Валюта бағамы
  • USD -

    495.5
  • EUR -

    542.5
  • RUB -

    5.09
Биылғы оқу жыл дәстүрлі форматта басталады
15 тамыз 2021
Биылғы оқу жыл дәстүрлі форматта басталады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы Ulys primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. 2021-2022 оқу жылында Қазақстанның 7475 мектебінде 3,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала оқитын болады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі.

Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 93,1%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды. Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажеттігін атап өтті.

Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды. 

Бұл ретте әрбір мектепке күндізгі оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс. Премьер-Министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска режимі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдауды аяқтауды тапсырды. 

Барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін «Ashyq» жүйесі енгізіледі. Үкімет басшысы а.ж. 25 тамызға дейін ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді тапсырды. 

А. Мамин кестеден артта қалған мектептерде жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көп саны Алматы (9), Қостанай (6) және Батыс Қазақстан (5) облыстарында екені атап өтілді.

Премьер-Министр а.ж. 25 тамызға қарай барлық білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға 100% дайын болуын қамтамасыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелердің шешімін табуды тапсырды.

RELATED NEWS
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
07 қараша 2019
Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

 

АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.

2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым.  Бір қызығы сол,  магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда,  PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.

СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.

ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту.  Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп,  қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.

Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.

Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Көп уақытымды  университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында  дәріс беретін адамдармен  Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

 

 

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған  жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.

Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы  – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.

МАГИСТРАТУРА МЕН ДОКТОРАНТУРАҒА ТҮСУ ТАЛАПТАРЫ ӨЗГЕРДІ
11 қаңтар 2019
МАГИСТРАТУРА МЕН ДОКТОРАНТУРАҒА ТҮСУ ТАЛАПТАРЫ ӨЗГЕРДІ

Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында жазды. Оның түсіндіруінше,  магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады.

«Егер осыған дейін магистратураға гранттар ЖОО берілген болса, және олар өздері тапсырма дайындаған, өздері емтихан өткізіп, түсту туралы шешімді өздері қабылдаған болса, енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешенді тестілеуден өту керек. Осы тестілеудің нәтижесі бойынша білім беру бағдарламалары тұрғысында жинаған балдары бойынша саралау жүргізіліп, жоғары балл жинаған талапкерлер грант алады, сәйкесінше ерікті түрде өзі ЖОО таңдайтын болады. Осылайша, «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады. Бұл ЖОО-лар басекелестігін арттыруы тиіс және сөзсіз гранттардың ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді. Магистратураға түсушілерге дайындық бағытының шеңберіндегі нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсету қажет. Үміткерлер шет тілін тапсырады (осыған дейін де солай болған), сондай-ақ білім алу дайындығы бойынша және 2 салалық пәндер бойынша тестілер тапсырады»,-делінген вице-министрдің жазбасында. Ал докторантураға қатысты: «Мұнда форматта өзгерістер жоқ. Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-ға түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады. Сонымен қатар, шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс – енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (сәйкесінше, IELTS, TOEFL және т.б.) талап етілетінінде. Докторантура бойынша шет тілінен тестілеу енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалулары тиіс», — дейді Асхат Аймағамбетов.

 

сурет: firat.edu.tr

ҚАН АУРУЛАРЫН ЗЕРТТЕГЕН БІРЕГЕЙ ҒАЛЫМ
26 қыркүйек 2019
ҚАН АУРУЛАРЫН ЗЕРТТЕГЕН БІРЕГЕЙ ҒАЛЫМ

 Бүгінгідей алмағайып заманда қа­лы­бын бұзбай, шыр етіп жарық дүние­ге келгенде Тәңірі маңдайына жазған адамдық қасиетінен ауытқымай, уақыт желімен құбылып соқпай, құрыққа сырық жалғамай арамызда жүзі жар­қы­рап жүретін жайсаң жандар кемде-кем. Осындай қасиетке ие, кісілігі мен кі­шілігін тең ұста­ған, мені кем, алды кең азаматтардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Амангелдіұлы Байдурин.

 Серік Амангелдіұлы бала кезінен шет тілдерін меңгеріп, ұстаз болуды армандаған. Он жылдықты тәмамдай салысымен Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне хат жолдап, құжаттарын реттеп, мұғалімнің оқуын оқуға белді бекем буады. Бірақ... Бірде Қарағанды медицина институтының табалдырығын қалай аттағанын өзі де аңғармай қалады. Еңселі ғимараттан ерекше әсер алып шыққан бала Серік еш ойланбастан, құжаттарын тапсырады.  

Серік Амангелдіұлы студент кезінде көп жастар секілді сейіл құрып, сайран салмайды. Бір тоға. Оқуда озат, өз ортасынан үнемі үздік шығады. Қоғамдық жұмыстарға араласып, қолы қалт етсе, мамандығын тәжірибемен ұштастырып, студент кезінен ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Оқуын тәмамдаған соң жолдама бойынша Павлодар облыстық аруханасына дәрігер-терапевт болып барады. Жұмысқа араласқан бетте тәжірибесі толығып, медицинаның сан қырлы функционалды салаларын меңгеруге ұмтылады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігер төрт жылдан соң өзі оқыған медицина институтына қайта оралады. Қарағандыға оралған соң терапия кафедрасында ассистент, кейін оқытушы, сосын доцент болады. Айтпақшы өзінің бала кездегі мұғалім болсам деген арманы осылай араға жылдар салып алдынан шығады. Дәрігер бола жүріп, қосымша студенттерге дәріс оқиды. Білім алған ордасына қайта оралған еңбекқор жастың талантын таныған ұстаздары оған Мәскеудегі гематологиялық ғылыми орталықта білімін шыңдауға кеңес береді. Зерделі жас жарты жылдың ішінде гематология саласын зерттеп, негізгі білімін меңгерген соң Мәскеуге аттанады. Зеректігінің арқасында орталықтағы мүйізі қарағайдай ғалымдардың сынағынан сүрінбей өтіп оқуға қабылданады. Бірден дисертациясының тақырыбы бекітілген соң Серік Амангелдіұлы аспирантураны қысқа мерзімде тәмамдап, кандидаттық жұмысын қорғайды. Жеткен жетістікке тоқмейілсу жас ғалымға жат қасиет. Жұмыс істей жүріп, үнемі ізденіп, ғылыми мақалалар мен еңбектер жазып, ақыры алға қойған арман-мақсаты оны Мәскеуде өзі оқыған ғылыми орталықтың докторантурасына түсуге жетелейді. Тақырыбы өте ауыр әрі ауқымды. Қан айналмаса, хәл құритынын кез-келген жан біледі. Міне, осы қан тақырыбын тереңдете қазбалаған ол «Лимфосаркомлардың көпсалалы клиника-морфо-функционалдық мінездемелері» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, қорғайды.

Серік Амангелдіұлы зерттеген лимфосоркомалар - қазақ аты жаман дейтін қатерлі дерт. Қан арқылы ішкі ағзалардың көбінде кездесетін ісіктің белгілері кез-келген уақытта асқынуы мүмкін. Бұрнағы жылдары бұл сырқат аз кезедесетін. Қазір жиі белең алып кетті. Әсіресе, соңғы 10 жылда қан арулары халық арасында жиі ұшырайды. Бұрын қазақ халқында бұндай ауыру атымен болмаған. Тек басқа ұлт өкілдерінде кездессе, қазір түркі тектес халықтарда да белең алған. Ғалымның айтуынша, оның себептері өте көп. Экология, дұрыс тамақтанбау, дәрі-дәрмектерді орынсыз пайдалану, қысқасы салауатты өмір салтының бұзылуынан және тағы басқа факторлардың кесірінен қазір бұл дерт дендеп тұр. Ал ғалым осы бір кеселдің емдеу жолдары мен оның шығу төркінін сонау Кеңестер заманы тұсында анықтап, жаңа тәсілдер ойлап табады. Бұл екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Оның сыртында Серік Амангелдіұлы сол кезде бүкіл ТМД-да лимпафомды жаңа препарттармен емдеудің жолын тапқан жалғыз ғалым. Қан аруына қатысты Секең қорғаған қабырғалы еңбек жарыққа шыққан бетте әлем елдерінің ғалымдары оған оң бағасын беріп, түрлі сілтемелер жасап жілікті мақалалар жариялайды. Автордың еңбектері де шет мемлекеттерде жиі жарыққа шығады. Өзі де Австралия, Германия, Италья, Франция, Украина, Ресей секілді бірнеше мемлекеттерде өткен ғылыми конференцияларға қатысып, өзекті баяндамалар жасайды. Жаңалыққа жаны құмар жаңашыл, жасампаз ғалымды кезінде мәскеулік мамандар орталықта қалуға үгіттейді. Бірақ қазақтың баласы туын туған жеріне тігеді. Өзі білім алған Қарағанды медицина институтына оралып, табысты еңбек етіп, гематологиядан басқа, терапия, гострентология секілді ішкі ауралардың бәрін қатар зерттеп, бес аспап ғалым болып шыңдалған шақта күтпеген ұсыныс түседі.

Бірде оны райкомпартия шақырып, Мозамбик республикасына баруға ұсыныс жасайды. 1984-жыл болатын. Ал Африка құрлығында тірліктің әлі күнге оңала қоймағаны әмбеге аян. Азаматтық соғыс болып жатқан елге көмек қолын созуды өзінің дәрігерлік қана емес, азаматтық борышы деп ұққан Серік Амангелдіұлы жат жұрт, шалғай елде екі екі жыл дәрігер болады. Осы кезде терапиямен ғана емес, өзі зерттеген қан аруларының неше түрлі кесірлерімен бетпе-бет келеді. Ерінбейді. Ізденеді. Өзі зерттеген тақырыптың төңірегіндегі түйткілдермен күнделікті кездесу оның ғылымға деген көзқарасы мен көкжиегін тіптен кеңейте түседі. Қан арқылы тарайтын аурулардың себеп-салдарларын зерттеп, оның пайда болуы, асқыну жолдарын анықтайды. Тәжірибе жүзінде онымен күресудің тың тәсілдерін табады.

Өмір өрнегі ерек, мерей-мәртебесі бөлек - Серік Амангелдіұлының мәрт тұлғасы хәм еңбегімен еленген есімі бүкіл Қазақ елі мен қала берді алыс-жақын шетелдерге де танымал.  Алайда, ол өзін-өзі түгілі өзгелердің мақтауын әсте жақтыра бермейді. Себебі мінезі жібектей болса да тік. Тура. Шыншыл. Ғалымның ұстаз ретіндегі ұстамдылығы, лекциялар мен практикалық жұмыстарды ғылыммен астастырып, әрбір дәрісті қызықты жеткізуі талай жастың ғылыммен айналысуға себеп болады. Әрі Секеңнен тәлім алған жастар тек қан немесе ішек аурулары саласында ғана емес, пульманология, эндокринология тіпті, радиология саласында да жетіп артылады, олар қазір еліміздің барлық аймақтарында табысты қызмет істеп жүр. Ғалымның осы күнге дейін 300-ден астам ғылыми еңбектері жарыққа шыққан. Оның екеуі монография. Қан аурулары мен диагностикаға қатысты бірқатар оқу құралрадарын да жазған. Қай жерде қызмет істесе де, сол жердің оқу-әдістемелік тәсілдерін түгел өзгертіп, жаңадан қалап, жұмысына жанын беретін ұстаз. Оған 1997-жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің өтінішімен Шымкенттегі медицина институтында госпиталді-терапия кафедарасының негізін қалаған еңбегі дәлел.

 Серік Амангелдіұлы көпті көрген, көненің көзі ғана емес, Қарағандының іргесіндегі шағын ғана ауылдан түлеп, түгел әлемге аты әйгілі болған ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. Ол ешқашан атақ-абырой мен мансап қуған емес. Бар өмірін тек жаны қалаған саланы жандандыруға арнап, туған елі мен ұлтының келешегіне қызмет етті. Секеңде қазір бұл тірлікке қажеттің бәрі бар. Сүйікті ісі, сүйген жары, сүйкімді балалары мен немерелері және сүйенер елі қашанда қасында. Тұғырынан түсіп, тұралап тұруды әлі де өзіне ар санайды. Сондан болар әлі күнге шәкірт тәрбиелеп, дәріс оқып, резидент, магистрант, докторанттарға жетекшілік етіп, білгенін үйретіп жүр. Өз білімін де жетілдіріп, заман ағымына сай шығатын жаңалықты қалт жібермей қадалағап отырады. Қажетіне жаратады. Елордадағы емханаларға кеңестер беріп, аса қатерлі ауруларды емдеудің консилумдарын өткізеді. Әсіресе, клиникалық медицинада көпшілік жұрт бүгінде салалық мамандарға жүгінуге тырысады. Яғни, проктолог, гематолог, нефролог деген секілді. Өкінішке орай біздің елде бұның бәрін қатар меңгерген кәсіби терапевттер жоқтың қасы. Ал Серік Амангелдіұлы болса, осының бәрін жетік меңгерген. Әрі жан-жақты біледі. Өйткені ол ішкі аурулардың бір-бірімен байланысын терең зерттеген ғалым. Бәрін бес саусағындай біледі.

2000-жылдардың басында Астана медицина университеті уран өңдейтін кәсіпорындағы жұмысшылардың денсаулығын зерттеу туралы кешенді ғылыми жобаны жүзеге асырады. Уран шығатын аймақтарды аралап, оның халық денсаулығына әсерін саралайды. Бұл республика көлемінде бұрын-соңды жүргізілмеген зерттеу. Елдегі ең мықты әрі саусақпен санарлық гематологтардың бірі Серік Амангелдіұлы да осы жобаға арнайы шақыртылады. Зерттеу шараларына бастан аяқ белсенді қатысқан ғалым кейін осы салада жазылған докторлық дисертацияға жетекшілік етеді. Әрі, Серік Амангелдіұлы осы ғылыми жобаға қатысқандардың арасынан жалғыз өзі уран қазатын шахтаға түскен ғалым. Басқаларының ешқайсысы бұл қадамға бара алмаса, ол еш нәрседен қауіптенбестен қойып кетеді. Себебі уран өңдейтін кәсіпорындағы жұмысшылардың денсаулығына радиоактивті үрдістердің қалай әсер ететініне нақты көз жеткізу үшін - өзін солардың қатарына қояды. Сірә, бұл қадамның өзі ғалымның қандай қадір-қасиетке ие екенін айтықбай-ақ меңзесе керек.

Қазір отандық медицина бұрынғыдан көш ілгері дамыған. Түрлі инновациялық әдістер мен заманауи технологияда кең тараған. Деседе, бес саусақ бірдей емес. Медицинаға көңілі толмай, дәрігерлерге сенімсіздік танытып жататын жайттар да жиі кездеседі. Бұқара бұған дәрігерлердің мардымсыз жалақысы мен жұмыс жүктемесінің  көп болуы да кері әсер ететінін түсінеді. Бірақ Серік Амангелдіұлы үшін бұның бәрі тек сылтау. Оның пайым-парасаты, ақ қалат киіп, ант бердің бе, жұмысыңа адал бол деген қарапайым қағида. Осы қасиеті мен қарым-қабілетінің арқасында Серік Амангелдіұлының еңбегі еленіп, талай марапат-мадақ, қошемет құрметтер көрді. Ол ҚР-ның ағарту саласына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгімен, ҚР Денсаулық саласын дамытуға қосқан үлесі үшін медалімен қоса ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы атақтарымен және көптеген құрмет громаталарымен марапатталған.

Өмір - өзен. Қайнардан бастау алатын өзен уақыт өткен сайын арнасынан асып, тереңдей береді. Кейбір өзендер сағасына жетпей құмға сіңсе, кейбірі керісінше ағысы арындап, алабы кеңи түседі. Бірінің суы лай, енді бір өзендер мөп-мөлдір таза. Қазақтың қайраткер ұлы Байдурин Серіктің тағдыр-тарихы сарқылмас һәм тартылмас өзен тектес. Көзі ашық, қайнары тасып тұнған тұлға. Бұралаң тұстан байыппен, бұғалық тұстан арнасын жайып кең ағатын - Арыс. Анығы бұл өзен айналасын жайқалтып, өмірлеріне нәр беріп, өсіп-өркен жаюуына өзек болған құбылыс. Ал құбылыс тарих бетінен ешқашанда өшпек емес. Өшпейді де!

 

Бекәлі АЮПОВ, журналист

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.