Валюта бағамы
  • USD -

    519.1
  • EUR -

    610
  • RUB -

    6.57
Жетісу облысында  60-қа жуық медициналық нысан салынып жатыр
Фото: Жетісу обл әкімдігі 30 қыркүйек 2024
Жетісу облысында 60-қа жуық медициналық нысан салынып жатыр

Жетісу облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандардағы және Панфилов шекара маңындағы 15 дәрігерлік амбулаторияны, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пунктті қоса алғанда 59 нысанның құрылысы басталды. Жалпы өңірде қабылданған шаралардың арқасында соңғы 2 жылда денсаулық сақтау нысандарын жаңарту деңгейі 50% -дан асты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір ғана шалғай Алакөл ауданында ұлттық жоба аясында 9 заманауи денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Бұл Екпінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарындағы 3 дәрігерлік амбулатория және Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Қайнар және Ақжар ауылдарындағы 6 фельдшерлік-акушерлік пункт.

Осылайша, Ақжар ауылындағы ФАП-тың дайындық дәрежесі шамамен 40% -ды құрайды.

Мердігер ұйым өкілі Құрбанәлі Омаровтың айтуынша, құрылыс жұмыстары тамыз айының басында басталған.

 - Біздің міндетіміз - нысан салу, іргелес аумақты абаттандыру, қоршау орнату. Сондай-ақ, біз 35 млн. теңгеге жуық сомаға заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға өтінім бердік. Яғни біз нысанды дайын күйде тапсырамыз. Шеттен келген мамандардан басқа 10 жергілікті тұрғын тартылған, барлық қажетті техника бар. Яғни, бізде мерзімінде орындауға барлық мүмкіндік бар, - деп атап өтті Қ.Омаров.

Ақжар ауылында 1500 адам тұрады. Салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункт 60 жылдары салынған бейімделген ғимаратта орналасқан ескірген медициналық пункттің орнына салынады.

- Ауылдағы медпункт ескірген және нормалар мен талаптарға сәйкес келмейді, қыста медпункт салқын болады. Сондықтан да ауыл тұрғындары өздерінде заманауи денсаулық сақтау мекемесінің пайда болуына, яғни медициналық қызмет көрсету сапасының артуына өте қуанышты. Шілде айында біздің ауылдық округтің Қоңыр ауылында блокты-модульді медициналық пункт іске қосылғандығын атап өткім келеді. Өткен жылы мұнда мектеп жөнделіп, 150 орындық жаңа мәдениет үйі салынды, Мұның бәрі қуантады, себебі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді, - деп қорытындылады Ақжар ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров атап өткендей, жергілікті бюджет есебінен және ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында өңірде блокты-модульді медициналық пункттер салынуда.

 - Алакөл ауданына келетін болсақ, өткен жылы Қарлығаш, Байзерек, Ынталы ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер орнатылды. Биылғы жылы осындай нысандар Бибақан, Арқарлы және Қоңыр ауылдарында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Достық, Қабанбай және Ақтүбек ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. Жыл соңына дейін аудандық аурухана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 200 төсектік стационары бар орталық емхана құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Жалпы соңғы 2 жылда Алакөл ауданына инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысына, сондай-ақ жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 32,2 млрд теңге бөлінді.

RELATED NEWS
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті
05 қаңтар 2025
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері  6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға көтерілді, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін арттырылып, 50 851 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

 

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 пайызғңа артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және мыналарға байланысты болады:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі
27 желтоқсан 2024
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulys.

2025 жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі жаңаша есептеледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі медианалық табыстың 35 пайызын құрайды. Бірақ оның мөлшері өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.

Айта кетері, қазір кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.

Бұйрық 6 қаңтарда күшіне енеді.

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.