Валюта бағамы
  • USD -

    527.5
  • EUR -

    617
  • RUB -

    6.73
Жамбыл облысында 12 мың тонна қоқыс шығарылды
редактор 10 шілде 2024
Жамбыл облысында 12 мың тонна қоқыс шығарылды

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Ulys.

Іс-шаралар экологиялық мәдениетті арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазартуды көздейді.

Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алды. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.

– Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақ пен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауыз біршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін, — деді Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков.

Сонымен бірге бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлер тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам ерікті қатысты. Олар жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.

Сонымен қатар Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойында, саябақтар мен орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.

Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлердің бастамасымен Тараз қаласындағы Талас өзені, Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.

Сонымен бірге Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлер арасында конкурс, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды шабу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ қатысушылар базар маңайындағы жасыл желектерді суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.

Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, оған 500 мыңнан аса жамбылдық белсенді қатысқан. Оның ішінде, тұрғындар, ардагерлер мен жастар, ҮЕҰ өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар.

Акция аясында 320 мың м² әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың м² отын-энергетика кешендерінің, 108 мың м² емдеу орталықтарының, 508 мың м² оқу орындарының, 280 мың м² шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 818 шқ канал мен арық жүйесі, 125 мың тұрғын үй ауласы және 4,5 мың шқ көше тазаланды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 2,4 мың ағаш бұталанып, 455 мың м² жасыл желек суғарылды.

Бұдан бөлек, 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде.

12 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 910 бірлік техника тартылды.

RELATED NEWS
Жетісу облысында қоқыс сұрыптайтын контейнерлер тегін таратылды
02 қараша 2024
Жетісу облысында қоқыс сұрыптайтын контейнерлер тегін таратылды

Жетісу облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тек сенбілік шараларын  ұйымдастырумен шектелмей, ақпараттық-түсіндіру және қайырымдылық бағыттарында да жұмыстар атқаруда, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мәселен, жастарға қызмет көрсету орталығында 1 қараша күні «ЭКОtime» тақырыбында жастармен кездесу өтіп, қатысушыларға қоқысты дұрыс сұрыптау және сол арқылы қайырымдылықпен айналысу жолдары түсіндіріліп, іс жүзінде көрсетілді.

Өңірдегі экобелсенді, волонтер Ғазиз Аманжолұлы  2021 жылдан бері өз үйінің ауласында целлофан, қағаз, металл, тұрмыстық қалдықтар және пластик бұйымдарын бөшкеге бөлек сұрыптап, барша азаматтарды аталған істен үлгі алуға шақырады.

Экобелсенді сұрыпталған қоқысты шикізат қабылдап алушы компанияларға ай сайын өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына табыстап келеді, соның бірі «Харекет» қоры. Бұл бастама бір оқпен екі қоянды атқандай деп есептейді.

2024 жылдың тамыз айында республикалық акцияға қолдау білдіру мақсатында экобелсенді өзінің жеке бастамасымен спонсорлық көмекпен Талдықорған қаласындағы аз қамтылған отбасыларға 100 дана қоқыс сұрыптайтын контейнерді тегін таратып, қоқысты дұрыс сұрыптау жолдары түсіндірді. Сонымен қатар, сұрыпталған қоқысты қабылдайтын компаниялардың тізімін де қосып берген. 

Жақсымен пайдалы іске барша жетісулықтарды шақырамыз!

Жалпы, өздеріңізге мәлім, тек ел аумағында ғана емес, табиғаттың қоқыспен ластануы барлық мемлекеттердің жерлеріне де мұхиттарға үлкен зардаптарын тигізуде. Жанған қоқыстар улы химикаттар бөліп, адам денсаулығының асқынуына бірден бір себеп болып отыр. Өкінішке орай, адамдардың қоқысты сұрыптау мәдениетіне әлі де алшақтау болып тұр, керісінше қоқысты целлоффанға салып, тастай салу немесе жолда кетіп барып, кез-келген жерге лақтыра салу сынды жағдайлары азаймай тұр.

Сонымен қатар, Жетісу облысының Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары ұйымдастырумен «Таза орта» акциясын ұйымдастырды. Акциясының мақсаты,  ғимарат тазалығын сақтау барысында артқарылатын тазалық жұмыстарын жүргізу,  жұмыс орнында қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету.  Акцияға Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары, техникалық қызметкерлері қатысты.

Таза болса табиғат – аман болса адамзат деген ұранды ұстай келе, адамзат баласын табиғатты таза ұстау әрқайсымыздың міндетіміз деп есептейміз. 

Айта кету керек,  «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1990 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 10714 тонна қоқыс шығарылып, 2445 км арық желісі тазаланды. Облыс аумағында акция кезінде 38003 түп көшет отырғызылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 226 мыңнан астам адам атсалысты.

Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде
12 маусым 2024
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде

«Таза Қазақстан» road-эстафетасының ІІ-ші күнінде вандализммен күрес жалғасын тапты, деп хабарлайды Ulys.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасуда.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде Астанадан шыққан алдыңғы топ пен Қарағанды белсенділері «Спасск» мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан және вандализм іздерінен тазартты. Олар Ақсу-Аюлы мен Шет ауданының аумағын жүріп өтіп, Балқашқа қарай бет алды. 

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова road-эстафета аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін айтты. 

«Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде қоқыспен бірге вандализммен күресудеміз. Қарағанды-Балқаш бағытында кездескен ескерткіштерді де ретке келтірудеміз. Өздеріңіз білесіздер, вандалдық әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, құқық бұзушылықтарды жазалау шаралары күшейтілді. Бұл вандалдармен күресте қолданылатын жақсы тәсілге айналды. Былтыр қазан айында бастау алған вандализммен күрес республикалық акциясы road-эстафетада да көрініс табуда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсенділердің көңіл-күйі жақсы. Кеше Астана-Қарағанды тас жолында 1 күннің өзінде 13 тонна қоқыс жинадық. Автокөлікпен жол бойында кетіп бара жатқанда қоқыстар көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде қоршаған ортамызда қоқыс өте көп. Сондықтан жастар атынан барлығыңызды тазалыққа, саналы экологиялық орта құруға шақырамын», - деді ол өз сөзінде.

Жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы қосылып, вандализмге ұшыраған ескерткіштерді олармен бірге ретке келтірді.   

«Акцияның пайдасы зор. Мысалы күні кеше 3 қап қоқыс жинадым. Бүгін жастардың қатарына қосылдым. Вандалдардан кейінгі қалған ізді жойып, тас жолы аумағы мен оған қарасты аймақтарды қоқыстардан тазартудамыз. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы халқымен де кездесіп үлгердік», - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Депутат Ақсу-Аюлыда азаматтарды қабылдап, халықтың өзекті мәселелеріне құлақ асты.

Сондай-ақ белсенділер Қарағанды-Балқаш тас жолы мен оның аумағын қоқыстан тазартып, сұрыптауда. Жиналған қоқыс қаптарға сұрыпталып, «ҚазАвтожол» машиналарына тиеліп, қоқыс полигондарына шығарылады.  Қатты қалдықтар «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» басқармасының қолдауымен қайта өңдеуге жіберілетін болады. 

«Өте жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Экологиямыз үшін қоқысты сұрыптау өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Бұл үрдіс бізге де аса қажет. Сұрыптау – қоқыс көлемін азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Жастар қанатының бұл бастамасына біз қуана қолдау білдірудеміз», - дейді қауымдастық төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Еске сала кетейік, былтыр 20 қазанда «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. 2500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен волонтері 500-ден аса тарихи, мәдени ескерткіштерді тазартты. Акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы  қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Акция күні бүгінге дейін республиканың барлық аймақтарында жалғасуда.

 

 

Түркістанда "Үлгілі ауыл" жобасы өтті
21 маусым 2024
Түркістанда "Үлгілі ауыл" жобасы өтті

Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында қарқынды жүруде. Акция аясында бүгін Арыс қаласында сенбілік өтіп, шараға қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері, қала жастары атсалысты.

 

Экобелсенділер ағаш түптерін әктеп, жасыл желектің түптері мен жол жиектерін арамшөптерден тазалады. «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – үйіміз бен туған жерімізді таза ұстау, қоқыс шашпау, халық арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, экологиялық мәдениетті сақтауды үйрету.

 

«Таза Қазақстан» акциясы басталған сәуір айынан бері Түркістан облысы бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымдарында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға үйрету.

 

 

 

Балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 дөңгелек үстел өткізілген. Акция аясында облыста медициналық нысандардың аумағында 10 957 дана түп ағаштары отырғызылып, 61 842 ағаш түптеріне әктеу жұмыстары жүргізілді.

 

Сондай-ақ, облыс аумағында орналасқан туристік нысандар аумақтарына санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әзірленген жол картасына сәйкес, Қ.Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Үкаш-ата Кесенесі, «Шаға» туристік – рекрациялық орталығы, «Ақмешіт» жерасты үңгірі, «Домалақ ана» кесенесі мен бұлағы, Бибі мәриям кесенесі, Шахан ата кесенесі, Үкаша Ата кесенесі, Гаухар ана кесенесі, Арыс музей ғимараты, Шаммат Ишан музейі, Ерубаев музейі сынды киелі және тарихи орындарда тазалық акциялары ұйымдастырылды.

 

 

 

Сонымен қатар, Түркістан облысы Волонтерлік ұйымдардың бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде тимбилдинг өтті.

 

Жастар «Taza Alem» ұлттық жобасы бойынша «Қоршаған ортаны таза ұстау - әрбір азаматтың борышы» тақырыбы аясында жазғы шомылу маусымдағы өзен, көл маңдарын тазалауда.

 

Облысқа қарасты аудан, қалаларда «Таза Жағажай», «Өз өмірің - өз қолыңда» тақырыбы аясында, шомылу маусымындағы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатындағы үнпарақшалар таратылуда. «Эко волонтер» атты ерікті жастар киелі өлкелер мен өзен, тауларда қоқыс іздеу сайысы өтті.

 

Акцияға атсалысып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық 11 этно мәдени бірлестіктер мүшелері әр сенбі күні аумақтық сенбіліктерге белсене қатысып келеді.

 

 

 

Этностар көп орналасқан Сайрам, Сауран, Жетісай, Мақтарал, Келес,Төлеби аудандарында Ассамблея жастары «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбында плогинг сайыстары арқылы айналаны тазарту акцияларын дәстүрлі түрде өткізуде. Сайрам ауданында «Қоқыстан құнды заттар жасау идеялары» жүзеге асырылуда.

 

 

 

«Generation» қоғамдық бірлестігі Сайрам ауданындағы білім беру ұйымдарымен бірлескен 36 экологиялық акция өткізді. Аталған акция бойынша 15 тоннаға жуық қайталама шикізат сатып алынып, қайта өңдеуге жіберілді. Бұл ретте, қоқысты арнайы жерге апарудың қажеті жоқ, бұл өз кезегінде оны апаратын жол мен жергілікті аймақтарды таза ұстауға өз септігін тигізуде.

 

Топырақ суларын қорғау және жердің тозуымен күресу мақсатында Төлеби ауданы, Ленгір қаласында орналасқан мүгедек балалардың мектеп-интернаты үшін экосантуалет құрылысын жүргізу жоспарлануда.

 

 

 

Облыста экологиялық бағытта 4 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. «Өгем» қоғамдық бірлестігін тарапынан табиғи аймақты сақтап қалу мақсатында экоагротуризмді дамыту бойынша жаңа жоба іске асуда. Аталған жоба өңірге келген туристерге «жасыл» технологияларды күнделікті өмірге ендіру бойынша шебер-сыныптар көрсетіліп, демоучаскелерде 16 саяхат жүргізілді. Табиғи жолмен энергия көзін ашып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар шаралар атқарылды. «Өгем», «ЭКО-Атамекен» қоғамдық бірлестіктері Сайрам-Өгем, Қаратау қорықтарындағы табиғатты қорғау мақсатында 7 экоакция өткізіп, жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруда үлесі ерекше болды.

 

Алдағы уақытта «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы Түркістан облысы аймағында орналасқан ақылы автожолдардың бақылау бекеттерінен өткен автокөлік иелеріне «Құрметті жол жүргізуші, тазалық сақтап, жол бойында қоқыс тастамауларыңызды сұраймыз! Бұл – біздің Қазақстан, бұл – Таза Қазақстан!» мәтінді SMS-хабарламаларды жіберу жоспарлануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы бастау алды. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жалғасы болып табылады.

 

 

 

Байқау екі кезеңнен тұрады: 1-кезең – аудандық, яғни облыстағы 15 аудан, қалада байқаудың аудандық кезеңін өткізу үшін арнайы комиссиялар құрылып, 1 қыркүйекке дейін құжаттар қабылданады. Жеңімпаз ауылдар облыстық комиссияға ұсынылып, 1 қарашаға дейін «Үлгілі ауыл» жеңімпазы анықталады. Экологиялық акцияны табысты жүзеге асырған ауылдар арасынан жеңіп шыққан жүлдегерге бір әлеуметтік нысан салынады. Бірегей жоба «TurkistanTV» телернасы эфирінде «Үлгілі аула» тележобасы арқылы насихатталуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар бір реттік акция емес, елімізді көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы тұрақты түрде іске асырылатын жұмыстар болып жалғасын табатын болады.

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.