Бүгін «Ауыл» партиясы Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының есептік конференциясы өтті, деп хабарлайды Ulys.
Шараға «Ауыл» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары, Орталық аппарат қызметкерлері, Астана филиалының активі қатысты.
Жиында сөз алған Серік Егізбаев Саяси Кеңес Президиумының қаулысына сәйкес, партияның XXIV Съезін ағымдағы жылы 21 маусымда өткізу туралы шешім қабылданғаны айта келе,
«Партия съезін шақыру жөніндегі шешім, ең алдымен, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға байланысты қабылданды. Бізге парламенттік партия ретінде трансформациядан өту керек. Съезд өткізудегі мақсат тек Жарғыға өзгеріс енгізу емес, партияның саяси беделін одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған жаңа саяси бағдарламаны қабылдау. Партияны жаңғырту барлық партия органдарының қызметін жетілдіруді, партия ұйымдары басшыларының, әрбір мүшесінің жоғары жауапкершілігі мен міндеттерін нақты орындауын талап етеді»,- деді.
Конференция барысында филиал атқарған жұмысының жылдық қорытындысы шығарылып, «Ауыл» партиясының XXIV съезіне делегаттар сайланды.
Жиын соңында су тасқыны зардабын жоюға белсене қатысқан партия мүшелері грамотамен марапатталды.