Валюта бағамы
  • USD -

    523.5
  • EUR -

    613.5
  • RUB -

    6.71
Францияның музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 05 қараша 2024
Францияның музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі ашылды

Парижде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Франциядағы Қазақстан көрмесі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлем тарихындағы Ұлы даланың үш мың жылдық ерекше мәдени феноменін паш ететін көрмедегі бірегей экспонаттардың маңыздылығын атап өтті.

Ол француз әріптестеріне көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени қарым-қатынастың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Франциядағы Қазақстан көрмесі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

«Кейінгі жылдары Қазақстан мен Франция арасындағы байланыс артып, жаңа серпін алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макронның өзара сапарлары екіжақты ынтымақтастықты нығайта түсті. Әріптесім, министр ханым Рашида Дати мен Гиме музейінің президенті, доктор Янник Линтцке осы көрмені ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ, Гиме музейі ұжымына жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысы үшін ерекше алғысымды білдіремін», – деді Аида Балаева.

Франциядағы Қазақстан көрмесі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді.

«Музейдің биік миссиясы – өткеннің мәдени құндылықтарын көрсете отырып, заманауи тарихты жасау. Көрмеге қойылған ең құнды жәдігерлер алғаш рет шетелдік көрерменге заманауи, жаңашыл форматта ұсынылып отыр. Бүгін біз жаңа тарихтың – елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихының куәсі болып отырмыз», – деді министр.

Франциядағы Қазақстан көрмесі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Көрермендер көшпелі мәдениеттің және мемлекеттіліктің дамуын бейнелейтін құнды мұраларды тамашалай алады, олардың қатарында ғұн-сармат кезеңінен бастап Қазақ хандығына дейінгі жәдігерлер бар. Көрменің ерекшелігі – көрерменге Қазақстан мәдениетінің санғасырлық тарихы мен бай қазынасын терең тануға мүмкіндік беретін иммерсивті мультимедиялық контент.

Франциядағы Қазақстан көрмесі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

«Көрмеде Қазақстанның бес «Джокондасы» қойылған. Бұл көрменің идеясы бір жыл бұрын Франция президентінің Қазақстанға сапары кезінде туындады. Оның мақсаты – көрерменге Қазақстан мәдениетін, оның әлемдік тарихта алар орнын таныстыру. Көрме ежелгі тарихтан бастап 18-ші ғасырдағы Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыған. Бұл – Қазақстанның пейзаждарын, дыбыстарын, әсіресе, осы өркениеттің бес кезеңін бейнелейтін бес шедеврді немесе шедеврлер ансамблін көрсететін иммерсивті саяхат», – деді Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейі директоры Янник Линц.

Франциядағы Қазақстан көрмесі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады. 5 қарашада, көрмені Қазақстан мен Франция Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон тамашалайды.

Айта кету керек, көрме жобасына Қазақстанның Франциядағы елшілігі, Болат Өтемұратов қоры мен Alstom Kazakhstan компаниясы, Visor Group ЖШС және Кеңес Рақышев қолдау көрсетті.

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.