Демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды Ulys.
«Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады. Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау — ортақ парызымыз.
Қазақстанның болашағы — жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де — жас ұрпақ. Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп», — деді Мемлекет басшысы.
Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы екенін алға тартты.
«Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн.
Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.