Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ 750-ЖЫЛДЫҒЫН МІНДЕТТІ ТҮРДЕ АТАП ӨТУ КЕРЕК!
02 қыркүйек 2019
ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ 750-ЖЫЛДЫҒЫН МІНДЕТТІ ТҮРДЕ АТАП ӨТУ КЕРЕК!

Жошы Ұлысының 750-жылдығын міндетті түрде атап өту керек!
(Оның қандай форматта өтетіні басқа мəселе). Жас тарихшы Өткірбай Әбдікәрімов өзінің фейсбук парақшасына осылай жазды. 

Оның себебін «Негізі Қазақстанға, өз территориясында орын алған кез-келген мəдениет пен мемлекетке: Андронов пен Ботай мəдениетінен бастап Сақ, Ғұн саяси бірлестіктерінен, бергідегі Алаш-Орданы да атап өтсе толық жарасады! Сонымен қатар, Қазақстан, Томирис, Спитамен, "Алтын адам", Əл-Фарабиден бастап Əлихан Бөкейханға дейін олардың ұлттық, этникалық жақтарына қарамастан өзінің "тарихи мұралары мен тұлғалары" ретінде мерейтойларын атап өтуге мемлекеттік деңгейде толық құқылы!
Мемлекеттің тарихи мұрасы мен байлығы, тек қана сол мемлекетті құрып отырған этностың ғана өткен тарихымен шектелмейді, сол мемлекет алып отырған географиялық аумақта болып өткен бүкіл мәдениеттер мен саяси бірлестіктердің тарихынан құралады. Яғни бұл анық мәдениеттер мен мемлекеттілік сабақтастықтары.

Ал енді Жошы Ұлысына келетін болсақ, оның өзін, сондай-ақ хандарын "монғол болған, оның қазіргі қазақтарға қатысы шамалы, бұл Ұлыс жан-жағындағы елдерге өктемдігі өткен империялық құрылым" және сол сияқты алдыңғы уақытта қалыптасып қалған ғылыми және ғылыми-академиялық талдау мен көзқарас арқылы анализ жасап жүрген тарихшылар - қазіргі таңдағы жаңадан құрылып келе жатқан қоғам мен өскелең ұрпақтың алдындағы өздерінің интеллигенция ортасы ретіндегі ең басты миссиясы мен міндеттерін түсіне алмаған тарихшылар! Ғылыми дәлелден (мақала, диссертация, монография т.б.) ауытқымаймын деп, қазіргі қоғамдық, идеологиялық сұранысты қанағаттандыра алмаған бұл тарихшылар, ол сұраныстардың орнын дөрекі жолмен толықтырып жүрген өңірлік немесе белгілі бір ру өкілінің еңбектері мен мақалаларының сапасы мен ғылыми маңызына ренжімеулері керек деп ойлаймын!» -деп постында нақты атап көрсетті.

photo: ppt-online.org

RELATED NEWS
САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...
08 қаңтар 2020
САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...

Құдайға жер бетіндегі барлық адамдар ғасырлар бойы сеніп келеді, мен де сенемін. Құдайға деген асыл сенімін айта беру, құндылықтарды араға салу манипуляциясы. Намаз оқығанда да құбылаға қарап, адам өздігінен оқиды ғой. Логикаға салып ойланып көрейік.

Психосоматиканы (эмоцияның адам ағзасына тигізер әсері) оқып, меңгеру арқылы, әділетті Құдай әркімді өзіне жазалатып қойғанын ұғып таң қалдым.
Тәндегі ауру-сіздің қандай адам екеніңіздің индикаторы. Адамды ауру ететін үш ақ нәрсе:
1.
Өзін кінәлі сезіну.
2. Қызғаныш.
3. Өкпе, реніш.
Осыны білген соң ауырдым деудің өзі ұят.

Абай атамыз:
"Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес... " дейді.
Сондықтан, мен Алланы аз айтамын, аса мәртебелі сезімімді саудаға салуға жүрегім дауаламайды.

Қазіргі мотиваторлардың ғылыми ақпаратты дұрыс түсіндірмеу себебінен "Мотивированная дура мен мотивированный дурак" тар көбейді.

Адам өз күші, ақыл-ойы жететін нәрсеге жауапкершілік алғаны абзал. Деніңіз сау болып тұрып, дәрі ішсеңіз ол ішкі органның қызметінің бұзылуына әсер етпей ме? Дәл сол сияқты, орнымен қолданылмаған аффирмация, визуализация, мотивация да кері әсерін тигізеді.

Түрлі тренингтерге барып жүрген адамдардың жанарында сынық сәуле бары байқалады, өзіне сенімсіз бала сияқты, жалтақ-жалтақ етеді, әлдене десең ашуға булығып, бет жыртысуға дейін барады. Тренингте түрлі деңгейдегі адамдар отырады, ақыл-ойы әртүрлі, берілетін ақпарат сарапталмайды, аудиторияға бейімделмейді. Сәйкесінше әркім әртүрлі қабылдайды.

Интеллект деңгейі жоғары, дәл сол сәтте жеке бас проблемасы жоқ адамдар қажетін алады. Ал ақыл-ойы кемдеу немесе сол сәтте жеке бас проблемасы бар адамдар сол лекторға, мотиваторға сенеді! «Ана кісі айтты ғой, өзгеге емес өзіңе жұмыс жаса», - деп дауласады тағы.

Соңында өз деңгейіне, жағдайына шақ келмейтін аффирмация, визуализация жасап, қуыршақ құсап қалады. Тағы кім не деп айтар екен деп, айналаға қарап, алақ-жұлақ етіп жүргені.

Абай атамыз:
"Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап" деді емес па?!

 

Салтанат Смағұлова, психолог

БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!
10 қыркүйек 2019
БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!

Көне Грек заманында Диоген деген атақты ойшыл өмір сүріпті. Ол қолына майшам жағып алып, шаңқай түсте көше аралап кетеді екен. Оны көрген таныстары:

- Әй, Диоген, шаммен күн жарықта не іздеп жүрсің?- деп сұрайды. Диоген:

- Адам іздеп жүрмін, - депті. Олар:

- Тұрмыз ғой міне, қанша адам керек? – дегенге.

- Ал сен адамсың ба?- деген екен.

 

Диоген бұл ісін былай түсіндіреді:

 Ит туғанда ит болып туады, өскенде ит болып өседі. Яғни, мысық я жылқыға айналмайды. Мысық та туғанда мысық болып туады, өскенде де мысық болады. Яғни, ит не басқа жануарға айналмайды. Мұндай заңдылық Құдай жаратқан мақұлық атаулының барлығына тән. Тек, бір ғана жаратылысына емес, ол – адам. Яғни, адам туғанда адам болып туады, өскенде қандай болатыны өскен ортасына байланысты. Мысалға: адамды туғанда маймылрдардың арасына жіберсе, өскенде тура маймылдарша өмір сүреді. Егер, ақсүйек адамдардың ортасына жіберсе ақсүйек болып өседі. Сол себепті де надандыққа батқан қоғамнан адам деген атқа лайық адамды табу өте қиын, тіпті майшам жағып іздесең де таппайсың. Қоғамдық тәртіпті түбегейлі өзгертпейінше, қанша адам туса да олардың адам деген атқа лайық болуы екіталай, - деген екен.

 

  Енді, Диогеннің шамын осы заманға әкелсек, Диоген іздегендей адам табу оңай болмасы анық. Неге десеңіздер, қоғамда адамдар тарапынан болып жатқан азғындықты айтпасақ та өздеріңіз жақсы білесіздер.  Мәселе осы азғындықты шама келгенше тоқтатып, жаңа туған адамдарды адам етіп тәрбиелеуде болып тұр. Әйтпесе, жаманды жамандап, айыпты болып қалған үкімет қызметкерлерін түрлі шоуларда келеке-мазақ қылып отыра беру түк пайда бермейді. Керісінше, екінші бір проблемаға соқтыратын қаупі бар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз, қандай қоғам болуымыз керек?  Қоғамды қалай түзейміз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 

 Әдетте, адам көшеге шығарда түр-әлпетін ретке келтіру үшін айнаға қарайды. Сөйтеді де, артық-кем жерін түзеп, үсті лас болса оны жуып, тазалап, реттеліп шығады.

 

 Осы секілді қоғам да айнаға қарағандай өзінің тұрмыс-тіршілігіне сырттан қарап, артық-кем жерін түзеп отыру керек. Әйтпесе, Диоген айтпақшы, адамды шаммен іздеп таба алмаспыз. Бірақ, ол үшін қоғамда «психоаналитик» деген мамандар көп болуы керек. Олар қоғамның не ішіп, не жеп, не оқып, нені көріп, нені тыңдап жүргенін бақылап, сараптама жасайды. Жасаған сараптамаларын түрлі жолдармен халыққа таратып, жұрттың қай бағытта кетіп бара жатқанын аңғартып отырады. Осылайша психоаналитиктер адамды кемелдікке жеткеретін жол тауып, ғылым мен халықтың тығыз байланыста болуына септігін тигізеді. Ал, бізде өкінішке қарай, ғылым бір жақта, халық бір жақта жүр. Ғалымдар ғылымның жоқтығынан надандыққа батқан халықты «тобырлар» деуден жалығар емес, ал, халық болса, оқымыстыларды «оқу оқып милары ашып қалған, оқу өтіп кеткен» деген секілді сөздер айтып, мүсіркей қарайды. Яғни, ғылым мен халық арасында байланыс жоқ. Енді, осы жерде екі жақтың басын қосатын тағы бір мамандық шығады. Оларды «медиатор» дейді. Яғни, «екі ортадағы тасымалдаушы» деген мағына береді. Біздің елде медиаторлар жоқтың қасы. Бар болса да тек бір тарапты. Яғни, діннің медиаторы «менің айтқаным дұрыс» десе, бизнес, психолог-коучтар «менікі дұрыс» деп жүр. Оларды медиатор деуге аузың бармайды. Себебі, арнайы бас қатырып, оқу оқып, ғылыми оқу орындарынан білім алмаған, өз бетінше оқып алған дилетанттар. Осы дилетанттардың айтып жүргендерін теріске шығарып,  дұрыс-бұрысын сауатты талдап бере алатын психоаналитиктер жоқ десек те болады. Осының себебінен қоғамнан ориджинал адамды табу өте қиын және алдау, арбау, ұрлық-зорлық деген қылмыстар бір секундқа да тоқтамай, қоғамда қылмыскерлер қаптайды.

 Қоғамды түзететіндер осы психоаналитиктер мен медиаторлар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз?

 Ғылымда мынандай екі термин бар. Ассимилейшн және социализейшн.

  Ассимилейшн  (assimilation)  дегеніміз – қоғамның түрлі себептерге байланысты ыдырап, қоғам болмай, жоқ болып кетуін айтамыз.

  Социализейшн (socialization)  дегеніміз – адамдардың бір идеяға, құндылықтарға, қоғамдық қағидаларға бірігіп, етене араласуын айтамыз.

 

Бізде, қазіргі таңда социализейшнге қарағанда ассимилейшн белең алып келе жатыр.  Оған көп себептердің бірі – «нарықтық ориентейшн». Яғни, қоғамның көзқарасы нарықтағы көзқарастай болып кеткен.

  Енді, әңгіме осы бағытта өрбімек.

 

 Нарықтық ориентейшнды түсіну үшін алдымен нарықтың жүйесін түсініп алсақ оңай болады.

 

 Саудагер нарыққа барарда алдымен оның жағдайын біліп алады. Яғни, әрбір нәрсені  сата бермейді. Нарықта қандай заттар жақсы өтеді, соны ғана сатады. Сатып алушылар да нарықтың ығына жығылып, жұрт көбіне қандай зат алып жатқанына қарайды да ала береді. Яғни, заманауи тілмен айтқанда тренд, модаға жүгінеді. Ал, бұл тренд, мода дегендерді монополистер басқарып отырады.

 

 Негізінде нарықтағы жүйе басқаша болуы керек еді. Тренд, мода деген ұғым жоқ, нарықты монополист басқармайды. Сатушы тренд, модаға сүйенбей, «негізі, адамға керегі осы» деп адамгершілік принциптерге сүйеніп, тауар сатады.

 

 Адамдардың да қоғамда өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, ойы осы нарықтағыдай болып кеткен. Олар өзін танумен айналысудың орнына сатумен айналысады. Яғни, бақытқа, жетістікке жету үшін үш түрлі іс-әрекет жасайды.

 Бірінші – өзін тауар етіп ұстайды.

 Екіншісі – сатушы ретінде.

 Үшінші – менеджер ретінде.

 

 Бірінші, өзін тауар етіп көрсеткен адам өтімді болу үшін заманауи талаптарға сай киім үлгісін киеді, талапқа сай адамның қырларын, іс-әрекетін ұстанады. Нарықта ар-ұят, жұмсақ мінез, ілтипат деген адамның киелі қырлары тренд болмаса, онда одан бас тартуға мәжбүр. Ондай кезде адам өз өмірі мен бақыты үшін емес, қаншалықты өтімді бола алатынына басы қатады. Жан-дүниесіне үңіліп, өзіне тән адами қырларын шыңдаудың орнына нарықтағы өтімді қырларды игеруге әлек болады. Бұл істің барлығы дерлік жетістікке жетудің амалы. Телеарна, газет, журналдағы бизнесмендер оңай әрі жылдам жетістікке жету үшін, қандай киім киюін, өзін қалай ұстау керектігін, қас-қабақтарын сенімді етіп көрсетуін үйретеді. Мысалға, жас бойжеткен кинодағы жетістікке жеткен жұлдыздың шаш үлгісіне, киген киіміне, қас-қабағы мен бет-әлпетінің бояуына дейін меңгеріп алады және сол жетістікке жеткізеді деп ойлайды. Ал, ол жетістіктің артында қаншалықты  бақытты өмір бар екені ойландырмайды. Мұндай кезде адам өзінің қаншалықты бағалы екенін өзгелердің пікірмен өлшеп, соларға тәуелді болады. Егер ол жетістікке жеткен адам болса – бағалы, жетпесе – құнсыз. Сол себепті бұл жолда сәтсіздік құрдымға түскенмен бірдей ауыр тиеді. Мұндай адамдар қоғамда көбейген сайын сол қоғамның ойын, деңгейі қандай екенін оңай білуге болады. Бәрі бір-бірінің іштей не ойлап тұрғанын, нені қалап тұрғанын біліп тұрады. Себебі, барлығы бір арқанға жармасып тұр.

 

  Екіншіден, саудагер ретінде тауарды сататын жер іздеу керек болады. Ол кезде тоздырмаған табалдырық қалмайды. Газет-журналдар, интернет желісі жер-әлемді шарлап кетеді.

 

 Үшіншіден, менеджерлік қызмет атқарады. Сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, таққан қымбат сағаты, сапалы киім үлгісі, мінген көлігі, осының барлығы адамды өткен ғасырлардағы ориджинал менеджердей етіп көрсетеді. Сатып алушы жұрт та осындай үлгідегі көрініске үйреніп қалады. Енді астыңда көлігің, қымбат сағатың болмаса сені адам екен демейді.

  Бұл нарықтық ориентейшн қоғамның барлық саласын меңдеп алса бітті дей беріңіз. Салт-дәстүр, дін, кәсіп, музыка, сурет өнері, кино, БАҚ, отбасын құру, тіпті бала тәрбиесі де осы көзқараспен жүріп-тұратын болса, онда бірінші орынға әр адамның бақытты болуы емес, нарықтағы жетістікке жеткен, беделді азаматтардың істеген ісі мен айтқан мәнсіз сөздеріне сай болуы маңызды болады.

 Әлбетте, бізде мұндай көзқарасқа берілмейтін азаматтар да бар, дегенмен саусақпен санарлық. Олар көшкен сеңмен ілесіп көшпейді. Нарықтың талаптары оларға заң емес. Өздерінің ішіне үңіліп, адамгершілік принципті негізге алып жүріп-тұрады. Мысалға, көп журналистердің арасында рейтингті көтеріп, жетістікке жетудің жолы біреудің ажырасқаны я болмаса ашынасымен ұсталып қалғаны секілді пайдасы жоқ «ақиқатты» жариялау болса, ал, бұлардың ойы жеңіл жетістікке жетуде емес, қоғамдағы тасада болып жатқан негізгі әрі маңызды жайттарды жариялап, жұрттың көзін ашу.

  

 Ағартушылық саласында да дәл осы секілді. Кейбір азаматтардың мақсаты үкіметтік стипендия, тендер, атақ-даңқ болатын болса, ал, нарықтың талабына берілмеген азаматтарды мадақ, медаль, стипендия қызықтырмайды. Олардың мақсаты қоғамға ең маңызды, негізгі құндылықтарды насихаттап, елдің сауатын ашу, экзистенциялық проблемаларын шешу.

 

Бұл жерде айтқымыз келгені, елді бөлу емес, керісінше, пайдалы іспен айналысып жүрген азаматтардың әрекетіне көз жеткізіп қою ғана. Жастар соларға еліктеп жолын қуса, онда Диоген іздеген адамды өз арамыздан тәрбиелеп шығаруымыз ғажап емес. 

 

Әлбетте, нарықтық ориентейшнмен де өмір сүре берсе болады. Ол әркімнің өз еркі. Бірақ, оның ақыры төмендегідей болуы әбден мүмкін: 

Логотерапевт В.Франклға күйзелісте жүрген бір бойжеткен келіп, мұңын шағыпты. Ол нарықтық көзқарасқа ұрынғаны сонша, тіпті, ақыр-аяғында «мен өмір сүріп жатырмын ба, әлде өмір мені сүріп жатыр ма» деген екен.

 

Құрметті әлеумет! Біздің қоғам болмай ыдырап бара жатқанымызға бірден-бір себеп осы «нарықтық ориентейшн». Осыны біліп, одан аулақ жүретін болсақ, болашақ жарқын болатынына сенім мол!

 

 

 

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, психолог

 

Құндылықтар қақтығысы: «баста ми, қолда малға талас қылған»...
08 сәуір 2019
Құндылықтар қақтығысы: «баста ми, қолда малға талас қылған»...

ХХ ғасырдың соңы, жаһандағы басты жаңалық жарты әлемге үстемдігін жүргізген коммунистік режимнің ыдырауы болды. Он бес одақтас мемлекеттен құралған кеңестік империяның құлауы, оның құрамында болған республикалардың тәуелсіздік алуына жол ашты.

Кеңес үкіметі құлаған тұста, батыс ғалымдарының талдауларында «Тарихтың соңы» деген концептуалды пікір қалыптасты. Мұны алғаш көтерген тегі орыс, француз философы Александр Кожев болатын. «Тарихтың соңы» идеясы әлемдік қауіп көзіне айналған алып режимдер күйрегеннен кейін, тарихты жасаушы күштер жойылып, демократиялық келісім жолымен өмір сүретін заман келді дегенге саяды. Яғни, қақтығыстар дәуірінің аяқталуы дегенді білдіреді. Қазақша айтқанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» тыныш заманның орнауы.

«Тарихтың соңы» идеясын жан-жақты талқыға салғандардың бірі, тегі жапон, американдық ойшыл Фрэнсис Фукуяма болды.

Ф. Фукуяманың ойынша ХХ ғасырда әлемге үрей тудырған, мың жылдық бағдарламаны негізге алған фашистік режим және оған паралелді, қарсы тұра алған бірден-бір балама күш – коммунизм болды. Бірақ фашизм жеңіліске ұшырап, қауіп сейілгенімен, кейін коммунистік режим жарты әлемге үстемдік жүргізіп, жаңаша қауіптер мен үрейлерді тудырды.

Ф. Фукуяма «тарихтың соңы ма?» деген сұрақты көтеріп, әлі де қақтығыстардың толық шешілмегенін  айтқысы келді. Оның ойынша, фашизм мен коммунизм тарих сахнасынан кеткенімен әлемдік қақтығыстарға негіз болатын жаңа күштер бар. Ол әлемдік діндер мен ұлтқа бөлінушілік. Бұлар тұрғанда «тарихтың соңы» бола қоймас деген байлам жасады.

Сонымен батыс әлемінің сарапшылары жиырмасыншы ғасырдағы әлемдік қақтығыстардың қозғаушы күші фашизм мен коммунизм болса, ендігі ХХІ ғасырдағы қақтығыстардың қайнар көзі әлемдік діндер мен ұлттық мәдениеттер деген қорытындыға келген. Әлемдік діндер мен ұлттық мәдениеттерді құраушы өзіндік құндылықтар бар, ендігі тартыс сол құндылықтардың арасында болмақ. Олай болса құндылықтар қақтығысы әлемдік тенденцияға айналуы заңдылық.

Осы орайда, көңіл аударуға тұрарлық пікір білдіргендердің бірі “Өркениеттер қақтығысы” кітабының авторы, американдық мәдениеттанушы
С. Хантингтон болды. Ол Ф. Фукуяманың ойларын құптай отырып, әлемде енді мәдениеттер арасында емес, бірнеше мәдениеттерді біріктірген жекелеген өркениеттер арасындағы қақтығыстар қауіпі бар деген ойын білдірді.  С.Хантингтонның пікірін сабақтар болсақ, христандық контекстегі батыс елдері, православиелік контекстегі славян елдері, исламдық контекстегі шығыс халықтары, буддизм контексінде бірігетін жапон, корей, қытайлық өркениеттер бар, солар қазір әлемде үлкен ықпалға ие. С.Хантингтонның өркениеттер арасындағы бәсекелестік дегені осындай әртүрлі бағыттарға бірігіп қалыптасқан өркениеттер жайлы. Яғни әлемдегі өркениеттердің негізінде нақты дін немесе жүйелі көзқарас ұстанатын ықпалды дүниетаным жатқанын меңзейді. Сол жүйелі дүниетанымдар ұлттық мәдениеттерді біріктіріп, үлкен өркениеттік күшке айналып отыр.

Қақтығыстардың шығу көздері туралы жоғарыдағы пікірлерге біз тағы да бірнеше себептерді қосар едік. Қазіргі әлемдегі қақтығыстарға түрткі болып отырған себептерге табиғи ресурстар үшін күресті, үлкен ұлттардың кіші ұлттарға қатысты ұстанатын шовнистік саясатын, геосаяси келіспеушіліктерді, ядролық державалардың қырғи қабақ ұстанымдарын жатқызуға болады. Олай болса «тарихтың соңы» деуге әлі ерте.

Біздегі жағдайға келсек, кеңес заманындағы ортақ идеология келмеске кеткеннен соң тәуелсіздік алған мемлекеттерге жаңа құндылық жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындады.

Осы кезде елімізге әртүрлі діни миссионерлік ағымдардың, түрлі дүниетанымдық көзқарасты насихаттайтын ақпараттық жүйелердің ағылып келгені жасырын емес. Олардың басты мақсаты кеңестік идеологиядан босаған халықтың санасын, құндылықтар жүйесін өз көзқарастарымен толтырып, оған ықпал жасау болды.

Кеңестік моно жүйенің орнына келген нарықтық демократиялық қатынастарды желеу етіп, ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарын өзгертіп, санасын билеуге тырысқан батыстық, шығыстық, христиандық, исламдық түрлі ағымдар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұлардың ықпалын бүгінгі жаһандану, интернет заманында нақты байқауға болады.

Кезіндегі хәкім Абайдың «Баста ми, қолда малға талас қылған» деген сөзі бүгінгі күні күрделеніп, зор мазмұнға, жаңа бояуға ие болуда.

Қазіргі сырттан келіп жатқан күштердің басты көздейтіндері қазақ жерінің материалдық байлығы. Оған қол жеткізудің «демократиялық жолы» халықтың рухани сана сезіміне ықпал ету. Алдымен сананы жаулап алу. Біз бүгін қолдағы мал, бастағы миға таластың күрделі кезеңін бастан өткеріп жатырмыз.

Жаһандану заманындағы санаға әсер етуші бірден-бір фактор ол – ақпарат. Ақпарат арқылы адамдардың санасына үстемдік жүргізу, көзқарасына ықпал ету қазіргі заманының басты тенденциялардың бірі. Бүгінгі електен өткізілмеген ақпарат ағымының тоқтаусыз тарауы, бұған қоса оларға мол мүмкіндік тудырған ғаламтордың дамуы, өскелең ұрпақтың санасына өз әсерін тигізуде.

Осы орайда зиянды ақпараттан қорғанатын жаңа механизмдер ойлап тауып, бізге ақпараттық қорғаныс жүйесін қалыптастыру қажет. Әртүрлі, зиянды ақпараттың ұрпағымыздың санасын жаулап алмауы үшін, біз ұрпақ тәрбиесінде олардың санасында сыртқы зиянды ақпараттарға бос орын қалмайтындай жаңа құндылықтарға толы балама ақпарат ұсына білуіміз керек. Оны ең алдымен білім беру жүйесінде мықтап қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Қазір ақпарат арқылы құндылықтар қақтығысы өршіп, бірін-бірі алмастыруда. Біз құндылықтар тартысы мүлден болмауы керек дей алмаймыз. Себебі бұл жаһанданумен бірге келген әлемдік тенденция. Мұны шешудің жалғыз жолы оларға өз құндылықтарымызбен қарсы тұра білу ғана. Не өзге құндылық сені билейтін, не сен оған өз құндылығыңмен қарсы тұратын заман туып отыр.

Сыртқы, зиянды ақпаратқа қарсы тұра алатын ұлттық имунитетті күшейтуші құрал ол – ұлттық идеология. Ұлттық идеология білім беру жүйесінің негізгі өзегіне айналуы керек. Онсыз біз үшін «бастағы миға талас» заманында «бөтен сананың» ықпалында кету қаупі сейілмек емес.

ХХ ғасырдағы халқымыздың басынан өткен дәуір, ұлттық дүниетанымымыз бен сана болмысымызға айтарлықтай ықпал етіп, бөтен ілімдерді судай сіңіріп, тастай бекітіп келді. Тәуелсіздікке санамыз есеңгіреген, уланған күйде жеттік. Егемендіктің өткен ширек ғасыры ес жиып, етек жинау заманы болды. Бірақ мойындауымыз керек, отаршылық сана-сезімнен әлі де толық арыла қойған жоқпыз. Бабаларымыз «елу жылда ел жаңа» деп тектен-тек айтпаса керек. Қазақтың ұлттық рухы әлі де есеңгіреген күйде қалып қойып отыр. Оған ана тіліміздің өзінің тарихи, шынайы мемлекеттік дәрежесіне әлі күнге дейін толық көтеріле алмай, көп жағдайда аударманың тілі ғана болып отырғандығын-ақ дәлел етуге болады.

Біздің сыртқы идеологиялық күштерге төтеп беретін бірден-бір иммунитетіміз – ұлттық сана сезіміміз болуы керек. Қазақ тілі қоғамда өзінің тәуелсіз ұлттың тілі ретіндегі тиесілі мәртебесіне қол жеткізбей, ұлттық сананың жаңа заманға сай өріс алуын кешенді жүзеге асыра алмасымыз анық. ХІ ғасырда өмір сүрген, түркі дүниесіне ортақ ойшыл Махмұт Қашқари «Адамшылықтың кілті – ана тілінде» деген. Адамшылық өзі үшін ғана емес, елі үшін еңбек ету. «Адамдық борышың халқыңа еңбек қыл» деп Шәкәрім  атамыз  да осыны айтқысы келген. Бізге ел үшін еңбек ететін, оны адамдық борышым деп санайтын ерлерді көбірек тәрбиелеу қажет. Елі үшін еңбек етуді парыз санайтын ерлер қашанда ел игілігін басты орынға қойып, түрлі жымысқы жемқорлық әрекетке бармасы анық. ХХ ғасырдың басында шын мәніндегі ұлттық мемлекет құруды көксеген ерлер болды қазақта. Бірақ біз әлі күнге дейін олардың ел үшін жасаған жанкешті харекеттерін ұрпаққа толыққанды жеткізе алмай келеміз. Біздің санамызда әліде болса «үлгілі комсомолдар» идеал құруда. Санамыз құндылықтар қақтығысының алаңына айналып отыр. Бізге, әсіресе алдыңғы ағалар буынына ең алдымен өзіміздің ішкі цензурамыздан, ішкі, жібермейтін жасқаншақ санадан босап шығатын уақыт келді.

Бүгінгі жалпы саны 12 миллионнан асқан қазақ үшін ұлттық сана-сезімді тәрбиелеудің бірден-бір кілті қазақ тілінде. Барлық рухани құндылықтарымызды, бабаларымыздың даналық дүниетанымын біз туған тілімізде ғана бойға сіңіріп, ұрпақтарымызға аманат ете аламыз. Егер біз шын мәнінде Рухани Жаңғыруды жүзеге асырамыз десек, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі рөлін тиісті деңгейге көтеруіміз қажет. Қазақтың тіліне төнген қауып, қашанда тәуелсіздікке төнген қауіп екенін ұмытпауымыз керек. Ұлттық болмысымызды шын мәнінде жаңғыртпайынша, санамызға сыртқы күштердің ықпал жүргізуі оңай жүзеге аспақ.

Ұлттық мінез қалыптастыруымыз керек. Латын қарпіне көшу үдерісі тәуелсіз еліміз үшін тарихи маңызы зор. Бұл ең алдымен түркі тектес халықтармен жаңаша инеграцияға түсуімізге зор ықпалын тигізбек.

Жоғарыда қазір бірнеше ұлттық мәдениеттерді біріктіретін өркениеттер заманы деп айтқанымыздай, тарихы бір, ділі мен діні ортақ түркі тектес халықтардың бірігуі, жаңаша түрленіп әлемдік өркениетте ықпалды күшке айналуы, ХХІ ғасырда күтілетін жағдай. Бұған ортақ латын әліпбиінің өзіндік оң әсері болары анық.

Мәдениеттердің қайшылықта болуы заңдылық. «Еуропаның құлдырауы» атты әйгілі еңбегімен әлемге танылған мәдениеттанушы, неміс ғалымы Освальд Шпенглер «мәдениеттер қашанда оқшау және бір-бірінен құлыптаулы құпия болмысқа ие» деген құнды пікір айтқан болатын. Расымен өркениет ортақ болғанымен мәдениеттер өзіндік қайталанбас болмысқа ие. Себебі ұлттық мәдениеттер ұлттық дәстүрлер мен құндылықтардан құралады. Мәдениеттердің өз-өзін сақтап қалуға тырысуы, екінші бір мәдениетке қайшылық тудыруы мүмкін. Олай болса құндылықтар арасындағы қақтығыс мәдениеттердің өзара даму заңдылығы десе де болады. Ф. Фукуяманың ұлттық мәдениеттер тұрғанда «тарихтың соңы» бола қоймас деген пікірінің бір сыры осында.

Бүгінгі жаһандану заманында біз әлем жұртшылығына ағылшын немесе қытай мәдениетінің өкілі, болмаса орыс әлемінің бөлшегі ретінде емес, ең алдымен қазақ ұлты ретінде қызықтымыз. Қазақтың дәстүрлері, ұлттық дүниетанымы, музыкасы, өнері, дәстүрлі діни дүниетанымы, ұлттық құндылықтары, осылар ғана жаһандану заманында бізді әлемге танытатын басты ерекшеліктеріміз болып қала бермек. Қалған дүниенің барлығы көшірме, сырттан келетін құндылықтар. Оларды біз қажетінше, өз керегімізге жаратып, оларға талғамшыл болуымыз керек. Біздің ғаламға танылатын бір-ақ қырымыз бар ол – қазақ ретіндегі ұлттық болмысымыз, халық ретіндегі асыл қасиеттеріміз бен ерекше ойлау ақыл-парасатымыз. Қазақтың мұраты – қазақ болып қалу. Өзге жол тек басқа өркениетке жұтылу ғана.

Құндылықтар қақтығысы ол – өмір заңдылығы. Құндылықтар тартысқа түскен заманда өз ұлттық құндылығын нығайта білген елдер ғана лайықты үлесін алмақ.

Тәуелсіз ел ретіндегі басты міндетіміз қазақтың мемлекет құрушы ұлт ретіндегі қадірін қайтарып, оны жаңа заманға сай қайра түлету болу керек. Қазаққа бұдан өзге жол жоқ. Сонда ғана біздің құндылықтар қақтығысқа түскен әлем жарысында өз орынымызды ойып аларымыз анық.

 

 

 

Бақытжан ҚАДЫРҰЛЫ,

Философия ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының доценті

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.