ, қалалық жерлерде ажырасуға өтініш көп берілген. Мәселен, қалалық жерлерде 29,4 мың ажырасу (73,1%), ауылдық жерлерде 10,8 мың ажырасу (26,9%) тіркелген. Алайда, бұл келтірілген мәліметтерге де сене беруге болмайды,  өйткені олардың арасында жалған түрде, өтірік ажырасатындар да аз емес.  

Шаңырақтың шайқалуына не себеп?

Көптеген жастар той өткен соң бір жылдың ішінде ажырасуға арыз береді екен. Саясаткерлер мен депутаттар отбасы институты  құрдымға кетіп барады деп дабыл қағуда, бұл пікірді әлеуметтанушылар да  қолдап отыр.

Ажырасу деңгейінің күрт өсуі - бұл тек отбасының ішіндегі негативті фактор емес, сонымен қатар жұртшылықтың сана-сезімінің өзгеруі дейді психологтар. Ажырасудың себептері көп, жалпы алғанда  бұл тұрғыда қазақстандық қоғамда қандай мәселелердің  бар екендігін айғақтайды. Сонымен...

Ата-аналары мен туған-туысқандардың араласуы

Кейбір ажырасқан жастардың аузынан: «Бәріне оның шешесі (жігіттің немесе бойжеткеннің) кінәлі» дегенді жиі естиміз. Кейбір ата-ана өз баласының жар таңдаудағы әрекетіне, екі жастың бақытты жанұя құруына кедергі жасап бағады. Құдағилардың арасындағы өзара түсініспеушіліктің өзі кейде екі жастың екі жаққа кетуіне себеп болып жатады. Осыдан-ақ екі жастың бақытты болуы тек өздеріне ғана емес, ата-аналары мен туыс-туғандарына да байланысты екенін көреміз. Қазақтың «қатын алма, қайын ал» деген сөзіне де бойдақтар құлақ асқандары абзал. 

Отбасындағы зорлық-зомбылық

Зорлық-зомбылық - айрандай ұйыған отбасының ойран болуының басты себебі. Алайда, әлеуметтік сауалнама көрсеткеніндей, ажырасу тек күйеуі тарапынан соққы  жеп, қорлық көруіне ғана байланысты емес көрінеді. Бұл орайда әңгіме отбасы бюджетін еркегі реттеп, әйеліне психологиялық түрде қысым көрсетіп,  қаржыдан қағып, кіріптар  етіп ұстауында да болып отыр.

Әйелің меншігің емес

Үйленгенше  тосын  мінез көрсетпей, биязы болып жүрген ер азамат отбасын құрған соң еркінсіп, өз дегенін жасай бастайды. Мұндай жігіттер әйелін  өз меншігім деп  санап, ойына келгенін істейді. Төменшіктетеді, дауыс көтеріп жекиді, жұдырық жұмсайды. Әрине, кеше ғана жарына сүйікті болып  жүрген әйелдің бұл қорлыққа шыдамасы анық.

Көзқарастың қарама-қайшылығы

Отбасылық өмірдің алғашқы айларынан соң ерлі-зайыптылар өмірге деген көзқарастарының, қызығушылықтарының  әрқилы екенін бағамдай бастайды. Олар бала тәрбиесі, үй  іші шаруасы мәселелерінде  ортақ  мәмілеге келе алмаулары мүмкін. Осының нәтижесінде кикілжіңдер туындайды. Мұны тек жас отбасылардың проблемаларына жатқызуға болмайды, 15-20 жыл отасқан ерлі-зайыптыларда да осындай мәселелер туындап жатады.  Өйткені жас келген сайын құндылықтар мен басымдықтар да өзгереді. Сондықтан бірнеше жыл отасқан жұптардың арасында  да келіспеушіліктердің  орын алып жататындығы белгілі жайт.

Шынайы өмірмен бетпе-бет келу

«Үйлену оңай – үй болу қиын». Көптеген жастар үйленіп, отау құрған соң өмір әдемі ертегіге айналады деп ойлайды. Ал шын мәнінде некеге отырудың екі жаққа да жауапкершілік пен  белгілі бір міндеттер жүктейтіндігі ақиқат. Бұған ақша, қаржы және тұрмыстық мәселелер қосылған соң жүйкенің сыр беретіндігі бесенеден белгілі. Ертегідегідей өмір нақтылы қатал бағытқа бет бұрған соң жұптар аз уақытта ажырасып тынады.

Статистикаға жүгінсек, ажырасуға ерлерге қарағанда әйелдер жиі арыз береді екен. Мұның себебі – отбасының ұйытқысы саналған әйелдердің шыдамының шегіне жетуінен. Көп жағдайда отбасын тұрмыс, қаржы жағынан нәзік жандылар алға сүйрейтінін білеміз.  Ұсақ-түйек былай тұрсын, күрделі мәселелерді шешіп, бала тәрбиесімен айналысады. Оның үстіне жаңа заманның әйелдері қаржы жағынан тәуелді емес, сондықтан отбасындағы озбырлық пен әлімжеттікке мойынұсына қоймайды. Өкінішке қарай бүгінгі таңда қазақстандық  қоғамнан ажырасу үрдісін мүлдем сызып тастау мүмкін емес. Алайда, жас отбасылар мектебін, дағдарыс орталықтарын құрып,  қоғамдағы бұл келеңсіз жайдың алдын алуға әбден болады. Сондай-ақ, психолог мамандар тарапынан жасөспірімдер арасында отбасы, неке тұрғысында әңгімелер, кездесулер  өткізіліп тұрса, отбасылық өмір туралы оң пікірлер  қалыптасар еді. 

Ене мен келін қарым-қатынасы

Ажырасудың басты себептерінің бірі – қара шаңырақта бірге тұрып жатқан ене мен келін мәселесі. Еліміздің қай өңірінде болсын (әсіресе, оңтүстік, батыс аймақтарда) келін мен ененің бірге тұруының қиындықтары көп.  Негізі әр аймақтағы ажырасудың себептері әрқилы. Оңтүстік пен батыс өңірлерде ер азаматтар әке-шешесімен, бауырларымен бірге тұрғылары келеді, ал бойжеткендер мұны көп жағдайда қаламайды. Демек, келіндердің өз ұстанымдары бар деген сөз. Нәтижесінде жастардың өміріне туысқандары араласып, «пайдалы» кеңестер бере бастайды. Осының салдарынан шаңырақ шайқалады. Кей кездері шешесінің ұлын келінінен қызғанатын сәттері де байқалады. Немесе керісінше, шешесі сәт сайын қызына телефон шалып, жағдайын сұрап, жастардың мазасын  ала береді. Осы әрекетімен-ақ ол өзін күйеу баласына  қалай қарсы қойып алғандығын   білмей қалады.

      Қазақ отбасында ажырасу деген болып па еді?

Осыған дейін дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген  сирек болушы еді. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, пәтуамен бәрін реттеп отырған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген  отандық этнограф Аманжол Қалыш ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады деген пайым айтады.  Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал  араға  11  жыл салып қарасақ, 2011 жылы  жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан.  Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған. Ол жақтың тұрғындары үшін ажырасу қалыпты жағдай болып кеткен тәрізді. Қалай десек те, қазақ қоғамы үшін бұл «айықпас кеселге» айналғандай.  Бұл сөзімізге мына бір мәліметтер дәлел бола алады.

    2024 жылғы 4-наурызда жаңартылған Petrelli Previtera-ның мәліметіне сүйенсек, еліміз  ажырасу көрсеткіші бойынша рейтингте 105 елдің ішінде  Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орынды иеленген. Ажырасу көрсеткіші 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6-ны құраған. Бұл жағынан халық саны көп Ресей мен Қытайды артқа тастадық. Үшінші орында Ресей (1000 адамға 3,9), төртінші орында Беларусь (1000 адамға 3,5) және бесінші орында Қытай (1000 адамға 3,2) тұр.

Қазақ қоғамында бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс, ерсі қылық ретінде қабылданатын.  Гендерлік құқық заңнамасы қабылданып, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастады. Оның  басты  себебі - әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі, нәтижесі жоғарыдағыдай. 

Ажырасудан арланбайтын жастардың көбеюі алаңдатарлық жағдай. 

       

 

 

                                                                                   

«Бриллиант, алтын жүзік, шуба,  Мальдивтегі қымбат демалыс»: Әйелін ұрды деген дипломат өзінің нұсқасын айтты
03 маусым 2024
«Бриллиант, алтын жүзік, шуба,  Мальдивтегі қымбат демалыс»: Әйелін ұрды деген дипломат өзінің нұсқасын айтты

Әйелін ұрды деп айыпталған дипломат, Қазақстан Республикасының Біріккен Арап Әмірліктеріндегі елшісінің көмекшісі қызметін атқарған Сәкен Мамаш әлеуметтік желі арқылы бүкіл мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Ulys.

Айта кетсек, әйелін ұрып-соқты деген қазақстандық дипломатқа қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. 

 1. Өмірбаян

Соңғы кезде отбасымның мәселесі дүйім жұртқа жайылып жатыр, Құдай басқа салмасын, мұндай жағдайды ешкім қаламаса керек.

Әлі күнге дейін бала-шағамды қорғап, жанұямды сақтап қалғым келеді, алайда, өкінішке бұл үміттің шырағы ендігісі сөніп бара жатқандай.

Отбасы мен үшін қай кезде болмасын бірінші орында болды. Жанұямды Алланың аманаты деп қабылдап, олардың бүгіні мен ертеңіне барлық жауапкершілікті толық сезінемін.

Жұбайым Карина Құдай қосқан жарым, балаларымның анасы.

Күні кешеге дейін жанұядағы екі ересек адамды отағасы мен анасы деп санап, отбасымыздың бақыты үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, шүкір жақсы өмір сүріп, болашаққа жоспарлар құрып келдік.

Сүрінбейтін тұяқ болмайды демекші, әрбір отбасыда ыдыс аяқ сылдырламай тұрмаса керек. Бұндай жағдайдың орын алғанына қатты өкінемін, жұбайыма да айттым, кез-келген күні қайта татуласуға дайынмын, ұлым мен қызымды сағындым.

Қателіктер екеумізде де болды, қазір тергеу жүріп жатыр, сот кінәлі деп тапса, еркек тоқты құрбандық дегендей, жауапкершіліктен қашпаймын.

Өз басым бұл жағдайды өмірдегі сынақ деп қабылдап, барынша сабақ алуға тырысып, түннен кейін күн шығар деп үміттенемін.

Хош, әкем қазақ, шешем қазақ, ауылымда жетінші, кенже ұл болып дүниеге келдім. Әке-шешем қара шаруа, өз еңбегімен адал асын тауып, балаларын асырады.

Жастайымнан асық атып, тай шаптырып, ағайынға қызмет етіп, ақсақалдардың қолына су құйып, қазақи тәрбие көрдім.

Мектеп табалдырығын ауылда аттап, есімде, дайындық сыныпқа барғанда екі әпкемнің арқасында көбейту кестесін жатқа біліп бардым, сабақ арасындағы үзілісте үлкен кластың ұл-қыздары менен көбейту кестесін сұрап, таңдай қағатын.

Құдай берген қабілеттің арқасында білімге жақын болдым, бесінші класқа қарай ағам жазылған орысша газет-журналдарды оқитынмын. Үйдегі, мектептегі кітапханалардағы қызық кітаптарды бірнеше қайтара оқып тастайтынмын. Ең сүйікті кітабым атамыз Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхаты» еді, оны кемінде жүз мәрте оқыған шығармын.

Сонымен, жетінші сыныптан соң білім қуып Алматыдағы мектеп-интернетқа оқуға келдім. Бір жылдан Анам марқұм «кенже баламның қиянда жүргені ауыр болды» деген соң Шымкенттегі мектеп-интернатқа ауысып келіп, сонда аттестат алдым.

Мектеп бітірген соң қайтадан Алматыға келіп, рахметтік Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық Заң университетінің ректоры Нағашыбай Шәйкеновтың әділдігі мен принципшілдігінің арқасында өз күшіммен Заң университетіне бюджетке оқуға түсіп, үздік бітірдім. Сосын екі жыл Әл Фараби университетінде магистратурада білімімді шыңдап, үздік диплом алдым.

Екі дипломды қолыма алып, еліме қызмет етейін деп арман қуып Астанаға келдім. Әуелі бір мекемеде контрактпен істеп жүріп, жарты жылдан соң Сыртқы істер министрлігіне құжат тапсырдым. Министрліктің басшылығының объективті қарастырып, кәсіби бағалауының арқасында дипломатиялық қызметке қабылдандым.

Қызмет ете жүріп, дипломатия саласына өте қажетті болады деген ниетпен өзге тілдерді жетік меңгеруге тырыстым. Атап айтқанда:

1. Ағылшын тілін жетік білемін, дипломатиялық деңгейде сауатты жазып, сөйлей аламын.

2. Орыс тілін де жетік меңгергенмін. Сөйлеу, жазу, дипломатиялық қарым-қанытас деңгейім де жоғары.

3. Түрік тілін де жетік меңгергенмін. Сөйлеу, жазу, дипломатиялық қарым-қанытас деңгейім жоғары, еркін жұмыс істеймін.

4. Арап тілін де жақсы меңгергенмін. Қажетті материалдардың бәрімен жұмыс істей аламын.

5. Қазақ тілі өзімнің Анамның тілі. Қазір сіздерге жағдайымның бәрін қазақ тілінде жазып отырмын.

Сонымен жиырма жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, басшылықтың оң бағалауының арқасында Минскте, Брюссельде және Әбу-Дабиде Елшіліктерде қызмет атқардым.

Көріп отырғандарыңыздай, қарапайым ауыл отбасынан шықтым, ешқандай «жәке-көкем» жоқ, өмір жолымда Құдай қолдап, әділ адамдар көбірек жолығып, елге қызмет етіп, отбасыма адал асын тауып келемін.

Қысқаша өмірбаяным осындай ағайын, келесі бейне жазбаларда басқа да тақырыптардың бетін ашамын.

2. Отбасым туралы

Жұбайым Каринамен сүйіп қосылдым. Анасы Жанарға рахмет, бізді қолдап, қызын өз қолымен ұзатты.

Карина екеуміз де әкесіз жетім өскенбіз, екі жарты бір бүтін болдық.

Отбасы құра салысымен Карина құрсақ көтергенде, Құдай бізге жақ, бірден нәресте берді, қолдағаны ғой деп қатты қуандым.

Араға екі жыл салып, ұлдың ізін ала қызымыз дүниеге келді, өзімізді бақытты жанұя сезіндік.

Отбасы мен үшін қай кезде болмасын бірінші орында болды. Жанұямды Алланың аманаты деп қабылдап, олардың бүгіні мен ертеңіне барлық жауапкершілікті толық сезінемін.

Ұлым мен қызым менің өмірімнің мәні, жалғасы, шежірем емес пе!? Оларды қазақи тәрбиемен, иманға жақын, адал, білімді, мейірімді етіп тәрбиелеуді армандадым.

Алайда, қазіргі іс насырға шауып, отбасымның шаңырағы ортасына түскенде, балаларымның тағдыры не болады деген сұрақ түн ұйқыдан айырып, жанымды жегідей жейді.

Ажырасқан соң, олардың басқа еркектің қас қабағына қарап жалтақтап, еңсесі түсіп, мүсәпір күй кешерін көзге елестетсем, жүрегім қан жылайды.

Ұл мен қызымды Астанадағы үш бөлмелі пәтеріме жайғастырып, мектебіне, киім кешегіне қарасып тұрамын.

Әкесіз өскен баланың тағдыры келесі бірнеше ұрпаққа теріс әсер етпесіне кім кепіл?

Ұлымнан допрос алыпты, енді ол өзін өмір бойы кінәлі сезініп өтетінін ойлаған адам болар ма екен?

Ұлым мен қызымның есі кіріп қалды, «біз отбасыда төрт адамбыз, бірге тұруымыз керек» дейді, оларды көрмегелі көп болды, сағыныш өзегімді өртейді, олар да сағынады әкесін, бұл қалай болғаны, мен олардың әкесі емеспін бе?

3. Жұбайым Карина туралы

Жұбайым Карина Құдай қосқан жарым, балаларымның анасы.

Күні кешеге дейін жанұядағы екі ересек адамды отағасы мен мамасы деп санап, отбасымыздың бақыты үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, шүкір құдайға, жақсы өмір сүріп, болашаққа жоспарлар құрып келдік.

Алғаш үйленген кезде, «Карина, сен орыс арасында өстің, түсінемін, енді қазақ еліне келдің, өзің қазақсың, қазақтың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін біртіндеп үйренейік» дедім. Бірақ қайдам, 10 жылда қазақша 10 сөз үйренді ме, жоқ па, дәл айта алмаймын. Каринаның қазақша үйренуге құлқы болмады. Әйпесе, 10 жылда талай нәрсені үйреніп алуға болар еді. Уақыты да, жағдайы да жеткілікті болды. Бірақ...

Біз мұсылманбыз деп, Шахадат айту, адал мен арам, қанағат, обал, ғайбат, ысырап, қайыр-садақа сияқты қағидаларды үйретіп жүрдім.

Есімде, менің өмірде өз еңбек, білім, қабілетіммен шүкір, сәтті келе жатырмын, демек ұстанған жолым жаман емес шығар, сондықтан отбасымызда да қазақи сана мен ата жолымен мұсылманшылық ұстанып, өмірдің ақ пен қарасын дұрыс ажыратайық дегенмін.

Абай атамыз айтпақшы жан-жағымыздың «жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп», өзімізді жан-жақты дамытып, отбасымыздың бақ-берекесі үшін барымызды салуға шақырдым.

Карина өзіне ұқсамай құбылып, басқа адамдарға теріс пікірмен қарап жүрген кезде, Шәкәрім атамыз айтпақшы «өзгенің мінін тергенше, өзіңмен күрес өлгенше» дегендей, Карина, басқаны не қыласың, өзіңді дамыт, рухани өс деп, шыңдалуға шақырдым.

Неге екенін білмедім, 2018 Каринаны 500 мың теңге айлықпен балалар тренері етіп шақырғанда, барғысы келмеді.

Келін болып басыңа орамал тақ демедік, ауылға барғанда шортимен жүретін, мен қатты ыңғайсызданып қысылсам да, ағайындар сендер бізге қонақсыңдар ғой деп еркелетіп, біреуі ләм мим демейтін. Әйтпесе, біздің Қаржан ауылы нағыз қазақылыққа тұнған, ұлттық болмысы бар, ғұрыпты ұстанатын ел.

Темекі шекпеші, мен шекпегенде саған не жорық, анау шарап-шампаныңды ішсең мейлі, темекінің зияны көп десем, оны да тыңдамады.

Соңғы жылдары, жұбайым түнқатып инстаграмнан шықпастан, көңілі сыртта болып, әдемі өмірге әуестігі артқан сияқты.

Карина әдемі қыз болған соң менде қызғаныш сезімі болып, өзімді сабырға шақырып ұстап жүрдім, алайда 2019 жылы Астанада бір жігітті біздің үйге шақырып, пәтерден шыға бергенде ұсталып қалған соң, қызғаныш оты оттай жанып, қайта тұтанды. Сонда да отбасымның шырқы бұзылмасыншы деп, ұлым мен қызымды ойлап, сабыр сақтадым. Басқа не істеймін!?

Шынымды айтсам, сезімім әлі өшкен жоқ, бірақ Каринаның менен күн санап алыстап бара жатқанын түсіндім.

4. Материалдық жағдай туралы

Зайыбым Карина мені экономикалық зорлық жасады деп айыптады, соған орай бірқатар мән-жайлардың басын ашайын.

Екеуміз отбасы құрғалы не жеймін, не ішемін демеді, қалаған киімін алып беріп жүремін, шынын айтқанда менен де жақсы өмір сүрді. Отбасымда сен, мен, сенікі, менікі демедім, отбасым, жан жарым, біз, біздікі деп жүрдім. Себебі біз бірміз.

Карина ұзатылғанда Қаржан ауылындағы бір-екі жеңгем «әй, қыздың жасауы, киімі деген болушы еді, ең болмаса ыдыс-аяқ келмеді артынан» дегенде, (әйел затын түсінесіздер ғой) «мен мал мүлік емес, жан жарымды алып жатырмын, бұндай әңгімені қойыңыздар» деп, тоқтау салған едім.

2014 жылы Астанадан Брюссельге 4 жылға кетерде, екеуміз де бір қабат киіммен бардық, сол жақта еуропалық киім-кешек алдық.

Еуропаның Карина қалаған көп жерін аралаттым, Канары, Испания, Италия, Греция, Кипрде апталап демалдық, Бельгияға жақын Франция, Париж, Германия, Голландияға қыдыру көрші ауылға барып келгендей болатын.

Есімде, Грецияға шуба алуға барғанда, Каринаға бір шуба, маған бір жағалы пальто аламыз деп жоспарлап, күні бойы аралап, бір қарасам Каринаға 6 мың евроға екі шуба сатып алыппыз. Мен өзіме ештеңе де алмадым. Соған бола берсінші, менің жан жарым ғой дедім. Мұны айтқанға мені айыптамаңыздар, майдаланып отыр деп сөкпеңіздер! Каринаның өз жеке басына қатысты экономикалық жағдайды көтеріп отырғанына айтып отырмын. Мен одан ештеңені де аяған емеспін, аямаймын да.

Алтын бриллиант дегендерді кемінде екі үш қабаттан тақты.

Қолында жаңа Айфон, менде самсунг, көп жігіттерде сондай-ау осы.

Әбу-Дабиде жүргенде Каринада өзінің кредит картасы болды, қажетін сатып алып жүретін. Тырнақ істететін және әйелдер баратын басқа да салондарға барып жүрді.

Үйдің әр бөлмесінде косметиканың түр түрі үйіліп жататын, макияж, визаж дегендерді ұнатады, өз бетіне әртүрлі сурет салып жүретін.

Музыкамен әуестеніп, оларды жүздеген долларға бірнеше рет сатып алып, өлең жазып, ән шығарды, дауыс жазу мен аранжировка да арзан емес.

Астанада жүргенде ақылы актерлық курстарға барып, өзін актриса сезініп жүретін. Ағылшын тілінің және авто жүргізу курстарына барды.

Аш қалған емес, күні бойы кухня мен холодильник өз қолында, одан қалса аптасына кемінде 2-3 рет қалаға шығып, ресторандарда бірге тамақ ішеміз. Өзі 50 килодан асып кетсе, семіріп кеттім деп, диетаға отыратын.

Дубайға қыдыру, шопинг, пляж, аквапарк, океанариум, технопарктер, зоопарк, сафари парк, мейрам немесе демалыс күндері қонақүйлерге бару, ресторандардан, отбасымнан ақшаны аямадым.

Үйде төрт адам болсақ, жұбайымның киім-кешегі қалған үшеуіміз - мен, ұлым, қызымдікін қосқандағыдан екі есе көп шығар. Осы жолы елге көшіп келерде киім кешек, ойыншықтар, техника т.б. бәрі 15 қораппен келдік, соның 8-9 қорабы Каринаның киім-кешегі.

Зайыбымның өзі айтып жүргендей, Еуропада айлық жоғары, кең жүрдік, Астанада қаражат мол емес, көрпемізге қарай көсілдік. Әбу-Дабиде күн ыстық, жүрек қысылады, көшеде Еуропадағыдай ашық-шашық жүре алмайсың, айыппұл салады. Бәлкім бұл мән-жайлар да жұбайымның жанына батқан болар.

5. Ақша туралы

Жұбайым Карина өз сөзінде ақша мәселесін көтеріп өтті ғой, сондықтан оған да түсінік бере кетейін.

Қолым аузыма жеткелі жақындарыма көмектесіп, оған қоса қайыр-садақа да беріп келемін. Бір қолың бергенді екінші қолың білмесін дегендей, жарияламаушы едім. Туысқан менікі болғандықтан, бауырға көмектесетін уақыттар болады, көмегімді беремін. Алайда, менің туысқандарымның бәрі маған мәселесін артып, жерге қарап отырған жайы жоқ. Кәсіппен де, өздерінің шаруаларымен де тыңғылықты айналысып жүр. Құдайға шүкір, бәрінің де жағдайы жақсы.

Әуелі туған ауылымдағы жетім-жесір, мұқтаждарға азық-түлік таратып, 15-20 балаға мектепке сөмке мен форма, мейрамдарда сыйлық беріп жүрдім. Бірнеше жылдан бері осылай көмегімді көрсетіп келемін.

Осыдан он жылдай бұрын таныс жігіттер «Шектеусіз Үміт» деп аталатын ДЦП балаларды оңалту орталығын ашып, сол кезден бері жыл сайын ақша аударып келемін. Жылына 1000 доллар беріп тұрамын деп өзіме планка қойғанмын.

Ағайын ағамның шиеттей мектеп жасындағы үш баламен жесір қалған 2-ші топтағы мүгедек жеңгеміздің отбасына да қол ұшын созып тұрамын, алдыңғы жылы ипотекасына 2 миллион теңге қостым, оған қоса жылына бірнеше рет тағы жіберіп тұрамын. Ол жеңгеме айтушы едім, менің ақша бергенімді ешкімге айтпаңыз, тіпті балаларыңыз да білмесін, өздерін қарыздар сезініп, жасық өспесін деп айтып кетемін.

Ағайын-туғанға осылайша қолғабыс көрсетемін. Үш рет қайтарымсыз көмек бергенім есімде – анам ракпен ауырғанда, әпкем операцияға түскенде, 7 балалы қарындасым үй саламын дегенде ақша бердім, бәрін қосқанда 4-5 миллион теңге болар.

«Жұбайыңның анасына өз анаңдай қара» деген бар, қайын жұртыма үйленгелі жыл сайын қаражат беріп келемін, есептегенім жоқ, дегенмен ең аз дегенде 15-20 мың доллардан кем емес. Қайын енемнің операциясына, қайын әпкемнің оқуына бердім, жәй жәрдем ретінде де қолына ұстаттым. Қайын енем, өзі жалғызбасты, рахмет айтқан кезде «маған Құдай береді, бермесе сізге бере алмас едім», сондықтан алғысты жоғары жаққа айтыңыз дедім. Қайын енемді Бельгияға да, Әбу Дабиге де билетін алып беріп шақырып, қыдыртқаным бар.

Хош, сонымен соңғы 1-2 жылда жұбайым Карина қайыр-садақаңды тоқтат дей бастады. Каринаға «бізде Құдайға шүкір жағдай жақсы, қайыр-садақа отбасымызға сауап, қорған болады, саған да, марқұм әкеңе де тиеді» дедім.

Қайын енем маған «меценат» деп мазақ ат қойып, ол да қызымен бірге қысым жасай бастады. Жалпы, қайын енем біздің отбасының істеріне қатты араласты. Ол кісі өзі Ресейде үйде отырады, бірақ біздің ұсақ түйектер істерімізге дейін өзінің ақыл-кеңесін аямайды.

Оларға қаржылық мүмкіндігім болғанына шүкір, қалтама қарап қайыр беруді жалғастыра беремін дедім. Бір жағынан, өзімнен де бар шығар, қайыр, садақа, қанағат дегендерді оның жүрегіне жеткізе алмадым-ау. Мүмкін, менің осы әрекеттерім де қателік болған шығар...

6. Отбасылық кикілжің туралы

Арыдан бастасам, өзім енді естіп жатырмын, қайы ненем мен жұбайым былтыр көктемнен бері ажырасуға шешім қабылдап қойған екен. Онысын маған айтпайды, білдірмейді, ойнап күліп, дайындалып, қолайлы сәтті күтіп жүргендей.

Кейін ойлап қоям, бұлар бұрыннан ажырасуға шешім қабылдап, осы сәтті ыңғайлы деп шешіп, арандатушы арнайы операция жасаған ба деп. Ойлап отырсам денем түршігіп, ордалы жыланға тап болғандай күй кешемін. Ресейліктер спец-операция жасауға мастер емес пе!?

Біз еркек байғұс аңғал келе ме, әлде мен ғана аңқаумын ба, жұбайымның ондай көңіл күйін тіпті байқамаппын. Қалай аңғарасың, әйелің еш шағымданбастан, жаныңда ойнап күліп жүрсе.

Былтыр жазда өзі барғысы келген Италияға он күнге апарып, күздегі туған күніне бриллиант жүзік пен алтын сырға сыйлап, биылғы 8 мартқа жергілікті «Мальдивы» деп атайтын аралдағы қымбат виллаға апардым. Мен ажырасу туралы ойласам, осыны жасар ма едім!?

Жұбайым Карина ресейлік азаматтықтан әлі шықпастан, оған қоса ұл-қызымды Ресейге әкетуге шешесіне құжат дайындап қойғанын айтты. Бұл маған өте ауыр тиді.

7. Қосымша сұрақтар

Жұбайым Карина интервьюде көтерген жекелеген сұрақтарға жауап беру қажет шығар.

Жыныстық зорлау туралы. Бұл сұрақ бойынша қысқа қайырған жөн болар. Ешқандай жыныстық зорлау болмаған. Ерлі-зайыпты ретінде қалыпты қарым-қатынастар болды.

Эмоционалдық зорлық туралы. Мәселен, жылда 365 күн болса, соның ішінде 1-2 рет кішігірім кикілжің болып тұрған шығар, бір бірімізге ренжіп, өкпелеп жүретіндей. Карина ішінде күйзеліс, қорқыныш, ыза, өкпе толды деп маған бір айтпапты.

Біресе 10 жыл қорлық көрдім дейді, біресе 2018 жылдан басталды дейді. Онысын қайдам, менен жақсы өмір сүрді, жұмыс істемейді, не жеймін, не ішем демейді, үлде мен бүлдеге оранып жүрді.

«Некуда бежать» дейді. Жыл сайын Қазақстанға келіп тұратынбыз, анасы былтыр Әбу-Дабиге келді. Шетелде жүргенде Елші бар, басқа әріптестер бар, ешкімге арызданбаған. 2022 және 2023 жылдары жаз кезінде мен Әбу Дабиде жұмыста, Карина өзі Астанада менсіз айлап тұрды, қолын ешкім байлаған жоқ.

8. Көзге шөп салу туралы

Жұбайымның көзіне шөп салмағанмын. Бұл зинақорлық, үлкен күнә. Карина негізсіз кінәлаған бухгалтер әріптесімнен кешірім сұраймын, Карина мені қызғанған соң қате қорытынды шығарып, ол келіншекті бекер айыптады. Мұны әйелге тән қызғаныш деп қойғанмын.

Мені бір алкогольге жақын адам етіп сипаттағаны ұят болды. Менде ішімдікке деген бір қажеттік жоқ, бірнеше жылдап татып алмаған кездерім болды. Кей-кейде дипломатиялық қабылдауларда, той-томалақта бірлі жарым шарап боп тұрады.

Қызғаныш туралы. Қызғаныш сезімі жақсы көретін еркекке тән емес пе, мен бір бас салып қызғанып, болар-болмасқа жұбайымды қудалаған емеспін.

Менің әке шешемнен бастап, ағайындарыма да ғайбат тіл тигізді, оны бір Құдай өзі кешірсін. Ағайындарым да алдағы уақытта өз уәждерін айтатын болады. Күтіңіздер! Әлі көп нәрсе айтылады. Себебі, бәрін де айтуға тура келді.

8.Тұжырым

Сүрінбейтін тұяқ болмайды, әрбір отбасыда ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасын сақтау үшін ыдыс-аяқтың сылдырына сабыр сақтап қарап келген жанмын.

Өзімді судан таза сүттен ақ деуден аулақпын, дегенмен, отбасыда екі ересек адам болса, бірі періште, екіншісі 100 пайыз кінәлі болатын жағдай жоққа жақын шығар.

Қазір тергеу жүріп жатыр, сот кінәлі деп тапса, еркек тоқты құрбандық дегендей, жауапкершіліктен қашпаймын.

Өз басым бұл жағдайды өмірдегі сынақ деп қабылдап, барынша сабақ алуға тырысып, түннен кейін күн шығар деп үміттенемін.

Сайып келгенде, бұндай жағдайлар қазіргі қазақ қоғамы үшін өте өзекті болып тұрған сияқты. Отбасының күйреуі, бала шағаның тірі жетім қалуы, бәрі-бәрі салдары орасан болуы ықтимал күрделі мәселе екеніне келісетін шығарсыздар.

Қазақ отбасының тағдыры дәл қазір бір жолайрықта тұрғандай болып көрінеді. Батыс еуропалық үлгіге ұмтыламыз десек, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының бөлек бюджеті, жанұя құру кризисі, бала туу көрсеткішінің күрт кеміп, еуропалық деңгейге құлдырауы әбден мүмкін. Бұл бізді түбі құрдымға жібереді.

Орысша айтқанда «в сухом остатке что имеем?» демекші, бұндай істердің түп мақсаты отбасыдағы түсініспеушіліктер мен кикілжіңнен әйелдің ішіне жиналған эмоционалдық кегін алып беру болғаны ма?

Бұл ретте, көкейімді бірнеше сұрақтар мазалайды:

• Біз неге отбасы мәселесінде қазақтың дәстүрлі амалдарын ұмытып кеттік, мың жылдық құдалар, ақсақалдар, ағайынгершілік, аға-жеңге, дос-жаран қайда қалды?

• Біз неге билер соты, қоғамдық сот, ұжымдағы әріптестер, медиациялық татуластыру сынды қоғамдық жұмсақ билікті қолданбаймыз?

• Біз неге отбасының ішкі мәселелерін жар жаһанға жариялап, одан хайп қуып, тіпті ләззат алуды әдетке айналдырдық?

• Біз неге отбасы институтының мәнін төмендетіп, қоғамның, халықтың аса маңызды құраушы бөлігі әрі құндылығын кейінгі орынға қоятын болдық?

• Біз неге әрбір жанұяны нығайтуды, орнықтыруды, қолдауды, жарастыруды ұмытып, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп кеттік?

• Біз неге балалардың тағдыры, тірі жетімдік, олардың психологиялық травмалары, жалпы бүгіні мен ертеңін бірінші кезекте ойламаймыз?

• Біз неге екі адам қатысатын отбасылық кикілжіңде әйелдің рөлін, тілі, сөзі, қолы, тірлігі, ой-пиғылы, тіпті кейде провокациясы, басқа да іс-қимылдарын ескермейміз?

• Біз неге әкенің отбасыдағы аса маңызды рөлдерін - отағасы, қорғаны, асқар тауы, берік қамалы мәртебелерін ұмытып барамыз?

 

21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады
05 маусым 2024
21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады

Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады. Бұл норма бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңда қамтылды, деп хабарлайды Kazinform.

 Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, құмар ойындарға әуестенген азаматтар түні бойы сергек жүріп, құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындарды көптеп алады.

«Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне қарағанда, қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнаған. Бұл жасөспірімдер де энергетикалық сусындарды ішіп отырып, бәс тігулері мүмкін. Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болды. Қазір 10 жасар бала да энергетикалық сусынды оңай сатып алады. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды», - деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.