Валюта бағамы
  • USD -

    521.7
  • EUR -

    613.5
  • RUB -

    6.59
Берік Әбдіғалиұлының "Ұмытылған қаһармандар" атты кітабының тұсаукесері өтті
15 мамыр 2019
Берік Әбдіғалиұлының "Ұмытылған қаһармандар" атты кітабының тұсаукесері өтті

Берік Әбдіғалиұлының "Ұмытылған қаһармандар" атты кітабының тұсаукесері өтті

 

 

«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында «Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа кітап көпшілікке таныстырылды. Бұл еңбекке Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, жоғары наградаларға ұсынылғанымен түрлі себептерге байланысты тиісті марапатына қол жеткізе алмаған батырлар туралы мәліметтер жинақталған. Кітаптың және жалпы жобаның авторы, белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы. Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа еңбек «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында жарық көрді. Салтанатты рәсімге партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және кітапқа есімдері енгізілген батырлардың ұрпақтары қатысты.

 

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жобаның басты мақсаты ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін кеңінен насихаттау екенін айтты.

– Осы игілікті ісіміз арқылы біз жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұттық. Кезінде өздері көре алмай кеткен құрмет пен марапатты бүгінгі ұрпақтарына көрсетіп, аталарымыздың ерліктерін дәріптеуді көздедік. Бұл – бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі болған әкелеріміз бен аталарымыздың алдындағы перзенттік борышымыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

 

Сонымен қатар ол аталған еңбекті Берік Әбдіғалиұлының «Забытые Герои. Герои Советского Союза» атты жинағының жалғасы деп қабылдауға да болатынын жеткізді. Б.Әбдіғалиұлының бұған дейін де осы салада зерттеулер жүргізіп, 2015 жылы жоғарыда аталған жинақты жарыққа шығарған болатын.

 

«Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа еңбекке Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған 133 майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Олардың көпшілігі жаяу әскер. Сондай-ақ артиллерист, пулеметші, сапер, танкист, танкіге қарсы өздігінен жүретін (СУ, ИСУ) атқыш, мерген, санитар, байланысшы, кавалерист, десантшы, әуе десанты, ұшқыш, инженерлік әскер және ІІХК-нің (НКВД) қызметкерлері бар.

Жинаққа тек марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлер ғана енгізілген. Дегенмен, партия Төрағасының Бірінші орынбасары елімізде соғыста ерен ерлік көрсетсе де лайықты марапатын ала алмаған батырларымыз тізімдегіден әлдеқайда көп екеніне назар аударды.

– Ерліктері ескерілсе де, дер кезінде еленбей қалған батырларымыздың бұдан да көп екені белгілі. Сол себепті «Nur Otan» партиясы осы бағытта еңбектеніп жүрген азаматтарға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра береді. Бүгін көпшілікке таныстырылған жаңа туынды біздің ауқымды жұмысымыздың бірінші кезеңі ғана. Келесі кезеңде бастаманың аясын кеңейтіп, батырларымыздың есімдерін мектептерге, көшелерге және ауылдарға беру ісін қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта сол жоспарларымыздың да жүзеге асатынына сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Екінші Дүниежүзілік соғысына баға берместен бұрын оған ең алдымен адамдардың тағдыры, қарапайым халықтың ерлігі тұрғысынан қарау керектігін айтты.

 

– Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ біз сол кезде аталарымыз бен әкелеріміз, әжелеріміз бен аналарымыз батырлық пен батылдықтың, қайрат пен қажырлықтың, сабыр мен төзімнің жарқын үлгісін көрсеткенін кеңінен насихаттауымыз керек. Олар бастарына түскен ауыр жағдайға қарамастан адами қасиеттері мен өмірлік ұстанымдарынан айнымай, Отан үшін отқа түсуден тартынған жоқ. Сондықтан сол бір сұрапыл жылдар туралы айтқан кезде алдымен осындай сәттерге назар аударған жөн, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Өз кезегінде жоба авторы Берік Әбдіғалиұлы соғыс жылдарында 497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын, алайда ұсынылғандардың саны бұдан да көп екенін айтты.

– Өкінішке қарай, көптеген жауынгерге қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді. Ресей, Беларусь, Украина және басқа да Еуропа елдерінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас батырлар мәңгілікке қалды. Соғыс алаңдарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Біздің әр батырымыз есте сақтауға, құрмет көрсетуге лайық. Олардың есімдері ешқашан ұмытылып кетпеуі керек. Себебі олардың әрқайсысы нағыз қаhaрмандар, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

 

 

Бұдан басқа, автор сегіз бірдей отандасымыздың екі рет Батыр атағына ұсынылғанын тілге тиек етті. Олардың екеуі капитандар Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейтхан Темірбаев. Екі рет ұсынылғанымен олар бір рет болсын Батыр атағын алды. Ал қалғандарына екі ретінде де берілмеген.

– Олардың арасында саперлер – қатардағы жауынгер Құдайберген Жансеріков және аға сержант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасының командирі, лейтенант Қабыш Көктаев, 248 жаудың көзін жойған мерген, аға сержант Зейтін Байжанов және майор В.Гутов пен лейтенант В.Гутовский бар, – деген Берік Әбдіғалиұлы алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар әрі қарай жалғасатынын жеткізді.

Ал Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан және сол кезде тылда еңбек еткен кез келген адамға құрмет көрсету баршамыздың басты міндетіміз болуы керектігін айтты.

– Жұлдызын алса да, алмаса да, біз үшін соғысқа қатысқан аға буынның бәрі батыр. Бұл – біздің еліміздің тарихы. Қандай пікір айтылса да тарихты ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан біз Жеңісті жақындатқан, соған үлкен үлес қосқан батырларымызды осылай дәріптеп, тек өз еліміздің көлемінде емес, одан тыс аудиторияларға да кеңінен насихаттауымыз керек, – деді Мұхтар Алтынбаев.

Одан бөлек, басқосуда Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, «Қаһарман» қорының директоры Сабыр Қасымов және кітапқа есімі енгізілген батыр Мінайқұл Сағындықовтың ұлы Марат Сағындықов сөз алып, атқарылған жұмыстың маңызы мен мәні туралы пікірлерін білдірді. Іс-шараны белгілі журналист, көрнекті қаламгер Нұртөре Жүсіп жүргізіп отырды.

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.