Қазіргі кезде Ассамблея институты қазақстандық қоғамның барлық салаларында белсенді жұмыс атқаратынын байқауға болады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали айтты, деп хабарлайды Ulys.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда айтылған гуманитарлық-идеологиялық доктринасының толықтай жүзеге асуы азаматтық қоғамның негізгі институттары тарапынан болатын қолдауға тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған орай, Ассамблеяның жұмысын осы бағытта үйлестірудің маңыздылығына да ерекше назар аударылды. Қазіргі кезде Ассамблея институты қазақстандық қоғамның барлық салаларында белсенді жұмыс атқаратынын байқауға болады. Мәселен, отбасы институтын сақтауға және ұрпақаралық, мәдениетаралық байланысты нығайту, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге, жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытында Ассамблея жанында «Ақсақалдар кеңесі» мен Аналар кеңесінің рөлін ерекше атап өтуге болады», - дейді Дулат Өтеғали.
Оның айтуынша бүгінгі күнде елімізде ҚХА жанынан 1119 Ақсақалдар кеңесі құрылып, оның құрамына белгілі тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері және басқа да қоғамдық ұйымдар қатарынан 7 мыңнан астам адам мүше болған.
«Былтырғы жылғы деректер бойынша Аналар кеңесі 252,5 мыңнан астам адамның қатысуымен 6 мыңнан астам іс-шара өткізген. Сонымен бірге, Қазақстанның барлық өңірлерінде мыңнан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді және ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Достық үйі бар. Бұл қазіргі кезде Ассамблея құрылтай барысында айқындалған жалпыға ортақ құндылықтарды, негізгі идеологемаларды қазақстандық қоғамда кеңінен насихаттау және тарату әлеуетіне ие екенін көрсетеді», - деді сарапшы.