Былтырдан бері еліміздің ақпараттық кеңістігінде Германияның АЭС-нан бас тартқаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. 2023 жылы соңғы үш АЭС жабылғаны рас. Алайда оның шынайы себебіне келгенде алып-қашпа пікір тарауда. Ең кең тараған нұсқа 2011 жылы Фукусимадағы жарылыс әсер етті деген пікір. Шындығына келгенде мәселенің себебі бұдан да тереңде жатыр. Герман үкіметінің мұндай шешім қабылдауына қоғамдық пікір әсер етті ме, әлде белгілі бір саяси топтардың лоббистік әрекеті ме?
Жалпыұлттық пікір деуге келмейді
2023 жылы сәуірде Германия билігі елдегі соңғы үш АЭС-ті жапты. Олар Бавариядағы Isar 2, Баден-Вюртембергтегі Neckarwestheim 2 және Төменгі Саксониядағы Emsland атом электр станциялары. Билік соңғы үш АЭС-і 2022 жылы желтоқсанда жабуды жоспарлаған. Алайда Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталып оны кейінге шегеруге тура келді. Былтыр Германияның вице-канцлері, әрі экономика және климат мәселелері бойынша министрі Р. Хабек Германияның атом энергиясынан бас тартуы түпкілікті шешім екенін мәлімдеген болатын.
ГФР Қоршаған ортаны қорғау және ядролық қауіпсіздік министрі Ш. Лемке атом энергетикасынан бас тарту Германияны әлдеқайда қауіпсіз ететініне сенімді. Ал «Жасылдар» партияның тең төрағасы Р. Ланг твиттерде ядролық энергетикадан шығу «жаңартылатын энергия көздері дәуіріне түпкілікті кіру» дегенді білдіреді деп мәлімдеді.
Дегенмен Германиядағы атом электр станцияларынан бас тартуға қоғамдық, жалпыұлттық пікір әсер етті деуге келмейді. Мысалы, соңғы үш АЭС жабылған тұста DPA ақпараттық агенттігінің тапсырысы бойынша YouGov институты сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқандардың 33% атом энергетикасынан бас тартпауды қолдаған. Ал 32% белгілі бір уақыттан кейін жабылсын деген. Тек 26% респондент қана түбегейлі жабуды дұрыс деп есептеген.
Парламенттегі партия электораты арасында да пікір біркелкі емес. «Жасылдардың» 56%, социал-демократтардың 31%, еркін демократтардың 12% ғана АЭС-і жабуды қолдаған. Солшылдардың 37%, христиандық партиялардың 16%, «Германияға балама» партиясының 6% ғана осы пікірде. Мұндай қарама-қайшылық жалпыұлттық пікір мен белгілі бір саяси топтардың лоббиі арасындағы текетірестен туындап отыр. Атап айтқанда «жасылдардың» ықпалы басым.
«Жасылдар» қалай күшейді?
ГФР парламенттік республика. Сондықтан саяси жүйеде парламенттің ықпалы басым. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты қай бағытта дамитыны билеуші және билік партияларының идеологиялық платформасына, күш балансына тәуелді. Сайлауда басымдыққа ие партиялар үкіметті жасақтайды. Қазіргі құрамы 2021 жылдан бері жұмыс істейді.
ГФР-ң Федеративті Үкіметі «Германияның социал-демократиялық партиясы», «Жасылдар» және «Еркін демократтар» партиялары мүшелерінен құрылған. Билеуші партия екеу – социал-демократтар мен жасылдар. Сондықтан канцлер қызметін Олаф Шольц (социал-демократ), ал вице-канцлерлікті Роберт Хабек (жасылдар) жүзеге асырады. Үкіметтің құрамы жайлы толығырақ төмендегі кестеде көрсетілген. Кестеден үкімет құрамында канцлерді қоса алғанда 8 социал-демократ, вице-канцлерді қосқанда 5 жасылдар және 4 еркін демократтар бар екенін көреміз. АЭС-ке қарсылардың басым көпшілігі жасылдар партиясының өкілдері.
Аты-жөні |
Лауазымы (министрлер) |
Партиясы |
О. Шольц |
Федеральді канцлер |
Социал-демократ |
Р. Хабек |
Вице-канцлер, экономика және климатты қорғау |
90 Одағы/Жасылдар |
В. Шмидт |
Жеке тапсырмалар бойынша министр |
Социал-демократ |
К. Гейвиц |
Тұрғын-үй, құрылыс және қаланы дамыту |
Социал-демократ |
Н. Фезер |
Ішкі істер және отан |
Социал-демократ |
Б. Писториус |
Қорғаныс |
Социал-демократ |
К. Лаутербах |
Денсаулық сақтау |
Социал-демократ |
С. Шульце |
Экономикалық ынтымақтастық және даму |
Социал-демократ |
Х. Хайль |
Еңбек және әлеуметтік мәселелер |
Социал-демократ |
А. Бербок |
СІМ |
90 Одағы/Жасылдар |
Л. Паус |
Отбасы, қарттар, әйелдер мен балалар мәселелері |
90 Одағы/Жасылдар |
Ш. Лемке |
Қоршаған ортаны қорғау және ядролық қауіпсіздік |
90 Одағы/Жасылдар |
Д. Өздемир |
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы |
90 Одағы/Жасылдар |
К. Линднер |
Қаржы |
Еркін демократтар |
М. Бушман |
Әділет |
Еркін демократтар |
Б. Вансингер |
Ғылыми талдаулар мен білім |
Еркін демократтар |
Ф. Висинг |
Транспорт және цифрлы инфрақұрылым |
Еркін демократтар |
Өткен ғасырдың 90 жылдарынан бері социал-демократтар мен жасылдар альянсы әрекет етуде. Жасылдар бір мезетте мұндай саяси ықпалға жетпеді. Олардың басты қолдаушылары атом энергетикасына қарсы әлеуметтік топтар 1960-70 жылдары пайда болды. 1986 жылғы Чернобыльдегі жарылыстан кейін жасылдар саяси күшке айнала бастады. Сөйтіп 90 жылдары социал-демократтармен альянс құрып, АЭС-н бас тарту идеясын ұсынған болатын. Алайда билеуші партиялар мен АЭС инвесорторлары арасында текетірес болып, оларды жабу ұзаққа созылды. Дегенмен арада компромисс болып, станцияларды біртіндеп жабу туралы тоқтамға келді. Бірақ бұл Германияның атом энергетикасынан түбегейлі бас тартты деген сөз емес. Сондай-ақ АЭС-нан бас тарту жалпыұлттық пікір деп те айта алмаймыз. Болашақта Германия АЭС-ке қайта оралуы мүмкін.
Пердехан ШӘМШИЕВ, сарапшы