Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды.
Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясы алғаш рет 1992 жылы ел тәуелсіздігінің 1 жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жарияланды.
Осы жылдар аралығында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Бүгінде Ассамблея мемлекет басшысы төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады.
Еліміздегі барлық этностар арасындағы шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен, қазақ халқының ата-дәстүрі мен кеңпейілдігі, ұлттық ділінің кеңдігі - ортақ үйіміз Қазақстандғы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі екендігіне дау жоқ.
Ассамблея қалай құрылды?
Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде, ел басшылығы алдында халықтың келісімін сақтап қалу, қоғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыру басты назарда болды. Себебі 100-ден астам этнос өкілдерінің басын біріктірмесе, «бас-басына би болып», әрқайсысы «көрпені өзіне тарту үрдісі» басталар еді. Сонымен қатар саяси күштер де бұл жағдайды өз пайдаларына жаратар еді.
Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің мүддесін қамтамасыз етуші ұйым құру туралы идеяны алғаш рет ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында айтты. Алқалы жиында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылып, ел тұрғындары табысты, әл-ауқаты жоғары тұрмыста өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Осылайша, 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Осы уақыттар аралығында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ассамблеяның негізгі бағыты елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады.
Аталған беделді ұйымның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана айналып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналуында.
Қалыптасу кезеңдері
Жалпы алатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы бірнеше кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – 1995-2002 жылдар аралығы. Соңғы қабылданған жаңа Конституцияда мемлекеттік тұғырдың басым бағыттары деп жалпы азаматтық қағидаттар толықтай қарастырылды. Ескі Ата Заңдағы қазақстандықтарды байырғы ұлт және кейіннен қоныс аударған этностар деп екіге бөлу қысқартылып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі жарияланды. Аталған мәселелер қоғамның бірігуін жеделдетіп, жұртшылық тарапынан толықтай қолдауға ие болды. Жаңа Конституция заңнамалық деңгейде этностардың ұлтына, тіліне, діліне, дініне, нәсіліне қарамастан тең құқықтылықты қамтамасыз етті.
Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші күші, еліміздегі барлық этностарды жұмылдырушы қасиеті мемлекеттік ұлттық саясаттың басты тұғырына айналды. Ассамблея этномәдени бірлестіктерді дамыта отырып, саяси, құқықтық және мәдени бағытта қазақстандық жаңа үлгіні тәжірибеге енгізді.
Ассамблея тоталитарлық «біркелкілік» жүйесінен шыққан этностардың дәстүрі, тілі мен мәдениетін қалпына келтіруге, дамытуға толық жағдай жасалуына күш салып, халық ықыласына бөленді. Осылайша, «Саналуандық арқылы бірлікке» деген бағытта дамыған этносаралық қатынастың қазақстандық үлгісі қалыптасты.
Екінші кезең – 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – қоғамды жұмылдыру кезеңі деп саналады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел экономикасының қайта түлеп, тұрақты даму қарқынына ілесуі, қоғамды демократияландыру үдерістерінің жедел дамуы кезеңінде маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде алдыңғы қатардан көрінді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік дамудың көптеген мәселелеріне араласуы этностық негізде партиялар құру, этносаралық қатынастар саласын саясаттандырудан сақтауға негіз болды. Бұл кезең аралығында орта мерзімге арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының Стратегиясы, Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Қоғамды жұмылдыру идеясы – Қазақстан дамуының шарты ретінде» Концепциясы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр.
2007 жылы жүргізілген конституциялық реформалардың арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа конституциялық мәртебеге ие болып, еліміздің бас заң шығарушы органына өз өкілдерін сайлау құқығын иеленді. Осы жылы Ассамблея атынан Парламент Мәжілісіне депутаттар сайланып, еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайтуда бүгінгі күнде нәтижелі еңбек етуде. Олар 60-қа жуық заң жобасын әзірлеуге қатысты; азаматтар көтерген мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға жүздеген хаттар жолданды, Ассамблея туралы заңнамалық құжаттың жобасын әзірледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін 2008 жыл өте маңызды, нәтижелі жыл болды – Ассамблеяның бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытындағы рөлін нормативті-құқықтық тұрғыда үйлестіретін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды.
Бір шаңырақ астындағы татулық
Қазіргі таңда елімізде 600-ден астам этномәдени бірлестік, 4 ұлттық театр, Достық үйлері және 195 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, этнос тілдерінде 35 газет-журнал басылып шығады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынас саласының барлық мәселесіне ден қойып, мемлекеттік органдармен белсенді қарым-қатынаста жұмыс істеп отыр. Осы орайда Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерімен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер, Әділет министрліктерімен бірқатар бағыттар бойынша нақты шаралар атқарылуда. Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Ассамблеяға арналған депозитарий ашылды.
Ассамблея жанынан дүниеге келген келесі бір ірі жоба – Қоғамдық қор. Аталған Қор еліміздегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған әр түрлі жобаларды қаржыландырумен айналысуды мақсат еткен.
Еліміздің әр өңірлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен мемлекеттік саясат пен еліміздің қоғам бірлігін нығайту бағытындағы мақсат-міндеттерін халыққа түсіндірумен айналысатын арнайы ақпараттық-насихат топтары құрылып, нәтижелі еңбек етуде. Бүгінгі таңда 500-ге жуық адам ел ішінде үгіт- насихатта жұмыстарын жүргізуде.
Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп, Қазақстанды болашағы күшті, өркендеп, дамыған ел қатарына қосуда Ассамблеяның атқарып отырған рөлі орасан.
Ассамблея барлық салада белсенді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жұмысына ерекше мән беріп келеді.
"Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея дүниеге келген жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымдардың бірі болып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналды", - деген еді Мемлекет басшысы.
Ассамблея еліміздің барлық салаларында белсенді жұмыс атқаруда. Әсіресе ұйымның жастары өте белсенді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали да растайды. Оның айтуынша отбасы институтын сақтауға Ассамблея жанында «Ақсақалдар кеңесі» мен Аналар кеңесінің рөлін ерекше.
«Аналар кеңесі жалпы 252,5 мыңнан астам адамның қатысуымен 6 мыңнан астам іс-шара өткізген. Сонымен бірге, Қазақстанның барлық өңірлерінде мыңнан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді және ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Достық үйі бар. Бұл қазіргі кезде Ассамблея құрылтай барысында айқындалған жалпыға ортақ құндылықтарды, негізгі идеологемаларды қазақстандық қоғамда кеңінен насихаттау және тарату әлеуетіне ие екенін көрсетеді», - дейді Дулат Өтеғали.
Бұған қоса «Жастар ассамблеясы» ұйымы да өте белсенді. Аталған жастар ұйымның қатарында 9 мыңнан астам астам адам бар. «Жастар ассамблеясы» қоғамдық ұйымның төрағасы Тимур Жұмырбаевтың сөзінше, бұл нағыз патриоттар. Олар өздерінің күнделікті қоғамдық жұмыстары арқылы ұлт бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүр. Жастар білім мен ғылымды дамытуда, қоғамды ізгілендіруде, тазалық сақтауда, қайырымдылық жасауда және басқа да салаларда алдыңғы шептен көрінеді. Жалпы «Жастар ассамблеясы» ҚХА тынысы мен ауқымын кеңейте түсуде.
ҚХА-ның жаңа миссиялары
ҚХА құрылған кезеңнен бастап атап айтқанда консультативтік-кеңесші органнан Қазақстан қоғамының мүдделерін заңды қорғай алатын мығым институтқа айналды. Үстіміздегі жылы сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның жаңа 3 бағытын айқындады. Президенттің аталған жиында айтқан сөзіне сүйеніп айтатын болсақ, бірінші Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Атырауда наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсібилік, Жасампаздық пен Жаңашылдық деген сияқты ұғымдарға айырықша мән берілген. Ассамблея осы аталған қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.
Екінші, қазіргі кезде әлемдік катаклизм белең алып, көптеген елдерде арасында тұрақсыздық, дін, ұлт аралық қақтығыстар белең алуда. Сондықтан ішкі тұрақтылық пен бірлікті сақтау, сырт көздердің арандатушылығына түсіп қалмау, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты нығайта түсу аса маңызды. Бұл бағытта да Ассамблеяның миссиясы орасан, мұны да Президент баса айта келе: «...Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды», - деді.
Үшінші, Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажеттігі. Мемлекет басшысы «Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс», - деді.
Сонымен қатар Ассамблеяның бірлік, тыныштық пен этносараалық татулықты нығайтудан бөлек, қайырымдылық жасау, қоғамды ізгілендіру бағытындағы аса ауқымды жұмыстарын ерекше айта кеткен жөн. Көктемде болған тасқын апаты көпшілік үшін сынақ болды. Осы қиын сәтте Қазақстан халқы Ассамблеясы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өздерінің мықты дамып келе жатқан ауқымды қоғамдық ұйым екенін тағы да бір дәлелдеді. Бұл жағдайға да Президент жоғарыда аталған жиында ерекше тоқталып өтті.
«Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
P.S. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғынына 30 жыл толады. Осы 30 жылда Ассамблея үлкен даму кезеңдерінен өтті. Түрлі реформаларды бастан өткерді. Осы жылдар ішінде тұрақтылық пен татулықтық қазақстандық үлгісін жасауға берік іргетес қалады.
Авторы: Мара Келес