Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар орын алған облыстың оңтүстік аудандарындағы атқарылып жатқан іс-қимылдардың жай-жапсарымен өзі тікелей келіп танысты.
Облыс әкімі Арқалықтағы сапарында қалаға қарасты Северный кентінің Пролетарская көшесіндегі ағын судың алдын алу жұмыстарын көріп, үйлерін су басқан тұрғындардың да жай-күйлеріне назар аударды.
26 наурыз күні сағат 18.45 -те Северный кенті, Пролетарская көшесі бойында жолдың үстімен өтіп кеткен қар суын тоқтату үшін жолдың жиегіне құм төселіп, су сорғыш мотопомпалар мен жылжымалы станциялар жұмылдырылды.
Жол бойынан арық қазылып, судың бағыты бұрылды.
Бұл іске барлығы 50 адам, 13 техника тартылып, нәтижесінде жолдың үстінен үйлерге қарай құлаған су екпіні тоқтатылды.
Құмар Іргебайұлы Арқалық қаласының әкімдігінде көршілес Амангелді, Жангелдин аудандары әкімдерінің қатысуымен бейнежиын өткізіп, мән-жайды нақтылады.
27 наурызға текті Арқалық қаласы бойынша көктемгі су тасқынына қарсы шаралар жайында қала әкімі Әмірхан Асанов ақпарат берді.
Арқалық қаласына қарасты Екідің, Әбдіғаппар хан ауылдарымен байланыстыратын көтерме жолдың суағар құбырлары еріген қар суын өткізіп үлгере алмағандықтан 25 наурыздан бастап аталған ауылдармен қатынас үзілді. Екідің ауылында 258 тұрғын бар, ауылдағы 49 үйдің 23 -не су кіріп, 10 үй бүлінді. Екі қыстаудың тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды.
Әбідғаппар хан ауылында 276 тұрғын бар, 2 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Қайыңды ауылдық округінің Қызылжұлдыз ауылының 185 тұрғынын қауіпсіз жерге шығаруға 3 автөкөлік жіберілді. Қайыңды ауылдық округіне қарасты 4 шаруа қожалығы орналасқан қыстауда 14 адам қауіпті жағдайда. Аталған екі ауылда да жүкті әйелдер мен медициналық есепте тұратын науқастарды қауіпсіз жерге шығару, ауыл тұрғындарын азық – түлікпен, дәрі – дәрмекпен қамту шаралары жүргізілді.
Арқалық қалалық әкімдігі жанынан 4 мобильді топ құрылып, 8 мотопомпамен тұрғындардан түскен шағымдар бойынша су сору жұмыстарын жүргізуде. Көмеке Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті жасағы 50 адам, 3 техника және 1 тіркемелі мотопомпа, Қарағанды қаласының әскери бөлімшесінен 50 адам 3 техника, Қостанай қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 5 адам жіберілген.
Облыс әкімі қауіпті жағдайда қалған тұрғындарды жедел түрде қауіпсіз аймаққа шығаруға тапсырма берді. Бұл үшін Қорғаныс министрлігінен 4 тікұшақ жәрдемге келген.
«Адамдар түнге дейін толық құтқарылуы тиіс. Төтенше жағдайдан зардап шеккен бірде бір тұрғын өз мәселесімен жеке қалмауы қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, қала және аудан басшыларына алдағы уақытта көктемгі су тасқынына жіті дайындалуға пәрмен берді.