Валюта бағамы
  • USD -

    520.9
  • EUR -

    543
  • RUB -

    5.33
Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі - Президент
Фото: Ақорда 16 қыркүйек 2024
Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі - Президент

Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.

– Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді,– деді Президент.

Өз кезегінде Германияның Федералдық канцлері қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

– Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз, – деді Олаф Шольц.

Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ қазақ-герман мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективасы қарастырылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.

Сонымен қатар ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.

RELATED NEWS
Қазақстан мұнай мен уранның ірі өндірушісі - Роман Василенко
12 қыркүйек 2024
Қазақстан мұнай мен уранның ірі өндірушісі - Роман Василенко

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелдік журналистермен кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы, әсіресе энергетика және маңызды шикізат сияқты салалардағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ulys.

«Энергетикаға келетін болсақ, Қазақстан мұнай мен уран сияқты дәстүрлі энергия көздерінің ірі өндірушісі болып табылады. «Негізгісі – дәстүрлі энергетика, яғни мұнай мен газды, бірақ ең алдымен мұнайды, сонымен қатар уранды білдіреді. Уранды тек Францияға ғана емес, сонымен қатар Словакия мен Чехия сияқты атом энергетикасын пайдаланатын елдерге де жеткізуді кеңейту жоспарлары бар», - деді дипломат.

Ол сондай-ақ неміс компаниясы басқаратын ауқымды «жасыл сутегі» жобасына сілтеме жасай отырып, Қазақстанның жасыл энергетиканы әртараптандыру жөніндегі күш-жігерін атап өтті. Бұл Svevind компаниясы жүзеге асыратын 50 миллиард еуроны (55 миллиард АҚШ доллары) құрайтын жоба,  Р.Василенконың айтуынша, жалпы қуаты 30 гигаватт электр энергиясын өндіретін күн және жел электр станцияларын салуды көздейді.

«Бұл негізінен 2032 жылдан бастап негізінен Еуропаға экспортталатын жылына екі миллион тоннаға дейін жасыл сутегі өндіру үшін пайдаланылады», - деп қосты министрдің орынбасары.

Р.Василенко әрі қарай «жасыл» және цифрлық технологияларға көшуі үшін қажетті маңызды шикізат ресурстарының Қазақстанда кең қорлары барын атап өтті. «Қазақстан қазірдің өзінде Еуропалық Одақ маңызды деп анықтаған 34 шикізаттың ішінен 18-ін барлап, өндіруде. Сондай-ақ, Қазақстан Минералды ресурстар қауіпсіздігі бойынша серіктестік форумына қосылды», - деді ол.

Қазақстандық дипломат осы саладағы ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне оптимистік сенім білдірді. Ол Германиямен байланыстардың кеңеюі туралы айтып, 2023 жылғы маусымда Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға сапары кезінде Неміс HMS Bergbau компаниясы мен қазақстандық компания арасында жасалған коммерциялық келісімшарттарға назар аударды. Бұл келісімшарттар Қазақстанның литий кен орындарын барлауға бағытталған.

Бұл ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру және кеңейту жоспарлануда, ал келесі аптада Германия канцлері Олаф Шольцтың іскер топ көшбасшылардан құралған ауқымды делегацияның сүйемелдеуімен Астанаға сапары күтілуде.

Еуропадағы су тасқыны: Француздар жарықсыз қалды
21 қазан 2024
Еуропадағы су тасқыны: Француздар жарықсыз қалды

Италияның барлық аймағында су тасқынына байланысты ескерту жарияланды, ал Францияның халқы жарықсыз қалдырды, деп хабарлайды Euronews.

Италиядағы толассыз жауын елде лай тасқындарын тудырды. Ең қатты зардап шеккен аймақ — Эмилия-Романья. Болоньяда табиғат апат салдарынан бір бала қайтыс болды, оны тасқын су автокөлікпен бірге ағызып әкеткен.

Ал Францияның орталық бөлігіндегі су тасқындары үлкен шығын әкеліп, электр энергиясын өшірді. Франция билігінің хабарлауынша кейбір аймақтарында 48 сағат ішінде 700 мм жауын-шашын жауған, бұл Париждегі жылдық нормадан да көп.

Францияның Ішкі істер министрлігі Париждің зардап шеккен аймақтарға қосымша 1500 құтқарушы жібергенін хабарлады.

Германияның канцлері Қазақстанға ресми сапармен келді
16 қыркүйек 2024
Германияның канцлері Қазақстанға ресми сапармен келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германияның Федералды канцлері Қазақстанға ресми сапармен келді. Астана қаласының әуежайында Олаф Шольцті Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов қарсы алды. 

Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц «Орталық Азия + Германия» екінші саммитіне қатысады, оның шеңберінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестік мәселелерін талқылау жоспарлануда.

Германия Қазақстанның маңызды сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Биылғы 7 айда өзара сауда көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, $2,3 млрд-ты құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 64%-ға ұлғайып, $770 млн-ға жетті. Қаражаттың негізгі бөлігі басымдық беріліп отырған экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.