Валюта бағамы
  • USD -

    518.9
  • EUR -

    587
  • RUB -

    6.23
Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды - Тоқаев
Фото: Ақорда 08 қыркүйек 2024
Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуында көшпелі халықтың тарихтағы рөлі туралы айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Көшпенділер қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы Далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев дүбірлі доданы ресми аша тұрып.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, көшпенді жұрт Батыс пен Шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті.

«Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрылды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды. Көшпенділер өркениеті нағыз көрнекі өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар, олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африкамен Америкадан көруге болады. Көшпенділердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары ортақ. Көшпенді халық ең алдымен рухы азат жұрт. Көшпенділер үшін өмір мәңгілік қозғалыс. Олардың әр қадамы жаңа әлемде жасалған жасампаз қадам. Біз ежелден қонақжай халықпыз, жаңалыққа жаны құмар, түрлі мәдениетке ашық жұртпыз. Біздің өмір салтымыз табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Көшпенділер тумысынан қайсар халық», - дейді Президент.

RELATED NEWS
Көшпенділер ойындары «Ұлы дала жорығынан» басталады
23 тамыз 2024
Көшпенділер ойындары «Ұлы дала жорығынан» басталады

3-7 қыркүйек аралығында елімізде Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді. Оған шет мемлекеттерден 10-жуық команда қатысады. Отандық командалардың саны 9. Қазіргі уақытта қатысушыларды тіркеу аяқталды. 

«JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басты мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғыртып, олардың әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау.

«Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі бағыттарының бірі – қолтума жылқылардың екінші тынысын ашу. Үш жыдан бері өткізіліп келе жатқан Жорықтың арқасында қолтума жылқылардың бағасы бірнеше есе өскеніне куә болдық. Бұған дейін «Бәйге аты», «Көкпар аты» деген түсінік болса, енді ол қатарға «Жорық аты» қосылды», - деп атап өтті Б.Тұрлыбеков.

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы болады. Сонымен қатар өзге мемлекеттер көшпенділер өркенитінің қазіргі үлгісін осы жорықтан көре алады.

«Бұл бастама аясында қазақ жылқыларын шетелдік жылқы тұқымдарымен салыстырып, олардың шыдамдылығын, ұзақ қашықтыққа төзімділігін, жалпы әлеуетін көрсетеміз. Бұл додаға шетелден қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз жылқы тұқымдары қатысады», - дейді «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Б.Тұрлыбеков.

Байрақты бәсеке Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысынан басталып, Астана қаласында аяқталады. Жарыс басталатын Ботай қонысы кездейсоқ таңдалмаған, 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты. Олар осы аумақтан 100-ге тарта артефактілер тауып, Солтүстік Қазақстан жерінде қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасады.

«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша дәл осы жерде жылқы шаруашылығының дамығанына дәлел болатын археологиялық жәдігерлер көптеп табылған.

Сондай-ақ, Ботай қонысының маңына қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін үлкен этно-ауылдың құрылысы жоспарланып жатыр.

Еске сала кетейік, Республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Теңге ілу: Көшпенділер ойынына қатысатын спортшылар анықталды
13 тамыз 2024
Теңге ілу: Көшпенділер ойынына қатысатын спортшылар анықталды

Теңге ілуден ҚР ұлттық құрамасы, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қоррғайтын үш үздік спортшыны анықтады.

«Іріктеу сайыстарының нәтижесінде 3 стиль бойынша 3 үздік спортшыны анықтадық. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сайыстың барлық түрінен алтын иеленеміз деген сенім бар. Ол үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз», - деді ҚР Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі Көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты.

Спортшыларымыз «Қос құлаш», «Бес белес», «Жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын келесі спортшылар қорғайды:

-        «Бес белес» стилінен Бекнұр Серіков;

-        «Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай;

-        «Қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров.

 Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2023 жылы І Азия кубогінің 1-орын иегері.

Бақыт Төлтай - 1998 жылдың 12 тамызында Шымкент қаласы, Арыс ауданы, Монтайтас ауылында дүниеге келген. 2021 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында алтын және күміс медалінің иегері,  2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалінің иегері.

Рахат Қамбаров - 2001 жылы Түркістан облысында туған. 2022 жылы Теңге ілу федерациясының бас жүлдесін, 2023 жылы өткен VI ҚР Ұлттық спорт фестивалінің бас жүлдесін, 2024 жылы Азия кубогын иеленіп, 2024 жылы өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері атанды.

«Мен бала кезімнен атқа жақын өстім. Теңге ілу спортына келуіме де себеп болған жылғықа деген махаббатым. Бүгінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз»,- деді теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі Бақыт Төлтай.

Айта кетейік, теңге ілуден 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада болады. Оқу-жаттығу жиындарын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр. Ал 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Еске сала кетейік, Республикалық «Теңге ілу» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Көкпар», «Жамбы ату», «Садақ ату», «Бәйге», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Көкпаршылар дайындық өткізуде
30 шілде 2024
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Көкпаршылар дайындық өткізуде

Астанада өтетін 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеевтің айтуынша, осы оқу-жаттығу жиыны аясында қыркүйекте өтетін ойындарға қатысатын жылқылар дайындалып жатыр. Барлығы 40 жылқының ішінен мықтылары іріктеліп алынады. Оның сөзінше, команда дайындығы қазір жақсы деңгейде. Ұлттық құрамаға Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар мықты қарсылас бола алады.

«Екі айдан бері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді дайындалып жатырмыз. Еліміздің намысын абыроймен қорғаймыз деп үміттенеміз. Осындай маңызды спорттық жарыстың елімізде өтіп жатқаны бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірінші оқу-жаттығу жиынында өзіміздің күш-қайратымызға баса мән берсек, енді жылқыларды дайындап жатырмыз», деді көкпардан Ұлттық құрама мүшесі Әділет Мамыт.

Естеріңізге сала кетейік, Республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, қауымдастық құрамында Бәйге, Жамбы ату, Аударыспақ, Садақ ату, Құсбегілік, Асық ату, Теңге ілу, JORYQ және т.б. федерациялар бар. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.