Валюта бағамы
  • USD -

    497.3
  • EUR -

    525
  • RUB -

    5.03
Азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек - Тоқаев
Фото: Ақорда 27 тамыз 2024
Азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.

– Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

– Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетістік деуге болады. Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғашқы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген мамандары да тер төгеді. Мен бапкерлерге, спортшыларды дайындауға үлес қосқан басқа да кәсіп иелеріне алғыс айтамын. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары жұмысқа жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды қадам жасады. Жауапты сәттерде спортшыларымыздың қасында болып, қолдау көрсетті. Ұлттық Олимпиада комитеті бастаған істі жалғастырып, алдағы уақытта нақты нәтижеге жетеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті. Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қолсозым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық.

– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екенін айтты.

– Бұл – өте маңызды міндет. Себебі бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс, – деді Президент.

RELATED NEWS
ӘЛЕМНІҢ ТАБЫСТЫ ҚАЗАҚТАРЫ БАС ҚАЛАДА БАС ҚОСТЫ
03 сәуір 2019
ӘЛЕМНІҢ ТАБЫСТЫ ҚАЗАҚТАРЫ БАС ҚАЛАДА БАС ҚОСТЫ

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақ диаспорасы өкілдерімен «Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков кездесті. Олар елге келген қонақтарға мерекелік лебіз-тілегін арнап, Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар Қорының» мақсат-мүддесін түсіндірді.

«Әлемге тарыдай шашылған қазақ баласын біз еш уақыт ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да. Барлық қандасты тарихи отан төңірегінде бірлестіру, қолдау үшін Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайындағы Елбасы тапсырмасымен «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Елге оралған және шетелде тұратын қазақтарды қолдау мақсатындағы жобаларымызды қазір жүйелеп, әзірлеп жатқан жайымыз бар. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты да сол – қиырдағы қандастарымыздың шоқтығын асыру, сондай-ақ олардың ұлттық болмысын сақтап қалу жолында өздеріңізбен күш біріктіру», - деді Нұртай Әбіқаев.

Отандастар кездесуінде әйгілі қазақ боксшысы Қанат Ислам әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарды қазақтың бірігуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Өз кезегінде, кәсіпқой спортшы боксты қазақ балалары арасында дамытуға бағытталған жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жатқандығын баян етті.

Кездесудің тағы бір кейіпкері – қобызшы, Тараз қаласының тумасы Әйгерім Ерсайынова Франциядағы «Қорқыт» қазақ мәдениет орталығын басқарады. Оның айтуынша, орталықты құрбысы әрі аттасы Әйгерім Матаева екеуі үш жыл бұрын ашқан. Тұңғыш қазақ мәдениет орталығын ашуға Франциядағы асыранды қазақ балалары себеп болыпты.

«Тарихи отанға, ата-аналарына біршама жақын болғысы келгендіктен, асырап алынған қазақ балалары орыс мәдени орталықтарына барып жүрген екен. Осы нәрсе біздің намысымызға тиді. Сол үшін өз қаражатымызды құйып, тұңғыш қазақ мәдениет орталығын аштық. Алғашқы екі жылы, тар болса да кішкентай ғимараттың бір бөлмесін жалға беріп, түрік ағайындар қол ұшын созды. Қазіргі таңда Франциядағы Қазақстан елшілігіндегі мәдениет, ғылым және білім бөліміндеміз. Қазақ диаспорасы көп шоғырланған Франция мемлекетінде біздің өнеріміз бен ана тілімізге деген құштарлық өте зор. Қазақтың ұлттық аспаптары мен фортепианоны,  ана тіліміз бен қолөнерді тағдыр тәлкегімен француз шаңырағында өсіп-өніп жатқан өзімнің қаракөз бауырларымнан бөлек, француздарға да үйретіп жатырмыз. Қазіргі уақытта қазақ әдебиетіне көп көңіл бөлгіміз келеді. Ол үшін бізге латын әліпбиіндегі кітаптар қажет», - дейді Әйгерім Ерсайынова.

Елорда төрінде өткен кездесуге Украинадан кәсіпкер-қандасымыз Нұртай Кенжебеков те қатысты. Ол өз сөзінде қандастарымыздың арасындағы жағдайы нашар отбасылардың балаларын мамандандыру жобасын қазақстандық тараппен бірігіп жүзеге асырып жатқандығы туралы айтты. Мальтаның жоғарғы оқу орны негізінде маманданатын түлектер жоба аяқталған соң Қазақстанда жұмыспен қамтылады екен. Сондай-ақ, кәсіпкер тарихи отанда «Үміт» Қорының негізін қалап, «Отандастар» Қорымен серіктесу арқылы «Астана Хаб» негізінде IТ-мамандарын оқыту мектебі деп аталатын жаңа жобаның тұсауын кеспек ниеті туралы да айтып өтті.

Ресейден келген Торғын Әшенова – Омбы қаласының тумасы. РФ ІІМ қарасты Омбы академиясында Құқық және мемлекет тарихы мен теориясы кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет ететін қандасымыз заң ғылымдарының кандидаты, сондай-ақ идеолог әрі белсенді қайраткер екен. Өзі негізін қалаған жергілікті «Омбы қазақтары» ұйымын басқарады. Айтуынша, ресейлік қандастар үшін туған тіл мәселесі өткір болып тұр. Осыған «Отандастар Қоры» мен Қауымдастықтың көп көңіл бөлуін сұрады. Торғынның басқаруындағы ұйым да қазір қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында еңбектеніп жатқандығын айтты.

Ал Қытай еліндегі қандасымыз Талапхан Пәтіханұлы сол тіл мәселесін шешудің ұтымды жолын ойлап тауыпты. Ол кездесу барысында балалардың қазақ тілін оңай үйренуіне арналған авторлық жобасы «Қастерлі қалам» оқу құралымен таныстырды. Айтуынша, ол арқылы бала қазақтың ертегі-аңыздарын, мақал-мәтелдерін, өлең-жырларын, есеп-қисабын, жаңылтпаштарын, тіпті Алаш ардақтыларының суреті, аты-жөні, еңбегіне дейін меңгеріп шығады.

Кездесу аясында «Отандастар Қоры» шақырылған қонақтармен екіжақты серіктестік меморандумдарға қол қойып, шетелдегі қазақ диаспоралары мен елге оралған отандастарды қолдау, қандастарды тарихи отан төңірегінде бірлестіру бағытында күш біріктіруге келісті.

 

Париж Олимпиадасы: Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медаль түсті
08 тамыз 2024
Париж Олимпиадасы: Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медаль түсті

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс медалін иеленді, деп жазады Olympic.kz. 

Ерлер арасында 80 келі салмақта финалда жұдырықтасқан Оралбай финалда украиналық Александр Хижнякқа есе жіберді. 

Осылайша, қазақстандық боксшы өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында үздіктер қатарына еніп отыр. 

 

Назым Қызайбай Олимпиаданың қола жүлдегері болды
07 тамыз 2024
Назым Қызайбай Олимпиаданың қола жүлдегері болды

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Назым Қызайбай ел қоржынына қола медаль салды, деп хабарлайды Olympic.kz.

50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді. 

Осылайша, Назым Қызайбай өз мансабында тұңғыш рет, өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанып отыр. 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.