Валюта бағамы
  • USD -

    523.7
  • EUR -

    612.5
  • RUB -

    6.69
Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 27 жыл толды
27 тамыз 2019
Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 27 жыл толды

Бүгін Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнатылғанына 27 жыл толады. Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мəліметінше, Қазақстанның Бакудегі Елшілігі 1994 жылдың желтоқсан айында, ал Әзербайжанның Қазақстандағы Елшілігі 2004 жылдың наурыз айында ашылды. 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап Әзербайжанның Ақтау қаласындағы Бас консулдығы жұмыс істеуде.

Екі ел арасында сындарлы саяси диалог орнатылған. Қазақстан мен Әзербайжан өңірлік және халықаралық сипаттағы негізгі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдардың жақындығымен ерекшеленеді.

Қазақстан-Әзербайжан қатынастары 2005 жылғы мамырда Бакуде қол қойылған Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қағидалары мен ережелеріне сәйкес дамуда.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының бұрынғы Президенті, Жалпы ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев іргетасын қалаған достық қарым-қатынас Әзербайжанның қазіргі Президенті Ильхам Әлиевпен де сәтті жалғасын табуда.

2017 жылдың сәуір айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжан Республикасына ресми сапары орын алып, оның нәтижесі бойынша 10 мемлекетаралық және үкіметаралық келісімге қол қойылды.

2018 жылдың тамыз айында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Каспий жағалауы елдерінің Бесінші саммитіне қатысу мақсатында Қазақстан Республикасында (Ақтау) жұмыс сапарымен болды.

Жалпы 2018 жыл ішінде Президент, Премьер-Министр, Парламент, СІМ және басқа да министрліктер мен ведомстволар басшылары деңгейінде 30-дан аса өзара іссапарлар орын алды.

2018 жылы екіжақты тауарайналым 258,3 млн. АҚШ долларын құрады. Әзербайжан соңғы 3 жыл ішінде Қазақстанның Батыс өңіріне 70 млн. АҚШ долларынан аса инвестиция салды.

Екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың локомотиві болып табылатын көлік-логистикалық саладағы байланыстар үнемі кеңейтіліп, дамып келеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда Әзербайжанның қатысуымен 524 заңды тұлғалар тіркелген, соның ішінде 221 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде.

Екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының жұмысы да ықпал етуде.
Үкіметаралық комиссияның ұсыныстары екіжақты қарым-қатынастардың кең-ауқымды спектрын қамтып, энергетика, транзиттік және көліктік жүйелер, ауыл шаруашылығы, білім беру және туризм салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Көпжақты форматтағы қатынастарымыз да өзара сенімділікке негізделіп дамуда. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша біздің көзқарастарымыз үйлесімді және ұқсас.
Көпжақты форматта тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ТМЫК, АӨСШК, ЭЫҰ және т.б.) шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасасып келеді.

Қазақстан мен Әзербайжан парламенттері арасында тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы достық тобы құрылды және жұмыс істейді. Біздің елдеріміздің заңнамалық органдары тұрақты өзара сапарлармен, оның ішінде ҚР мен АР-да ұйымдастырылатын парламенттік және президенттік сайлауды өзара бақылау желісі бойынша алмасады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Тараптар тәжірибе  алмасып, екі елдің аумағындағы түрлі іс-шараларға қатысады.

RELATED NEWS
Azerbaijan Airlines ұшағын жерден атқылаған - Әзербайжан президенті
30 желтоқсан 2024
Azerbaijan Airlines ұшағын жерден атқылаған - Әзербайжан президенті

“Азаматтық ұшақ Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымданып, іс жүзінде басқарудан айырылған. Біз сонымен бірге ұшақты радиоэлектронды күрес құралдары арқылы басқара алмайтындай жағдайға жеткізгенін де білеміз. Бұл ұшаққа келтірілген алғашқы зақым” деді Әлиев әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында. 

Ол атқылаудың салдарынан ұшақтың артқы бөлігі қатты зақымданғанын айтты. 

Оның сөзінше, түпкілікті қорытынды қара жәшікті ашқаннан кейін белгілі болады. Әзербайжан президентінің сөзінше, ұшақты қасақана атқыламаған.

Әлиев сонымен бірге "қандай да бір газ баллоны жарылды" деп мәлімдеген Ресей билігі кінәсін мойындап, Әзербайжаннан кешірім сұраудың орнына "мәселені жасыруға" тырысты деді.

“Ресейдің ресми құрылымдарының қандай да бір газ баллоны жарылғаны жөнінде болжамды алға тартуы біздің көңілімізді қалдырды әрі таңғалдырды. Яғни, Ресей жағы мәселені жасырғысы келетінін айқын көрсетті және бұл әрине, абырой әкелетін нәрсе емес” деді Әлиев. 

 

Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды
25 желтоқсан 2024
Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды

Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 26 желтоқсанда Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Аzertag агенттігі.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев тиісті жарлыққа қол қойды.

Еске салайық, бүгін Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында құлап түсті. Бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған. Әзірге 28 адам аман қалғаны айтылуда.

Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері ауқымды өтті
26 қыркүйек 2024
Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері ауқымды өтті

Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндеріне орай өткен гала-концертке мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Ulys Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен гала-концертпен қорытындыланды. Ауқымды іс-шараға мыңға жуық көрермен - шығармашылық зиялы қауым, ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды.

Сондай-ақ концертке ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адил Керимли қатысты.

Сахнада Әзербайжанның Халық әртістері Самир Джафаров, Алихан Самедов, Тунзаля Агаева, Азер Зейналов, Гульяз Мамедова, Әзербайжанның еңбек сіңірген әртістері Рашад Ильясов, Лала Мамедова және басқа да танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Іс-шарада Қазақстан мәдениетін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әлішер Кәрімов пен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Аяулым Қажымұханқызы Жумкенова таныстырды.



Концерт барлық қатысушылардың Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени бірлік пен достықтың символына айналған Муслим Магомаевтың әйгілі «Әзербайжан» әнін орындауымен аяқталды.

Айта кетейік, 24-26 қыркүйек аралығында Қазақстанда Әзербайжанның мәдениет күндері өтті. Оның аясында Астанада кітаптардың тұсаукесері, этно-джаз концерті, екі елдің Ұлттық кітапханалары арасындағы меморандумға қол қою, сондай-ақ «Әзербайжан өнерінің інжу-маржандары» көрмесінің ашылуы және Әзербайжан мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті. 

2023 жылдың желтоқсан айында Бакуде Қазақстанның Әзербайжандағы Мәдениет күндері жоғарғы деңгейде өтіп, екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызды қадам болған еді.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.