Валюта бағамы
  • USD -

    540.1
  • EUR -

    627.5
  • RUB -

    6.63
ІНЖУ-МАРЖАН ҚУАНБАЙ: АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ БІЛІМНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫЗ
31 қаңтар 2020
ІНЖУ-МАРЖАН ҚУАНБАЙ: АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ БІЛІМНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫЗ

ulys.kz:Соңғы кездері жасыратыны жоқ меншік мектептер көптеп ашылып жатыр. Сіздердің «Intellect» Primary School бастауыш мектептеріңіз білім нарығында несімен ерекшеленеді? Көп мектептердің бірі болып қалмай ма? Қалай аштыңыздар?

І.ҚУАНБАЙ: — Дұрыс айтасыз, ашылып жатқан мектеп көп. Бұл нарықтың сұранысына солай болып жатқан дүние десек қателеспейміз. Бір жағы, мектептерде бала саны белгіленген мөлшерден асып кетіп отырғандықтан, үкімет жеке-меншік мектептердің ашылуына рұқсат берді. Біз де сол мүмкіндікті пайдалана отырып, жасөспірім ұрпақтың болашағын назарымызға алдық. Өйткені білім саласында, бала тәрбиесінде  жылдар бойы жинаған тәжірибеміз де жетерлік. Соның ішінде бастауыш мектеп мұғалімі болып 28 жыл қызмет жасадық. Бұл дегеніңіз үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Әр істі бастамас бұрын өмірдегі сол саладағы тәжірибеңіз болмаса білім нарығына шыдас беру оңай болмайды. Сондықтан мол тәжірибе сенімнің қайнар көзіне айналды. Бүгінгі заман талабы білім нарығын қалыптастырды. Күннен-күнге жасөспірім санының өсуі қуантады, бірақ  білім беру қиындықтары туындап білім нарығын шыңдауға алып келді. Сондықтан біздің мектептің ерекшелігі бастауыш мектептегі ең маңызды деген үш пәнді тереңдетіп оқытады. Ол қазақ тілі, математика және ағылшын тілі. Сонымен қатар, адами  құндылықты білімнен де жоғары қою - біздің басты мақсатымыз. «Білім, білім» деп жүктемені көбіне балаға береміз деп қазіргі таңда құндылықтарымызды жоғалтып, олардың рухани таным-тамырынан айырып, роботқа айналдырып бара жатқанымызды мойындағанымыз абзал. Сондықтан біз көп мектептің бірі боламыз деп емес, солардың ірісі боламыз деп, елге-жерге махаббаты күшті, қайырымы қуатты ұрпақ тәрбиелеуге қажырымызды саламыз. Ұстанымымыз — сапалы білім, текті тәрбие арқылы саналы ұрпақ дайындау. Ал мектепті ашу мәселесіне келер болсақ, бұл менің көптен бергі арманым еді. Бұл ойымды білетін отағасы бірде арманымды жүзеге асыруға көмектесетінін айтты. Басты мақсат табыс табу емес, білімді, білікті, тәрбиелі ұрпақ жеткізу. Алдымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы 2020» жобасының шапағаты тиді. Кәсіпкерлік біліміміз өз мақсатымызды жүзеге асыруға деген сенімімізді күшейтті. Кейін мектепті ашу үшін кәсіпкер отағасы Елтай мырза қаржылай қолдау көрсетті. Ол кісінің «Таншолпан» атты жеке шаруашылық серіктестігі бар.

ulys.kz:Түсінікті. Ал енді  кез келген жобаның қозғаушы күші — мықты кадрлар. Мұғалімдеріңіз туралы білгіміз келеді...

І.ҚУАНБАЙ:— Дұрыс айтасыз. Мектептің жүрегі – мұғалім. Мектеп ғимараты керемет, барлық жағдай жасалсын делік, бірақ мұғалім баланың жан-дүниесін түсінбесе, көзқарасын бағаламаса, онымен сырласа алмаса, ой бөлісе алмаса сіздің үйіп-төгіп  берген теорияңыз ауада ұшады да кетеді. Мен үшін мұғалім-ана, мұғалім тіпті — ұстаз, баланың жан-дүниесін қалтқысыз түсінетін психолог болу керек. Біздің мұғалімдер жөнінде айтар болсақ, ұстаздар халықаралық бағдарлама жүйесін меңгерген, жекеменшік оқу орындарында және Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кемінде 10 жыл еңбек еткен, жалпы педагогикалық шеберліктері әбден шыңдалған, 25-30 жыл тәжірибе жинақтаған шығармашыл, жан-жақты, креативті, дәстүрлі және жаңа педагогика саласын өз бойына сіңірген  тәжірибелі ұстаздар. Сонымен қатар, біздің қатарымызда заманауи технологияның тілін жетік білетін жас әріптестеріміз де  бар. Мектеп таңдар алдында көп ата-аналар мектептің ішкі және сыртқы жағдайына, атағына, орналасуына, асай-мүсейіне көбірек мән береді. Ал шын мәнінде ұстазды таңдағаны абзал. Себебі, «ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген халық тәмсілі тегін айтылмаған ғой. Оқытушы демекші, бұрын біз балаларына білім берген көптеген ата-аналарымыз қала шетінде орналасқанымызға қарамастан, біздің мектептегі ұстаздарын іздеп келіп оқып жатқаны бізді қуантады.

ulys.kz: Қазір әсіресе, бастауыш мектептерде оқу өте қиын деп жатады. Бағдарламасы ауыр, әр баламен жеке жұмыс істеу, мінез-құлқына сай бағдарлама әзірлеу жетіспейді. Сіздер бұл тұрғыда қандай әдіс-тәсілдерге сүйенесіздер, шетелдің озық тәжірибелерін қолданасыздар ма?

І.ҚУАНБАЙ:— Осыдан 6-7 жыл бұрын бастауыш мектептің бағдарламасын жасауға біз де ат салысқанбыз. Заман талабы бағдарламаны түрлі бағытта талап етеді. Қазіргі бастауыш мектептегі ата-ананың көп пайызын жастар құрайды. Жастардың көзқарасы, талабы, пікірі өзгеше. Сондықтан заман тоқтап тұрмайды, сол себепті бағдарламаны өзгерту де оңай емес. Ал меңгерту тіптен қиын. Ол үшін мемлекетте мұғалім тағдырына үлкен мән беру керек. Мұғалім алдына үйіп төгіп оқушыны отырғызу емес, оған жағдай жасалу керектігі есте болғаны дұрсы. Оқытушыға әр балаға сапалы білім, құнды тәрбие беру үшін алаңсыз жұмыс жасайтын мүмкіндік қажет. Жауапкершілікті тек ұстаздарға ғана артпай, мәселені үш жақты қарастырған жөн. Ол бірінші кезекте мемлекет, екінші, ата-ана, үшінші, мектеп ұжымы. Біздің  мектеп те мемлекеттік білім беру стандартына бағынады. Бірақ, біз қиындық туғызу мақсатында емес, оқушыға білімді меңгертудің тиімді, қызықты әрі жеңіл түсіндіру әдіс-тәсілдерін қолданамыз. Оқулықтағы бір сағатқа берілген бүкіл тапсырманы орындау міндетті емес, ең бастысы— сабақ соңында нақты нәтижеге қол жеткізу. Шетелден үйреніп, оқып, көрген-білгенімізді өз тәжірибемізде әрине қолданамыз. Олардың да өзіндік озық бастамалары мен білім беруде үлгі боларлық тәжірибелері бар. Олардың бәрін алмасақ та, ең жақсы деген озығын алып, ұлттық тәрбие және болмыс-бітіммен ұштастырамыз. Сонымен қатар, «Оқу мен жазу арқылы Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасымен де жұмыс жасаймыз. Бұл жобаның философиясы — әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, оның ойымен санасып, көзқарасын өз ортасында еркін айтуға баулу. Оқушы мектепте алған академиялық білімдерін, күнделікті өмірде қолдана білетіндей болуы керек. Бағдарламаны меңгерту барысында STEAM бағытын да қолданамыз. Бұл бағытты таңдаған себебіміз, бірнеше пән яғни STEAM ( ғылым, технология, инженерия, арт, математика) бағыты оқушылардың қызығушылығын арттыратындығын тәжірибеде байқадық.  Әсіресе, бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшелігін ескерсек бұл бағыт, әдіс-тәсіл жолдары  өте маңызды. Оқушылар  шығармашыл, креативті іс-әрекет арқылы білімді меңгереді. Бізге де Финляндия мектептеріндегі сияқты балаға оқушы емес, жеке тұлға ретінде қарайтын уақыт жетті. Біз де осы негізді  бағытқа алып жұмыс істейміз. Алдымызда отырған оқушыны дос ретінде қабылдаймыз. Қазір оқушыларымыз еркін, барлық мұғалімдермен ашық сөйлесе береді. Оқушылардың мұғалімге деген сенімін арттырамыз. Мұғалімнің басты мақсаты да —  Бала оқушы өз пікірі мен ойын айтқан кезде мұқият тыңдай білу. Бізде әкімшілік аумақ, кедергі жоқ. Балалар оқытушылардың кабинетіне кез келген уақытта емен-еркін кіріп-шығып жүре береді. Қоңырау, серуендеу кезінде де бірге ойнаймыз.

ulys.kz:  Балалар таңертеннен кешке дейін осында жүреді екен. Яғни тұтас күні осында өтеді. Бір сөзбен бала тек білім ғана алып шықпайды, тәрбиеде алып шығуы тиіс. Сондықтан тек сапалы білім ғана беріп қоймай, саналы тәрбие көрген азаматтар дайындау үшін қандай жұмыстар жасайсыздар?

І.ҚУАНБАЙ:— Жоғарыда атап өткенімдей, «тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Үйдегі берілген тәрбиені біз мектепте нығайтуға тырысамыз. Тәрбие бір-бірімізге деген қарым-қатынастан басталады. Ол таңертең бала мектепке кіргеннен-ақ басталады. Балаларды құшақ жая, жарқын көңіл-күймен  қарсы аламыз, ойын тыңдаймыз, әңгімелесеміз, бірге ойнаймыз. Ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді сіңіре алады. Ендеше, ұлт болашағын тәрбиелеуде еш қателеспей, өз үлесімізді қосқымыз келеді.

ulys.kz:  Көп мектептер ағылшыншаға басымдық береді, орысша оқытады, қазақ тіліне тек шартты түрде ғана қарайтыны жасырын емес. Көпшілігі ағылшын тіліне жетік жаһандық азамат дайындауға тырысады. Сіздер әрбір баланың ана тіліне мән беріп, ұлттық тәрбиеден де қалыс қалмауы үшін не істейсіздер?

І.ҚУАНБАЙ:— Жас бүлдіршіндердің тыңдау арқылы есте сақтау қабілеті жоғары дамыған. Ортамыз және интернет желісіндегі балаларға арналған қызықты бағдарламалар да орыс тілінде болғандықтан балаға орыс тілінде сөйлеу оңайға соғады. Ал ағылшын тіліне жетік жаһандық азамат дайындау – заман талабы. Өйткені қазіргі буын жас ата-аналармен жасақталып отыр. Ал жас ата-аналардың көзқарасы мүлдем басқаша. Дегенмен де біздің мақсатымыз өз ана тілімізді орыс және қазақ сыныптарында пән ретін оқыту. Біздің ұжымдағы қызметкерлердің барлығы ана тіліне жетік. Үзіліс кезінде, асханада, серуен уақытында да біз балалармен өз тілімізде сөйлесеміз. Ең басты мақсатымыздың бірі де — ана тілімізді дәріптеу. Орыс сыныбында оқуға ниеттеніп келген оқушылардың ата-анасын «балаңыз қазақ сыныбына барсын» деген үгіт- насихатты көбірек айтамыз. Бұл да біздің тілге деген жан ашырлығымыз. Бізді толғандыратыны — соңғы кезде ата-аналар балаларын орыс сыныбына көбірек бере бастауы. Бұл мәселені тереңірек зерттеген абзал деп ойлаймын. Ал жалпы қазақ сыныбында оқыған баланың адамгершілік құндылығы жоғары болады әрі ол бала қазақ тіліне де, орыс тіліне де, ағылшын тіліне де жетік, сауатты болатынын айтқан абзал. 

ulys.kz:Әр бала үшін бастауыш мектеп өте маңызды. Білімнің іргетасы осы жерде қаланып, өмірге, қоршаған ортаға, қоғамға деген көзқарастың алғашқы дәнеге осы жерде егіледі. «Intellect» бастауыш мектебі балалардың бойына қандай құндылықтар сіңіреді?

І.ҚУАНБАЙ:— Дұрыс айтасыз, білім негізін бастауыш мектептен бастап қалауымыз керек. Мектептің аты да айтып тұрғандай, интеллектісі жоғары тұлға дайындау біздің басты міндетіміз. Бала бақытты, көңіл-күйі жақсы болған сайын білімді, ақылды болады. Кез келген ақпаратты тез қабылдайды. Біздің мектеп бақытты балалар ортасын құруға арналған. Ойнап жүріп тәрбиені де, білімді де бойына сіңіреді. Қамқоршыл, жанашыр, кішіпейілділік, мейірімділік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет  көрсету қасиеттер дәнегін әр баланың бойына егу біздің алға қойған мақсаттарымыз. 

ulys.kz: — Білім ордаларыңыз құтты болсын, білімді де тәрбиелі ұрпақ даярлай беріңіздер!

 

RELATED NEWS
«Болашақ» бағдарламасының талаптары өзгерді
21 қаңтар 2025
«Болашақ» бағдарламасының талаптары өзгерді

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлайы Ғылым және жоғары білім министрлігі.

2025 жылғы 17 қаңтардағы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.

Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.

Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.

Жалпы бұл өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Шетелде оқығысы келетін қазақстандықтарға 2 мыңнан аса грант бөлінді
17 қаңтар 2025
Шетелде оқығысы келетін қазақстандықтарға 2 мыңнан аса грант бөлінді

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн», – деп атап өтті.

34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісімдер жасалды. Бүгінгі таңда елімізде Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істейді. 2025 жылы тағы 11 келісімді іске асыру қажет.

Шетелдік серіктестік жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерге арналған 2 090 грант оқуға мемлекет бөлді.

Бүгінгі таңда мыңдаған студент 34 мамандық бойынша білім алады, оның ішінде педагогикалық, инженерлік-техникалық және жасанды интеллект сияқты негізгі бағыттар бар. Бұл мақсаттарға мемлекеттік білім беру гранттары (бірлескен білім беру бағдарламалары және қос диплом бағдарламалары) және мемлекеттің қолдауымен оларға жағдай жасау арқылы инвесторлардың қаражаты бөлінеді.

Шетелдік серіктес ЖОО-ларды іріктеу жекелеген салалардағы кадрлық қажеттілікке және өңірлердің сұраныстарына негізделеді.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық атом өнеркәсібі, «жасыл» сутекті әзірлеу, Қазақстанда баламасы жоқ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында мұнай инженериясы, электр энергетикасы және компьютерлік инженерия бағдарламалары бойынша британдық Heriot Watt университетінің филиалы ашылды.

Химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлау үшін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды.

Педагогикалық кадрларды даярлау мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында Гази университетінің (Түркия) филиалы жұмыс істейді.

Бейжің тіл және мәдениет университетінің (ҚХР) филиалы Астана халықаралық университеті базасында жұмыс істейді.

Квинс университетінің филиалы (Ирландия) Нархоз университеті базасында жұмыс істейді.

2025 жылға дейінгі жоғары білім беруді интернационалдандыру стратегиясы шеңберінде шетелдік азаматтарға, соның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылды.

2024-2025 оқу жылында шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама бойынша Қазақстанның 37 ЖОО-да 550 білім алушы қабылданды (бакалавриат - 490, магистратура - 50, докторантура - 10). Стипендиялық бағдарлама тегін білім алуды және ай сайынғы стипендияны қамтиды.

 

Қазақстанда білім беру туризмін дамыту

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 30 жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясы техникалық, инженерлік, медициналық және педагогикалық бағыттарға қайта бағытталды.

Осы жылдар ішінде стипендия 12 727 қазақстандыққа әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді, оның ішінде 55%-ы гуманитарлық, 36%-ы инженерлік-техникалық, 7%-ы медициналық, 2%-ы мәдениет және өнер бағыты бойынша білім алды.

Түлектер әлемнің 30-дан астам елінде 400-ден астам жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында оқыды және тағылымдамадан өтті.

2024 жылы бағдарлама түлектері 213 мың медициналық ота жасап, 145 мың білім алушы мен студенттерді оқытып, мыңнан астам ғылыми еңбектерін жариялады.

2024 жылы ЖОО контингентіндегі шетелдік студенттердің үлесі 15%-ды құрады, әлемнің 23 елінен 97 университеттермен 245 қос диплом бағдарламасы іске асырылды.

Шетелдік студенттер саны 93 елден 31 400 адамды құрады, бұл 2023 жылғы 82 елден 26 800 студентке қарағанда 4 600 адамға көп.

Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқытушылық қызметке 1600-ден астам шетелдік сарапшы тартылды.

2024 жылғы білім беру бағдарламаларының нәтижесінде QS World University Rankings 2024 әлемнің үздік университеттерінің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді.

«Университет пәндерін оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында еліміздің ғылыми ұйымдары мен ЖОО-на халықаралық дерекқорларға тегін қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Google компаниясымен бірлесіп еліміздің 15 жоғары оқу орнының 5000 студентіне арналған жасанды интеллект бойынша курстар іске қосылды.

Coursera онлайн білім беру платформасы жобасы аясында қазақстандық студенттерге 40 мың лицензия бөлініп, 93 жоғары оқу орнынан 153 мың сертификат берілді.

Корея мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен білім беру және мамандарды бірлесіп даярлау бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш қазақстандық ЖОО базасында жасанды интеллект мектептері жұмыс істейді:

  • Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика мектебі ашылды.
  • Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде City University of Hong Kong филиалы ашылды.
  • Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Лу Бань шеберханасының базасында ЖИ бойынша халықаралық зерттеу орталығы және көлікті басқарудың ақылды технологиялар орталығы ашылды.

 

Отандық жоғары оқу орындарында Google, NVIDIA, Huawei, Coursera және басқа да халықаралық технологиялық алпауыттарының тиісті курстары енгізілді.

Coursera, Google, Nvidia, «Huawei Technologies Kazakhstan» LLP, 01 Edu System, Binance Kazakhstan-мен меморандумдарға қол қойылды.

AstanaHub технопаркі базасында бағдарламада Қазақстанның 47 жоғары оқу орнынан 700 оқытушыны қамтитын ЖИ бағыттары бойынша ЖОО оқытушыларын оқытуға арналған толыққанды курстар іске қосылды.

Жасанды интеллект (ЖИ) саласында университетаралық ЖИ стандарты қабылданды, 20 ЖОО-мен 20 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде 148 миллиард токен негізінде KazLLM тілдік модельді оқыту аяқталды.

Модель Nazarbayev University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және т.б. командасының қатысуымен әзірленді.

Әзірлеуге 117 сарапшы, оның ішінде 40-тан астам ғылым кандидаттары, PhD және зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының магистрлері тартылды.

Министрлік Мемлекет басшысына жасанды интеллект, бағдарламалау және стартап акселерациясын оқитын 100 мың студентті қамтитын басым мамандықтар бойынша барлық деңгейдегі студенттер арасында ЖИ саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған AI-Sana ЖИ бойынша пилоттық бағдарламаны ұсынды.

Жасанды интеллек туралы қазақша кітап жарық көрді
13 наурыз 2025
Жасанды интеллек туралы қазақша кітап жарық көрді

Қазақстанда "Жасанды интеллект әліппесі" кітабының тұсаукесері өтті. Еңбек қарқындыдамып келе жатқан жаңа сала туралы алғаш ретқазақ тілінде жазылған түпнұсқа болуыменерекшеленеді. Іс-шара барысында TurkAI – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілерқауымдастығының құрылғаны хабарланды. Сондай-ақ салалық «AI-hub» компаниясы мен ai-hub.kz сайты таныстырылды.
 

Алматыда өткен кітаптың таныстырылымынахалықаралық сарапшылар ғалымдар, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, медиа, білім және технология саласының белгілі тұлғалары мен мамандары қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев«Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллекттехнологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттертұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқаайналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет», дегенболатын.

Жалпы бастамашы топтың айтуынша, еліміздің де аталған сала көшінен қалмауы үшін екі жылбұрын қазақ тілді аудиторияға арнап арнайы еңбекжазуға кіріскен. Саланы зерттеп жүрген кітап авторы – жасанды интеллект және IT технология саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлы"Еңбекбағдарламалауды білмейтін, бірақ AI мүмкіндіктерін зерттеп, қолданғысы келетін адамдарға арналған. Жасанды интеллект саласындағы негізгі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіреді. Қазірдің өзінде сұраныс өте жоғары болғандықтан, кітапты екінші басылымға жіберіп жатырмыз»,-деді.

Белгілі журналист, қаламгер, публицист әрі еңбектің редакторы Қайнар Олжай жасанды интеллект деген не деген сауалға толық жауап беретін кітаптың өте сауатты жазылғанын, қазақ оқырманына ауадай қажет екенін атап өтті. "Ал жасанды интеллекті қалай жұмсау керек" дегендер үшін толық тәжірибелік курс қамтылған. Ой ісіндегі қолғанатқа сан салада берілетін тапсырма (оны "промпт" дейді екен) толық тізілген. Шекесіненшертіп алып қолдана бересіз»,-деді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, Кембридж Университетінің түлегі Гүлмира Қанайболса, «Білім беру саласында өзгерістерді жасайтын бірден-бір фактор технология. Аталған кітап, отандық ғылым мен білім саласының жаңа өзгерістерге бейімделуінде маңызды қадам деп санаймын»,-деді.

Сондай-ақ белгілі медиа менеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НұржанЖалауқызы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Мамай Ақетов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистикафакультеті деканы Қанат Әуесбай өзге де қатысушылар өз лебіздерін білдірді.  

Кітап туралы белгілі педагог Өмірбек Шыныбекұлы да «Осы кітапты Оқу-ағартуминистрлігінің сарапшылары қарап шығып, қосар-алар тұстары болса, автормен жұмыс істеп, мектептерге тарату керек. Жасанды интеллект дәуірінде оны дұрыс қолдану, промптарды дұрысжазу әдісі маңызды деп ойлаймын»,-деп салалық министрге ұсыныс жасаған болатын.  

Кітап Орталық Азия елдерінде жасандыинтелект саласына қатысты алғаш шыққандықтан Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен аударуғаұсыныстар түскен.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесі Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетәлемде қазір ең маңызды салаға айналған жасанды инттелект бойынша да бауырлас елдердің де алатын өз еншісі бар екенін айтты.

Іс-шара аясында жаңа құрылған «AI-HUB»компаниясының мақсаты айтылды. Оның басшысы Ержанар Әшейханның сөзінше, компания – жасанды интеллект, IT, кибер және ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық және цифрлық технологиялар, сондай-ақ биотехнологияларды зерттеу мен дамытуғабағытталған бірегей ұйымға айналуды көздейді.Негізгі мақсаты озық технологияларды түрлі салаларға енгізу, халықтың цифрлық жәнеақпараттық сауатын арттыру, сондай-ақ салалық стартаптарды қолдау.

Жасанды интеллектке қатысты алғаш рет оқулық басып шығарған Ai-Hub publishing баспасы болса,алдағы уақытта  жаратылыстану, IT мен жасандыинтеллект саласына қатысты әлемдегі танымалкітаптарды қазақша аудармақ. Сонымен қатар, салағалымдары, мамандарымен бірлесе отырыпбалаларға, оқушылар мен студенттерге арналғаноқулықтар мен әдістемелер әзірлеуді көздеп отыр.Сондай-ақ жасанды интеллект терминдерін жасаумен энциклопедиясын қазірден бастап дайындаудықолға алмақ.

Сондай-ақ «AI-HUB» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Нұрболат Нышанбаев түркі мемлекеттері жасанды интеллект саласы өкілдерінің басын қосатын TurkAI қауымдастығы құрылып, бауырлас елдермен бірлескен жұмыстаркүшейтілетіні хабарланды. Жиынға Түркі елдерінен және Еуропадан жасанды интелект саласында жұмыс істейтін компания басшылары онлайн қатысып, өз пікірлерін білдірді.  

Түркияның Robotzade технологиялық компаниясы директоры Мерт Доған  Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект ассоциациясының Қазақстанда құрылуының өзі маңызды оқиға деп атап өтті. «Түркі халықтары арасындағы байланыс тек, саясат пен экономикада ғана емес, сонымен қатар білім, ғылым және технология салаларында да өте мығым болуы қажет деп санаймын. Қазақ тілінде тұңғыш жарияланып отырған, «Жасанды интеллект әліппесі» еңбегімен құттықтаймын. Бұл кітап, тұтас Түркі дүниесі үшін өте зор маңызға ие»,-деді.

Ал өз кезегінде Біріккен Араб Әмірлігінің AI Global компаниясы өкілі Аммара Афтаб «Жасанды интеллекті саласында алғашқы қазақ тіліндегі кітаптың жариялануы тұтас аймақ үшін өте маңызды қадам. Қазақстанда, құрылып, тұтас аумақты қамтуды мақсат етіп отырған АI-Hub  компаниясына сәттілік тілеймін!», -деді.   

Шотландияның AI-Tech solution LTD компаниясының бас директоры Роберт Сим: «Соңғы жылдары, жасанды интеллекті бүкіл әлем бойынша өмірдің барлық салаларына кіруде. Бізге  бірлесіп көптеген жетістіктерге жетуге болады. Алдағы уақытта Қазақстанның AI-Hub компаниясымен ортақ жобаларымызды жүзеге асыратымызға сенімім мол»,-деді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта кітаптың тұсаукесері Астана қаласы мен барлық облыс орталықтарында өтетінін хабарлады.

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.