Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulys.
Іс-шараға Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, Түркия және Түрікменстанның президенттері пен Үкімет басшылары, БАӘ-ден Рас әл-Хайма әмірлігінің әмірі, Үндістанның Сыртқы істер министрі, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысуда.
Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған.
ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтуде.
ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы барысында Астана декларациясы, 20 шешім, Мемлекет басшыларының 3 мәлімдемесі, оның ішінде «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «ШЫҰ-ны жетілдіру туралы» бастамасы қабылданбақ. Беларусь Республикасын ШЫҰ мүшелігіне қабылдау рәсімін аяқтау және оған Ұйымға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы тарихи шешім де бүгін жүзеге аспақ.
«ШЫҰ+» кездесуі «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы» тақырыбында кеңейтілген форматта өтеді.







