Валюта бағамы
  • USD -

    541.9
  • EUR -

    628
  • RUB -

    6.65
Каспий жағалауынан 80-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды
26 сәуір 2024
Каспий жағалауынан 80-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауына мониторинг жүргізу барысында 12 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы Kazinform хабарлайды.

Теңіз жануарларының қырылғанын 25 сәуір күні облыстық балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтады.

«Оқиға туралы жұмыс тобына кіретін жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, қазақстандық Қолданбалы Экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, Экология және полиция департаменттері, Табиғат қорғау прокуратурасы жедел түрде хабардар етілді. Инспекция мен жергілікті атқарушы органдардың, Гидробиология және экология институтының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы итбалықтар анықталған орнынға шықты», - деді балық шаруашығы комитетінің өкілдері.

Сонымен қатар 23-24 сәуір күндері инспекция теңіз жағалауына мониторинг жүргізу кезінде 67 итбалық өлекселері тапқан. Алайда олардың өлексесі шіри бастағаны белгілі болды. 

 «Итбалықтардың өлекселері шіріген күйде болды. Жануарлар қыс мезгілінде қырылған болуы мүмкін және осы уақыт ішінде өліктер суда қалқып жүрген деген болжамға негіз бар. Итбалық ұшалары 23 сәуірден бастап батыстан соққан қатты желдің салдарынан жағаға шығып қалған. Гидробиология және экология институтының қызметкерлері сынамаларды алуға болатын бірнеше өлекседен тиісті зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін, сондай-ақ азу тістерін ішінара іріктеп алды», - деді  комитет.

Қазіргі уақытта Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторинг жұмыстарын жалғастырып жатыр.

RELATED NEWS
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін
30 сәуір 2024
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін

Тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асатыны туралы болжамдар ел ішінде берік бекіп алды. Бірақ бұл халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты нысандарды қалпына келтіруге, үйіндегі тұрмыстық техникасы мен мал-мүлігін бүтіндеп беруге бағытталатын қаражат көлемі болса керек.

Өйткені тасқын салдарын жоюға бюджеттен бөлінген қаражат пен қалталы топтардың бөлгені ақшасының өзі 330 млрд теңгеге жетті.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 24 сәуірде БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде тасқынмен күреске қазірдің өзінде бюджеттен 140 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Сол күнгі ресми мәлімет бойынша, елдегі ең ірі кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялар тасқын салдарын жоюға бөлген қаражаттың жалпы сомасы 190 млрд теңге болған.

Мұнша қаражаттың өзі тасқын салдарын біржола жойып, келешектегі қатердің алдын алуға жетпейтін сияқты. Олай дейтініміз, өткен аптада Үкіметтің бірнеше мүшесі Сауд Арабиясына барған болатын. Бұл елдер бірнеше ірі халықаралық жиын өтіп жатыр. Соның аясында Қазақстан өкілдері ислам әлеміндегі ірі қаржы институттарының, холдингтердің басшыларымен кездесіп үлгерген.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаянмен кездесіп, елдегі тасқын салдарын жоюға қолдау көрсететіні туралы уәде алды.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі тобының президенті кездесті.

Үкіметтің ресми сайты жазған мәліметке сүйенсек, вице-премьер мен Мұхаммед Әл-Джассер арасындағы кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру мәселесі болған. 

«Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу шаралары көзделіп отыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл аударылады», - делінген ресми ақпаратта.

Тасқын Үкіметтің алдағы жоспарын айтарлықтай өзгертіп кетті деуге болады. Апатпен күреске ақша табу үшін бұған дейін қабылданып кеткен ұлттық жобалар мен бағдарламалардың, халықаралық шаралардың шығыны қайта қаралып, бірнеше ведомствоның бекітілген бюджеті қысқарды.

Жалпы елде тасқын болмай тұрған кездің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігі елде 20 жаңа су қоймасын салу жоспарын жалпыға жария етіп үлгерген болатын. Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі басшысымен өткізген келіссөзде осы нысандарды қаржыландыру мәселесі сөз болған.

Аталған 20 су қоймасының ортақ сыйымдылығы 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға қауқарлы. Осы 20 нысанның алғашқы болып Кеңсай-Қосқорған-2 қоймасы Түркістан облысында салынып бітті. Одан кейінгі кезекте Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы 9 нысан тұр.

Атап айтсақ, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды. Ал Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы жобаланып жатыр.

Сондай-ақ, Ақмола облысындағы Есіл контрреттегішінің, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасының, БҚО Жалпақтал кенті мен Сексенбай ауылындағы су қоймаларының, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймаларының, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Бұл жаңа жыл сайын қайталанатын тасқындардың алдын алып, қуаңшылықпен күресуге, Қазақстанның көрші елдерден кіретін су ресурстарына тәуелділігін 25%  төмендетуге септігін тигізеді деген үміт бар. Осының арқасында елдегі суармалы алқап көлемін 250 мың гектарға ұлғайтып,  137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді тасқын қаупінен қорғауға мүмкін туындауы керек.

Сондай-ақ, келешекте жалпы сыйымдылығы 1,9 млрд текше метр болатын 15 су қоймасын күрделі жөндеу көзделген. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмыс бастау жоспарланған. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың Ислам даму банкімен жүргізген келіссөзі нәтиже берсе, осы жобаларға араб әлемінен ақша тартылуы мүмкін деген сөз.

Айта кету керек, Қазақстан  1995 жылдан бері Ислам даму банкінің мүшесі болып есептеледі. Содан бері бұл институт Қазақстандағы 67 жобаға 1,8 млрд доллар бөлген.

Каспий  жағалауынан 90-ға жуық өлі итбалық табылды
01 мамыр 2025
Каспий жағалауынан 90-ға жуық өлі итбалық табылды

Каспий теңізінің жағалауынан Қызыл кітапқа енген 88 өлі итбалықтың денесі табылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Ulys.

Өлі жануарлардың сүйектерін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтаған. Оқиға орнына инспекция, жергілікті атқарушы орган және Гидробиология және экология институтының өкілдері шықты. Факт Түпқараған аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

«Казгидромет» мәліметінше, аталған кезеңде өңір акваториясында батыс бағытындағы желдер басым болған. Соның салдарынан итбалықтардың өлі денелері жағаға шығарылған болуы мүмкін.

Комитеттің хабарлауынша, табылған итбалықтардың денесі қатты ыдырау сатысында. Бұл жағдай биологиялық сынамалар алу мен оларды зертханалық жолмен, соның ішінде токсикологиялық және патологоанатомиялық тұрғыдан сараптауды мүмкін етпейді. Сондықтан қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау қиын болып отыр.

Барлық өлі жануар санитарлық талаптарды сақтай отырып, Түпқараған ауданындағы полигонға жеткізіліп, жойылды. Мамандар Каспий теңізінің жағалауын бақылауды жалғастыруда.

Биыл еліміздің қоймаларына рекордты  су жиналды –  министрлік
23 желтоқсан 2024
Биыл еліміздің қоймаларына рекордты су жиналды –  министрлік

Балқаш көліне өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд текше метр артық су жіберілді, деп хабарлайды Ulys Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған министрліктің мәліметінше, биыл еліміздің су қоймаларына рекордты – 75 млрд текше метрден астам су жиналды. Оның 12 млрд текше метрден астамы тасқын суы.

Тасқын суын дұрыс бөлу су қоймаларын толтырып қана қоймай, соңғы жылдары құрғауға айналған өзендер мен көлдерге, шабындықтарға, табиғи жайылымдарға және басқа да айдындарға су жіберуге мүмкіндік берді, – деп қосты ведомство.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су келді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су түсті. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су келді. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады. Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында, бақылау тарихында алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетті.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.