Жошы Ұлысы мен мұрагерлері және сол кезеңдегі көршілес елдер тарихы туралы ағылшын тілінде алғашқы ғылыми монография жарық көрді.
Германияның Бонн университетінің профессоры, т.ғ.д., тарихшы ғалым Нұрлан Кенжеахметтің "The Tūqmāq (Golden Horde), the Qazaq Khanate, the Shībānid Dynasty, Rūm (Ottoman Empire), and Moghūlistan in the XIV-XVI Centuries: from Original Sources" атты кітабы Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан баспадан шықты. Бұл туралы қытайтанушы Өмірбек Қанай өз фейсбук парақшасында сүйіншілеп жазды. «Бұл Қазақстанда Жошы Ұлысы мен мұрагерлері және сол кезеңдегі көршілес елдер тарихы туралы ағылшын тілінде шықан алғашқы ғылыми монография.
Германияда жылдар бойы Қазақ тарихын зерттеумен айналысып жұрген білікті ғалым Нұрлан Кенжеахметтің бұл еңбегі Шығыс және Батыс тарихи деректерін пайдалана отырып жазылған болып, тарихымыздағы ақтаңдақтардың орынын толтыратын болады» делінген оның постында.


Атақты жазушы, ақын, қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлесін қосқан Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толады. Оның шығармашылық жолы жарқын оқиғалар, терең әлеуметтік идеялар және әлі күнге дейін оқырмандар мен зерттеушілерді шабыттандыратын мәңгілік шындыққа толы.
Жастайынан жетім қалғанына қарамастан, Бейімбет Майлин өз сауатын ашып, Троицк және Уфа қалаларында білім алды. Мектепте мұғалім ретінде сабақ беріп, шығармашылық жолын қазақ халқының сауатсыздықпен күресіне арнады. «Қазақ» газетінде және «Садақ», «Айқап» журналдарында мақала жазумен айналысып, «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет еткен.
Бейімбет Майлин әр түрлі әдеби жанрларды жетік меңгеріп, өзін әмбебап жазушы ретінде көрсетті. Оннан астам өлеңдердің, көптеген әңгімелердің, очерктердің, фельетондардың авторы болды. Оның шығармалары өзекті әлеуметтік бағыттылығымен және терең психологиялық талдауымен ерекшеленді.
«Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Бұл шығармалардың түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады» – деп жазған Мұқтар Әуезов. Жазушы әңгімелерінде өз заманының шындығын мәлімдеп, қоғам тіршілігінің көрінісін реалистік тұрғыда көрсеткен дара тұлға. Шығармалары мен өлеңдерінің кейіпкерлері арқылы халықтың мұңын, өмірін суреттеп қана қоймай, өз терең ойлары мен ұстанымдарын жеткізе алған.
Майлин қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырды. Оның «Шұғаның белгісі» повесі, «Азамат Азаматович» романы, «Байдың қызы», «Мырқымбай» поэмалары сияқты шығармалары оқырмандар мен жазушылардың жаңа буындарын қуантып, шабыттандырып келеді.
Осыдан 130 жыл бұрын есімі қазақ әдебиеті тарихының алтын беттерінде мәңгілік қалатын жазушы дүниеге келді. Бейімбет Майлин – тек жазушы ғана емес, әдебиеттегі шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы. Оның еңбегін ұрпақтарымызға даналық, өнеге ретінде ұлықтап, қазақ елі үшін жасалған құрбанын бағалайық.
Автор: Ақбота Қабдолла

Антропогенез (адамзаттың тегін зерттейтін ғылым) тұжырымы бойынша, Орал-Алтай тілдері 13-12 мың жыл бұрын бөлінген. Түркілік мәдениеттің бастау басы осы кезеңнен тасталады. Ал түркілік мәдениеттің қалыптасу кезеңі б.з.б. ІІІ-І мың жылдар аралығы. Б.з.б. І мың жылдық пен б.з. І мың жылдағы түркі мәдениетінің нығаю кезеңі. Көшпелілердің немесе арғы Сино-кавказдықтардың кезеңінде алғаш сызу өнері пайда болғанын Моңғол Алтайдағы Хойт-Цэнхэр үңгір суретінен көре аламыз. Алғашқы таңбалар да осы дәуірге тән.
Түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының соңғы 30 жыл жүргізген зерттеуінің нәтижесінде көшпелілер (түркілер мен моңғолдар) төрт даму кезеңнің бастан кешіргенін анықтап берген.
- Фразограмма – адамзаттың алғашқы жазуы. Ол бейне суреттен және таңбалардан тұрады. Бұл кезеңнің мұралары Моңғолиядағы Хойт-Цэнхэр үңгір суреттері мен таңбалары (бұдан 20-15 мың жыл бұрынғы құндылық), Чандман Хар-үзүр, Ишгэн-толғой, Кіші-Ойғыр.
- Логограммалық жазудың тілі – таңба. Таңба кескіндері жеке-жеке сөздің мәнін береді. Тұжырып айтсақ, сөйлеу әрекетіндегі сөздің жеке-дара семантикалық бірлігі. Бұл кескіннің түркілік деректері «belgu» (елтаңба-герб, геролдина), «tamγa-möhör-mör» (мөр-печать), «tuγraγ» (таңба, клеймо, метка).
- Силлабограммалық (буындық) жазу. Түркілердің буындық жазуының ерекшелігі: Сөздің мағыналық бөлшегін білдіретін екі дауыссыздардың қосындысын таңбалайтын кескіндер.
Буындық жазудан кейін ежелгі түрік бітіг фонограммалық сипатқа көшіп, өзінің даму үрдісін алға жылжытты. Бұл кезеңдегі түрік бітігтің ерекшелігі ешқандай ережесіз, ағымдық түрде әріп кескіндерін (графика) жуан және жіңішке айтылымына қарамай тізіп жазып кете берген. Бұл үрдіс б.з. ІІ – б.з. VІ ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Ол дәуірдің тарихи нақты мұралары Сюнну жазулары.
Түркілік дүниетаным негізінде түркілік әліпби жүйесін (система) жасаған. Еуразия құрлығын мекендеуші түркі этносы Көк Түркі қағанаты орнағанға дейін өзінің ұлттық Бөгү (Тәңірілік) дінін қолданып келген. Басқа діндермен рухани болмысы ластанбаған. Осы Бөгү (Тәңірілік) діннің дүниетанымының негізінде жасалған әліпби жүйесі бүкіл-бүтін этносты бір тудың астына жинап, бір идеологияға бағындыруға ілкімді құрал болған.
Түріктердің шығысы Сарөзеннен, батысы Дунайға дейін 10000 км, оңтүстігі Тәңіртаудан солтүстігі Сібірге дейін 5000 км аралықта әр түрлі диалектіде сөйлеген. Осы алып Еуразия құрлығын мекен еткен әр түрлі диалектіде сөйлейтін түркі халықтарының тілдік негізгі сипатын, ерекшелігін, тілдік спецификасын байырғы түркі әліпбиіне сіңіріп бере алған.
Байырғы түрік бітіг алфавиті түріктердің, түркі тектілердің бір ғана жазуы болғандықтан, осы құдретті қару арқылы бүкіл түркілердің рухани бірлігін, дүниетанымдық бірлігін қалыптастыруды мұрат тұтып, әрбір кескіндерінен бастап бір жүйеге келтірген.
Жантегін ҚАРЖАУБАЙҰЛЫ, түрколог

Ел ішінде «Қонаев заманында қазақ даласында үлкен-кіші 40 қала бой көтерген» дейтін дерек айтылып жүр. Халықтың осы 40 жылда еңбекке араласқан бірнеше буынның еңбегін бір ғана саяси тұлғаның есімімен байланыстырып қабылдауының өзі Қонаевтың мемлекет қайраткері ретіндегі салмағынан хабар береді.
Тұлғаны жақсы танып, жақын араласқан адамдардың бәрі естеліктерінде оның қызметтегі лауазымын бас пайдасына, материалдық жағдайын қамсыздандыруға пайдаланбағанын ерекше атайды. Қызметтен босағаннан кейін шын мәнінде қарапайым зейнеткердің күнкөріс деңгейімен бірдей тұрмыс кешуі - сол естеліктердің шын екеніне айғақ.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда қазіргі Алматы қаласында дүниеге келген. 1930 жылы Алматыдағы №14 орта мектепті бітірген Дінмұхамедті Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті 1931-1936 жылдары Мәскеудегі Түсті металл институтына оқуға жібереді. 1936 жылы осы институттан тау-кен инженері мамандығын алып шыққан ол 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды.
«Уикипедия» ашық энциклопедиясының мәліметіне сүйенсек, Қонаев ел басқарған 1960-1986 жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті, 43 қала пайда болған. Оның ішінде Рудный, Екібастұз, Ақтау, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау Арқалық қалалары бар.
Қайраткердің осы еңбегін тиісті деңгейде ескеру мақсатымен Алматы облысының қазіргі орталығы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атау туралы шешім қабылданған.
