Жыл соңына дейін республика бойынша рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Ulys.
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазір құрылыс саласында 667 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 53 мыңға жуық кәсіпорын қызмет етеді, оның 2 903-і құрылыс материалдарын өндіреді деді. Оның айтуынша биылғы 11 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9 трлн теңгеге жеткен, бұл былтырғымен салыстырғанда 10,3%-ға артық.
«Құрылыс саласына қаражат инвестициялаудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін министрлік тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Осы жылы барлық көздер есебінен аталған мақсаттарға шамамен 965 млрд теңге жоспарланған. Нәтижесінде 160 мыңнан астам азамат 41 мың жаңа пәтерге қоныстанады. Мұқтаж азаматтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінеді», — деді Шарлапаев.
Республика бойынша жаңа жылға дейін рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қараша айының қорытындысы бойынша 16,3 млн шаршы метр тапсырылған, жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метр пайдалануға берілмек.