Валюта бағамы
  • USD -

    518.1
  • EUR -

    605
  • RUB -

    6.35
Басты міндет - заман талабынан қалмау
Фото: Ақорда 04 қазан 2024
Басты міндет - заман талабынан қалмау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың екінші республикалық форумында сөйлеген сөзінде атом электр станцияларына қатысты референдум жөнінде сөз қозғады. «AMANAT» партиясының бастамасымен өткен жиында Президент Тоқаев, АЭС салу бастамасына тоқталып өтті. Алдағы жексенбі, 6 қазанда Қазақстан жұртшылығына үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын, осы  референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр стансасының салынуы немесе салынбауын өздері берген дауыс арқылы шешетініне назар аударды. Өз сөзінде мемлекет басшысы АЭС салу -  еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді деді.

«Жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы оқиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтардың көп бөлігі қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», - деді Мемлекет басшысы.

АЭС тақырыбы қазір елімізде қызу талқы үстінде. Бұған басты себеп -  Қазақстанда негізгі қуат көздерінің жетіспеушілігі. Өз сөзінде Мемлекет басшысы АЭС салу мәселесі заман талабына сай екенін мәлімдеді.

«Заман талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен  болашақ ұрпақ көреді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», - деді Қ.К. Тоқаев.

Бүгінгі таңда елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың дені тозған. Сондықтан елдегі электр станциялары бүкіл республиканы қажетті қуатпен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұған қоса Қазақстандағы халық 20 миллионға жетті, осыдан келіп сұраныс та ұлғайып кетті. Мәселенің түп төркіні де осында тұрғанын ел билігі жиі алға тартуда. Осыған орай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, атом энергиясын ұтымды пайдалану туралы сарапшылар пікіріне құлақ түрдік. Satpaev University жалпы физика кафедрасының меңгерушісі Айдос Лесбаев өз пайымдауларымен бөлісті.

 «Мәслихаттардың екінші республикалық форумында Президентіміз алдағы референдум туралы айтып өтті. Ел дамыған сайын халықта энергетикалық тапшылық пайда болатынын да үнемі айтып жүр. Енді бізге ел болып, жұрт болып референдумге барып өз таңдауымызды жасау керек. Меніңше, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізудің ең оңай және дұрыс жолдарының бірі – АЭС соғу. Неге десеңіз, атом энергетикасының пайдасы тек электр энергиясын өндіруде ғана емес. Сонымен қатар, осы арқылы басқа салаларды дамытуға болатынын айтқым келеді. Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, мен өзім физик маман ретінде үнемі саралап жүремін, біріншіден қазіргі атом электр станциялары баяғы 50-60 жыл бұрынғы құрылғылар емес, бұл заманауи қауіпсіз жүйеге құрылады. Мәселен III және III+ буын атом электр станциялары белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Пассивті қауіпсіздік жүйелері адамның араласуын қажет етпейді. Баяғы замандағыдай оны операторлар басқармайды. Барлығы цифрлық технологияға негізделіп, компьютермен басқарылып, оңай бақыланады. Кез келген ауытқудың алдын алу шарасы қарастырылған. Бұл мейлінше дамыған жүйе, мұндай станцияларда реактор ядросының еруі, ақаулықтар шығу сияқты апаттар болмайды. Бұл АЭС-тың жалпы қауіпсіздігін арттырады», - дейді физика саласының маманы.  

Экологиялық мәселе өзекті болып тұрған кезеңде адамдарды радиация, радиоактивті заттардың ауаға тарауы тәрізді қауіптер алаңдатады. Дегенмен ғалымдар атом электр станциясының қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ екенін алға тартуда. Олардың сөзінше, мәселен Қарағанды станциясы бір тәулікте 170 вагон көмір жағады  екен. Енді соның 60% энергия болса, қалған 40%-ы күл, көмір, қышқыл газ, шлак, қалдық ретінде далаға тасталады. Ауаға тарайтын газдары тағы бар. Осы мәселені Абай атындағы ҚазҰПУ география және экология кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Айнұр Сейілхан өз сөзінде тарқатып айтып берді. Оның пайымдауынша, реакторлар ауаны ластайтын қалдықтарды шығармайды. Сондай ақ бұл жоба отандық ғылымды  да ілгерілетуге септігін тигізеді.

«АЭС салу ол ғылымды ілгерілету. Физика, химия, ядролық физиканы дамытуға ықпалын тигізеді. Яғни Қазақстан ғылымында көптеген жаңалықтар болады. Ал экологиялық тұрғыда әлемдік тәжірибе көрсеткендей,  атом электр станциялары өте тиімді, ол көмірқышқыл газы мен түрлі ілеспе газдарды ауаға шығармайды. БҰҰ Еуропалық Экономикалық комиссиясы осы атом энергетикасын парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп шешім шығарған. Бұл қорытындыны жасамас бұрын сала мамандары көптеген зерттеулер жүргізген. Экологиялық жағынан тиімді дегеніміз осы. Бұған қоса,  АЭС-тың экономикалық-әлеуметтік маңызы зор. Себебі тауарларды экспортқа шығарудың ең бірінші критерийі дәстүрлі көмірқышқыл газын пайдаланып өндірген өнімдерге қарағанда жасыл энергетиканы қолданып шығарған өнімдер әлдеқайда үлкен сұранысқа ие. Сондықтан алдағы референдумда  әрбір азамат елге пайда ма, зиян ба, өз бетінше саралап шешім қабылдай алады», - деді Айнұр Сейілхан.

Энергетикалық инфрақұрылымның қарыштап дамуы үшін бізге алдымен энергия тапшылығын жою қажет деген пікірлерді көптеген мамандардан естуге болады. Атом электр стансасын салу тақырыбы да осы тұрғыда туындаған. Себебі кез келген мемлекеттің дамуы, әлеуметтік ахуалының тұрақтылығы - энергетика саласына негізделген. Мамандар жыл өткен сайын электр энергиясына деген тапшылық ұлғая беретінін, одан шығудын бірден-бір балама жолы - атом энергетикасының әлеуетін қолдану екенін жиі айтып жүр. «Ядролық физика институты» РМК бас инженердің орынбасары Жақсылық Тезекбаевтың пікірін тыңдаған едік.  

 

«Бүгінгі таңда әлем бойынша 415 АЭС бар екен, соның 200 ден астамы су-сулы екі контурлы атом электр станциясы, біздің білуімізше елімізде АЭС салуға төрт мемлекет ниеттеніп отыр, олардың бірі Қытай, екіншісі Корея, сосын Франция мен Ресей. Соның ішінде атап айтсақ Корея реакторларының мүмкіндігі мол. Ол су-сулы реакторларда қауіпсіздік шаралары 2 кезеңнен қарастырылған. Жалпы АЭС тар үш буынға бөлінеді. Көп азаматтар АЭС десе Фукусима, Чернобыль деп шығады, олар бірінші буындағы жобалар. Қазір бізге салынатыны ІІІ+ буындағы АЭС болып табылады. Олардың айырмашылығы, ол пассивті, адамның қатысуынсыз болатын оқиғалардың алдын алады», - деп өз сөзін қорытындылады.

Ендігі сұрақ, алдағы уақытта халықтың басым бөлігі АЭС салуды қолдаса жобаны мүлтіксіз атқаратын қандай мүмкіндіктеріміз бар? Егер халық сенім артып жатса барынша қауіпсіз, сапалы станция сала аламыз ба деген сауалдарды саланы он саусағындай білетін маман, «Қазақстандық Атом Электр Станциялары» ЖШС бас инженері Асуан Сиябековке қойған едік. 

«Барынша қауіпсіз, ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, өте сапалы АЭС салу ол мемлекеттің өз мүддесі әрине. Атом энергияларын ұтымды пайдалану арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қатмтамасыз етуге болады. Оны салған соң арғы қарайғы қызметін жүзеге асыру қажет, кадрларды, инфрақұрылымды дұрыс ұйымдастыру маңызды. Осының бәрі оң шешімін табады деп ойлаймын. Бұл жоба еліміздің еліміз­дің энергетикалық жүйесін жаңғыр­ту, инфра­құрылымды жаңалау үшін қажет екенін түсінуіміз қажет», - деп ой түйіндеді сала маманы.

Санаулы күндерден соң АЭС ке қатысты жалпыхалықтық референдум өтеді. Соңғы шешім әрине халықта. Әзірге республика бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

RELATED NEWS
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек
12 сәуір 2025
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды Бұл туралы СІМ хабарлады.

Кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер
30 қыркүйек 2024
Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент өз сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие болғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Геосаясат пен геоэкономикадағы түбегейлі өзгерістер, жаһандық деңгейдегі климаттық және демографиялық сын-қатерлер, пандемияның жаңа қаупі, қарулану бәсекесінің өрши түсуі, технологиялық прогресс, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жағдайында стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму мәселелері баршамыз үшін өзекті бола түсті. Бұдан шығатын қорытынды анық: халықаралық қоғамдастық сындарлы диалогқа тың серпін беруі үшін күн тәртібіне оң өзгеріс жасауы қажет. Сондықтан біртұтас еуразиялық қауіпсіздік идеясы көпполярлы, әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға тұжырымдамалық негіз бола алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде Заң мен Тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен Тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пленарлық отырыста Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединский конференция қатысушыларына Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов оқу орнының 80 жылдығына орай осынау іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Біз конференция тақырыбын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Мұның аясында экономика және қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың дәстүрлі мәселелері климаттық күн тәртібіндегі жаңа сын-қатерлермен, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытудың жай-жапсарымен бірге қаралды, – деді Анатолий Торкунов.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Жиынға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті ғалымдары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, саясаттанушылар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды
28 сәуір 2025
Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысының 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

 Марат Сұлтанғазиев экономиканың негізгі секторларында өсім байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 97,4 миллиард теңгені құраған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 146,2 мыңға жетіп, 7,7 пайызға артқан.

Президентке жыл басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасының іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Оның ішінде «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзеніндегі шағын ГЭС каскадының құрылыстары сияқты ауқымды жобалар бар. Жалпы, өңірде құны 2,4 триллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 36 776 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына Қонаев және Алатау қалаларын дамыту барысы жөнінде айтылды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, облыс орталығында «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер жасау және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 білім ордасының құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. 2025-2027 жылдары 91 оқу ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын атап өтті. Президент индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.