Валюта бағамы
  • USD -

    519.7
  • EUR -

    608
  • RUB -

    6.47
Жетісуда 34 инватакси жұмыс жасайды
Фото: Жетісу обл әкімдігі 23 қыркүйек 2024
Жетісуда 34 инватакси жұмыс жасайды

Жетісу өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандар инватакси қызметін  тұрақты пайдаланады. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға 60 мыңнан астам рет қызмет көрсетілген. Бүгінгі таңда облыста арнайы қызмет көрсететін 34 инватакси бар, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Өткен жылы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен жергілікті бюджет есебінен 14 жаңа «Инватакси» сатып алынды. Соның нәтижесінде облыста 1 жылдың ішінде жекеменшік таксилер саны екі есеге артты. 2024 жылы 34 автокөлікпен инватакси қызметін көрсету үшін 306,6 миллион теңге бөлінді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Облыс аумағында  инватакси қызметін 8 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Оның екеуі Талдықорған қаласында. Бірі – «Ерлік» мүгедектер қоғамдық ұйымы болса, екіншісі «Талдықорған» корпоративтік қорының «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Жалпы, облыс орталығында барлығы 13 мамандандырылған «Инватакси» көлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді.

– Алғашында мүмкіндігі шектеулі жандарға 3 автокөлік қызмет көрсететін. Мемлекет қолдауының нәтижесінде қазір 8 автокөлікке ие болдық. инватакси қызметінің жүргізушілері ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа, мектепке, спорттық, сауықтыру шараларына алып барады. Мемлекет тегін көрсететін әлеуметтік қызметтің пайдаланушысы болу үшін мүгедектерге арналған «Ерлік» ҚБ жанындағы «Инватакси» қызметіне мүгедектікті растайтын құжаттарды тапсыру қажет. Өтініштер көлікті жеткізуге бір күн қалғанда телефон арқылы қабылданады. Белгілі бір мекемеге баратын көліктің жеткізілетін күні, уақыты және ол жерден қайтатын уақыты көрсетіледі, –  дейді «Ерлік» мүгедектерге арналған қоғамдық ұйымның өкілі Нұрбек Тұрғанов.

Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлнар Нұрғалиева бірнеше жылдан бері инватакси қызметін пайдаланып келеді. Осы әлеуметтік қызметтің арқасында арбаға таңылған жан күн сайын жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі жұмысқа оңай жетіп, кешкісін үйіне қайтады.

«Біздің қалада осындай қызметтің барына қуаныштымын. Бұл – өте ыңғайлы. Бізге үлкен қолдау деп білемін. Әсіресе, инватаксидің қызмет көрсету сапасы көңілімізден шығады. Өз басым бұл көлікті күнделікті жұмысқа барып, қайту үшін пайдаланамын», – дейді «Ақжанел» сауықтыру орталығында медбике болып жұмыс істейтін Жадыра Қасымова.

Жалпы, Жетісу облысында жан-жақты қолжетімділікті қамтамасыз етіп, кедергісіз орта қалыптастыруға баса назар аударылуда. Мәселен, жыл басынан бері 168 әлеуметтік инфрақұрылым нысанына кедергісіз орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде облыста білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарын, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді қоса алғанда, барлығы 628 нысан жоспарға сәйкес жасақталды.

RELATED NEWS
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті
05 қаңтар 2025
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері  6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға көтерілді, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін арттырылып, 50 851 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

 

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 пайызғңа артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және мыналарға байланысты болады:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі
27 желтоқсан 2024
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulys.

2025 жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі жаңаша есептеледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі медианалық табыстың 35 пайызын құрайды. Бірақ оның мөлшері өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.

Айта кетері, қазір кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.

Бұйрық 6 қаңтарда күшіне енеді.

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.