Валюта бағамы
  • USD -

    521.5
  • EUR -

    613
  • RUB -

    6.65
АРАБ-ИЗРАИЛЬ ШИЕЛЕНІСІ
04 қаңтар 2019
АРАБ-ИЗРАИЛЬ ШИЕЛЕНІСІ

2018 жылғы 14 мамырда АҚШ елшілігінің Тель-Авивтен Иерусалимге көшуіне қатысты басталған Газа секторымен шекарада палестиналықтардың қарсылық шерулері қазіргі таңда тікелей қақтығыстарға айналды. Араб ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы күнге дейін Израиль өзінің біржақты іс-қимылдары арқылы Иерусалимдегі ислам және христиандардың киелі орындарына дұшпандық әрекеттерін жалғастыруда. Сонымен қатар, Израиль Иерусалимді еврейлендіру, палестиналықтардың мүліктерін басып алу, заңсыз қоныстану, бейбіт шерулерді жаныштау саясатымен халықаралық құқық пен уағдаластықтардың іс жүзінде бұзуда.

2018 жылғы 14 мамырда Д.Трамптың АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіруі палестиналықтар арасында үлкен наразылық акцияларын тудырып, шиеленісті одан әрі ушықтыра түсті. Ақпарат құралдарында «ғасыр мәмілесі» деп танылған Д.Трамптың Палестина бойынша саясаты Палестина ғана емес, көптеген мұсылман қоғамдардың ашу-ызасының артуына себеп  болып отыр.

Оның үстіне 2018 жылғы 10 қыркүйекте АҚШ «БҰҰ Палестиналық босқындарға жәрдем беру және жұмыспен қамту агенттігін»  қаржыландыруды тоқтату және Палестинаны азат ету ұйымының Вашингтондағы кеңсесін жабу туралы шешімдері палестиналықтарды бүйірден ұрды. Бұл мәселе 2018 жылғы 11 қыркүйекте Каир қаласында өткен Араб мемлекеттері лигасы Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 150-ші отырысы барысында қарастырылып, Араб делегация басшылары АҚШ-тың біржақты саясатын қатаң сынға алды.

Бір жағынан Израиль Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісі бойынша өз мүдделерін қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда Израиль Парламенті «Ұлттық заң» жобасын бекітті. Бұған қарсы палестиналық белсінділер Израильде тұратын палестиналықтарды жаппай шеруге шығуға шақырды.

Халықаралық сарапшылардың көпшілігі Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындауы сияқты АҚШ Үкіметінің біржақты әрекеттері оның Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісіндегі делдалдығына сенімсіздіктің пайда болуына, яғни палестиналықтардың Вашингтонның рөлінен күдер үзгенін тілге тиек етуде.

Д.Трамп Әкімшілігінің біржақты әрекеттерінің жиілеп кетуіне Палестина басшылығы қатты наразы. Атап айтқанда, Палестина Президенті М.Аббас «елшілігін Иерусалим қаласына көшіруіне арқылы АҚШ Израиль тарапына жақтасуда және өзінің тарапсыз делдалдық рөлінен айрылды» деп жиі мәлімдейтін болды. Осы орайда, палестиналық дипломатия халықаралық қауымдастықтың арасынан көпжақты делдалдық тетігін қалыптастыру мақсатында өзінің халықаралық үгіт-насихатын қарқынды жүргізуде.

Қазіргі таңда палестиналықтардың алдында қарқынды дипломатия арқылы халықаралық қауымдастықты Израильге қарсы қысым көресту үшін жаппай жұмылдырудан басқа шарасы қалмады. Палестиналықтар халықаралық конференция өткізу, Таяу Шығыстағы бейбітшілік бойынша жаңа халықаралық тетік құру арқылы Ресей, Қытай, Жапония сияқты басқа да державаларды бітімгершілік жұмысына тарту арқылы Вашингтонға бейбітшілік үдерісі бойынша жалғыз делдал ретінде тәуелді болмау қажеттілігін кеш болса да енді түсініп, осыған байланысты қарқынды жұмыс бастады. Палестина Ресей, Қытай және Франция сияқты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелерді бейбітшілік үдерісі бойынша көптарапты делдалдық ұйымдастыруға тырысып жүр.

Израильден әскери-стратегиялық тұрғыдан қалып қойғанымен, Палестина дипломатиясы соңғы жылдары халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. БҰҰ-да бақылаушы статусын алғанын және басқа да халықаралық ұйымдарға толыққанды мүше болғанын атап өту қажет. Араб елдері және басқа да Палестина халқының заңды құқығын мойындайтын мемлекеттер елдің халықаралық деңгейде дербес мемлекет ретінде танылуы бойынша талпыныстарға толық қолдау көрсетеді.

Біраз жылдар бойы Израильмен келіссөздерге кедергі болып келген палестиналық ішкі келіспеушілікті атап өткен жөн. Батыс жағалауды бақылауында ұстаған «Фатх» партиясы мен Газа секторын басқарып отырған исламшыл «Хамас» партиясы арасындағы қайшылық, тіптен өзара оқ ату палестиналықтардың шебін ыдыратты. Дегенмен, Мысырдың делдалдығымен екі бақталас партиялар арасындағы даулар шешіліп, уақытша үкімет құрылды.

Д.Трамптың бейбітшілік үдерісіне қатысты саясаты палестиналық фракциялардың басын қоса түсті және Палестина дипломатиясының қарқынды жұмыс істеуіне септігін тигізді. «Хамас» қозғалысы лидерлерінің бірі С.Әбу Захри палестиналық саяси топтарды Израильге қарсы бірлесуге шақырды. Ол, Израильмен қауіпсіздік бойынша үйлестіру шараларын тоқтатып, Батыс жағалауда қарсы күрес шебін қалыптастыруға және Газа секторынан блокаданы толық алып тастауға үгіттеді.

Палестина Үкіметі Израильге қарсы дипломатиялық үгітін әрі қарай үдете түсті. Раммалла ИЫҰ-дағы әріптестерінен және басқа да мемлекеттерден бұған дейін қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарларын іске асыруды талап етуде.

Қорытындылай келе, алдағы уақытта палестиналықтар мен израильдіктер арасында тікелей келіссөздер өтеді деп болжау қиын. «Статус квоны» пайдаланған Израиль өзінің біржақты саясатын жалғастыра беретіні анық. Ал, Палестина және араб дипломатиясы Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісі бойынша БҰҰ аясында халықаралық конференция ұйымдастыруға және бұрынғы халықаралық квартеттен кеңірек делдалдар тобын құруға тырысады.

 

 

Мейрам МҰҚЫШ, халықаралық сарапшы

RELATED NEWS
БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТ СОТТАЛДЫ
25 қаңтар 2019
БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТ СОТТАЛДЫ

«Ukrinform» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Киев соты Януковичке "мемлекетке опасыздық жасау, басқыншылық соғысқа көмектесті" деген баптар бойынша айып тағып, 13 жылға соттады. Негізгі дәлелдерінің бірі Януковичтің Ресей президенті Владимир Путинге Украинаға әскер кіргізуді сұрап жазған хаты болды. Сырттай үкім кесілген президент 2014 жылдан бері Ресейде бас сауғалап жүр. Ресейдің Бас прокуратурасы оны қайтару туралы Украинаның сұрауынан бас тартқан болатын.

 

сурет: ukrinform.ru

https://www.ukrinform.ru/rubric-polytics/2626411-anukovic-put-k-izmene-i-kak-s-etim-pokoncit.html

 Меккеде қажылық  кезінде аптап ыстықтан 500-ден аса адам көз жұмды
19 маусым 2024
Меккеде қажылық кезінде аптап ыстықтан 500-ден аса адам көз жұмды

Сауд Арабиясындағы Меккеге қажылық сапары кезінде аптап ыстықтан жүзден аса адам көз жұмды, деп хабарлады DW .  

Көз жұмғандардың нақты саны белгісіз, бірақ AFP агенттігінің хабарлауынша, тек қажылық кезінде кем дегенде 550 адам мерт болған.

Оның ішінде 323-і Мысырдан келген. 

Tunis Afrique Presse ақпарат агенттігінің хабарлауынша, құрбандар арасында Тунистің 35 азаматы бар. 

Иорданияның Сыртқы істер министрлігі қажылыққа Иорданиядан барғандарды жерлеуге 41 рұқсат берілгенін хабарлады.

Иранның ИРНА ақпарат агенттігі 11 ирандықтың қаза тапқанын, тағы 24-і ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. 

Сондай-ақ үш Сенегал азаматы мен 144 Индонезия азаматының қайтыс болғаны айтылды. 

Бұл адамдардың көпшілігі қатты аптап ыстықтан қайтыс болды, деп хабарлады туыстары әлеуметтік желіде.

Нигерияда содырлар 160 адамды ұрлап кетті
27 мамыр 2024
Нигерияда содырлар 160 адамды ұрлап кетті

Нигерияның орталығындағы Нигер штатында содырлардың шабуылынан кемінде 10 адам қаза тауып, тағы 160 адам ұрланған, деп хабарлайды BBC.

«Боко Харам» исламшыл тобынан болуы мүмкін қарулы содырлар жұма күні кешке Кучи ауылына кірді, деп хабарлады жергілікті кеңес төрағасы Амину Абдулхамид Нажуме BBC World Service.

Оның айтуынша, ұрланғандар арасында негізінен әйелдер мен балалар, ал қаза тапқандар арасында ауданның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жергілікті тұрғындар бар.

Мәліметке қарағанда, содырлар ауылға мотоциклмен кіріп, онда екі сағаттан астам уақыт өткізіп, осы уақыт ішінде өздеріне тамақ әзірлеп үлгерген.

Осыдан кейін олар үй-үйді тонап, жергілікті тұрғындарды алып кеткен.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы жаппай ұрлауға қатты алаңдайтынын хабарлады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.