1 маусым Астана қаласы, «Экомед» орталығында «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен ата-ана атанған отбасылар мен 100-ден астам кішкентай бүлдіршіндердің қатысуымен фестиваль өтті, деп хабарлайды Ulys.
Фестивальдің негізгі ұйымдастырушыларының бірі – «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобы. «Экомед» орталығы «Аңсаған сәби» квотасы бойынша үш жыл аралығында жалпы саны 6 554 квотаны игерді. 3 540 (54%) пациент жүктілік бойынша есепке тұрды. 2 487 (38%) сәби дүниеге келді.
Арнайы квотаның көмегімен дүниеге келген сәбилердің Астанада бас қосуы кездейсоқтық емес. Себебі бөлінген квота бойынша жақсы нәтиже көрсеткен орталықтардың көшбасында «Экомед Астана» ұжымы тұр. «Экомед Астана» орталығы жалпы саны 2 525 квотаны игеріп, 1 479 (57%) келіншекті жүктілік бойынша есепке алды. 1 063 (42%) cәби дүниеге келді.
Сонымен қатар, «Экомед Астана» орталығы танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы құрылтайшысы болған «Mariyam» қайырымдылық қорымен тығыз серіктестік байланыста. Президент телерадиокешеніне қарасты «Жібек жолы» телеарнасынан көрерменге жол тартқан «Ана болғым келеді» бағдарламасы аясында 30-ға жуық отбасылық жұпқа тегін ЭКҰ емшарасы жасалды. Бүгінде жоба аясында 9 cәби дүниеге келді, 12 келіншектің аяғы ауыр, 8 жұп кезекті эмбрион тасымалына дайындық үстінде.
«Mariyam» ҚҚ негізінен «Аңсаған сәби» квотасына белгілі себептермен іліне алмаған (диагнозы ауыр немесе сирек кездесетін генетикалық ауытқуы бар, жас категориясы сай келмейтін және т.б.), сыйластығы мен сенімі жарасқан, бірнеше мәрте өз қаражаттарына ЭКҰ жасатқан, көбіне мүлдем баласы жоқ отбасылық жұптарға көмек қолын созады. Нарықта орташа есеппен 3-4 млн теңгенің шамасындағы ЭКҰ бағдарламасының шығынын өтей отырып, тағы бір жанұяның арманына жетіп, сәбилі болуына себепші болуда. Отбасылық жұптардың сәбилі болуға жасаған әр қадамын Президент телерадио кешеніне қарасты «Жібек жолы» арнасынан көрсетілетін «Ана болғым келеді» хабарынан көре аласыздар. Аталмыш фестивальді ұйымдастыру тікелей ЭКҰ әдісінің көмегімен ата-ана атанған ел азаматтарының бастамасы. Біз тек игі бастаманың ұйымдастырушысымыз. Мемлекеттің атқарып жатқан оң істерінің жемісін көрсетуді әдемі мерекенің қарсаңында ұйымдастыруды жөн санадық», - деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Нәтижесінде, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артқан. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Еліміздің демографиялық ахуалының дамуына, отбасылық институттың нығаюына «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасының маңызы зор.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша: мемлекеттік квотаның көмегімен 2021-2023 жылдар аралығында 21 000 пациентке ЭКҰ жасалып, олардың 8 000 жүктілік бойынша есепке тұрды, 7 000 сәби дүниеге келді.