Валюта бағамы
  • USD -

    525.1
  • EUR -

    614.5
  • RUB -

    6.69
ЕУРОПАМЕН БАЙЛАНЫС АРТАДЫ
18 шілде 2019
ЕУРОПАМЕН БАЙЛАНЫС АРТАДЫ

Еуропа елдерімен байланысымыз тіпті артады. Себебі, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропаның алты мемлекетіндегі, атап айтсақ, Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия және Эстония елдеріндегі дипломатиялық миссияларға толыққанды Елшілік мәртебесін беру туралы Жарлықтарға қол қойды. Бұл маңызды шешімге қатысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фйесбук парақшасында Президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуовтің төмендегідей түсіндірмесін жариялады.

  

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуовтің бірқатар Еуропа елдеріндегі дипломатиялық миссияларын қайта құруға қатысты түсіндірмесі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде көпвекторлы сыртқы саясаттың «елімізге, ұлттық бизнеске, әр азаматымызға нақты пайдасын тигізуі тиіс» екенін айтты.
Отандық дипломатиялық қызмет әлемнің кез келген жерінде ұлттық мүддемізді нық қорғауы тиіс. Бұл ретте, саяси прагматизм мен экономикалық мақсатқа негізделген тиісті басымдықтарды анықтаудың маңызы аса зор.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында еуропалық елдердің алатын орны айрықша. Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімді іске асыру үшін еуропалық тараппен жүйелі жұмыс істеуіміз қажет. Еуроодақтың Орталық Азия бойынша биылғы маусымда қабылдаған жаңартылған стратегиясы серіктестікті нығайту үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады.
Еуропалық одақ – Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Еліміздің сыртқы сауда айналымының және Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жартысы Еуропалық одақ мемлекеттеріне тиесілі.
Осыған байланысты, Қазақстанның Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия және Эстония елдеріндегі дипломатиялық миссияларға толыққанды Елшілік мәртебесін беру – Еуропа мемлекеттерімен өзара іс-қимылдарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі уақытқа дейін осы елдерде біздің дипмиссияларымыз бен консулдықтарымыз ғана жұмыс істеді. Бұл аталған мемлекеттермен өзара ынтымақтастықты қарқынды дамытуға толық мүмкіндік бермеді.

Жоғарыда көрсетілген мемлекеттердің Елшіліктері Қазақстанда тиісті деңгейде жұмыс істеуде. Осыған орай, біздің серіктестеріміз Нұр-Сұлтан тарапынан лайықты қадам жасалатынына сенім білдіргендерін атап өту қажет.
Ауқымы жағынан шағын Елшіліктерімізді қаржыландыру мәселесі жұмыс істеп тұрған дипломатиялық миссиялардың бюджеті шеңберінде қарастырылған. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар тәсіл, яғни мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктердің ықшам, кәсіби, тиімді құрамы негізінде сапалы әрі нәтижелі қызметке баса назар аударады.
Осылайша, Қазақстан Президентінің СІМ ұсынысы бойынша қол қойған Жарлығы Еуропалық Одақтың маңызды серіктестерімен қарым-қатынастарды дамытуға тың серпін беру үшін қажетті әрі орынды шешім болды. Аталған бастама мемлекетіміздің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметін әртараптандыруға арналған міндеттерді жүзеге асыруды көздейді.

 

RELATED NEWS
Еуропадағы су тасқыны: Француздар жарықсыз қалды
21 қазан 2024
Еуропадағы су тасқыны: Француздар жарықсыз қалды

Италияның барлық аймағында су тасқынына байланысты ескерту жарияланды, ал Францияның халқы жарықсыз қалдырды, деп хабарлайды Euronews.

Италиядағы толассыз жауын елде лай тасқындарын тудырды. Ең қатты зардап шеккен аймақ — Эмилия-Романья. Болоньяда табиғат апат салдарынан бір бала қайтыс болды, оны тасқын су автокөлікпен бірге ағызып әкеткен.

Ал Францияның орталық бөлігіндегі су тасқындары үлкен шығын әкеліп, электр энергиясын өшірді. Франция билігінің хабарлауынша кейбір аймақтарында 48 сағат ішінде 700 мм жауын-шашын жауған, бұл Париждегі жылдық нормадан да көп.

Францияның Ішкі істер министрлігі Париждің зардап шеккен аймақтарға қосымша 1500 құтқарушы жібергенін хабарлады.

Орталық Еуропа су астында қалды
17 қыркүйек 2024
Орталық Еуропа су астында қалды

Орталық Еуропа елдерінде қатты дауыл, нөсер жаңбыр салдарынан Чехия, Польша Австрияның аумағын су басып, Румынияның ауылдары тұтастай суға кеткен, деп хабарлайды BBC.

Қазірге дейін 16 адамның денесі табылған.

 Польша ЕО-дан көмек сұрамақ. Туск үкіметі төтенше жағдай жариялады.

Елде мыңдаған адамдар эвакуацияланды. Көптеген жолдарды су басып, поездар жүрісін тоқттатты.

Дунай өзені тасып, Словакияның көне қаласы Братислава суға кетті. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, судың биіктігі 9 метрге жеткен, алда бұдан да ары көтеріледі дейді.

Дунайдың төменгі ағысында орналасқан Венгрия алдағы күндері болатын су тасқынына дайындалып жатыр. Дунайдың жағасындағы 500 шақырымдай аумақты су басу қаупі бар. Өзен тәулік сайын бір метрге биіктеуде.

Будапешт мэриясы миллион қапшыққа құм толтырып су тасқынынан қорғау шараларын жасады. Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан бүкіл шетелдік сапарларын кейінге шегерді. Чехияның Есеник қаласына өткен бейсенбіден бері орташа айлық нормадан 5 есе көп жауын-шашын жауды. Австрияның Санкт-Пёльтен  қаласына 4 күнде 1950 жылдың күзінен бері жаумаған көп жаңбыр жауды. Румынияның шығысындағы ауылдар тұтастай суға кетті.

 

Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі - Президент
16 қыркүйек 2024
Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі - Президент

Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.

– Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді,– деді Президент.

Өз кезегінде Германияның Федералдық канцлері қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

– Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз, – деді Олаф Шольц.

Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ қазақ-герман мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективасы қарастырылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.

Сонымен қатар ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.