Валюта бағамы
  • USD -

    472.7
  • EUR -

    551
  • RUB -

    6.53
Елімізде 50 жыл бойы қолданылып келе жатқан 348 мың газ баллоны бар
istockphoto.com 23 қыркүйек 2024
Елімізде 50 жыл бойы қолданылып келе жатқан 348 мың газ баллоны бар

«Жер үйден өрт шықты. Апатқа ескірген газ баллоны себеп болған». «Шағын асханада газ баллоны жарылып, адамдар зардап шекті». Кейінгі жылдары жаңалықтар легінен осыған ұқсас мәліметтерді жиі оқитын болдық.

Төтенше жағдайлар министрлігі осы проблеманы түп-тамырымен жою үшін қолданыста жүрген газ баллондарын түгенде шыққан көрінеді. Осылайша халықтың қолында 348 мың баллонның газ сақтауға жарамайтыны анықталып отыр. 


Ең сорақысы, халық бұл баллондарды бұрынғыдай арнайы қызметтің көмегімен емес, жанармай стансаларына барып, толтырып жүр. Министр Шыңғыс Әрінов проблеманың осы жағына көбірек алаңдайтынын айтады.

«Қазір халық газ баллондарды жанармай стансаларында  толтырады. Ол заңға қайшы.  Ал, ол баллондардың басым бөлігі қолдануға жарамсыз. Біздің есебіміз бойынша 348 мың газ баллонын ауыстыру керек», - деді министр.

Мәселеге тіпті Үкімет араласып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырыстарының бірінде 50 жыл бойы үздіксіз қолданылып келе жатқан газ баллондары бар екенін айтты. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы баллондарды жаңасымен ауыстыратын кәсіпорын іздеп жатыр.

Аталған министрлік газ баллондарын жаңасымен алмастыру халықтың қалтасына салмақ салмау керек деген ұстанымда отыр. Ол үшін «Жасыл даму» қорының 12 млрд теңгесін бірнеше кәсіпорынға бөліп беріп, мемлекеттік тапсырыс арқылы жаңа баллондар өндіру ұсынылып жүр. Мысалы, «Kazinjenering» компаниясы бір баллонды 34-38 мың теңгеден жасап шыға алатынын айтқан. Өндіріс қуаты осымен қарайлас тағы бір кәсіпорын табылса, 350 мың баллонды 5 жылда жаңартып шығуға болатын көрінеді.

RELATED NEWS
ТЖМ 8 жыл бұрын айырылған өкілетін қайтарып алмақшы
28 қыркүйек 2024
ТЖМ 8 жыл бұрын айырылған өкілетін қайтарып алмақшы

Көпқабатты үйлердегі өрттер, лифттерден шыққан ақаудың қайғылы салдары, тұтас бір тұрғын үйлердің салынып бітпей жатып қирап қалуы, қолданысқа берілген үйлердің қабырғасынан сетінеп сөгілуі. Кейінгі кезде құрылыс саласында осындай кемшіліктер көбейіп кетті. Әрине, мұның бәрі ең әуелі құрылыс компаниялары мен солардың жұмысын қадағалаушы органдардың салғырттығынан болатыны түсінікті. Бірақ кейде қауіпсіздікке жауапты қызметтердің қолын заңның томпақ нормалары байлайтын сәттері болады.


Төтенше жағдайлар министрлігіндегі 2016 жылы биік ғимараттарды қолданысқа беру өкілетін ведомстводан алып қою шарасын осындай томпақ норманың бірі деп есептейді.  Ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов министрлікке осы өкілетті қайтаруға күш салып жүр.

«Көп қабатты үйлер мен халық көп шоғырланатын нысандарды қолданысқа қабылдау өкілеттіктерін министрлікке беру мәселесін шешіп жатырмыз. Қазір Мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр. Жыл аяғына дейін біз ұсынған түзету бекітіледі деп үміттеніп отырмыз», - дейді ол.

Министр айтып отырған өкілетті заң ТЖМ-нен 2016 жылы «алып қойғанын» жоғарыда айттық. Ал 2011 жылға дейін тұрғын үй құрылысының жобалары да осы министрліктің мақұлдауынсыз қабылданбайтын.

Тоқаев Қорғаныс министріне тапсырмалар берді
29 қаңтар 2025
Тоқаев Қорғаныс министріне тапсырмалар берді

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының былтыр атқарған қызметі туралы есеп берілді.

Мемлекет басшысына армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйі мен әскерлерді даярлаудың жаңа тәсілдері жөнінде баяндалды.

Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамыту барысы жайында айтты.

Кездесу соңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге армияның жауынгерлік әлеуетін көтеруге, басқару үдерістерін одан әрі цифрландыруға, Арнайы операциялар күштерін дамытуға, әлеуметтік-идеологиялық жұмыстарды күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Аягөз гарнизонында офицер көз жұмды
20 қыркүйек 2024
Аягөз гарнизонында офицер көз жұмды

Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз гарнизонында офицер көз жұмған. Гарнизонның баспасөз қызметі әскери қызметкер өз үйінде суицид жасады деді. Бұл оқиғаға Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulsy.

Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев айтуынша, марқұм Аягөз гарнизонына екі жылға шақырылған. 

«Офицер далалық жұмыспен байланысты емес қаржылық қызметте лауазым атқарған. Қоныс аударуына байланысты барлық өтемақыны, ақшаны алды. Кеше соңғы рет әкесімен сөйлескен, әскери қызметке ешқандай шағым түсірмеген. Мүмкін, Аягөз гарнизонына көшуіне, яғни орын ауыстыруына байланысты психологиялық әсер болған шығар. Қазір енді біз болжам жасамай-ақ қояйық. Тергеуші әріптестеріміз мән-жайды анықтайды.  Біз оның ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Бұл дұрыс емес. Біз шетте қалмаймыз, барлық қажетті тергеу амалдары жүреді», - деді Басхожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Офицердің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.