Валюта бағамы
  • USD -

    541.5
  • EUR -

    633
  • RUB -

    6.73
Елімізде техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау басталды
Фото: gov.kz 08 қаңтар 2025
Елімізде техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау басталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды.  Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілді, сондай-ақ Министрлікпен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.

Атап өту керек, еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылған Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған жоспарлар әзірленді.

Бүгінде Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өсті.

Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп еліміздің мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады.

«Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі», - деп атап өтті оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Мемлекет колледжерді жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.

«Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыру біз үшін басты басымдық», – деді оқу-ағарту министрі. 

Дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар  даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жоспарлануда.

Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда, кәсіптік стандарттардың, МЖМБС және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын дайындайды, сондай-ақ өндірістік базада 1,5 мың педагогтің тағылымдамадан өтуі жоспарлануда.

Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау барысында Қазақстанның 10 колледжі интернационалдандырылады.

Шетелдік колледждермен тәжірибе алмасу педагогтердің  кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлық шеңберінде өз білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады.

«Орталық студенттердің кәсіби құзыреттіліктері мен дағдыларын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ мамандарды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру және WorldSkills чемпионаттарын өткізу базасына айналады», – деп атап өтті Ғани Бейсембаев. 

Жұмысшы мамандықтар жылындағы маңызды шаралардың бірі - биылғы жылы Ақтау қаласында түркітілдес елдер арасында Turkiskills – 2025 алғашқы кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.

RELATED NEWS
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
07 қараша 2019
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

 

АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.

2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым.  Бір қызығы сол,  магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда,  PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.

СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.

ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту.  Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп,  қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.

Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.

Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Көп уақытымды  университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында  дәріс беретін адамдармен  Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

 

 

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған  жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.

Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы  – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.

Грант иегерлерінің тізімі жарияланды
03 тамыз 2024
Грант иегерлерінің тізімі жарияланды

 Ғылым және жоғары білім министрлігі грант иегерлерінің тізімін жариялады.  

Грант тізімін төмендегі каналдан жүктеп алуға болады.

   Грант тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.

Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. 

Бір грант орнына ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығында болды. Бұл мамандық бойынша 35 талапкер бір орынға таласты.

Ары қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (11 адам), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (10 адам), «Аударма ісі» және «Психология» (9 адам) болды.

Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 22 мыңнан астам талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.

Сондай-ақ, грант үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.

Жоғары оқу орындарына құжат тапсыру 25 тамызға дейін созылады.

Естеріңізге сала кетсек, гранттдың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді.

«Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. 

Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген.

Грант тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.

«Болашақ» бағдарламасының талаптары өзгерді
21 қаңтар 2025
«Болашақ» бағдарламасының талаптары өзгерді

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлайы Ғылым және жоғары білім министрлігі.

2025 жылғы 17 қаңтардағы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.

Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.

Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.

Жалпы бұл өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.