Валюта бағамы
  • USD -

    538.7
  • EUR -

    630
  • RUB -

    6.75
ЖАПОН ОҚУШЫЛАРЫ НЕГЕ ЕДЕН ЖУАДЫ?
21 қыркүйек 2019
ЖАПОН ОҚУШЫЛАРЫ НЕГЕ ЕДЕН ЖУАДЫ?

 

Соңғы кезде жапондар сынды мектептердің еденін оқушылардың өздеріне жуғызу мәселесі біраз талқы болды. Бір қауым жұрт еңбек пен тазалыққа баулу деп құптаса, келесі тарап сол уақытын оқуға жұмсасын дейді. Яғни күн шығыс елінің озық дүниелерін жоғары технология мен ғылыми зерттеу сынды көшбасшы болып тұрған салаларын үйренейік дейді. Жалпы қазіргі кезде көптеген ата-аналардың баласына еден жуғызып қоюға қарсылығы байқалады. Бұл даулы мәселеге қатысты белгілі жапонтанушы Батырхан Құрмансейт фейсбук парақшасына пікірін жариялады. Білікті маманның құнды көзқарасын төменде толығымен беруді жөн көрдік.  

 

Мектепте балаларға шаң сүрткізіп, еден жуғызу дұрыс па, бұрыс па деген мәселе қоғамда әжептеуір әңгіме болып жатыр. Журналистер мен әлеуметтік желідегі белсенділер жарыса жазып, оларға министр жауап беріп дегендей.

Жазып жатқандар мен жауап беріп жатқандардың арасында Жапонияда мектепті балалардың өздері тазалайтыны, оқу орындарын өздері жуып-шаятыны жайлы да айтылып жатыр.

Негізі, жапондардың дәл осы салты жайында бізде ғана емес, соңғы жылдары әлем елдерінің біразында қызу талқыланып жүр.

Бразилиядағы олимпиада мен футбол чемпионатындағы стадиондарда жергілікті және басқа елдерден келген жанкүйерлер жан-жағына қоқыс шашып, ластап кетіп жатқанда жапондар отырған орындарын жылан жалағандай тап-таза ғып тазалап кетіп жүргенін көрген төрткүл дүниеден жиналған журналистер өз тілдерінде сол жайлы ақпарат тарата бастады.
Одан кейін Ресейде өткен футбол чемпионатында Жапония мен Сенегал командаларының ойынынан кейін тағы сол қоқыс жинап жатқан жапондарға әлемнің назары ауды. Тіпті жапондарға еліктеп сенегалдықтар да қоқыс жинап кеткені жайлы сол күні осы өзіміз де жазып жаттық.

Жазып жатқандардың көбісі "Жапондар таза, артында қоқыс қалдырмайды. Себебі, олар ондайға бала жасынан бойларын үйреткен. Жапон мектептерінде оқушылар өздері шаң сүртіп, еден жуады, сондықтан жастайынан жан-жағын таза ұстауға үйренеді" дегенге келтіреді.

Азиядағы ең дамыған елдердің бірі Сингапур үкіметі бірнеше жыл бұрын жапондардың осы салтын өздеріне енгізіп көрсек деп талпыныс жасаса, өткен жылы Англияның бір мектебі біз де сондайды жасап көрсек деп балалар мен олардың ата-аналарымен ақылдаса бастапты. Біраз жыл бұрын сол кезде аты шулап тұрған "Аль-Джазира" агенттігі жапондардың осысы жайлы арнайы репортаж жасаған еді. Оны көрген араб балалар жапон балаларға еліктеп мектептерін өздері тазалай бастаса, арғы жақтағы АҚШ-тағы ең әйгілі саясаткерлердің бірі, кезінде конгрестің өкілдер палатасының төрағасы болған Ньют Гингрич "Америкаға керегі жапон мектебінің үлгісі" деп үн қатты.

Бірақ, жапонның бұнысы көп елде іске аспай қалып жатыр. Мәселе дамыған ел, дамымаған ел дегенде емес. Немесе азиат, азиат емес, ақ, қара дегенде де емес сияқты.

Тіпті жапондардікі дұрыс, бұрыс дегенде де емес. Менің ойымша, бұл дұрыс та емес, бұрыс та емес. Жоғарыда "салт" деген сөзді бекер айтып отырғам жоқ. Бұл да бір салт. Қанға сінген әдет. Ал әрбір салттың, әрбір әдеттің жақсы жағы мен жаман жағы бар, жаңасы мен көнесі бар.

Жапон жұртының салт-дәстүрі мен мәдениетінде "ДО" деген қасиетті ұғым бар. Өзімізге белгілі "ДзюДо", "КэнДо", "АйкиДо" сияқты тағы басқа жекпе-жек өнер түрлерінің жалпы атауы "БуДо" болса, атақты самурайлар кодексі "БусиДо" деп аталады. Жапондар бұл жекпе-жек өнерінің ешбіреуіне жәй спорт ретінде қарамаған. Доджё немесе татами, яғни рингке жарысқа шыққаннан кейін біреуді жығып, жеңіске жету мақсат болғанымен, әу баста бұлардың бәрі ең алдымен адамның тәнін түзеп, жанын жөндейтін, рухани азық алып, ой мен бойды тазартуға арналған ғұрып ретінде дүниеге келген.

Бұл жерде дәл осы "тазару" деген сөзді басым ұғым деп ұққан жөн. Жан-жағың лас боп жатса тәнің қалай тазарсын, жаның қалай жарқырасын. Әркез жаттығуды бастамас бұрын әрбірі және бәрі бірігіп ең алдымен сол жаттығу жасайтын жерінің жан-жағын тазалаудан бастайтыны сондықтан. Жекпе-жек өнерінің осы түрлерімен айналысып жүргендер сөзімді растар, олардың бәрі де мықты дзюдоист, каратист болар алдында, жоқ, мықты болу үшін жаттығуларын бастар алдында жүз рет шаң сүртіп, мың рет еден жуған, әлі де жуып жүр.

"ДО" салтының "СаДо" (шай құю өнері) немесе "КаДо" (гүл өнері "Икэбана") сияқты "жұмсақ" түрлері де бар. Өнердің бұл түрлеріндегі рәсімдер де ең алдымен жан-жағын тазалаудан басталады.

"Қолыңдағы шүберек шаңды өзіне жұтып алу арқылы жан-жағын тазартады, ал жан-жағың таза болса шүберек те таза қалады. Сондықтан өзің таза болғың келсе, ең алдымен жан-жағың таза болу керек".
Дегенге саятын жапон дүниетанымының күретамыры "ДО" ұғымы ең алдымен тазалықты қатаң талап етеді.

Дүниетаным демекші, дүниетанымға діннің әсері көп екені белгілі.
Жапонның бір діні Буддизм. Оның ішінде дзэн-буддизм ағымы дәл осы "ДО", әсіресе "БусиДомен" үйлесіп, тамырласып, жапон жұртының мінез-құлқының негізін құрады.

Ал енді буддист монахтардың өз ғибадатханаларында жүргізетін негізгі және басты үш рәсімге назар аударып көрсек.
Діни терминдермен айтқанда, ең алдымен "еңбек ету" ("саму") бірінші кезекте, екінші кезекте "құдайға табыну" ("гонгё"), ал "білім алу" ("гакумон") соңғы үшінші орында тұр.
Бірінші орындағы "еңбек ету" дегеніміздің негізгі мағынасы ғибадатхананың жан-жағын тазалап, шаңын сүртіп, еденін жуу дегенге саяды.
"Жан-жағыңды тазалап ал да, құдайға табынып ал да, содан кейін оқитыныңды оқи бер". Оқып, білім алу үшін тазалық бірінші орында тұрса, еңбектің қадірін түсінбей жатып оқығаның білім болып бойыңа сіңбейді деген сөз.

Осылайша, жапонның заманауи мектептеріндегі балалардың шаң сүртіп, еден жуу әдеті ұлттық мәдениет пен діннен бастау алып отыр.

Дін демекші, жапондардың ұлттық діні Синто қағидаттары бойынша жапон императоры жердегі құдайдың келбеті болып саналады.
Ал енді император сарайының жан-жағы мен аулаларын кім тазалайды деп сұрап көріңіз.
Үкімет емес. Үкіметтік бюджетте ол үшін қаражат қарастырылмаған.
Император үйінің жан-жағы мен алды-артын, аула-бақшаларының барлығын халық тазалайды. "Кокё-кинро-хоши" деп аталатын "император үйінде еңбек ету" салты бар. Жыл сайын жүздеген жапон өз еркімен император үйіне өз еңбегін сыйлау үшін волонтёр ретінде кезекке тұрады. Оның ішінде байы да бар, бай баласы да бар, шалғай жатқан өңірлерден өз қаражаттарымен келіп жататындар бар. Императордың ауласын сыпырып берсем, бақшасының шөбін орып, жапырағын жинап берсем дегендердің саны көп болғаны соншама, император үйі олардың санына шектеу қоюға мәжбүр болып отыр. Жыл сайын император мен оның жұбайы ондай еріктілердің алдына шығып, олардың тазалық жұмыстары мен еңбектеріне алғыс айтады. Тағы да тазалық, тағы да еңбек, тағы да алғыс.

Еңбекке баулу маңызды болса, ал одан бұрын, бірінші және ең алдымен сол еңбекті сыйлауды, әсіресе біреудің еңбегін сыйлауды баланың бойына сіңіру одан да маңызды.

Оқы, оқымасаң арбакеш боласың, малшы боласың, тракторист боласың, шахтер боласың, құрылысшы боласың, анау боласың, мынау боласың деп нағыз еңбек пен нағыз еңбек адамдарына тіл тигізу арқылы баланың білімге құштарлығын күшейте аламыз деу дұрыс емес. Ол - әбестік.

Бай болсаң, байдың баласы болсаң, бастықтың баласы болсаң шаң сүртіп, еден жумайтын боласың деген сондайдан шығады сосын...

Деп осы әңгімені осымен аяқтайын деп жатқанда, тыңдап отырған кісі "сонымен жапондар құсап мектепте балаларға еден жуғызамыз ба, жоқ па?" деп қайта сұрады.

Қайта ойымды жеткізуге тырыстым:
Мектепте балалардың еден жууы, әжетхана тазалауы - бұл жапон халқының салты. Бір халықтың салтын екінші халық өзіне көшіріп ала алмайды. Біздің мектептерде де кезекпен тақта сүрту салты бар. Жақсы салт. Соны сақтап қалайық одан да. Біреуге еліктеген дұрыс емес. Одан да балаларды алдымен тазалық пен еңбекке, еңбекті сыйлауға үйретуіміз қажет. Еден жұмай-ақ, еден жуып жүрген апайлары мен сол кісінің еңбегін сыйлауды үйренсе екен балалар. Содан бастайық...

PS
Тазалыққа құмар, артында қоқыс қалдырмайтын жапондық жастардың батысқа еліктеп атап өтетін «Хэллоуин» мерекесінен кейінгі қылықтары жайында да алдында жазған болатынмын. Жындылардың жиынынан кейін жаңағы айтып отырған жапондардан түк қалмай, қалалары қоқыстың көкесіне толып қалады. Мектепте қысылып өскен жапон бала, жын-шайтанмен жақындасуға жасы жеткенде өзі де жынданып шыға келетіні де жат нәрсеге еліктеудің дұрыс емес екенінің бір көрінісі.
Біреуге еліктей бергенше, барымызды сақтап, жақсымызды жалғастыра берейік.

photo: http://www.maakfabriekopreis.nl

RELATED NEWS
«Болашақ» бағдарламасының талаптары өзгерді
21 қаңтар 2025
«Болашақ» бағдарламасының талаптары өзгерді

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлайы Ғылым және жоғары білім министрлігі.

2025 жылғы 17 қаңтардағы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.

Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.

Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.

Жалпы бұл өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Шетелде оқығысы келетін қазақстандықтарға 2 мыңнан аса грант бөлінді
17 қаңтар 2025
Шетелде оқығысы келетін қазақстандықтарға 2 мыңнан аса грант бөлінді

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн», – деп атап өтті.

34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісімдер жасалды. Бүгінгі таңда елімізде Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істейді. 2025 жылы тағы 11 келісімді іске асыру қажет.

Шетелдік серіктестік жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерге арналған 2 090 грант оқуға мемлекет бөлді.

Бүгінгі таңда мыңдаған студент 34 мамандық бойынша білім алады, оның ішінде педагогикалық, инженерлік-техникалық және жасанды интеллект сияқты негізгі бағыттар бар. Бұл мақсаттарға мемлекеттік білім беру гранттары (бірлескен білім беру бағдарламалары және қос диплом бағдарламалары) және мемлекеттің қолдауымен оларға жағдай жасау арқылы инвесторлардың қаражаты бөлінеді.

Шетелдік серіктес ЖОО-ларды іріктеу жекелеген салалардағы кадрлық қажеттілікке және өңірлердің сұраныстарына негізделеді.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық атом өнеркәсібі, «жасыл» сутекті әзірлеу, Қазақстанда баламасы жоқ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында мұнай инженериясы, электр энергетикасы және компьютерлік инженерия бағдарламалары бойынша британдық Heriot Watt университетінің филиалы ашылды.

Химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлау үшін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды.

Педагогикалық кадрларды даярлау мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында Гази университетінің (Түркия) филиалы жұмыс істейді.

Бейжің тіл және мәдениет университетінің (ҚХР) филиалы Астана халықаралық университеті базасында жұмыс істейді.

Квинс университетінің филиалы (Ирландия) Нархоз университеті базасында жұмыс істейді.

2025 жылға дейінгі жоғары білім беруді интернационалдандыру стратегиясы шеңберінде шетелдік азаматтарға, соның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылды.

2024-2025 оқу жылында шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама бойынша Қазақстанның 37 ЖОО-да 550 білім алушы қабылданды (бакалавриат - 490, магистратура - 50, докторантура - 10). Стипендиялық бағдарлама тегін білім алуды және ай сайынғы стипендияны қамтиды.

 

Қазақстанда білім беру туризмін дамыту

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 30 жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясы техникалық, инженерлік, медициналық және педагогикалық бағыттарға қайта бағытталды.

Осы жылдар ішінде стипендия 12 727 қазақстандыққа әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді, оның ішінде 55%-ы гуманитарлық, 36%-ы инженерлік-техникалық, 7%-ы медициналық, 2%-ы мәдениет және өнер бағыты бойынша білім алды.

Түлектер әлемнің 30-дан астам елінде 400-ден астам жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында оқыды және тағылымдамадан өтті.

2024 жылы бағдарлама түлектері 213 мың медициналық ота жасап, 145 мың білім алушы мен студенттерді оқытып, мыңнан астам ғылыми еңбектерін жариялады.

2024 жылы ЖОО контингентіндегі шетелдік студенттердің үлесі 15%-ды құрады, әлемнің 23 елінен 97 университеттермен 245 қос диплом бағдарламасы іске асырылды.

Шетелдік студенттер саны 93 елден 31 400 адамды құрады, бұл 2023 жылғы 82 елден 26 800 студентке қарағанда 4 600 адамға көп.

Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқытушылық қызметке 1600-ден астам шетелдік сарапшы тартылды.

2024 жылғы білім беру бағдарламаларының нәтижесінде QS World University Rankings 2024 әлемнің үздік университеттерінің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді.

«Университет пәндерін оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында еліміздің ғылыми ұйымдары мен ЖОО-на халықаралық дерекқорларға тегін қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Google компаниясымен бірлесіп еліміздің 15 жоғары оқу орнының 5000 студентіне арналған жасанды интеллект бойынша курстар іске қосылды.

Coursera онлайн білім беру платформасы жобасы аясында қазақстандық студенттерге 40 мың лицензия бөлініп, 93 жоғары оқу орнынан 153 мың сертификат берілді.

Корея мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен білім беру және мамандарды бірлесіп даярлау бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш қазақстандық ЖОО базасында жасанды интеллект мектептері жұмыс істейді:

  • Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика мектебі ашылды.
  • Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде City University of Hong Kong филиалы ашылды.
  • Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Лу Бань шеберханасының базасында ЖИ бойынша халықаралық зерттеу орталығы және көлікті басқарудың ақылды технологиялар орталығы ашылды.

 

Отандық жоғары оқу орындарында Google, NVIDIA, Huawei, Coursera және басқа да халықаралық технологиялық алпауыттарының тиісті курстары енгізілді.

Coursera, Google, Nvidia, «Huawei Technologies Kazakhstan» LLP, 01 Edu System, Binance Kazakhstan-мен меморандумдарға қол қойылды.

AstanaHub технопаркі базасында бағдарламада Қазақстанның 47 жоғары оқу орнынан 700 оқытушыны қамтитын ЖИ бағыттары бойынша ЖОО оқытушыларын оқытуға арналған толыққанды курстар іске қосылды.

Жасанды интеллект (ЖИ) саласында университетаралық ЖИ стандарты қабылданды, 20 ЖОО-мен 20 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде 148 миллиард токен негізінде KazLLM тілдік модельді оқыту аяқталды.

Модель Nazarbayev University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және т.б. командасының қатысуымен әзірленді.

Әзірлеуге 117 сарапшы, оның ішінде 40-тан астам ғылым кандидаттары, PhD және зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының магистрлері тартылды.

Министрлік Мемлекет басшысына жасанды интеллект, бағдарламалау және стартап акселерациясын оқитын 100 мың студентті қамтитын басым мамандықтар бойынша барлық деңгейдегі студенттер арасында ЖИ саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған AI-Sana ЖИ бойынша пилоттық бағдарламаны ұсынды.

Жасанды интеллек туралы қазақша кітап жарық көрді
13 наурыз 2025
Жасанды интеллек туралы қазақша кітап жарық көрді

Қазақстанда "Жасанды интеллект әліппесі" кітабының тұсаукесері өтті. Еңбек қарқындыдамып келе жатқан жаңа сала туралы алғаш ретқазақ тілінде жазылған түпнұсқа болуыменерекшеленеді. Іс-шара барысында TurkAI – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілерқауымдастығының құрылғаны хабарланды. Сондай-ақ салалық «AI-hub» компаниясы мен ai-hub.kz сайты таныстырылды.
 

Алматыда өткен кітаптың таныстырылымынахалықаралық сарапшылар ғалымдар, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, медиа, білім және технология саласының белгілі тұлғалары мен мамандары қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев«Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллекттехнологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттертұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқаайналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет», дегенболатын.

Жалпы бастамашы топтың айтуынша, еліміздің де аталған сала көшінен қалмауы үшін екі жылбұрын қазақ тілді аудиторияға арнап арнайы еңбекжазуға кіріскен. Саланы зерттеп жүрген кітап авторы – жасанды интеллект және IT технология саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлы"Еңбекбағдарламалауды білмейтін, бірақ AI мүмкіндіктерін зерттеп, қолданғысы келетін адамдарға арналған. Жасанды интеллект саласындағы негізгі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіреді. Қазірдің өзінде сұраныс өте жоғары болғандықтан, кітапты екінші басылымға жіберіп жатырмыз»,-деді.

Белгілі журналист, қаламгер, публицист әрі еңбектің редакторы Қайнар Олжай жасанды интеллект деген не деген сауалға толық жауап беретін кітаптың өте сауатты жазылғанын, қазақ оқырманына ауадай қажет екенін атап өтті. "Ал жасанды интеллекті қалай жұмсау керек" дегендер үшін толық тәжірибелік курс қамтылған. Ой ісіндегі қолғанатқа сан салада берілетін тапсырма (оны "промпт" дейді екен) толық тізілген. Шекесіненшертіп алып қолдана бересіз»,-деді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, Кембридж Университетінің түлегі Гүлмира Қанайболса, «Білім беру саласында өзгерістерді жасайтын бірден-бір фактор технология. Аталған кітап, отандық ғылым мен білім саласының жаңа өзгерістерге бейімделуінде маңызды қадам деп санаймын»,-деді.

Сондай-ақ белгілі медиа менеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НұржанЖалауқызы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Мамай Ақетов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистикафакультеті деканы Қанат Әуесбай өзге де қатысушылар өз лебіздерін білдірді.  

Кітап туралы белгілі педагог Өмірбек Шыныбекұлы да «Осы кітапты Оқу-ағартуминистрлігінің сарапшылары қарап шығып, қосар-алар тұстары болса, автормен жұмыс істеп, мектептерге тарату керек. Жасанды интеллект дәуірінде оны дұрыс қолдану, промптарды дұрысжазу әдісі маңызды деп ойлаймын»,-деп салалық министрге ұсыныс жасаған болатын.  

Кітап Орталық Азия елдерінде жасандыинтелект саласына қатысты алғаш шыққандықтан Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен аударуғаұсыныстар түскен.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесі Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетәлемде қазір ең маңызды салаға айналған жасанды инттелект бойынша да бауырлас елдердің де алатын өз еншісі бар екенін айтты.

Іс-шара аясында жаңа құрылған «AI-HUB»компаниясының мақсаты айтылды. Оның басшысы Ержанар Әшейханның сөзінше, компания – жасанды интеллект, IT, кибер және ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық және цифрлық технологиялар, сондай-ақ биотехнологияларды зерттеу мен дамытуғабағытталған бірегей ұйымға айналуды көздейді.Негізгі мақсаты озық технологияларды түрлі салаларға енгізу, халықтың цифрлық жәнеақпараттық сауатын арттыру, сондай-ақ салалық стартаптарды қолдау.

Жасанды интеллектке қатысты алғаш рет оқулық басып шығарған Ai-Hub publishing баспасы болса,алдағы уақытта  жаратылыстану, IT мен жасандыинтеллект саласына қатысты әлемдегі танымалкітаптарды қазақша аудармақ. Сонымен қатар, салағалымдары, мамандарымен бірлесе отырыпбалаларға, оқушылар мен студенттерге арналғаноқулықтар мен әдістемелер әзірлеуді көздеп отыр.Сондай-ақ жасанды интеллект терминдерін жасаумен энциклопедиясын қазірден бастап дайындаудықолға алмақ.

Сондай-ақ «AI-HUB» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Нұрболат Нышанбаев түркі мемлекеттері жасанды интеллект саласы өкілдерінің басын қосатын TurkAI қауымдастығы құрылып, бауырлас елдермен бірлескен жұмыстаркүшейтілетіні хабарланды. Жиынға Түркі елдерінен және Еуропадан жасанды интелект саласында жұмыс істейтін компания басшылары онлайн қатысып, өз пікірлерін білдірді.  

Түркияның Robotzade технологиялық компаниясы директоры Мерт Доған  Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект ассоциациясының Қазақстанда құрылуының өзі маңызды оқиға деп атап өтті. «Түркі халықтары арасындағы байланыс тек, саясат пен экономикада ғана емес, сонымен қатар білім, ғылым және технология салаларында да өте мығым болуы қажет деп санаймын. Қазақ тілінде тұңғыш жарияланып отырған, «Жасанды интеллект әліппесі» еңбегімен құттықтаймын. Бұл кітап, тұтас Түркі дүниесі үшін өте зор маңызға ие»,-деді.

Ал өз кезегінде Біріккен Араб Әмірлігінің AI Global компаниясы өкілі Аммара Афтаб «Жасанды интеллекті саласында алғашқы қазақ тіліндегі кітаптың жариялануы тұтас аймақ үшін өте маңызды қадам. Қазақстанда, құрылып, тұтас аумақты қамтуды мақсат етіп отырған АI-Hub  компаниясына сәттілік тілеймін!», -деді.   

Шотландияның AI-Tech solution LTD компаниясының бас директоры Роберт Сим: «Соңғы жылдары, жасанды интеллекті бүкіл әлем бойынша өмірдің барлық салаларына кіруде. Бізге  бірлесіп көптеген жетістіктерге жетуге болады. Алдағы уақытта Қазақстанның AI-Hub компаниясымен ортақ жобаларымызды жүзеге асыратымызға сенімім мол»,-деді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта кітаптың тұсаукесері Астана қаласы мен барлық облыс орталықтарында өтетінін хабарлады.

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.