Валюта бағамы
  • USD -

    511.5
  • EUR -

    596.5
  • RUB -

    6.43
БЕРІК УӘЛИ. ӘУЛЕТ
17 қазан 2019
БЕРІК УӘЛИ. ӘУЛЕТ

Әулет – дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымында ерекше маңызға ие институт. Бұл тектік әлеует пен ұрпақ жалғастығын жүйелі дамытудың ұлттық моделі. Соның айғағындай боп қазақта «Қасқа айғырдың құлыны тым құрыса, төбел туады» деген пәлсапалық категория қалыптасыпты.

Халық ақындарының:

Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге, – деп толғайтыны сондықтан болса керек. Қазақ әлеуметінің түпсанасында бұл дәстүрлі танымдық жүйе әлі жұмыс істеп тұр. «Атасының баласы» немесе «атасына тартқан» бала біздің түсінігімізде құрметті оятатын дүниелер. Бала күнім ғана емес, қазірдің өзінде көзі қарақты ел ақсақалдарының ауызынан «атасына тартқан» деген сөзді естігенде кеудемде мақтаныш тұтанады.

  Атам Құрманғали саятшы адам болған деседі. Артына нөкер ертіп, қолына құс қондырып салтанатты ғұмыр кешкен. Мұндай тірлік кешкен адамның тұрмысы бақуатты болғаны өздігінен түсінікті. Абыз жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Ұзын Құрманғали бетті, беделді азамат еді. Мына Беріктің түр-тұлғасы сол атасына аумай тартқан» дегенін талай естігенім бар. Әркім өзімен теңдес адамдармен тамыр болып, андаласатыны қазақта ежелден бар дәстүр. Анданың қазақ түсінігінде салмағы ерекше. Тіпті дәстүрлі қазақ қоғамында балаға бәсіре темірден бәсіре тайға дейін енші бөлгенде қостан дайындап, бір данасын баланың андасы үшін сақтаған. Осының өзі-ақ анда ұғымының қандай ардақты болғанын ұқтырса керек. Қазақтың белгілі қабырғалы ақыны Несіпбек Айтұлының атасы Айт ақсақалмен менің атам Құрманғали андаласып, андалықтың серті ретінде бір-біріне бүркіт сыйлаған. Атамның қасқыр алатын үйдей қара бүркіті туралы хикая бала кезімнен құлағыма сіңген. Сол үйдей қара бүркіт достықтың куәсі екенін кейін білдім. Күллі табиғаттың тілін біліп, аспанның серісі – қыранды қолына қондырған біздің халық адалдық пен ант түсінігіне де ерекше жауапкершілікпен және құрметпен қарағаны байқалады. Атамыз Құрманғали ақсақалдың өзімен жолдас болған бүркітімен арасындағы қимас хикаялар көп. Үй алдында тұғырда отырған томағалы бүркітке әлдебір қонақтың қасқыр алатын төбеті таңға жуық абайсызда шапса керек. Бүркіт оны бүріп өлтірген. Бірақ арпалыс кезінде ит топшысын шайнап жіберіпті. Енді аң алуға жарамайтын серігімен атам Құрманғали қимай қоштасыпты. Тарбағатайдың бір биік шыңына апарып, бір бағланды сойып алдына қойып, аяқбау, томағасын алып, еркіндікке жіберді. Саятшылықтың талай қызығын көрсеткен сол қыранымен қоштасуы атамыздың бүкіл қызығымен қоштасуындай болып, жанына батқанын атамыздың жанына ерген інісі Шайхсіләм ақсақал жырдай қылып айтып, сағынып отырушы еді. Бүгінде екеуі де жоқ. Шайхсіләм ақсақал жыл басында ғана мәңгіліктің сапарына аттанды. Қазыналы қарттарымыз күн санап азайып барады. Қазақтың ант ұғымын ерекше қастер тұтқанының бір белгісі Құдаймен анттасу. Бұл – сирек болатын, ерекше құбылыс. Баласыз адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Жаратқаннан тілейтін немесе мойнына кісесін салып жалбарынатын тылсым рәсім қазақ арасында әлі бар. Шыңғыс қағанмен он сегіз жыл соғыстан жеңілген найманды қырғыннан аман алып қалу үшін Кетбұға бидің «Қарала белдік мойнымда, сауға Шыңғыс, сауға» деп тартқан күйін Таласбек аға Әсемқұлов бізге жеткізді. Қазақтың күй қазынасына әкеліп қосты. Біздің әулетте сондай ерекше оқиғаның болғанын ауыл ақсақалдарының аңызынан талай естідім. Құрманғали атам жалғыз қызы Күләннан кейін ұзақ уақыт бала сүймепті. Әжеміздің бойына біткен баланың бәрі шетіней берсе керек. Сосын  атам мойнына кісесін салып Құдайдан ұл тілеп, қазақтың ежелден келе жатқан ескі дәстүрін жасаған көрінеді. «Шыр еткен сәбидің маңдайынан иіскеген соң жанымды тарт» деп тілепті. Құдай тілегін қабыл етті. Әкем Уәли қырқынан шыққаннан кейін, атам ауырмай-сырқамай өмірден озыпты. Қазақтың осы тылсыммен жалғасқан ғажайып дәстүрі жайында Қабдеш аға үнемі айтып отырады. Атамыз мойнына кісесін салып тілеп алған сол тағдырлы баладан бүгінде біз өрбіп отырмыз. Адамның балалық шағы өмірдің ең аяулы кезеңі ғой. Балалық шағың қазақтың ескі ауылында өтсе, бұл тіпті де сәруәр сағынышқа айналары хақ. Менің бал күнім шығыстағы Ақсуаттың Ойшілік деген ертегідей шағын ауылында өтті. Әке-шешеміз қарапайым адамдар. Еңбектің, нысаптың және тәубенің қадірін тым жақсы түсінген, бастарынан ыстық-суық көп өткен жандар. Шешеміз біз оқитын мектептің қоңырауын соғатын және тазалық жұмыстарымен айналысатын. Біз де сабақтан қолымыз босаған әредікте анамызға қолғабыс жасайтынбыз.  Бұл ешқашан да бізге намыс саналған емес. Біз анамыздың сол жұмысын отанға үлес қосу деп қабылдадық. Ал анамыз өз жұмысын жақсы көретін. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың, тіпті көптеген адамдардың сондай қарапайым еңбек адамына деген көзқарасын көріп, қынжыламыз. Бұл біздің жас ұрпақтың еңбекке деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра алмағанымызды, арысын айтсақ, дұрыс тәрбие бере алмағанымызды білдірсе керек. Әкем мен анамның отасқандарына қырық жылдан асты. Әкем де еңбекқор кісі. Бізді бала кезімізден еңбекке баулыды. Егін суартып, кірпіш құйдырды, мал бақтырды. Жанына алып жүріп, өмірге үйретті. Қазақта «Қасқыр күшігін қарпып сүйеді» дейтін асқақ мақал бар. Әкемнің қаталдығының арғы жағына жасырынған бізге деген махаббатын ойласам, осы мақал есіме орала береді. Әкеміз жыл сайын қыркүйек айында жалақысының сексен пайызына газет-журналға жазылатын. Пошташы Бейсен ағамыз Мәскеуден шығатын «Новая время» журналын осы ауданда тек сенің әкең ғана жаздырып алады» деп күлетін. Тек ол ғана емес, күллі Совет одағындағы белгілі басылымдардың бәріне жазылатын («Известия», «Правда», «За рубежом», «Советский спорт»). Алматыдан жарық көретін мерзімді басылымдарды түгел жаздырып алып оқитын. Облыстық және аудандық газеттер екібастан. Біз бала күнімізден осы басылымдарды оқып өстік. Анам мейірімді жан. Бармағынан өнер тамған шебер. Анамның жүн түтіп, оны ұршықпен иіріп, түрлі-түсті қылып бояп тоқып беретін қолғаптары, мойынорағыштары мен кеудешелерінің жылуы әлі жүрегімде. Анам сол әдемі қолөнеріне өзінің ыстық ықыласы мен толқыған мейірін қоса тоқитын еді. Бүгінде үлкен азамат болсақ та,  анамның әжім басқан жүзіне,  маңдайына уақыттың салған аяусыз іздеріне қарап отырып, сол риясыз аяулы кездерді сағынамын. Сондықтан да анамның сол кездегі ұршығы,  тоқыма таяқшалары мен бізін әлі күнге әулетіміздің қымбат естелігі ретінде сақтаймыз. Анам мен әкем бүгінде бауырынан өрген бес құлыншағының ғана емес, тұтас әулеттің қазыналы қартына айналды. Немере сүйіп, жиендерін қызықтап, үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің басқалқасы болып отыр. Халқымыздың «Қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген сөзі осындайда айтылса керек. Анда-санда әулетіміз бас қосып, арқа-жарқа болғанда мұнар арасындағы өткен дәурен,  аяулы адамдар туралы қызықты естеліктер айтылып, біздің сарайымызды ашып, санамызды жаңғыртатыны бар. Мен ондай сәттерді ештеңеге айырбастай алмаймын. Біздің тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық кодты жаңғырту дегеніміздің бір бастауы осы қазыналы қарияларда жатыр. Әмәнда ауыл мен ата-әжеден балаларымыздың кіндігін үзбегеніміз абзал. Ауыл бәріміздің де алтын бесігіміз. Мен көктей шолып өткен жоғарыдағы шағын естеліктің, санамызда сәулесі ойнаған қызықты кездердің бәрі де сол ертегідей ауылда өтті. Бүгінде азамат болған біздер ауылымызға кішкентай болса да көңілімізді білдіріп, перзенттік парызымызды өтегіміз келеді. Бұл – ауылдан шыққан барлық баланың асыл арманы. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдерімен жұмыстарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше ынталандыру керек» деген болатын. Біз де ел десе жүрегі елжірейтін бірнеше азаматтың ықыласымен туған ауылымыздағы өзіміз оқыған мектепке кішкене ғана сый жасадық. Ауыл мектебінің үш сыныбын заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Бұл ақпарат мақтан үшін емес, бір жағы Елбасы бастамасын өз ісімізбен қолдағанымыз болса, екінші тұсы бәріміз де туған ауылымызға қарлығаштың қанатымен су сепкендей қызмет қылсақ, ауылымыз бұдан гөрі еңселірек болар ма еді деген ниеттен шығып, азаматтарға ой салар деген үмітпен айтылып отыр. Өзімнің балалық дәуренім мен өскен ортамды бүгінгі қырықтан асқан жігіттің көзімен шолған сайын қазақтың тәрбие институттарының, отбасылық дәстүрінің өте ізгі және озық болғанын ойлап,  таңданысым арта түседі. Әулет дәстүрі, әже институты, нағашылық дәстүр, ағалық институт және осының ең биігінде тұрған ақсақалдық институт бізді мыңжылдықтардың дауылы мен жауынынан аман алып өткеніне еріксіз иланасыз. Қазақ өмірінің жазусыз  заңдарына айналған «ағайынның азары болса да, безері болмайды»,  «ағаңмен араз болсаң  да, арыңмен араз болма» немесе «көптен кеткен көмусіз қалар» деген қорғасындай ауыр кодекстердің бәрі осы әулеттік институттың шеберханасынан суарылып шыққан болаттай өткір сөздер екенін кештеу болса да білген сияқтымыз.

Әулет аман болса, ел аман. Әр әулет – жұрттың бір-бір уығы. Уығы мықты елдің – ғұмыры да ұзақ болмақ. Сондықтан ежелден қалыптасқан әулет институтын дамыта түскеніміз абзал. Қазақтың ізгі дәстүрлері мемлекеттің негізгі ұстын-тірегі болса, біз «күн сөнгенше сөнбесіміз» анық.

 

Дереккөзі:  https://didar-gazeti.kz

Суреттер Берік Уәлидің фейсбук парақшасынан алынды.

RELATED NEWS
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті
05 қаңтар 2025
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері  6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға көтерілді, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін арттырылып, 50 851 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

 

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 пайызғңа артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және мыналарға байланысты болады:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі
27 желтоқсан 2024
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulys.

2025 жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі жаңаша есептеледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі медианалық табыстың 35 пайызын құрайды. Бірақ оның мөлшері өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.

Айта кетері, қазір кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.

Бұйрық 6 қаңтарда күшіне енеді.

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.