Валюта бағамы
  • USD -

    482.7
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.37
"Елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар"
редактор 28 маусым 2024
"Елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар"
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде көптеген мәселелерге тоқталып өтті. АЭС салу мәселесі туралы да айтты. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді қабылдайтын сіз бен біз. Яғни ХАЛЫҚ! Мұндай пікірді Астана қаласының коммуникация қызметі басшысының орынбасары Маржан Омарова білдірді, деп хабарлайды Ulys.
 
"Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындағаннан кейін азаматтық позициямызды көрсетіп, осы мәселеге қатысты ой, пікірлерімізбен бөлісейік. Қасым-Жомарт Тоқаев: "Өздеріңіз жақсы білесіздер, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек" деді. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн", - деп жазды М. Омарва желідегі парақшасында.
Айта кетсек, кеше Президент журналистермен кездесуде осы күзде АЭС салуға қатысты референдум өтеді деген еді.
RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды
11 маусым 2024
1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды

Энергетика министрлігі ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды Ulys.

Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасының жоспарланып отырған ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 шілдеден бастап автомобиль газының құны:

  • Астана - литріне 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы – 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шымкент - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Ақтөбе облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Атырау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Ақмола облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шығыс Қазақстан облысы-84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жамбыл облысы - 78 теңге (қазір 71 теңге);
  • Батыс Қазақстан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қостанай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Қызылорда облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қарағанды облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Маңғыстау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Павлодар облысы - 81 теңге (қазір 74 теңге);
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Түркістан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Абай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жетісу облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Ұлытау облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге).

Бұйрық 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп көзделген.

Құжат 17 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.

Экологтар АЭС салу мәселесін талқылады
05 шілде 2024
Экологтар АЭС салу мәселесін талқылады

Қарағанды қаласында Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті, деп хабарлайды Ulys.

Қоғамдық талқылауға қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен экологтар қатысты.

Тыңдау аясында Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері сөз сөйлеп, АЭС салудың артықшылықтары, қазіргі атом станцияларының қауіпсіздігі, жұмыс принциптері және АЭС-тің қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы айтып берді.

ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова өз сөзінде Қазақстанда АЭС салу елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды шешім болып табылатынын атап өтті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2019 жылы атом электр станциясын салу мәселесін көтерген. Бес жыл бұрын Президент өз сөзінде бұл мәселені халықпен міндетті түрде талқылайтынымызды айтты. Мәселенің ерекше маңыздылығын түсіне отырып, мемлекет талқылау процесін ұйымдастырды.

«АЭС көмірсутек ресурстары мен энергияны сырттан тұтынуды азайтатын тұрақты және сенімді энергия көзі болып табылады. Энергия тұтынудың артуы және төмен көміртекті экономикаға көшу қажеттілігі жағдайында атом энергетикасы оңтайлы шешім болып табылады. АЭС көмірқышқыл газын және басқа парниктік газдарды іс жүзінде шығармайды, бұл оның экологиялық таза жоба екенін көрсетеді», - деді Г. Мурсалова.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, Қазақстанда АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша зерттеулер жүргізілді, олардың нәтижелері АЭХА-мен бағаланды. АЭХА қорытындысында АЭС-ті Балқаш көліне жақын орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ екендігі атап өтілді.

«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков заманауи реакторлардың қауіпсіздігі туралы айтып берді. Ол атом саласының ұлттық кәсіпорындарының біліктілігінің жоғары деңгейін және қолда бар кадрлық әлеуетін атап өтті. ҚР Ұлттық ядролық орталығы қолданыстағы және перспективалы ядролық реакторлардың қауіпсіздігін негіздеу үшін атом энергетикасының жетекші жеткізушілерімен бірлесіп зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижелері әлемде жұмыс істеп тұрған АЭС-терде қолдау тапты -деп түсіндірді Э. Батырбеков.

Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар АЭС салу жобасы туралы жұртшылықты одан әрі хабардар етудің және Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға байланысты мәселелерді талқылауға азаматтарды белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болды.

Ағымдағы жылдың маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін мәлімдеді.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.