Жайық өзеніндегі тасқын су Атырау қаласының солтүстік бөлігіндегі елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Бұл туралы Ulys облыстық жедел штабқа сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, тасқын су Алмалы және Бесікті ауылдарына жақындаған.
«Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау қаласының маңындағы 1-5-учаскелер қауіпті аумақта қалып отыр. Сол себептен, өзен жағалауындағы елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік жүргізу қолға алынды. Қазір су айдынының жағалауындағы қорғаныс бөгеті шифермен қосымша бекітіліп жатыр. Жағадағы дамбы биіктетіліп, каналдар тереңдетілуде. Ағыны қатты тасқын су Атырау қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан барлық елді мекенге қауіп төндіріп тұр», - деді мәлім етті Руслан Шариев.
Оның айтуынша, Атырау мен оның маңындағы қорғаныс бөгетін нығайту жұмысына Төтенше жағдайлар министрілігінің, Қорғаныс министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен еріктілер жұмылған.