Валюта бағамы
  • USD -

    486.3
  • EUR -

    525.5
  • RUB -

    5.07
Астаналықтар өз ауласында спортпен тегін шұғылдана
Астана әкімдігі 27 маусым 2024
Астаналықтар өз ауласында спортпен тегін шұғылдана

Астанада қала тұрғындарына жаттықтырушымен бірге тегін және тікелей өз ауласында спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін AULAFIT әлеуметтік жобасы жалғасып жатыр. Бүгін жоба қатысушылары таңғы жаттығуды экоакцияны қолдау мақсатында ерекше өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Таңғы жаттығуға жиналған астаналықтар сенбілікке қажетті спорттық жабдықтармен түрлі жаттығу жасап, қалада өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдайтындарын білдірді.

AULAFIT әлеуметтік жобасының жетекшісі Айтжан Мусиннің сөзінше, алдағы уақытта өзге аулаларда да таңғы және кешкі жаттығу барысы қызықты өткізілмек.

«Бұл жоба осыдан төрт жыл бұрын бастау алып, еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен жүзеге асырыла бастады. Айтулы жоба арқылы қала тұрғындары жаттықтырушымен бірге тегін әрі өз үйінің ауласында спортпен шұғылдана алады. Оның аясында жаттықтырушылар күнделікті әр аулаға барып, футбол, баскетбол, волейбол сияқты командалық ойындар бойынша және жалпы физикалық дайындық бойынша жаттығулар жүргізеді. Қатысамын деушілердің жасына шектеу қойылмайды. Бүгіннен бастап барлық аула тұрғындары «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясын қолдау мақсатында жаттығудан кейін аулаларын жинастырады. Одан бөлек жаттығу барысын да ерекше өткізді. Алдағы уақытта бұл үрдіс барлық аулада жалғасын табады», - дейді А.Мусин.

Бүгінде әлеуметтік жоба елордадағы 30 аулада жүзеге асып жатыр. Оған 3 мыңнан астам қала тұрғыны қатысып, күнделікті спортқа деген белсенділігін көрсетіп жүр. Солардың бірі – 66 жастағы Әділет Ерғалиева. Елорда тұрғыны жоба басталғалы таңғы және кешкі жаттығуларға тұрақты түрде қатысып келеді.

«Мен екі жұмадан бері, яғни осы жоба басталғалы таңғы жаттығуға қатысып жүрмін. Өте керемет жоба. Осында келіп, дене жаттығуларын жасаймыз. Әдетте үйде отырғанда мұндай жаттығуларды ескермейміз, дегенмен денсаулық үшін спортпен айналысу маңызды. Сондықтан да бұл жоба біз сияқты апаларға өте пайдалы. Бәріміз таңертең және кешке бір сағат бойы спортпен шұғылданамыз.

Жаттықтырушымыз – Жантөре мәдениетті және сыпайы жігіт. Ол бізге жаттығуды қалай дұрыс орындау керек екенін түсіндіріп, үйретіп жатыр. Біз апалар болып жоба ұйымдастырушыларына және жаттықтырушымызға алғыс айтамыз», - дейді Әділет Ерғалиева.

Айта кетейік, таңғы жаттығуға қатысушылар одан кейін аула аумағында тазалық жұмысын жасады.

Жалпы елордалықтар жаттықтырушымен тегін және тікелей аптаның әр дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері қаланың 15 жерінде, ал сейсенбі бейсенбі, сенбі күндері өзге 15 аулада спортпен шұғылдана алады.

Яғни, таңғы сағат 9-дан бастап аға буын үшін, ұлдар мен қыздар үшін сағат 10:00-де жаттығулар өтеді. Ал кешке 17:00-ден бастап 6-10 жастағы балаларға арналған сабақтар, 18:00-де 11-15 жастағы балаларға арналған сабақтар және 19:00-де жастарға арналған жаттығулар өтеді.

Дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жаттығулар келесі мекен-жайлар бойынша өтеді:

1. Н. Тілендиев даңғ., 38;
2. Әнет баба, 11 – «Манхэтен» ТК;
3. Ш. Айтматов даңғ., 60 – «Мадрид» ТК;
4. Сарыарқа көш., 11;
5. Кенесары даңғ., 64 – «Дарын» ТК;
6. Сығанақ көш., 14 – «Шығыс ТК»;
7. С.Кубрин көш., 23/1 – «Европейский» ТК;
8. Ұлы дала, 31/1 - «Алпамыс» ТК;
9. Момышұлы даңғ., 12 – «Астана Меруерт» ТК;
10. Түркістан көш., 10 – «Көркем 2» ТК;
11. Қошқарбаев даңғ., 45;
12. Күйші Дина көш., 31 – «Мирас» ТК;
13. Сауран көш., 3/1 – «Сармат 1» ТК;
14. Мәңгілік ел даңғ., 19 - «Айсанам» ТК;
15. Қабанбай батыр даңғ, 59Б – «Будапешт» ТК.

Сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері спорттық жаттығулар келесі мекен-жайлар бойынша өтеді:

1. С 303 көш., 2 үй;
2. Ш. Айтматов даңғ., 36 – «Жағалау» ТК;
3. Қорғалжын тас жолы, 25 – «Елорда 2020» ТК;
4. Ш. Қосшығұлұлы көш., 20;
5. Пушкин көш., 15 – «Китайская стена» ТК;
6. Ж. Молдағалиев көш., 6;
7. С. Сейфуллин даңғ., 9 – «Джунгарские ворота» ТК;
8. Сарайшық көш., 34 – «Дипломат» ТК;
9. Құдайбердіұлы даңғ., 5;
10. Сауран көш.,5 – «Градкомплекс 2 ТК;
11. Қошқарбаев даңғ., 34 – «Түркістан» ТК;
12. Б.Майлин көш., 31 – «Апато» ТК;
13. Әл Фараби даңғ., 34/3 – «Nova City» ТК;
14. ⁠Бейбарыс сұлтан көш., 11 – «Qazanat River» ТК;
15. ⁠Айнакөл көш., 60 – «Барыс» ТК.

RELATED NEWS
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде
12 маусым 2024
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде

«Таза Қазақстан» road-эстафетасының ІІ-ші күнінде вандализммен күрес жалғасын тапты, деп хабарлайды Ulys.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасуда.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде Астанадан шыққан алдыңғы топ пен Қарағанды белсенділері «Спасск» мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан және вандализм іздерінен тазартты. Олар Ақсу-Аюлы мен Шет ауданының аумағын жүріп өтіп, Балқашқа қарай бет алды. 

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова road-эстафета аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін айтты. 

«Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде қоқыспен бірге вандализммен күресудеміз. Қарағанды-Балқаш бағытында кездескен ескерткіштерді де ретке келтірудеміз. Өздеріңіз білесіздер, вандалдық әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, құқық бұзушылықтарды жазалау шаралары күшейтілді. Бұл вандалдармен күресте қолданылатын жақсы тәсілге айналды. Былтыр қазан айында бастау алған вандализммен күрес республикалық акциясы road-эстафетада да көрініс табуда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсенділердің көңіл-күйі жақсы. Кеше Астана-Қарағанды тас жолында 1 күннің өзінде 13 тонна қоқыс жинадық. Автокөлікпен жол бойында кетіп бара жатқанда қоқыстар көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде қоршаған ортамызда қоқыс өте көп. Сондықтан жастар атынан барлығыңызды тазалыққа, саналы экологиялық орта құруға шақырамын», - деді ол өз сөзінде.

Жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы қосылып, вандализмге ұшыраған ескерткіштерді олармен бірге ретке келтірді.   

«Акцияның пайдасы зор. Мысалы күні кеше 3 қап қоқыс жинадым. Бүгін жастардың қатарына қосылдым. Вандалдардан кейінгі қалған ізді жойып, тас жолы аумағы мен оған қарасты аймақтарды қоқыстардан тазартудамыз. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы халқымен де кездесіп үлгердік», - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Депутат Ақсу-Аюлыда азаматтарды қабылдап, халықтың өзекті мәселелеріне құлақ асты.

Сондай-ақ белсенділер Қарағанды-Балқаш тас жолы мен оның аумағын қоқыстан тазартып, сұрыптауда. Жиналған қоқыс қаптарға сұрыпталып, «ҚазАвтожол» машиналарына тиеліп, қоқыс полигондарына шығарылады.  Қатты қалдықтар «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» басқармасының қолдауымен қайта өңдеуге жіберілетін болады. 

«Өте жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Экологиямыз үшін қоқысты сұрыптау өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Бұл үрдіс бізге де аса қажет. Сұрыптау – қоқыс көлемін азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Жастар қанатының бұл бастамасына біз қуана қолдау білдірудеміз», - дейді қауымдастық төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Еске сала кетейік, былтыр 20 қазанда «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. 2500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен волонтері 500-ден аса тарихи, мәдени ескерткіштерді тазартты. Акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы  қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Акция күні бүгінге дейін республиканың барлық аймақтарында жалғасуда.

 

 

Жамбылдық келіндер «Ең таза аула» конкурсына қатысты
10 маусым 2024
Жамбылдық келіндер «Ең таза аула» конкурсына қатысты

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады, деп хабарлайды  Ulys.

Бүгінде дарынды мектеп оқушылары да «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосуда. Бұл күні Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының 600-ден астам тәрбиеленушісі қоқыс қалдықтарынан жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады.

Мәселен, орталық шәкірттері ұстаздарымен бірге жиналған қоқыс қалдықтарынан 200-ден аса түрлі картина, қуыршақтар мен ыдыстар әзірлеген. Оқушылар мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жас ғалымдары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған жобалар әзірлеген. Атап айтқанда, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенконың «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісханның «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасынның «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебектің «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыт жобалары «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі «Көрме» залында таныстырылады.

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысады. Конкурстың мақсаты – тазалықты сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың бірлігін, татулығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыру.

Арнайы құрылған комиссия конкурсқа қатысушылардың жұмыстарына баға беріп, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттайды.

Сондай-ақ облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурстары өткізіледі. Атап айтқанда, Байзақта «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай ауданында «Ең үздік аула», Т.Рысқұловта «Ең белсенді тұрғын», Таласта «Ең үздік көше», Шуда «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізіледі. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден астам қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары, Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамаларды бояу, жуу жұмыстары, «Ұлы дала» шағын ауданында «Біздің аула» атты тазалық жұмысы, «Қарасу» шағын ауданындағы «Әулие бұлақ» каналын тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Осындай акциялар барлық ауданда ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында өтеді.

2024 жылы өңірдегі жөл жөндеу жұмыстарына 23,1 млрд теңге бөлінді. 469,6 шақырым жол жөндеу жұмыстары атқарылады. Оның ішінде, 155,3 шақырым жергілікті маңызы бар автожол, 286,2 шақырым елді мекен көшелері мен 28,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолы. Тараз қаласында 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 67,8 шақырымды құрайтын 117 көше, 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты.

Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.

2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 млрд теңге қарастырылған.

Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.

Жамбыл облысында 12 мың тонна қоқыс шығарылды
10 шілде 2024
Жамбыл облысында 12 мың тонна қоқыс шығарылды

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Ulys.

Іс-шаралар экологиялық мәдениетті арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазартуды көздейді.

Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алды. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.

– Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақ пен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауыз біршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін, — деді Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков.

Сонымен бірге бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлер тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам ерікті қатысты. Олар жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.

Сонымен қатар Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойында, саябақтар мен орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.

Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлердің бастамасымен Тараз қаласындағы Талас өзені, Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.

Сонымен бірге Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлер арасында конкурс, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды шабу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ қатысушылар базар маңайындағы жасыл желектерді суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.

Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, оған 500 мыңнан аса жамбылдық белсенді қатысқан. Оның ішінде, тұрғындар, ардагерлер мен жастар, ҮЕҰ өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар.

Акция аясында 320 мың м² әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың м² отын-энергетика кешендерінің, 108 мың м² емдеу орталықтарының, 508 мың м² оқу орындарының, 280 мың м² шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 818 шқ канал мен арық жүйесі, 125 мың тұрғын үй ауласы және 4,5 мың шқ көше тазаланды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 2,4 мың ағаш бұталанып, 455 мың м² жасыл желек суғарылды.

Бұдан бөлек, 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде.

12 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 910 бірлік техника тартылды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.