Валюта бағамы
  • USD -

    524.1
  • EUR -

    616.5
  • RUB -

    6.57
ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМСІЗ ИНТЕЛЛЕКТУАЛИЗМНІҢ ТҰЗЫ ЖЕҢІЛ...
26 қараша 2019
ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМСІЗ ИНТЕЛЛЕКТУАЛИЗМНІҢ ТҰЗЫ ЖЕҢІЛ...

Қоғамда болып жатқан глобалды проблемалар қайдан шығып жатыр? Суицид, ажырасу, өмірдің мәнсіздігінен қажу, табиғи катаклизм тағы да басқа проблемаларды шешудің жолы бар ма? Осыдан елу жыл бұрын адамзат осындай проблемаларға тап болатынын болжай алды ма? Бұлай кете берсе болашақта бізді не күтіп тұр? Әлбетте, мұндай болашақ туралы сұраққа жауап беру өте оңай. «Болашақтың қамын жастарға тапсырамыз, ал біздің міндет жастарды оқуда озат қылу. Сол үшін де заманның талабына сай ұрпақ өсіру үшін оларды білімнің барлық саласына салып, жан-жақты қылуымыз керек. Ағылшын, шахмат, менталды арифметика, робототехника, спорт, музыка т.б алуан түрлі салаларды меңгеріп алса болашағымыз жарқын болары анық» деп сенеміз.

Бірақ, әңгіменің қызық жері де осында. Жоғарыда айтқан «егер, жастар оқуда озат болса болашақ жарқын болады» деген сөз рас болса, онда қазір суицид, ажырасу т.б проблемалар қайдан шығып жатыр? Олар неге интеллектуал бола тұра проблемаларға ұрынып жатыр? Сонда, біздің үйреткеніміз мұндай проблемаларға төтеп бере алмайтындығы ма? Егер, солай болса онда неге солай деп мойындамаймыз?! Себебі, мұны растайтын айғақтар мен мысалдар өте көп. Соның бірі, осы жазда бір апай маған хабарласып, ұлының жайын айтып берді. 23 жасар жігіт Чех елінде 6 жыл оқып, елге қайтып келгенде тұйықтанып, суицид туралы айта бастапты. Соған алаңдап, ұлыммен сөйлесіп көрші, деп өтінді. Кездесіп, үш сағат әңгіме айтып, бетін бері қаратып алдық. Енді, осы жерде тағы бір орынды сұрақ туады? Болашақтың қамын жейтін интелектуал жастар неге болашаққа қадам баспай жатып, құрып жатыр? Бар мәселе мынада.

Ғылымда интеллектуализм және экзистенциализм деген ұғым бар. Адам өмірде алшаң басып, алдын болжап, аяғын қате баспайтындай етіп, шешім қабылдау үшін осы екі ұғым ауадай қажет. Екеуінің біреуі болмаса бір дөңгелегі жоқ арбадай қисаяды да қалады.

Интеллектуализмнің қызметі – сананың сауаттылығына жауап береді. Яғни, әріп оқу, жазу, ғылым игеру, есеп-қисап, қысқаша айтқанда интеллектке қатыстының бәрін қамтиды. Сауатсыз адам не әріп танымай, не қолындағы ақшасын санай алмай, заманның талабына сай келмей, өмір сүруіне қиындық тудырады.

Экзистенциализм – адамның дүниетанымын қалыптастырады. Бұл ұғым, ар-ұят, кие, ілтипат, иба-әдеп деген моралдік принциптер мен өмірдің мәні, өмірге деген көзқарас деген тақырыптарды қамтиды. Дүниетанымы дұрыс қалыптаспаған бала қанша жерден сауатты болса да өміршең болуы екі талай. Керісінше уақыт өте адамның дамуын тежейді. Себебі, нақты жауапты қажет ететін «не үшін» деген сұрақ тұрады. «Осының бәрі не үшін, не үшін оқып жатырмын, не үшін интеллектуал болуым керек, мұның бәрін үйренгесін не істеймін, қайда барамын, не үшін барамын» деген сұрақтар маза бермейді. Ақырында оң-солын тани алмай, наданданып, бақытты өмірден мақұрым қалады. Сол себепті де интеллектуалды біліммен қатар экзистенициялық білімді беріп отыру өте маңызды.

Бізде, тіпті әлем бойынша осы экзистенициялизм ұғымы ақсаңдап тұр. Мұның себеп-салдарын қазып, зерттесеңіз еуропаның қайта өрлеу дәуіріне тірелесіз. Оның соңы табиғат емес, адам баласына да жаны ашымайтын без бүйрек интеллектуалдардың көбеюіне әкеп соқтықтырды. Интеллектуализмнің белең алып кеткені сонша, ақырында атом бомбасын жасап бүкіл әлемдік қауіпке айналды. Сол себепті де әлем бойынша жастардың жегені алдында, жемегені артында, астында көлік, басында баспана, қолында уыс-уыс ақша ұстаса да, шетелдік атақты университтеттің қызыл дипломын алып жатса да жоғарыда айтылған проблемаларға ұрынып жатқаны осы экзистенциализмнің жоқтығынан. Барша жұрт жаппай интеллектуализммен айналысып жатыр.

Тарихшы Ной Харари өзінің «ХХІ ғасырға 21 дәріс» атты кітабында мынадай сөз айтады. «Болашақта бізді не күтіп тұр? 2050 жылы, 2100 жылы әлем қандай болады? Әлбетте оған біз нақты осындай болады деп жауап бере алмаймыз. Осыдан жүз жыл бұрын әлем қазіргідей болады деп ешкім ойлаған жоқ. Тек, алдағы уақытта жастардың қабылдаған таңдаулары болашақтың қандай болатынын анықтап береді дей аламыз. Ал, дұрыс таңдауды өмірлік дүниетанымсыз қабылдай алмаймыз. Егер, қазіргі жастардың өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы дұрыс қалыптаспаса, онда болашақтың жайы әрқалай болады» - дейді. 

Демек, бар мәселе дүниетанымға байланысты болса, онда болашақтың да қамын осы тұстан ойлауымыз керек. Ал, бізде дүниетанымды қалыптастыратын құралдар бар ма? Әлбетте, бар. Ол, Кеңес үкіметі кезінде большевиктердің қолымен әдейіге жойып жіберген «қисса» айту жанры. Міне, осы жанр, адамның дүниетанымын қалыптастырып, балаңызды өмірдің кетік жеріне кірпіш етіп қалап беретін таптырмас құрал. Басына қандай нәубет түсіп жатса да мойымай төтеп беруді, үлкенге құрмет кішіге ізет етуді, адамгершілікті, индивидті кәміл дәрежеге жеткізетін қиссадан басқа тәсіл үйрете алмайды. Осы экзистенциализмге қатысты қисса жанрын дамытсақ, интеллектуал жастарымыз болашақты жарқын қылатынын сеніммен айта аламыз. Ендеше, болашағын ойлаған әр ата-ана бүгіннен бастап, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, дастархан басында балаларына төмендегідей қиссаны айтып, дүниетанымын қалыптастыра берсін.

Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласты.

– Мен биікпін, менен жарат, – деді тау.

– Мен әзизбін, менен жарат,– деді алтын.

– Мен тасқынмын, менен жарат, – деді су.

– Мен дүлеймін, менен жарат,– деді жел.

– Мен күштімін, менен жарат, – деді от.

– Мен асқақпын, менен жарат, – деді аспан.

– Мен жұмсақпын, менен жарат, – деді ағаш.

– Мен қаттымын, менен жарат, – деді тас.

Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:

– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Алла тұрып:

Әй, тау, адамды сенен жаратпаймын. Себебі, сенде бір мін бар. Тым тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің.

Алтын, сенде де бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің бос. Адамға бақыт сыйлай алмайсың.

 Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің.

 Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы.

 От, сенің мініңқатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің.

 Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Адамды сенен жарататын болсам Мені мадақтаудың орынына өздерін мадақтап кетеді.

 Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің.

 Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді.  Сосын жерге қарап:

– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы, төзімді. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Сол себепті де адамды сенен жаратымын. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деп адамды торпырақтан жаратады.

 

Демек,

Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді.

Он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді.

Мың жылдығын ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді.

 

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, психолог

 

 

 

 

RELATED NEWS
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті
05 қаңтар 2025
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері  6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға көтерілді, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін арттырылып, 50 851 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

 

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 пайызғңа артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және мыналарға байланысты болады:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі
27 желтоқсан 2024
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulys.

2025 жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі жаңаша есептеледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі медианалық табыстың 35 пайызын құрайды. Бірақ оның мөлшері өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.

Айта кетері, қазір кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.

Бұйрық 6 қаңтарда күшіне енеді.

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.