Ақтау қаласында Asiakoz клиникасының базасында көру мүшелері ауруларын диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған маңғыстаулық офтальмологтардың кәсіби кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — тәжірибе алмасу және өңірдегі офтальмологиялық көмектің сапасын арттыру.
Кездесу барысында Asiakoz International Hospital клиникасының түркиялық маманы, офтальмохирург Эрол Джошкун өз кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Маманының айтуынша, ол төрт айдан астам уақыт бойы Ақтау қаласында жұмыс істеп, Asiakoz клиникасында науқастарға кеңес беріп, хирургиялық операциялар жүргізіп келеді.
Өз сөзінде Эрол Джошкун көз аурулары бойынша мамандарға дер кезінде жүгінудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, офтальмологқа уақытылы қаралмау көптеген жағдайда қайтымсыз салдарға, соның ішінде көру қабілетінің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Кездесу ашық кәсіби диалог форматында өтті. Қатысушылар клиникалық жағдайларды, емдеудің заманауи әдістерін және офтальмология саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Мұндай кездесулер өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруға және кәсіби қауымдастықтың дамуына ықпал етеді.
Asiakoz клиникасы алдағы уақытта да шетелдік мамандардың қатысуымен кәсіби кездесулер мен білім беру іс-шараларын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
