Жетісу облысы құрылғалы бері 30 спорт нысаны жаңадан салынып, 3-еуі күрделі жөндеуден өткізілді. Осылайда үш жыл ішінде спорт саласының инфрақұрылымын жаңарту деңгейі 55,8% жетті. Атап айтқанда 2022-2024 жылдар аралығында елді мекендерде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 7 спорт кешені, 2 күрес залы, 10 блок-модульді спорт кешені, 2 футбол манежі, 2 ангар үлгісіндегі спорт кешені, мұз аренасы, стадион, спортшыларға арналған тұрғын үй, үстел теннисінің орталығы, волейбол орталығы және волейболшыларға арналған тұрғын үй салынды, -деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сол сияқты Көксу, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласындағы стадиондарға күрделі жөндеу жүргізілді. Соның арқасында халықтың 1000 адамға шаққандағы спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 64,1%-ға жетті.
Өткен жылы іске қосылған нысандардың ішінде «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған Қазақстанда баламасы жоқ заманауи волейбол орталығын, сондай-ақ спортшыларға арнап инвестор салған төрт қабатты тұрғын үйді ерекше атауға болады. Ондағы екі бөлек жаттығу залында «Жетісу» КВК ерлер, әйелдер командаларының негізгі құрамы және жастар дубль-құрамдары жаттығады. Әйелдер командасының волейболшылары өздерінің волейбол базасының болуы олардың биылғы жылғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетуіне зор ықпал еткенін айтады
- Талдықорғанда кәсіби волейболды одан әрі дамыту үшін тамаша жағдай жасалып, көмек көрсетіліп отыр. Біздің өз заманауи жаттығу базамыздың болғаны бізге үлкен көмек болды. Біз сәтсіздікте де, жеңісте де бірге болдық, сол ұйымшылдығымыздың арқасында, жасалған жағдайлардың нәтижесінде «Жетісу» клубының бұрынғы даңқын қайтарып ала алдық, - дейді команда капитаны Карина Денисова.
Еске салсақ, Жетісу» волейбол қыздар командасы 2024-2025 жылдардағы маусымда үшінші жеңісіне қол жеткізіп отыр, яғни ҚР Чемпионатын тоғызыншы рет, сол сияқты Кубогын да тоғызыншы мәрте, Суперкубокты төртінші мәрте ұтып алды.
Өңірдің спорт кластерін толықтырған тағы бір заманауи нысан – Талдықорғанда инвестордың қаражаты есебінен салынған облыстағы тұңғыш үстел теннисі орталығы. Нысан халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес келеді. Онда ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ 31 мың халқы бар Текелі қаласында өткен жылы ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені де қазіргі кезде жемісті жұмыс істеп тұр, мұндай кешен тіпті облыс орталығында жоқ.
- Бүгінде мұнда ауыр атлетика, бокс, баскетбол, садақ ату, дзюдо, комбат дзю-дзюцу, каратэ шинкиокушинкай сияқты спорттың 7 түрінен 551 спортшы жаттығады. Соның ішінде мен баскетболдан жаттықтырушымын. Осы ғимарат қазір Текелі қаласының Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері үшін мықты база болып отыр. Балалармен жаңа ойын залында жаттығу өткіземіз. Спорт кешені ашылғаннан бері облыс және Қазақстан чемпионаттарына қатысып жақсы нәтиже көрсеттік. Алда да әлі талай жеңісті жол бар деп ойлаймын. Мұндай заманауи жабдықталған нысандар әсіресе жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа баулуға аса қажет, - дейді жаттықтырушы Әлібек Мұқанов.
Ал биыл облыста 3 спорттық нысанды салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл ретте Алакөл ауданы Лепсі ауылында 160 орынды дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ осы жылы Алакөл ауданы Қабанбай ауылына 80 орынды спорттық кешен тұрғызылады. Талдықорған қаласында көркем гимнастикаға арналған залдың құрылысы басталған. Оған қоса биылғы наурыз айынан Қаратал ауданы Кәлпе ауылында инвестор есебінен блокты-модульді үстел теннисі кешені салына бастады. Сонымен қатар Қаратал ауданы Алмалы ауылында, Кербұлақ ауданы Қарашоқы, Сарыбастау ауылдарында, Көксу ауданы Талапты ауылында жылдам салынатын блокты-модульді спорт кешендерін салу жоспарда бар.
Жалпы өңірде бұқаралық спортпен қатар балалар мен жасөспірімдер спортына да ерекше мән беріліп келеді.
Сонымен 2022 жылдан бері облыста бокс және дзюдо бойынша олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық, олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғарғы спорт шеберлігі мектептері, «Жетісу» волейбол, хоккей, ұлттық спорт түрлерінен клубтар ашылды. Қысқы спорт түрлерін дамытуда мақсатында 2024 жылдың басынан Талдықорған қаласының №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөпірімдер мектебінде керлинг, шорт трек және шайбалы хоккей бойынша бөлімшелер ашылды. Сонымен қатар сәуір айында Талдықорған қаласының №1 ОРМБЖМ-сында және Ескелді, Көксу аудандарының спорт мектептерінде шайбалы хоккей спорт түрінен бөлімшелер ашылды. Оған қоса облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірде алғаш рет биылдан бастап аула және мектеп командалары арасында футбол, волейбол және баскетболдан облыстық балалар турнирін өткізуді бастаймыз. Қазіргі кезде облыс бойынша 560-тан астам командадан өтінімдер қабылданды. Іріктеу жарыстары 19 сәуірде басталады, ал облыстық кезеңді маусым айында өткізу жоспарланған.