Валюта бағамы
  • USD -

    514.1
  • EUR -

    596.5
  • RUB -

    6.37
АНКАРАДА ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ҚАРСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ
30 тамыз 2019
АНКАРАДА ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ҚАРСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнді атап өтті. Аталған жиынға дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияда білім алып жатқан қазақстандық жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Елшіліктің фейсбуктегі ресми парақшасындағы мәліметке қарағанда, іс-шара жергілікті уақытпен сағат 11:05-те ядролық қарудан зардап шеккендерді еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде 2009 жылы Қазақстан үкіметінің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып бекітілгенін және осы шешімге 10 жыл толып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Елші әлемдегі ең ірі полигондардың бірі саналатын Семей ядролық полигонында тек 1949-1963 жылдар аралығында жүргізілген ядролық сынақтардың жалпы күші Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 1,2 мың есе асып түскендігіне тоқтала отырып, «Елу жылға жуық уақытқа созылған ядролық сынақтардың салдарынан Қазақстанның шығыс бөлігінде тұратын 1,3 миллион адам зардап шекті. Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып-ақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны ресми түрде жабылып, артынша еліміз әлемдегі төртінші орында болған ядролық қару арсеналынан бас тартты. 2012 жылдың тамыз айында Қазақстан ядролық қарусыздану және жаһандық қауіпсіздік саласындағы халықаралық АТОМ жобасын бастады»,- деді.

Жиын профессор Куршат Зорлуның сөзімен жалғасты. Зерттеуші ғалым Куршат Зорлу мұндай еске алу рәсімдерінің әлемнің түкпір-түкпірінде 11.05-те ұйымдастырылып жатқандығына назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің ядролық қаруға қатысты қабылдаған шешімінің Қазақстанның болашағы және әлемдегі бейбітшілік үшін маңыздылығын тілге тиек етіп, өзінің Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған кітабында «Ядролық қарудан бас тартқан көшбасшы» атты бөлім жазғандығын айтты. Профессор Куршат Зорлу бұл шешімнің сол кезеңдегі жас Қазақстанның халықаралық аренада «өз пікірін ашық жария етуі» ретінде бағалай отырып, аталған шешімнің Қазақстан тәуелсіздігінің кепілдігі екендігіне сенімін білдірді. «Қазақстан мемлекетінің және Елбасының бұл шешімі бүкіл әлемге үлгі екендігі сөзсіз» деген К.Зорлу Нью-Йоркта өткен жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Назарбаевтың сөзін әлемнің көптеген бұқаралық ақпараттары тікелей эфирде көрсеткендігін атап өтті. Сондай-ақ К.Зорлу өз сөзінде, ядролық қарусыздану үдерісіндегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды еңбегін атап өтті. Зерттеуші-ғалым «Қазақстан болашақта да осындай шешімдер қабылдап, халықаралық аренадағы өзінің маңызды орнын қорғайды» - деген пікірін білдірді.

Іс-шараға қатысқан Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейде ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесі өлшеусіз екендігін баяндай отырып, Елбасы шешімінің адамзат үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Ядролық қаруға қарсы күрес процесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Еуразияның үлкен мемлекеті, қазіргі таңда әлем мемлекеттері арасында маңызды орынға ие Қазақстанның рөлі ерекше екендігіне тоқталды. «Ядролық сынақ жасау мақсатында адамзаттың апатына себепкер болған кісілерді айыптаймын» - деп, әлемге бейбітшілік тілеген Топчу, «әлемнің толық бейбітшілікке қол жеткізуі үшін Назарбаев сияқты көшбасшылар қажет» деп тұжырымдады. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Түркі әлемінің ақсақалы маңызды құжатқа қол қойғандығын еске сала отырып, осы шешімінің арқасында әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі жабылғандығы туралы сөз етті. «Әлемдегі бейбітшілік үшін қабылданған бұл шешім Қазақстанды әлем тарихына алтын әріптермен жазды» - дей келе, «келешекте «Ядролық қарудан алғаш кім азат етті?- сұрағының жауабы «мемлекет ретінде Қазақстан, халық ретінде қазақ бауырларымыз, көшбасшы ретінде Ақсақалымыз Н.Назарбаев» болатындығына сенімін білдірді. Қазақстан әлемді және халықтарды ядролық қарудан азат ету және адамзатты бейбітшілік, сенім және әділеттілік орнаған әлемге жеткізу үшін маңызды күш-жігер жұмсап отырғандығын тілге тиек етті. Сөз соңында Я.Топчу Семейдегі ядролық сынақтар салдарынан қайтыс болған шейіттерге рақым, әлемге бейбітшілік тіледі.

RELATED NEWS
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек
12 сәуір 2025
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды Бұл туралы СІМ хабарлады.

Кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды
28 сәуір 2025
Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысының 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

 Марат Сұлтанғазиев экономиканың негізгі секторларында өсім байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 97,4 миллиард теңгені құраған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 146,2 мыңға жетіп, 7,7 пайызға артқан.

Президентке жыл басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасының іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Оның ішінде «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзеніндегі шағын ГЭС каскадының құрылыстары сияқты ауқымды жобалар бар. Жалпы, өңірде құны 2,4 триллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 36 776 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына Қонаев және Алатау қалаларын дамыту барысы жөнінде айтылды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, облыс орталығында «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер жасау және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 білім ордасының құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. 2025-2027 жылдары 91 оқу ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын атап өтті. Президент индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.

Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер
30 қыркүйек 2024
Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент өз сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие болғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Геосаясат пен геоэкономикадағы түбегейлі өзгерістер, жаһандық деңгейдегі климаттық және демографиялық сын-қатерлер, пандемияның жаңа қаупі, қарулану бәсекесінің өрши түсуі, технологиялық прогресс, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жағдайында стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму мәселелері баршамыз үшін өзекті бола түсті. Бұдан шығатын қорытынды анық: халықаралық қоғамдастық сындарлы диалогқа тың серпін беруі үшін күн тәртібіне оң өзгеріс жасауы қажет. Сондықтан біртұтас еуразиялық қауіпсіздік идеясы көпполярлы, әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға тұжырымдамалық негіз бола алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде Заң мен Тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен Тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пленарлық отырыста Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединский конференция қатысушыларына Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов оқу орнының 80 жылдығына орай осынау іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Біз конференция тақырыбын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Мұның аясында экономика және қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың дәстүрлі мәселелері климаттық күн тәртібіндегі жаңа сын-қатерлермен, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытудың жай-жапсарымен бірге қаралды, – деді Анатолий Торкунов.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Жиынға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті ғалымдары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, саясаттанушылар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.