Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Бұрын бұл қызметті Тимур Құлыбаев атқарған. Шешім бүгін ҰОК бас ассамблеясының отырысы барысында қабылданды.
Спорт әлемінде GGG лақап атымен танымал болған Геннадий Головкин шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай, әуесқой да, кәсіпқой да бокста өзінің ұрыс мәнерімен, ерекше стилімен миллиондаған жанкүйердің сүйікті
«Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал өзім - қазақпын» дейтін Геннадий Головкин 1982 жылдың 28 ақпанында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол тұрған Майқұдық ауданы сол уақыттарда қылмыс өршіп тұрған қауіпті аймақ саналатын. Дәл осы жайт бала Генаның спортпен айналысуына да себеп болғандай.
Ол әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жетті. Еш уақытта нокаут тұрмақ нокдаунға да түсіп көрген жоқ. Геннадий әуесқой бокста Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарды. Алайда, Олимпиада чемпионы бола алмады, күміс медальді қанағат тұтты. Ол 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындары болатын. Дәл осы жазғы ойындарға Головкин қазаққа үнемі алтын медаль сыйлап келген 69 келі салмақ санатында баруы тиіс еді. Дегенмен, ол 75 келіге ауысып, ал 69 келі салмақта ел үміті Бақтияр Артаевқа артылған болатын. Осы олимпиадада Бақтияр Артаев чемпион атанса, Геннадий Головкин күміс жүлдегер атанды. Дегенмен, әлі күнге дейін дәл осы жекпе-жекке қатысты дау көп. Көпшілік Геннадийдің сол уақытта ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен жеңілмегенін айтады. Генаның өзі де сол жекпе-жекте жеңілмегендігіне сенімді.